Читать книгу: «Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап», страница 2

Шрифт:

Сапақ осы маңайдағы жүйрік аттарды бірнеше есе бағасын беріп сатып алатын. Жырыстың алдында, кейін Елгелділерге сан рет барып,«маған Кербестінің бір тұқымын беріңдер» деген. Оншақты жылқы берген орнына. Сонда да көңілдері қалған бұлар бермеген болатын. Сапақ Елгелділерге содан ушулы еді. Осы жолы қайтсе де бірінші орынды алмақ ойы бар.

Сапақ бұл тойға Каракесектерден сатып алған Теңбіл көгін салды. Оған өзіне әбден сыр мінез болған Айтан деген жігітті мінгізді. Жас кезінде бір келессіз аурумен ауырып, бойы өспей қалған. Он сегізден асып кеткен ол сырт адамға он бірдегі баладай болып көрінетін. Атқа жеңіл, оның үстіне шабыскер. Қандай жарыста, тойда болмасын Сапақ ынғай осы Айтанды мінгізетін.

Тамыз айының бір шуақты күні болатын. Күн онша ыстық емес. Әдейі ат жарысына тандап алған күндей еді. Жүйрік аттарға мінген балаларды басқарып жүрген жігіт Қараағашты бойлап оңтүстікке қарай кеткен. Жиырма бес шақырымдай болды-ау шамада жарысқа қатысатын аттарды тоқтатып қолын жайып бата беріп, балаларға жол болсын айтып қоя берген еді.

Бес жүздей ат қазылар отырған ауыл жаққа қарай лап қойды. Ат тұяқтарынан жер тітіркеніп кеткендей еді. Бәрінде бір үміт, бір тілек болатын. Әр рудың балалары аруақты аталарының атын атап аттарына қамшы басты. Шоң да боз атқа Дәулетбикелеп қамшы салған. Алғашқы кезде ат тұяғынан жерден көтерілген шаңнан ештеңені біліп болмайтындай еді. Меженің жарты жолына келгенде ат арасы сиреп, жүйріктер алға кетіп, шабысы қысқа аттар кейін қала берді. Межеге он шақырымдай қалғанда алдағы аттардың қатары саусақпен санарлықтай болып қалды. Шоң байқады, алдында бес-алты ат кетіп барады. Енді кешіксе алдағылар жеткізбей кететінін сезді. Атына тағы қамшы басты. Алдағылар аттарының есін шығарардай қамшы салып келеді. Өйткені, таяқ тастар жерде жеңіс тұр. Қазаққа ат жарысынан жоғары ештене жоқ, бұнда ел намысы, атақ-абырой бәрі осында еді. Кейбір ат үстіндегі балалар қалып бара жатқанын сезіп дауыс шағарып жылай бастады. Алға кеткендерге бірінші болып баруға үміт оянған. Алда мұнартып көрінген киіз үйлер айқындалып көріне бастады. Шоң енді байқады, алда кетіп бара жатқан аттардың бірі Сапақтың Теңбілкөгі. Уә, аруақ, Дәулетбикенің атып атап, Шоң атына тағы қамшы басты. Көк ат сәт ышқынып кеткендей болды. Жанын салып шабысына шабыс қосты. Алда бара жатқан Сапақтын атымен теңесе берді. Шоң бірінші орынның аулы алыс емес екенін енді сезді. Анамыз Дәулетбикенің аруағы қолдай көр айтып тағы кезекті рет қамшы салды.

Бесімнің Дәулетбикеден тараған Барғана, Айтқожа, Сатыпалдының қайсы болмасын атқа шапқанда, жауымен соғысқанда Дәулетбикенің атын атайтын еді.

Қандарына сіңгені сонша, өздері де қалай Дәулетбикелеп кеткенін білмей қалатын. Бұл әдет Шоңға да ес білгелі кіре бастаған. Дәулетбике анамның аруағы қолда деді тағы да. Мына сөз атқа да күш бергендей екпіндеп келеді. Шоң Айтанға қатарласа бергенде ол бщз атты кеңсірік тұсынан бір тартты. Мұндайды көрмеген ат бейшара аспанға атылып тұрып қалды. Бұл кезде Айтан аты біраз жерге кетіп қалған еді. «Жануар, күшінді жина, бәрібір қуып жетеміз» деді де Шоң атына тағы қамшы басты. Бірақ Теңбілкөк жеткізбеді. Мәреге Сапақтың аты бірінші, боз ат екінші келді. Шоң аттан түскенде ғана көрді. Аттың тұмсығынан қан ағып тұр екен. Сапақта, ағайындарында ес жоқ. Айтанды ат үстінен көтеріп алып, Теңбілкөкті мойынан құшақтап сүйіп жатыр. Шоңның қаны қайнап кетті. Жүгіріп барып қамшымен Айтанды екі-үш рет тартып-тартып жіберді. Мұны көрген Сапақтың да ашуы қозып кеткендей.

– Мына Теоқозының тенгтегі қайтеді… Ұрып жібергісі келді. Бірақ қаптаған ел көзінше оны жасай алмады. Жұрт бұларға назар аударып жиналып қалған еді. Бір жағынан Таубай да келді. Шоң оған болған жағдайды айтты,

– Бұл қазақ сондай, қандай жағдайда болмасын бір қулығын жасап жүреді. Ештеңе етпейді, екінші орын да жаман емес. Сапақ қай жерде болсын, байлықтың арқасында мықтылығын көрсетіп жүреді.

Таубай амалы таусылғандай тұрып қалды. Шоң атты жетектеп қазылар алқасының алдына алып барды.

– Мына ат тұмсығынан аққан қанды көріп тұрсыздар ғой, мен озып бара жатқанымда Теңбілкөктің үстіндегі Айтан тура кеңсіріктен ұрды. Шауып келе жатқан атқа соны неге жасайды?

Айтан да беріспей:

Мен әдейілеп ұрғам жоқ, кездейсоқта қамшым тиіп кетті.

– Әй, имансыз, мен жанай бергенде әдейі жақындап келіп тартып жібердің ғой.

Мына жақтан Сапақ Телқозыға:

– Телқозы, мына балаңды қозғызбайсың ба, қалың жұрттың көзінше істеп тұрғанын қарашы…

Телқозы Шоңды алып кетпекші болып еді, бірақ ол болмады, әкесінің дегеніне көнбеді.

– Теңбілкөкке бірінші орынды берсеңіздер обал болады. Анық-қанығына жету үшін екі атты қайыра жарысқа салып қайсысының жүйрік екенін анықтау керек, -деді Шоң.

Қазылар алқасы бір сәт біріне қарап отырып қалды да, біреу тұрып:

– Қамшыға ат кеңсірігі жарылмайды, -деді.

Шоң қасында тұрған Айтан қолындағы қамшыны жұлып алды да қазылар алдына әкеп тастады.

– Ол қамшысына байланысты. Мына қамшыны салмақтап көріңіздер, қандай ауыр. Ішінде бірдеңе бар тәрізді.

Отырған қазылар қамшыны қолдарына алып салмақтап көрді. Қазылардың біреуі отырып:

– Баланың айтқанында бір шындық бар сияқты…

– Әлімбай, сен бос сөз сөйлемей отыр, – деді екіншісі.

Бұл Тәңірберген тұқымына күйеуі бала Тиестердің біреуі еді. Мына сөзден кейін отырғандар жым болды. Осы аймақтағы ең бай Сапаққа ешкім қарсы келе алмайтын.

Таубай шыдай алмады, сөйлеп кеткен:

– Ел сенген қазысыңдар. Сендердің қазылықтарың мына баланың айтқанына жетпей жатыр. Қайта барып оңаламыз…

– Тауке, ел арасында дау шығармайық. Екінші орында жетеді. Ат жарысы осымен бітіп жатқан жоқ. Алда талай жарыс болады. Елгелділер аттарының жүйріктігін сонда көрсетер.

– Дұрыс айтасың, Тиес Тойқожа бауырым, бірақ ат жарысы сайын осындай дау болып жатады. Сол қашан тиылды. Ат жарысы ауыл-ру намысы. Сол жағдайды ескеріңдер!

Мына жақтан Телқозы айтты:

– Тауке, менің тойымның сәнін бұзбай, қойыңыз.

Мына сөзден кейін Таубай да басылып қалған еді, бірақ Шоң болмады:

– Ол әділетсіздік болады. Екі атты жеке жарыстыру керек.

– Шырағым, осы сөзің үшін мен бірінші орынды алғандай болып тұрмын, Сенің өмірің енді басталды. Қазақ жүрген жерде әлі талай сан әділетсіздікті көресің. Құдайымыз саған ұзақ өмір берсін. Болайын деп тұрған бала екенсің, -деп Таубай Шоңнын маңдайынан сүйді. Шоң мына сөзге тосылып қалды. Осымен ат жарысының дауы басылған еді,

Таубай, Ашықбай, Байсары, Шоң бар, -бәрі Жәмке жатқан киіз үйге келді. Бала сандырақтап жатыр екен. «Менің атым, нешінші келді» -деп қояды арасында,

– Біреуден қалған жалғыз көз еді, өліп қалмаса жақсы болды, – деді Таубай тәңертеңгі айтқан сөзін қайталап. Аға, жазылып кетеді. Көбеннің көзі қатты тиген ғой. Соған бірнеше рет ұшақтатып жіберіңіздер, -деді қасында отырған емші кемпір.

Тағы Көбенді шақырған. Ол :

– Мен қатты назар аударып жіберген болуым керек. Бұл бала соны көңіліне алып қалған тәрізді, Мен күн батқаннан кейін бірнеше рет, маңдайынан сипаймын. Амандық болса бес-алты күнде тұрып кетеді.

– Олай болса, бөтен ауыл емес ғой, осында қалсын. Біз Көбеннің айтқан уақытында келіп алып кетеміз, -деді Таубай. Қасында кіші баласы Байсарыны қалдырып, өздері ауылға қайтты, Таубай Сапақтардың қылығына ашуланып кеткен,

Шоң Жәмкенің жайын біліп, күніне бірнеше рет келіп жүрді. Жәмкенің домбыра тартып, қиса айтқаны ұнап қалған. Шоң жас болса да адамның жақсы да, жаман да қасиетін байқағыш еді. Мына баланың өнері әсерлендіріп жібергендей еді. Жәмкеде өнердің мол көзі жатқанын аңғарған. Содан ба, көңілі айрыкша түсіп кеткен.

Көбеннің маңдайынан сипауының әсері болды ма, бес-алты күннен кейін Жәмкенің беті бері қарады. Таңертен есік алдында отырған Жәмкені көріп Шоң қуанып қалды. Қасында Көбен мен Байсары отыр екен. Шоң өзі Балқаш жақтағы Алтай-Мойын Алдажұманның қызы Қүмісті көруге баруға дайындалып жатқан еді. Шоң тұрып сұрады,

– Көбеке, сіздің көрегендігіңіз бар ғой, айтыңызшы, менің алатын қызым қандай қыз?

– Қыз мінезінің жақсы-жаманын білмеймін, бірақ екеуіңнің көңілдерің жараспайтын тәрізді…

– Олай болса, нашар қыз болды ғой.

Айтып отырмын ғой, қыздың қандай екенін білмеймін, сары қыз болуы керек. Ал сен қараторыны жақсы көретін тәріздісің.

Көбеннің мына сөзі Шоңның іштегі ойының тура төбесінен түскендей болды. Адам жаратылысымен кірген қасиет те әртүрлі ғой. Ақмола базарынан төрелердің қара торы қыздарын көргендіктен бе, әйтеуір, өзіне де түсініксіз, қара торы қыздарды ұнататын. Соларға құмартатын. Көбеннің дәл айтқанына таң қалып, көңілі түсіп қалғандай болды.

– Сіз оны қайдан білесіз?

– Менің білгір көңілім солай дейді…

Көбеннің ылғи басың бар, көзің бар демей турасын айтатын әдеті бар еді. Мына сөзді естігінде Шоң таңқалды, бірақ ләм қарсы сөз айтқан жоқ. Көбен сөзі көңіліне жаман әсер етті. Кетуге асықты. Әкесі айттырған қызға сырттай ғашық болып жүр еді. Көбеннің мына сөзі соны жоққа шығарып, көңіл күйі қолма-қол өзгеріп жүре берді. Қыз аулына барғысы келмей кетті. Бірақ әкесі айтып отыр. Бару керек, әйтпесе арты үлкен дау болатынын Шоң түсінетін.

Орнынан тұра берген Байсарыға айтқаны:

– Жәмкенің жүрген жері думанды екен, менімен бірге балқаш жаққа барып қайтасын!

– Барса барсын, Ел, жер көреді. Дегенмен, Шоң бауырым, қалай болар екен, үстіндегі киімі нашар,

– Киім табылады. Осында менің киімдерім жетеді. Соны кигіземіз.

Ақыры Байсары Жәмкені қалдырып ауылына қайтып кетті.

Көбеннің сөзі әсер етті ме, Шоң жүрер алдында әкесіне айтқан болатын:

– Осы мен көрмей жатып құда түсіп қойғаныңыз, қалай?

– Алдажұман менімен дос, көңілдес адам. Біраз қалың малды да беріп қойғанмын. Сен ұнатпасаң Жанкелдінің тұқымынан басқа біреу алады. Менің көңілім сен алғанды қалайды. Сен алсаң дұрыс болар еді, -деді.

Телқозының мына сөзінде бір сыр жатыр, ол жаратылысынан керемет сараң болатын. Осы құда түсудің өзінің сыры бар еді. Сонау жылдары Телқозы Алдажұманның қарындасын алмақшы болып, ол өліп қалып, ағасы берген малдарын қайтармаған. Кейін Телқозы басқа жерден екінші әйел алған. Сол қазақ салтымен берген 77 жылқы босқа кеткендей болған. Соны жолыққан сайын есіне салып әкесі де, Телқозы да айта беретін. Кейін бір жолыққанда Алдажұман, кіші қызым өсіп келеді, сендердің тұқымдарыңның біреуіне берейін деп айтқан. Бұл алған қалың малды қайырмаудын жолы болатын. Мына сөзді естіген Телқозы жылдамдатып отыр еді. Теоқозының құлығы да мол болатын. Ертеңгі күні уақытында бармасаң басқа біреуден қалың алып, қызын біреуге ұзатып жіберетінін біліп отыр. Онда қалың мал далаға кеткені. Сондықтан сырттай қыздың басын Шоңға байлауы етіп қойған.

Баласының мына оқудан келген демалысын пайдаланып келінде түсіріп алу болатын Телқозы ойы.

Шоң әкесімен, Алдажұман арасындағы жағдайды білмейтін. Әкесінің әйел ал деген сөзіне қарсы келе алмады. Көбеннің сөзінен кейін іштей онша жақтырмағанымен сырттай қарсы келмей араға екі күн салып Балқаш жақтағы Алтай-Мойын Алдажұман байдың аулына жүріп кетті. Бас құда болып Қарақозы, шешесі Жамал баратын болды, інісі Малай бар, бас-аяғы он-шақты адам еді. Шоңмен бірге Жәмке күйеу жолдас болып баратын болды, онымен қосып, өздеріне жақын тұратын Тілендерден дос көңілдес Әлсенді шақырып алды. Оның әкесі Ерназарлардан әйел алған. Туыстарымен жанқаласып осы әйелінің төркін жұртына жақын отырған еді. Ауыл арасы жақын болғандықтан Әлсен Телқозы ауылына жиі келетін. Күйеу жолдасқа Шоң осы екеуін лайықты көрген. Жәмке бойы тұнып тұрған өнер. Тойды қызықты ететінін Шоң түсінген.

Содан олар жүріп кеткен. Жолай Жәмке ән салып, домбыра тартып айналаны думанға бөлеп келе жатты. Жәмке өнері Шоңға тіптен қатты ұнаған еді. Содан ол жолда, сен менімен бірге Ақмолаға барып оқуға түс, -деген еді.

– Барамын, туысқандарым жіберсе…

– Ол кім?

– Сәтек деген немере ағам бар!

– Таубай ақсақал айтса жібереді.

Әңгіме осымен бітіп қалған. Эәмкеге Шоңның мына сөзі бір қанат байлағандай еді. Ол ерекше бір арманға бөленді. Көзі көреген жерге барып, оқу оқиды. Шоңның мына айтқаны түстей болып көрінді. Сыртқа шығармаса да іштей қатты қуанып келеді.

Қыз көру

Көбеннің айтқаны әсер етті ме, Шоң жол бойы үлкен толғаныста келе жатты. Қыз құшақтап, әйел алу сезімі соңғы жылдары ояна бастаған болатын. Қыз сүюге көңілде құмарлық бар. Көңілі, тек, Көбен айтқан сары қызды қаламайды,

Ақмолада оқып жүрген Шоңға төре қыздары қатты ұнайтын. Базарға барған сайын жиі көреді. Шеттерінен бір қалыптан шыққандай қара торы, Содан ба, қыздардың осындай түрлеріне көңілі құлап қалғандай. Бірақ төре қыздарының «ауылы алыс» екенін Шоң жақсы білетін. Өйткені, төрелер қара қазақтарға қыздарын бермейді. Қазақ алса байлығымен алатын, Сараң әкесі төрелердің сұраған малдарын бермейтінін білетін. Шоң көңілі тартып тұрса да төре қыздарына жуи қоймайтын. Мына жолы әкесі айтқан соң, көңілі жоқ болса да, қарсы келе алмады.

Шоң жолай басқалардан оңашаланып Әлсен, Жәмкемен ақылдасып қояды. Көңіліндегі күдігін жасырмады. Сары қыздарды ұнатпайтын, ондай қыздары сұбықаным сүймейді деген сөз айтып қояды, Егер қыз ұнамаса не істейтінін білмейтін. Жасы Шоңмен қатарлас Әлсен қызбен қатынастың қулық-сұмдықтарын жақсы білетін. Оның Шоңға айтқаны:

– Қыз адал емес екен түралы сылтау айтып тастап кет. Саған түк жасай алмайды. Солай оп-оңай құтыласың.

Әлсеннің мына айтқан сөзі көңілінен шықпады. Адал қызға ондай қылықты қалай жасаймын. Оным ұят емес пе, қызды бақытсыз еткенім ғой. Досының бұл айтқанына іштей келісе қоймады. Жол бойы Әлсен талай рет Шоңды солай үгіттеген. Әлі үйрене қоймаған, қыз жағдайын білмейтін Жәмке, бұл жағдайда сөзге онша араласпайтын. Көбіне келе жатқандардың тілегі бойынша ән салып, домбыра тартады. Жол бойы жақсы әндерімен Қарақозыға да, Жамалға да ұнап қалған.

Көңіл шіркін мың құбылды. Досының көңілін көтеру үшін Әлсен айтты: Сары қыздардың ішінде де әдемілері болады…

Бірақ көңіл шіркінде мықтап орнап қалған ба, қара торыға тарта береді. Дегенмен, Шоң ойланып, мына Әлсен сөзінде де дұрыстық бар шығарға тоқтаған еді. Жол бойы Шоң болашақ жарын көңілмен көз алдына елестетумен келе жатты, бірақ бір тоқтамға келе алмаған. Сан ойға кетті. Бір жағынан мен өз тұрғымнан ойлап келемін, ал егер қыз сүймесе, маған көңілі болмаса қайтемін. Қазақта қыз сүймеуі болмайды, жігіт сүйсе болғаны деген қағиданы да еске алды. Бұл сөз Шоң көңілінен шықпайтын. Қыздың да тілегі, оның да жүрегі бар. Ал егер оның ойынан шықпасаң қандай жар болады. Осыны ойлағанда жүрегінде бір жазсыздық пайда болады. Алғашқы рет қыз ауылына күйеу болып баратын Шоң не айтарын әлі білмейтін еді. Қызбен қалай сөйлесуі керек, бұл Шоң өтпеген мектеп еді. Көз алдына елестет алмайды. Егер бір ақылсыз сөз айтып қыз көңілін қалдырып алам ба, ол менй сүймесе, онымен қалай тұрамын. Көңіл шіркін тұрақсызданып сан тарапқа кетіп, құбыла береді. Алайда, бұл теренде жатқан күйді тіс жарып қасында келе атқан досы Әлсенге де айтпайды, Ол туралы сөз қозғаудың өзін ұят көрді.

Алдында Алдажұман ауылына жаушы кеткен еді. Бұлар құдалардың келуін күтіп дайындалып жатқан. Бұлар асықпай жүріп, араға бір қонып келесі түс ауа келді. Құдалардың келуі осы ауылға бір күй, бір сәнділік, қызық думан алып келгендей еді. Лезде тыныш жатқан ауыл өзгеріп сала берді. Құдалар күйеу баланы ауыл сыртында қарсы алып, қыз-жігіттер қуанысып жатыр, Бұрын көрмесе де әке-шешесі келісіп құда түскен соң қыздар болашақ жарының алдынан шығып қарсы алу салты бар еді. Бәрі келісіліп қойған, сондықтан Шоң да ойлап келе жатқан, қыз да алдынан шығып қарсы алады деген үміт те бар еді, бірақ қыз шықпады. Бұл жағдай Шоңды әртүрлі ойға жетеледі. Мына қыздың бұрын сүйген жігіті болып, маған ата-анасы зорлап, амалсыздан көніп отырғаны ма, осындайда көңілге не келмейді. Әуелден көңілі сүймей келе жатқан, оның үстіне қыздың өзінен бір жастай үлкендігі барын естіген. Мына алдынан шықпағаны әбден жігіттермен ойнап, қуланып алған шығарға болжаған. Бір сөзбен айтқанда, қыздың алдынан шықпағаны Шоңның көңіл күйін тіптен бұзды. Ауыл жастары қазақтардың ежелгі әдетіне беріліп, Шоңның атына жармасып, мініп те кетпекші болды. Шоң олардың бұл қылығын ұнатпай қалды. Ашуланған. Қарсы алушыларды бастап келген бір ересектеу жігіт тұрып:

– Балдыздарының жезделерінің атына мініп шабуы ежелден келе жатқан әдет ғой. Атынды сұрап тұрса бер, -деді.

– Мен әлі қызды да көргем жок, Сіздер бірден менің атыма неге жармасасыздар!

Шоңнын мына сөзі ауыл жастарын қарсы алуға бастап келген жігітке ұнамай қалды.

– Көрмесең, көресің, -деді ол да жақтырмай.– Ол тіктеу айтып тастады.

– Маған бұл әдет ұнамайды. Әуелі қызды көруім керек.

Күйеу баланың мына қылығы ауыл жігітінің ойынан шықпады. Мінезі қалай, өзі түсініксіздеу жігіт екен деп ойлады ол, бірақ ашық айтпады, үндемеді. Дегенмен, Шоңның мына қылығы бірге келе жатқандарды да бір жайсыздыққа түсіргендей еді,

Қыз, жігіттер қарсы алған соң, Қарақөзы мен Жамал жылдамдатып жүріп кеткен. Күйеу бала қасында қарсы алушы жастар ғана қалған. Әлгі ересектеу жігіт оңашалап Әлсеннен сұрады.

– Мына күйеу бала қалай өзі? Атына жармасқанға ренжиме.

– Шоң Ақмолада орысша оқу оқиды. Бұрын мұндай салтты көрмеген ғой. Содан кейін жасап тұр да, кейін үйренеді. Алайда, жігіт Әлсеннің айтқанына қанағаттанбады. Ауылда өскен қазақ баласы ел салтын қалай білмейді деп, өзінше бір байламға тоқтаған еді.

Ауылға келген соң жастарды бастап жүрген жігіт қалындықтың құлағына күйеу баланың қылықтарын жеткізген еді. Болған жағдайда қосынқырап әдемілеп тұрып айтқан, қасында болған қыздар да айтып келген. Өзінің есі дұрыс емес сияқты дегенді және қосқан қарсы алушыларды бастап жүрген жігіт. Мына сөз қыз көңіліне бір жайсыздық туғызғандай болды. Әуел баста болған болашақ күйеуді көруге деген бір ынталық сезім мына сөзден кейін басылып қалғандай.

Күмістің де он беске толып, одан асып бара жатқан шағы. Қазақ сөзімен айтқанда, пісіп тұрған кезі. Содан ба, жігіт сүюге құмарлықпен қарайтын шағы болатын. Қонақтар ымырт жабыла дастарханға отырды. Лезде он екі қанат ақ үй іші адамдарға толып кетті. Бір кезде абыр-сабыр болды да қалды. Күміс келе жатыр сөздері естілді есік жақтан.

Сәукеле киген, бетін өте нәзік жұқа қытай патсайысымен жапқан, қыз- болашақ келін келді. Төрге таман қонақ жігіттерге жақын жайғасты. Болашақ келіннің қасындағы екі қыз жағынан келіп отырды. Артынан қолма-қол қуаныштарын білдіре құтты болсын айтып Алдажұманның бәйбішесі мен Жамал келіп кірді. Жамал қыз бетінің жамылғышын ашып бетінен сүйді. Ал Алдажұманның әйелі Шоң бетінен сүйді. Бұл екі жақтың да көңілдерінің дұрыс екендіктерінің алғашқы белгісі еді. Олар отырған жоқ, кетіп қалды. Артынша дастарханға ет те келді. Отырған екі жігіт жылдамдата ет турап, келген күйеу мен оның жолдастарына тиісті мүшелерін беріп жатыр. Әлгінде шешесі қыздың бетіндегі жапқышын көтергенде, Шоң байқап қалған, Көбен айтқандай қыздың жүзі сары екен. Қыз да есіктен кірген бетте беті жабық болса да жігіт жағын бір шолып өткен. Келген қонақтар қыз жүзін анық көрмегенімен, қыз бәрін айқын көріп отыр еді. Қарсы алған жігіттің өзінің есі дұрыс емес сияқты деген сөзі жадынан кетпей отырған. Күйеу жігіттің әрбір қимылын бақылауда еді. Шоң да денесінде қышымасы бардай мазасызданып қимылдай берген. Оның мына қылығы қыз көңілінде жайсыздық туғызғанды. Күйеу бала болғасын салмақты болу керек қой. Қыз ойланып қалды. Күйеу баланың қайта-қайта қозғала бергені ұнамады. Қыздардан жоғарық отырған Әлсен, Жәмке, Малай бәрін жақсы көріп отырған. Әлгінде шешесі күйеу баланың кім екенін қызға таныстырғандай Шоңның бетінен сүйген. Содан болашақ күйеуі осы екенін қыз біліп қалған. Қыз бетіндегі жабулының бәрін жақсы көріп отыр еді. Шоң болса беті жабулы әлгінде шешесі бет пердесін көтерген қас қағым сәтте көргені болмаса қызды онша көре алмай отыр. Аңығы, қыздың сап-сары екеніне көзі әбден жеткен. Неге екенін, өзі де түсінбейді, содан мазасы кете бергені. Шоңның қозғалуының сыры сонда жатқан болатын. Оның осы қылығы қызға жаман әсер етті. Әлгінде қарсы алған жігіт сөзінде бір шындық бардай көрінді.

Ел тамаққа кіріскенде болашақ келіннің қасында отырған қыз:

– Күміс, тамақ ішуге кедергі болады, бетіңді ашыңқырап отырсайшы, -деді. Күміс оған қимылдай қоймады. Содан жаңағы қыз Күмістің бетін ашпақшы болды. Бұл жігіт те сенің жүзіңді көрсін деген саясатпен жасалған іс болатын. Енді қыз да, жігіт те қырын отырса да бәрін анық көреді. Екеуі де біріне бірі ұрлана қарап, бірін бірі жақсы көріп отыр.

Тамақ ішіп болғаннан кейін, қарсы алған жігіт бар, бәрі сыртқа шықты. Қазір біраз серуендеп, кейін алтыбақан тебетіндерін айтты. Әлсен оңашаланған бір сәтте Шоңнаң сұраған болатын.

– Қалай болашақ әйелің ұнады ма?

Шоң өзінің ашуланғанда болатын тіктеу мінезіне салып турасын, бірден, ұнамайтынын айтып салған.

– Несі ұнамады саған?

– Түрі сап-сары, шикі сары қыз ғой.

– Саған үнамаса, әкене ұнап отыр. Қайтсең де аласың. Ұнамаса кейін тоқал аласың…

Әлсеннің мына сөзі жазадай болып естілді. Тоқал аласың, екі әйелді бірден сүю сөзі Шоңның басына қонбайтын. Содан Әлсен сөзінің соңын тыңдамай жүріп кеткен болатын. Қалың ойда келе жатыр. Әлгінде досы айтқан тоқал аласыңы жадынан шықпай қойды. Шоңның ойлауы да басқалардікінен өзгелеу еді. Екі әйелі бірден қалай сүюге болады. Әкесі Телқозының бұл кезде екі әйелі болатын. Бірде Шоң шешесінен сұраған еді: «Сіз Телқозының екінші әйел алғанына қалай қарайсыз?» «Құдайдың жазуы солай болған соң көну керек. Екі әйел алған жалғыз сенін әкен емес, талайлар соны жасап жатыр. Байқаймын, Телқозы енді әкелері тәрізді үшіншісін де алғысы кеп жүрген сияқты». Қазір шешесінің осы сөзін ой толғамынан өткізіп, анасының да көңілінде реніш барын байқаған, әкесінің бұл қылығын қазір ұнатпай келе жатыр. Шоң ой әсеріне беріліп, жылдам басып біраз жерге кетіп қалғанын аңғармай қалды. Артынан Әлсен келе жатые еді.

– Сен қайда барасың?

– Біраз серуендеп қайтамын.

Шоңның мына түсініксіздеу сөзіне таң қалып Әлсен:

– Қазір алтыбақан болады. Әлгінде басқарып жүрген жігіт айтты ғой. Соған барамыз.

– Соған көңілім соқпай тұр.

– Сен бос сөзді қой. Олай болса бұл жаққа келмеуің керек еді.

Шоң Әлсеннің бұл сөзінде дұрыстық бар екенін түсінді. Әуелі салт бас, сабау қамшы болып келуі ойында болатын. Әкесі бірден құда түсіп, барлық қиындықты басына салып отырғанын білді. Жүріп бара жатқанда Шоңға, осы жолы қызды алып келесіңдер деп әкесі тапсырған. Ерсілі- қарсылығы жүре беруге уақыт жоқ. Басқа шаруалардың бәрі реттелгенін айтқан. Шоң сонда көкейінде тұрған сөз, таныспай жатып бірден қалай алып келемін дегенді айтпаған еді. Қазір соған өкінгендей.

Әлсен сөзін әрі қарай жалғады.

– Айтып отырмын ғой, ұнамаса екінші әйел аласың.

Әлсенің бұл сөзі басына кірмеді. Шоң тағы да үндеген жоқ, жүріп кетті. Әлсен досын айтқанына көндіре алмай келе жатқан қасында…

Бұл кезде үлкендер отырған үйде де әңгіме болды. Телқозының айтуы бойынша, енді барлық мәселе осы жолы шешіліп қызды алып кету болатын. Бас құда Қарақозы Алдажұманға Теоқозының сәлемін жеткізген: « Бала оқуда, ерсілі-қарсылы жүре беруге жағдай келмейді. Соған орай осы жолы баланы алып кетеміз». Телқозының осы сәлемін құдасына жеткізген. Алған жылқы бар, қыз әкесі бұған қарсы сөз айтқан жоқ.

Дастархан қасында отырған Жамал әрі қарай сөзді жалғаған еді.

– Амандық болса Күміс осы жолы Шоңмен бірге Ақмолаға барады. Сонда тұрады.

Әуелінде осы жолы алып кетемізді сөз еткенде Алдажұманның әйеліне ұнамай қалған, құдаларының қыздарың қалада тұрады деген сөзі шешесінің көңілінен шықты. Сол арада қыз әкесімен, шешесі онаша өзара ақылдасып келісімдерін берген.

Енді олар қазақ тәртібімен қыз бен жігіті төсекте кездестіруге дайындала бастады. Соған орай Алдажұманның бәйбішесі келіндеріне нұсқау берді. Олар соған лайықты іс жасауға кірісті. Енесі айтқандай, қыз төсегін түгел жаңартты.

Жастар жағы бұл кезде алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойнап тойдың басталуын өткізіп жатқан.

Шоң келгеннен бері өзін суықтау ұстады. Сол күйден өзін қанша зорласа да арыла алмай қойды. Қызға жақындамаған. Күміс те жігіттің бұл қылығын түсінбеді. Өзі расында есалаң шығар деген ойға берілген. Әйтпесе, қызға жақындап, көңіл-күйін білдіру жігіт міндеті ғой. Оның бірі жоқ. Керісінше қашқақтап жүр.

Ақыры күйеу жолдас Әлсен арқылы бүгін қыз бен жігітке оңаша төсек салынатынын қыздың жеңгелері жеткізген еді.

Жігітпен қыздың көңіл-күйіне ешкім қараған жоқ. Әкелерінің айтқаны орындалуда. Қыз үйіне жігіттің кіруіне дайындық жүріп жатты. Әлсен, бүгін қызыққа батасын деді, -Шоңға. Осының алдында екі ай бұрын Әлсеннің өзі үйленген еді.

– Несі қызық, егер сүймей тұрсаң…

– Алғашқы кезде солай, кейін сүйіп кетесің. Сен әлі үйренісе алмай жатырсың, мынау соның белгісі. Қыз төсегі ғажап дүние, одан қызық болмайды.

Шоң оның бұл сөзін түсінбеді. Қыз тартпай тұрса, онда қандай қызық болады. Бұл сөзді Шоң сыртқа шығарған жоқ.

Қазақ тәртібі бойынша жеңгелері Шоңды қыз үйіне кіргізді. Оны шешіндірмекші болып еді, ол бұған көнбеді. Өзі шешінетінін айтқан. Ақыры ырымдарын аяғына дейін жасай алмай қыз жеңгесі шығып кеткен.

Шоң барды да төр алдына қисайды. Артынан біраз уақыттан кейін кірген Кұміс білте шамның жарығынан Шоңның төр алдында жатқанын байқап қалды. Ол да ләм деместен төсегіне қарай өтіп кетті. Екі жақтан да бір ауыз сөз де, қимыл да болған жоқ. Содан таң атқан. Шоң ерте орнынан тұрып кеткен. Ол сыртта ұзақ жүрді. Бәрінен ертерек тұрған Малай сыртта жүрген ағасын көріп, келіп Әлсенге айтқан болатын.

– Шоң сыртта жүр. Сірә, қыз екеуі келіспей қалған болуы керек.

Әлсен оның сөзін жақтырмай:

– Келіспеді деген не сөз?

– Мен Шоңның мінезін білемін. Ол көңіліне ұнамаған адамға қатты айтып тастайды. Қызға да көңіліне келетін бірдене айтқан болуы керек…

Мына сөзді естіген Әлсен орнына жата алмады. Тысқа шыққан еді. Шоң анадай жерде ауыдан алшақтау жерде кетіп барады екен. Әлсен қуып жетіп қасына келді.

– Сенің таң атпай қыз қасынан қашып жүргенің не?

– Мен қыз қасына жатқам жоқ.

Әлсен не сенерін, не сенбесін білмей сәлтұрды да:

– Жатсаң да, жатпасаң да аласың. Жұрт енді Күмісті бүгіннен бастап қызға жатқызбайды, сенің әйелің деп есептейді. Мұның ұят болды…

Шоң Әлсеннің мына құбылмалы сөзіне түсінбеді. Келе жатқанда, қыз бүлінген екен деп айт деген болатын. Енді келіп айтып тұрғаны мынау…

Дегенмен, Әлсеннің мына айтқаны оның ойын енді басқа жаққа жетелегендей еді. Расында, менікі дұрыс болмады. Енді амал жоқ, кейін тоқал аламын ұйғарымына келген. Сол күні қызға жылы қабақпен қарауға тырысқан еді. Бірақ қыз сыр бермеді. Шоңның түндегі қылығына ренжіп қалған болуы керек, өзін тұйықтау ұстаған. Сонымен күн де өтті. Шоң мен Күміс бұл күні ешқандай тіл қатысқан жоқ. Шоң емес, бүгін мінез көрсетіп жүрген Күміс еді. Екінші күн. Жеңгелер келген жоқ. Барлық шаруаны өздеріне қалдырғандай. Күн ұзын дастархандас болып, алтыбақан теуіп, түрлі ойын ойнағанда екеуі жақындасу орнына алыстай берген еді. Әлмен мен Шоң тысқа біраз жүріп қыз үйінің манайына келген кезде Әлсен:

– Сен қызды ұнатпасан да жат, мінез көрсетпе. Енді бәрі де кеш. Көңілін табуға, Күміс тілегінен шағуға тырыс, – деген.

Шоң үйге кірсе, Күміс Шоңды қарайламай жатып қалыпты. Шоң кешегідей төр алдына қисайған еді. Көп жатты. Қыз жақтан бүгін де тырс еткен қимыл жоқ. Сен жатсаң, менде жатқанға басып Шоң жата берді. Кешегі түн қайталанды. Ақыры таң атқан болатын. Шоң ойлады, мына қыз мені шын сүймейді екен. Кешегідей ерте орнынан тұрып кетті. Содан өткен жолғыдай сыртта көп жүрді. Әлсеннің айтқанын еске алды. Расында, мен Күмістен құтыла алмаймын. Барып қасына жатуым керек екенін ойлады. Киіз үйге қарай бұрылып еді, аяғы жүрмей қалғандай. Өзін қанша зорласа да ол жаққа аяғын баса алмады «Бұл қазақтың заңы да қызық, таныспай-біліспей жатып, күні бұрын байлап-матап қояды. Ерегескенде алмаймын. Маған не істейді». Осы ой оған күш берді де жүріп кетті. Беті ауған жағына жүре берді. Ауыл сыртыедағы тоғай жаққа келгенін байқамай қалды. Біреу қалың тал арасынан шығып осылай қарай келе жатыр екен.

– Бұл қайсың-ай, таң атпай жүрген, -деп дауыстады. Бұл қыз әкесі Алдажұман болатын. Дәрет алып үйіне қарай келе жатқан.

Шоң үндеген жоқ. Алдыжұман күндіз көрген күйеу баласын танып қалған. Үйге кірген соң әйеліне:

– Әлгінде далада біреу жүр. Сырт бейнесі біздің күйеу балаға ұқсайды.

– Қателескен боларсың?

– Жоқ, қателескем жоқ, тура соның өзі.

– Осы уақытта жаңа табысқан адамдар төсектен тұра ма? Басқа біреу шығар…

– Сен мені соқыр деймісің, дәл, соның өзі. Мына күйеу баланын қылығы түсініксіз. Сен ертең қызыңмен сөйлесіп көрші. Неге күйеу бала ертерек тұрып кетті екен?

Күйеуінің мына айтқаны әйелін да мазасыздандырды. Танертең әйелі әдейі барып оңаша қызынан сұрады:

– Түнде әкең күйеу баланы тыстан көріпті. Немене, таныспай жатып араздасып қалдың дар ма?

– Апа, мен күйеу баланы сүймеймін, ол да мені ұнатпайтын тәрізді.

Мына сөз шешесін шалқасынан түсіргендей болды. Ойбай салды.

– Сен не деп тұрсын. Ел бетіне, құдалардың бетіне қалай қараймыз?

– Апа, не ойласаңыз, оны ойланыз, мен бұл жігітті сүймеймін.

– Қазір кім кімді ұнатып тиіп жатыр. Бүгін ұнатпасаң, ертең ұнатасың. Ертеңгі күні ел айтады. Алдажұманның қызын алмай тастап кетті дейді. Ол сөзді естігенімізше өлгеніміз жақсы!

– Жоқ, апа, қажет емес, жігітте кішкентай сезім болса қасыма келіп жатар еді. Екі күнде қасыма бір жатқан жоқ, – деп ашулы қыз ашығын айтып салды.

Шешесі қызының мына сөзіне сенерін, не сенбесін білмеді. Жігіт қанша ұнатпаса да алмақшы боп отырған қызының қасына қалай жатпайды. Түгіне түсінген жоқ. Келіп жағдайды күйеуіне айтқан.

Ол да таң қалды. «Шынында қанша сүймесе да қыздың қасында қалай тыныш жатады. Осы жігіттің еркектігінде бір кемшілік бар шығар» қортыңдысына келді. Дегенмен, бұл туралы әйеліне айтпаған еді. Таңертеңгілік тамақтан кейін Қарақозыны бөлек шығарып алып сөз бастады.

– Баланың басқа бір жерден әйел алуға көңілі болған жоқ па еді?

– Ондай сөзді ол да, біз де бұрын қозғамап едік. Көңіліміздің қалап отырғаны сіздің балаңызда.

– Біздің Күмісті сіздер қалағаныңызбен, ол қаламайтын тәрізді.

– Ол мүмкін емес, -деді Қарақозы.

Алдажұман көңілде тұрған күдігін айтпады. Ұялды.

– Олай болса балаларыңызбен тағы бір сөйлесіп көрініздерші!

Қарақозы Алдажұманның мына сөзіне ренжіп қалды да:

– Бәрі айтылып, келісілген жоқ па? Сондықтан келіп отырмыз ғой…

– Мен сіздермен құда болудан қашып отырғам жоқ. Алайда, балалар бірін бірі ұнатпаса, онда біздің қызды да әуре етпеңіздер.

Алдажұман құдасының мына құбылмады қылығына Қарақозы таңғалды. Мынау Шоңды қызынан кем санап отыр ма, әлде біздің берген қалың малымыз үстіне тағы қалың мал қосты жасап отырма білмеді, көңілдегісін бұл да басқаша айтты:

– Жарайды, сөйлес десеңіз сөйлесейік, -деп үйден шығып кетті. Бұл ашудың белгісі еді. Тыста біраз жүріп келіп, үйден шыққан Жамалды онашалап шақырып алды да, сөз бастаған еді. Жамал келіні болса да Қарақозымен жас айырмашылықтары аз болғанықтан еркін сөйлесетін.

Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 октября 2021
Объем:
400 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785005549471
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают