Читать книгу: «Ел Шоңы. Бесінді. III кітап», страница 6

Шрифт:

– Сонда қазақтың сіз айтқан жолымен үйренгенше қанша заман керек?

– Одан басқа амал жоқ, жүз жыл өтер, мың жыл өтер, өнері күшейіп, халық саны молайғанда ғана қазақ дүние жүзіндегі тәуір елдердің қатарына қосылады. Сонда ғана басқалар қазақтың сөзін тыңдайды.

– Қазақ осы бір жиырма жылдың ішінде өз алдына ел болуы керек.

– Сен қиялға берілген жігіт екенсің, күшейіп келе жатқан орыс сені ол жағдайға жібермейді.

– Оған қанша жыл керек екенін білмейсіз бе, сол айтқан уақытқа дейін қазақтың қазақтығы сақталады деймісіз? Қазақ біржола құрып кетеді. Бәрі орыс болады.

Жігіттің манадан бері айтып отырған сөздерінің ішіндегі Шоң көңілінен шыққаны сөзі осы еді. Дәл төбесінен түсіп айтып отырғанын білді. Өз қаупі сол еді. Ертеңгі күні орыс тілі кіріп, тілін ұмытып елдің бәрі орыс болып кете ме деген кауіп өзінде де бар еді. Мына сөз тура сол ойының үстінен шыққандай болды. Сөзі таусылып қалғандай болды да, «білмеймін» деп шынын айтты.

– Сіз кімге қызмет етіп отырғаныңызды білесіз бе? – деді жігіт. – Сіз патшаға еңбек етіп отырсыз. Оның билігінің өркендеуіне қазақ жерінде жағдай жасап келесіз.

– Бауырым, мына сөзің тым артықтау, мен өз еліме еңбек етіп жүрмін. Халықтың бірлігін сақтауды, бірімен бірінің алакөз болмауы жайын ойластырамын. Басқа менің қолымнан келер шаруа жоқ.

– Сонымен қоса патшаға да қызмет істеп отырсыз ғой.

– Оны жасамасам, мені болыстықта бір күн де ұстамайды.

– Ондай болыстықтың қажеті қанша?

– Аз да болса ауылдастарыма көмегім тиетінін сеземін.

– Кенесары сіздейлердің кесірінен жеңілді.

– Бүкіл қазақ қолдаса да Кенесары бәрібір орыстарды жеңе алмайтын еді. Бір мылтықтың аузына мың адам сияды. Сен оны ұмытпа!

– Мен сізге үлкен үмітпен келіп едім, сіз менің көңіл-күйімді түсіріп тастадыңыз.

– Мен саған басқа не айтамын, шындықты айтып отырмын…

– Анау тау арасындағы шешен, дағыстан деген халықтар жүз жылдан бері орыстармен соғысып келеді дейді. Әлі жеңілген жоқ көрінеді. Орыстар Кенесарының бес-алты жыл ішіне быт-шытын шығарды. Оларды әлі жеңе алмай келеді, Шәміл деген елбасымен келіссөз жүргізіп, оған бостандық беріпті. Ал қазақтың ханы Кенесарының басын кесіп алды…

– Сен олармен қазақтардың жағдайын саластырма. Олар тау ішінде тұратын халық. Орыстай емес, тау жағдайында соғысуға үйренген халық. Олар әрқайсы тау арасында соғысуды жақсы меңгерген. Қайда жасырынып, соғысатынын жақсы түсініп алған. Қажет уақытында жасырынып қалады. Шәмілді босатқанда оған жаны ашып жіберген жоқ, ертеңгі күні оны өлтірсе соғыс тағы бір жүз жылға созылатынын білді. Орыстардың ол жерден кеткісі келмейді. Орыстардың әдісінде енді оларды алдап-сулау бар. Сондықтан анау ел басқарған адамын босатты да, оны Араб жеріне қаңғытып жіберді. Оның өз колында билігі болса, оны жасар ма еді. Жасамайды. Амалсыздан кетті. Ал біздің жағдайымыз қалай, кең дала, бәріміз мылтықтың аузында тұрмыз. Сен, бауырым, тау мен кең жазықтағы соғысты салыстырма. Мұнда орыстың ауқымы кең, алып да, шалып да жеңеді. Қырғыздарға Кенесарыны өлтіртуі – егер бас көтерсеңдер, сендерге де Кенесарыға қолданған жағдайды жасаймыз дегенді еске салып отыр. Мына казак-орысты іргеге алып келді. Оларға патша билікті беріп отыр. Түбінде жерімізді соларға алып беруі мүмкін. Өзің айтып отырсың. Бурабайдың айналасына казак-орыстар қоныстанып алды дейсің. Бұл бастамасы ғана. Ертең не болатынын патша мен соның маңайында отырғандар ғана біледі.

– Қазақта бірлік жоқ. Сондықтан жеңіліп отыр.

Мына сөзді өзіне сілтеп айтып отырғанын Шоң білді. Бірақ басқа тұрғыдан сөйледі.

– Бауырым, бірлікке орыстар жібермей отыр ғой. Елдің бәрі сен тәрізді саналы болса, жағдай басқа болар еді. Онда орыстар бізбен басқаша сөйлесер еді. Қасыңда отырған Абылай хан тұқымының өзі екі түрлі сөйлейді. Сен қандай бірлікті, саналылықты айтып отырсың?

– Ел мақтап жүрген адамның бірі сізсіз ғой. Сіздің айтып отырғаныңыз мынау, қандай саналылық болуы мүмкін, елдің тәуірлерінде?

– Бірақ сенікі көзсіз саналылық. Мына ойыңмен қазақты жақсылыққа апармайсың, керісінше жамандыққа итересің.

Жігіт Шоңның мына сөзіне қатты ашуланып қалды:

– Дегенмен, өз халқыма мен сізге карағанда адалмын. – Жігіт киіне бастады.

– Ол рас, сенде әлі басылмаған жастық қайрат бар. Мынауың соның әсері, түбінде басылады. Жігермен қатар ақыл керек. Сенде сол жағы жетіспей жатқан тәрізді…

Жігіт Шоңның мына сөзіне тіптен қатты ашуланған сияқты. Орнынан тұрды да шығып кетті үйден. Жігіттің әлгі сөздері қатты ұнап қалған, Шоң артынан бірге шыққан. Риза атын шөпке байлап қойған екен. Ашулы жігіт атына ертоқым сала бастады.

Артынан келген Шоң айтқан:

– Бауырым, неге асықтың, бүгін қонбадың ба? Мен жоғары жаққа хат жазып берейін. Менің қолымда басқа түк жоқ.

– Біздің жақта сіз тәрізді орысша оқыған талай төре адамдар бар. Солар да талайын жазды, ешқандай нәтиже жоқ. Мен сізден заңды көп біледі деген соң бірдеңе үйренейін деп келіп едім, сіз болмайтынды айтып, елді шатастырады екенсіз. Сіз законды жақсы біледі дейді, кайдағы закон, мына саясатыңызбен орысты жақтап үгіт айтасыз.

– Сенің саясатта не ақың бар?! Қазіргі таңда сенің қолыңнан ол келмейді. Бәрін қой да домбыраңды айналдыр. Сонда сенің халқында берер пайдаң әлдеқайда көп болады.

– Сіз маған ондай ақыл айтпаңыз, немен айналысатынымды өзім білемін…

– Мен сені әуеліде саналы жігіт пе деп қалып едім, сен санасыз екенсің. Сөзге түсінбейсің. Менің саған айтар кеңесім, «закон алды арт қысқан». Осыны есіңге мықтап ұста, – деп Шоң айналып жүріп кетті.

Шоңның мына сөзіне ыза болған жігіт сәл тұрды да, атына мініп ол да Ақмола жақты бетке алып жүріп кетті.

Шоң далада біраз жүрді. Әлгі жігіттің сөзіне ыза болса да, ел қамын ойлап жүргендігіне риза болып келе жатты. Сонау Көкшетаудан ақыл сұрауға өзіне келіпті. Санасында бірдеңе бар екенін білді. Ойға беріліп ұзақ жүрді.

Нұра жақтан келе жатқан Ахметжан кенет сыртта жүрген әкесін байқап қалды да, атының басын соған қарай бұрды. Қасына келіп, ат үстінде тұрып сөз бастай беріп еді, Шоң онысын жақтырмай қалды. Ахметжанның мына ат үстінен тұрып сөйлегенін ұнатпай:

– Немене, бір жаққа асығып тұрмысың?

Сонда ғана барып Ахметжан әкесінің аттан түспей тұрып сөйлегенін ұнатпай қалғанын түсініп, атынан түсті.

– Иә, не бітіріп қайттың?

– Ана екеуі де сөзге түсінбейтін адамдар екен.

– Олар кімдер?

– Ана Жабағы мен старостаны айтамын.

– Сөзге түсінбейтін адам болмайды. – Әлгі жігіттің сөзге түсінбей кеткенін біліп тұрса да Шоң әдейі айтқан. – Сенің айтар сөзің нашар болған ғой. – Көкшетаулық жігіттің қылығы ішіндегі ашуын тіптен күшейтіп жібергендей болды. Содан кейін ләм деген жоқ, Шоң жүріп кетті. Ахметжан да соңынан ермекші болып еді, бірақ әкесінің тым көңілсіз екенін біліп, атын жетектеп үйге қарай кетті.

Жалғыз қалған Шоң ойға берілген еді. Оспанды кішкентай күнінен Телқозы баурына салған болатын. Соның әсері ме, айтар сөздерінде, істеген істерінде тура Телқозынын қылықтары бар екенін сезетін. Шоң баласының соның ықпалымен кеткенін сезіп, оған онша үндемейтін. Ал мына Ахметжанның тәрбиесін өзіне алған. Қазір үлкейіп, бала-шағалы болса да қолында тұратын. Ойы заман ағымына сай етіп тәрбиелеу болатын. Соңғы кезде барған жерінде ертіп алып жүруді шығарған еді. Ойлайтын, балам менің сөзімді тыңдап, ақылға салып отырады деп түйетін іштей. Анда-санда осындай бірді-екілі тапсырма да беріп жүретіні сондықтан еді. Шоң ешқашан Ахметжанға ананы былай жаса, мынаны олай ет деп айтпайтын. Қажетті жерінде кеңесін ғана беретін. Оны жасау санасына, Құдай берген ақылына байланысты деп білетін. «Шайнап берген ас тамақ болмайды» мәтеліне жүгінетін. Қазір ат үстіндегі жаңағы отырысынан, жаңағы айтқан сөздерінен біраз кемшілікті көргендей болды. Қанша ақыл айтып, үйренгенімен Құдай бермесе ештеңе шықпайтынын түсініп келе жатқан. Дегенмен, әлгінде ғана айтқанын тыңдамай кетіп қалған көшкетаулық жігіттің Ахметжаннан көп артықтығы барын сезді. Оның әлгі айтқан сөздерін еске алып, баласының бойынан көп кемшілікті тағы да аңғарғандай болды. Сөзінде көп қателіктер болса да анау әлдеқайда артық, түбінде көп нәрсені тындыратын жігіт екенін ойлады. Енді өз кінәсі, жаңағы айтқан сөзім тым артықтау болып кетті-ау деген ой мазасыздандырған еді. Ешкімді айтумен, оқумен саналы, білгір ете алмайсың. Бәрі жаратылысына байланысты екеніне тоқтаған еді іштей.

Әкесі Телқозы айтқандай, үш баласының ешқайсысы өзіне тартпаған. Шоңның арманы – артында жақсы бір ұрпақ қалдырғысы келетін. Ол дегені ешқашан орындалмайтынын енді түсіне бастаған. Әйімкүлдің ыңғайымен жүріп, көп уақытын өткізіп алғанын білді енді ғана.

Телқозының тоқал ал сөзін ойынан өткізіп, сараптап келе жатты. Өкінішке толы өмірі көз алдынан өтіп жатқандай болды. Әлгі жігіттің сөзінен кейін басына беймәлім бір арман мен бір түсініксіз ой қатар келіп, Шоң қайсысына тоқтарын білмеді. Бұл өмірден көп нәрсені жоғалтқанын енді түсінгендей болды. Сол ойдың шырмауына беріліп тыста ұзақ жүрді.

Оспанға реніш

Оспан үйленгеннен кейін өз алдына отау етіп, бөлек шығарған болатын Телқозы. Қараағаш маңындағы бір шұрайлы жерге өз алдына қоныс берген еді. Телқозының мұндағы ойы жақсы жерден айрылып қалмау еді. Айналадағы жағдайды жақсы түсініп отырған. Соңғы кезде халық саны күрт өсіп, шабындыққа, жайылымға таласу орын алып бара жатқан. Әр би, әрбір бай адамдар балаларын жеке шығарып, соларға өз алдына қоныс әперіп жатқан. Оның үстіне орыстар көшіп келіп жатыр. Телқозы ертеңді қатты ойлайтын адам еді. Ел де соны білгендей, маңайдағы шабындықтарды қағаздап, өз аттарына түсіріп алып жатқан. Бұрын мұндай тәртіп болмайтын. Ана жер пәлендікі, мына жер түгендікі, сол маңайды жайлаған адамдардың атына байланыстырып алып жүре беретін. Орыстардың келуі қазақтарға да көп жағдайды үйреткен еді. Мал бар, ендеше жер керек. Қараағаш маңындағы барлық жерлерді қағаздатып бөліп алған. Бұрын қимылдағандар жақсы шабындық жерлерді алып, кеш қимылдағандар арасында құр қол қалғандар да бар еді.

Телқозы да дер кезінде сонау заманнан бергі Жанкелді тұқымының жерін түгел қағаздап алған еді. Телқозы балалары жеріне билікті енді Оспан жүргізетін болған. Одан басқалары бұл шаруаға араласпайтын.

Оспан Телқозыдағы мал билігін алып, шаруашылықты өзі билей бастаған кез еді. Ол Телқозы тәрізді іске тапқыр, шаруақой адам болды. Ақмолаға да жиі барып, бүкіл Телқозы тұқымының малдарының саудасын ұйымдастырып жүрді. Оған Шоң, Телқозы, басқа туыстары да риза еді.

Бір күні Шоң салт атпен көрші ауылдан келсе есік алдында бір бие Малай мініп жүретін күрең аттың қасында байлаулы тұр екен. Шоң Әйімкүлден сұрады.

– Мына бие кімдікі?

– Әлгінде Малай әкелді.

– Ол қайда?

– Үйде демалып жатыр.

Шоң үйге кірген еді. Малай төр алдына шалқасынан түсіп жатыр екен. Ағасын көріп ыңғайсызданып басын көтеріп алды. Шоң одан сұраған.

– Даладағы байлаулы тұрған бие кімдікі?

– Мына Тамадағы Естайдың үйіне барып едім, сол болмай атымның қосағына байлап жіберді. Оспаннан шөп шабуға жер алған көрінеді.

Шоң Оспанда да Телқозы тәрізді біреуден бірдеңе алу әдеті барын білетін. Баяғы Кеттебектің биесі мен айғыры есіне түсті. Іші бірдеңені сезгендей болды. Содан соң:

– Мыналарың ұят болады. Биені қайыра апарып бер. Оспан жерді берсе саудаламай-ақ, жай берсін! – деді.

Шоң ертеңгі күні көрші отырған ауылдардың адамдары мұны естісе, анау болыс болған соң билігін жасап, барлық тәуір жерлерді өзіне алып, артығын сатып отыр дегенді шығаратынын білетін. Шоңның көңілі ондай сөз болғанын қаламайтын. Содан кейін інісіне айтқан еді, жерді беретін болса саудаламай-ақ берсін деген.

Малай ағасының бұл сөзі ұнамай тұрса да үндеген жоқ. Жүрерінде биені жетегіне алып жүріп кетті.

Шоң өзінен өзі отырып ренжіді. Бір түсініксіз ашуға берілгендей еді. Сырттан кірген Әйімкүл күйеуінің көңілсіз отырғанын көріп:

– Шоңке, тағы да басыңыз ауырып отыр ма?

– Жоқ. Осы Оспан бір дүниеқоңыз ғой деймін. Ана Естайға шабуға жер бергені үшін бір бие алыпты!

Орынсыз алған дүние пара болатынын білсе де, Телқозының әсері ме, Әйімкүлдің өзі де алғанды жақсы көретін. Біреулер бірдеңе әкелсе сол адамды жақсы көріп, шайын қайнатып, асты-үстіне түсіп жататын. Баласы туралы Шоңның мына айтып тұрғанын ол да, Малай тәрізді, жақтырмай қалды. Соңғы кезде күйеуінің басы ауыра бастағанын білетін, сондықтан басы артық сөз айпай, қас-қабағына қарап қамқорлық жасайтын. Содан ба, баласының мынасына іштей ренжіп қалды да, үндемей сыртқа шығып кетті. Тыста дамыл тауып жүре алмады. Қайыра кірген.

– Шоңке, біраз жатып дем алмайсыз ба?

Шоңның соңғы кезде түс кезінде бір сағаттай ұйықтап алуы пайда болған. Содан кейін мына сөзді айтып тұр еді. Шоң оның бұл сөзіне мән бермегендей еді, басынан әлгі Оспан қылығы шықпай тұрған. Шоң үйде маза тауып отыра алмай, тысқа шығып кетті…

Есік алдында Риза жүр екен, оны шақырып алып Оспанға жіберген. Сол күні Оспан келмеді. Баласының келмегені мазасын тіптен кетіргендей еді. Әйімкүл соңғы кезде байқап жүр, тым ашуланшақ болып кеткенін Шоңның. Бір ыңғайсыздау шаруаны естісе қатты ашуланатынды шығарып жүр. Шоң сыртқа бір шығып, бір кіріп, мазасы кетіп, үй ішінде тұрақтап отыра алмады. Байқағыш Әйімкүл оны бірден түсініп қалған, Оспаның шақырғанына келмегеніне ашуланып жүргенін білді. Бұрын мұндай күйге түспейтін еді. Шоңның мұнысы бас ауруының әсері деп білген Әйімкүл, содан кейін оны тыныштандыру үшін айтқан:

– Оспан бір шаруамен жүрген шығар. Шоңке, келеді, асықпаңыз, -Әйімкүлдің мына сөзінде бір жөн бар екенін білді де жазу бөлмесіне кетті.

Ертеңіне түске жақын Оспан келді. Шоң оңашалап алып баласына сөз бастаған еді.

– Сен де анау әкең Телқозының шаруасын бастап жүрсің. Ұят болады, шабуға жер бергеніне бие алыпсың. Оның не? Ұят емес пе, берсең, тегін бер.

Соңғы кезде жер дауы күшейіп кеткен соң, билер отырысында әрбір руға жерлерін қағаздатып бөліп берген еді. Шабындық жерлер тапшы болғандықтан, ортақтасып пайдаланыңдар дегенді айтқан. Оспанның мына шаруасы сол билердің шаруасына қарсы келетінін біліп отырған. Ертеңгі күні ана болыстың өзі тәртіпті бұзып отырғанын айтып ел ренжиді. Олардың Оспанда жұмысы жоқ, бәрін өзінен көретінін білетін. Дауды өршітіп жіберетінін сезіп отырған, баласының мына қылығын естісе ертеңгі күні ел Шоңның баласы шөп шабатын жерді сататын болыпты дегенді айтатыны сөзсіз еді. Елдің оны қалай құбылтатынын біліп болмайды, әйтеуір, сөз көбейіп кететініне көзі анық жеткен Шоңның. Әкесінің қатты ренжіп отырғанын біліп Оспан:

– Сүтті жылқының тұқымы деген соң алып едім, өсірейін деп, олай болса, орнына басқа бір бие берейін.

Оспанды өз алдына бөлек шығаруы әкесінің жер алу үшін жасап отырған саясаты екенін Шоң біліп отыр еді. Анада бірде әкесіне сіз менің болыстығымды пайдаланып жер алып отырсыз дегенде ол сен пәленшені қара, түгеншені қара – балаларының саны менікінен екі есе аз, қанша жерді алып отыр. Сен елді тәртіпке шақырсаң сөзді солардан баста деп дауысын көтере сөйлеп, қатты айтып тастаған. Телқозының бұл сөзінде шындық бар еді. Телқозының үш әйелінен өскен балаларынын саны біраз болып қалған. Бәріне де жер, қоныс керек. Шоңның өзі жер бөлгенде малына емес, отбасының санына қарап бөлетін. Бала санын өсірудің тетігі сонда екенін білетін. Кейбір малдың санын айтып дауласқандарға олай болса малыңның санын азайтып, адам санын көбейт, сонсоң жер аласың дейтіні бар. Бүгінгі заман талабы солай болу керек. Шоң өзінше солай заңдастырғандай етіп сөйлейтін. Адам саны өспей қазақтың келешегі жоқ дегенді әр жерде айтып жүретін. Сондықтан мал санына емес, адам санына мән беретін. Содан кейін әкесі балаларының, немересінің санын айтқанда ештеңе айта алмай жүретін. Енді мына Оспанға басқаша сөйледі.

– Сен үйтіп саудаласпа, биесін өзіне қайтып бер. Шабатын жерді жай бер. Ол атаңнан қалған жоқ, бұл шабындық осы маңайда отырғандардың бәріне ортақ. Пара алмай, ортақтасып пайдаланыңдар.

Оспан әкесінің сөзін жақтырмады, бірақ қарсы сөз айтқан жоқ, үндемей кеткен. Бұл сөзді өзінің көңіл-күйіне байланысты айтып отырғанға ұйғарған. Шешесінен алдында естіген, әкесінің не болса соған сөйлей беретінін айтқан, содан Оспан сөзден қашып әкесінің үйіне келе бермейтін. Шаруаның бәрін Телқозымен ақылдасып жасайтын. Шешесінің аузынан әкесінің соңғы кезде бас ауруына байланысты ашуланшақ болып кеткенін естіген еді алдында. Мынау да соның әсері шығар деп мән бермеген. Әкесінің аузынан әлгі сөзді естіген соң, «жарайды, айтқаныңызды жасаймын» деп қайтып кеткен.

Содан Шоң биені қайтып берді деп жүрген болатын. Бір күні Шоң Оспан үйіне бара жатса жолай бес-алты адам шөп шауып жатыр екен. Сырттай Естай бай бақылап тұр.

– Естай, мына жерді сен шапқызып жатырсың ба?

– Иә, мен шапқызып жатырмын, Шоңке. Неге сұрадыңыз?

– Жай, әншейін, – деді Шоң.

Естай көңілінде тұрған өкпесін болысқа айта бастады:

– Осы айналаның бәрін ел бөліп алыпты. Анда барсам – менікі дейді, мынаған келсем – ол да менікі дейді. Бос шабындық жер қалмаған. Шоңке, сіз оны білесіз бе?

Шоң мына Естайдың бір жанжалды шығарғалы тұрғанын білді.

– Естай, олай болмаса ертеңгі күні жанжал көбейіп кетеді. Әркім өзіне тиелісі жерін білгені дұрыс. Бұл орыстардың тәртібіне байланысты шығып жатқан шаруа. Саған да жер берілген жоқ па?

– Берілген. Бірақ бөліс кезінде билер аздау жер беріп, шабындығым аз болып тұр.

– Мына шауып жатқан жерің кімдігі? – Естайдың аздау тиді деген сөзіне байланысты айтып тұр еді бұл сөзді. Ал ол Шоң біліп, әдейі сұрап тұр деп ойлады да:

– Осы жерден шөп шабуға Оспанға бір бие бердім.

– Мен соған байланысты билерге шабындық жерлерді бөлгендерге айтқанмын. Кейбір адамдардың жерінде шабындық жер жоқ екенін білемін. Сондықтан ондай жерді бөлдіргем жоқ. Келісіп, ондай жерді бірге пайдаланыңдар дегенмін.

– Ендеше, мен осы жердің шөбін шабуға Оспанға бір бие беріп алдым.

Естайдың сөзін естіп, Шоң аузына сөз түспей, «шабыс көбейсін» деді де жүріп кетті. Оспан үйіне келген еді, ол үйінде жоқ, Телқозы отыр екен. Шоң сөз бастады.

– Ана Оспан мені неге алдайды? Естайдың биесін өзіне қайтармапты ғой.

– Мен ол жағын білмедім…

– Неге білмейсіз? – Оспан не жасасада Телқозымен ақылдасып жасайтынын Шоң білетін. Мына айтып отырғаны жалған сөз екенін іші сезіп, қатты ашуланған. Сол арада әкесіне бірталай сөздер айтып тастаған. Сөзінің соңында:

– Қазақтың жер саудалауға құқы жоқ. Егер Оспан бергісі келсе, бие алмай-ақ бермей ме?

– Онда тұрған не бар? Ол биені өзі беріп тұрған соң, алды да.

– Есіңде болсын, Телқозы! Қазір қазақта жер билігі жоқ екенін сан рет сізге айттым, онын билігі анау отырған оязда, одан қала берді патшаның өзінде. Жер билігін баяғыда ана Қенесары көтерілісінен бұрын қазақтан алып қойған. Оспаның жерді саудалап бие алуға ешқандай қақысы жоқ. Ол ұят болады. Заңға қайшы…

Мына сөз Телқозыға ұнамады, ашуланып қалды.

– Сен ыңғай осындай бірдеңені шығарасың да жүресің, анда өзің емес пе едің, пайдаланатын жерлерді белгілеп ал деген. Енді келіп былайша соғып отырсың!

– Сіз, Телқозы, неге кисыққа тартасыз? Мен шабындық жайлы олай айтқан жоқпын. Ондай жерлерді бірігіп пайдаланыңдар дегенмін. Сіз мына сөзіңізмен ел арасында шатақ шығарғалы жүрсіз. Есіңде болсын, тағы да айтамын, жер сату қылмыс болып табылады. Жер саудалау ол ешқандай заңға жатпайды.

– Шоң, сен қалай-қалай сөйлейсің? Бұл Қараағаш сонау Жанкелді заманынан бері біздікі. Оған ешкімнің дауы жоқ.

– Сол Жанкелді әкеміз қаншаға сатып алған екен?

– Ол кезде жер сату болған жоқ. Әуелден Құдайдан бұйырған жер.

– Одан бері қанша заман өтті. Орыс келді де жаңа заң шығарды. Енді ел жердің құндылығын түсіне бастады. Анау патша да соны біліп, жердің бәрі менің меншігім деп отыр. Біз соның айтқанын түсініп, сол шығарған заңға бағынумыз керек. Сіз оны есіңізден шығармаңыз. Ертеңгі күні болыстың баласы ананы жасап отыр деп, басқалар да соны жасайды. Сонда мен не айтамын? Менің балама болады, сендерге болмайды деймін бе?

Телқозы бұдан кейін Шоң сөзін тыңдаған жоқ. Ренжіп үйден шығып кетті. Сыртта жүр еді, Оспан келді. Оған Телқозы:

– Әкең келіп отыр, Ана Естайға жерді тегін бердің бе?

– Көке, келісім бойынша саууға одан бір сүтті бие алғанмын. Құлыны өскен соң өзіне қайтып беремін, күзге қарай… Оны өзіңізге айттым ғой.

– Ана әкең дау шығарып отыр. Ол әбден ана орыстардың айтқанын қалт жібермей орындауға үйреніп алған. Сен оған ондай шаруаны сездірме. Елдің бәрі отырған жерін ата жолымен ие болып пайдаланып жатыр. Егер сенен бие алдың ба десе, алған жоқпын де. Ешкім де өз жерін тегін беріп жатқан жоқ. Әкең айта берсін, оныкі бос сөз.

Шоң не істерін білмей отырғанда Оспан кірді үйге. Оңашада екеуден екеу қалды, Шоң сөз бастаған еді.

– Сен мені неге алдайсың? Ана Тама байының шабындыққа берген жылқысын қайтармапсың ғой.

Оспан үлкен әкесінің сөзіне байланыстырып өтірік айта алмады. Мына әкесі біліп, келіп әдейі сұрап отырғанын білді.

– Мен апарып бергем, ол алмады.

– Сен апарып бергенде ол жерден шөп шаппа деген болуың керек. Сондықтан алмай отыр.

Шоңның Оспанға ашуы қара қазандай еді. Отыра алмады, үйден ашуланып шығып кетті. «Мынау әбден өсіп, жетілген екен. Әкесі, менің сөзімді де тыңдамайтын болыпты» – іштей таусыла сөйледі, өзінен-өзі.

Осыдан кейін Оспан үйіне бас сұғуды қойды. Қазақ тәртібімен қысқы соғым кезінде түысқандар бір-бірін соғымға шақыратын. Сол жылы Шоң соғымға Оспанды шақырмай қойды, өзі де бармаған. Әке мен бала арасында бір шатақтың болатынын Әйімкүл біліп жүрді. Бірде оңашада айтқан Шоңға:

– Шоңке, балаға ренжіп қайтесіз?

– Ол қайдағы бала? Балаңның неше жасқа келгенін білемісің? Барып тұрған дүинеқоңыздың өзі. Ол менің сөзімді тыңдамайды. Сонда кімнің сөзіне тоқтайды. Ертеңгі күні бұның арты не болады?..

Шоңның қатты ашулы екенін білді де Әйімкүл сөзі таусылғандай, отырып қалған еді. Қыс өтіп, көктем келді. Жаз туды. Бұл уақыттын ішінде Шоң Оспан үйінің есігін бірде бір рет ашқан жоқ еді. Оспанның үшінші баласы Әлкен туды. Жаздын бір тамаша күні болатын. Қасында әйелі Несіпберлі бар Телқозы келді.

– Шоң, сен балаға өкпелеме, тағы бір ұрпағымыз өмірге келді, барып құтты болсын айтайық, – деді. Шоң ақыры, мына сөзге қуанып, әкесінің сөзін аяққа жықпай, көңілі үшін барған еді. «Және бір ұрпағымыз өмірге келді» деген сөзден соң отыра алмады. Оспан бұл кезде жазғы жайлауда отырған еді.

Шоң күтпеген жағдайдың үстінен шықты. Оспан мен шабуға жер алған Тама байы дауласып отыр екен. Шоң үйге кірмей, екеуінің сөздерін жабықтан тыңдап біраз тұрды. Оспан:

– Сіз келісімді неге ұмытасыз? Мен жердің шөбін шабуға бір жылға ғана бергенмін…

– Сен бір жылға дегенді айтқан жоқсың. Шамаң келсе ыңғай шауып ал дегенсің. Әлгінде көрдім, менің берген бием тағы құлындапты. Олай болса құлынын қайтар! Жаңа көрдім, желіде байлаулы тұр. Бір жыл саудың, енді жетеді. – Сөзінің аяғын да әлгі кісі дауысын көтере бітірді: – Әй, Оспан, әкең болыс болған соң маған күш көрсетіп отырсың ғой. Екі сөйлемей, сөзде тұру керек қой!

Үй ішінде сәл тыныштық бола қалды. Киіз үйдің жабығынан тыңдап тұрған Шоң ішке кірді. Баласына қатты ызалы еді. Бір сөзді бастай беріп, әкесін көріп, Оспан сөзін кілт тоқтатты. Шоң сөзге араласып кеткен болатын:

– Әй, Естай, ондай болса ол жылқыңды құлынымен алып кет!

– Мен неге беремін, бір жыл бойы менің жерімнен шөп шапты, – деді Оспан.

– Шоңке, мен берген биемді алмаймын. Бірақ әділіне қарай жүгіну керек. Мына балаңыз биыл жер бермеймін деп күш көрсетіп отыр. Осынысы дұрыс па? Сіз Оспанға әке ғана емессіз, сөзіңізді ел тыңдайтын, әділін айтатын болыс адамсыз!

Әлгінде құлынын алып, биені қалдырамын деп отырған бай енді биені алмайтынын айтып құбылып сөйлеп отыр. Шоң Естайдың мына сөзіне ренжіп қалды да:

– Жер Оспандікі емес, сенің сөзіңді де дұрыс демеймін. Қазір биеңді ал да құлынымен, көзіме көрінбей кетші өзің!

Бұдан кейін Естай ләм деместен шығып кетті. Оспан әкесінің сөзінен кейін үндемей қалған болатын. Әкесі бір сөз бастай бергенде, ол да шығып кетті. Әлден уақытта сыртта жүрген адамдардың бәрі үйге кірді, дастарханға отырды. Оспанның әйелі дәу тегенеге толы қымыз әкеліп, елге қымыз құя бастады. Сырттағы жұмыстарын реттеген болуы керек, үйге Оспан да кірді. Шоң алдына қойылған қымызды ішпей, әрірек итеріп қойды.

– Неге итересің? – деді Телқозы.

– Бұл қымызда әлгі Естайдан алған биенің де сүті бар шығар. Сондықтан ішпеймін…

– Ол жерден әлгі Тама бір жыл бойы шөп шапқан.

– Ол жер сенікі емес. Сен заңсыз сауда жасап отырсың, Оспан! Саған бие берген ана Естайдың ісі де арам жұмыс. Екеуіңдікі де дұрыс емес.

– Қалай менікі кисық? Атам заманнан бері Жанкелді бабам, одан кейін Зейнет әкем, одан соң көкем пайдаланып келген. Ал енді мен неге пайдаланбаймын? – Бұл сөзді үлкен әкесі Телқозының аузынан естіген еді алдында Оспан. Жүзінде ашу болатын. Шоң баласының мына сөзімен өзіне мінез көрсетіп отырғанын жақтырмады. Ашулы сөйледі:

– Ол жер Тамаға да, Аралбайға да, Ерназарға да ортақ. Сондықтан жеке иемденуге сенің құқың жоқ.

– Осы Шоң ойламаған жерден қайдағы жоқ бір тәртіпті шығарады да отырады, – деп Телқозы реніш білдірді.

Шоң әкесінің осы арада араласып отырғанын жақтырмай орнынан тұрып кеткен. Оның ашуы басылғанша сыртта біраз жүріп келетін әдеті бар еді. Соған орай Әйімкүл де, басқалар да мән бермей үйде отыра берді.

Шоң сыртқа шығып қараса, биелерді екі-үш әйел сауып жатыр екен. Шоң сауушылардың бірінен Естайдың биесі қайсысы екенін сұрады. Биелерді идіріп жүрген жігіт Естай берген биені көрсетті. Алдыңғы жылғы жабағысымен биылғы құлыны қасында тұр екен. Шоң бие саудырып жүрген жігітке айтты.

– Мына биені менің жетегіме байлап бер, – деді. Ол Шонның айтқанын екі етпей жасаған болатын. Шоң биені алып жүріп кетті. Үйдегілер бұны білмей отыра берді. Шоң жетегінде бие мен оның соңына ерген жабағысы, құлыны бар, Естай шөп шауып жатқан жерге келді. Жиырма шақты жігіт шалғыларын еркін сілтеп жатыр екен.

Алдында Естаймен Оспан екеуі келісіп, бұл биені тастап кеткен. Шоң келгенде анадай жерде, шалғышылардың жұмысын сырттай бақылап, Естай отырған. Шоңның жетегіндегі өзінің құлынды биесін көріп, бір шатақтың туындап кеткенін сезгендей болды. Сасып қалған сыңайы бар. Орнынан тұрды.

– Шоңке, Оспанмен келісіп едік қой, неге әкелдіңіз?

– Сен де, Оспан да адам емессіңдер. Жер сенікі де, Оспандікі де емес…

– Енді кімдікі? – деді Естай аузына басқа сөз түспей.

– Бұл жердің билігі оязда, қазақ жерінің билігі патшаға көшкен. Қазақтан жер билігі баяғыда кеткен. Мықты болсаң, ояздан ұрықсат алып кел!

Шоңның мына сөзінен Естай қорқып қалды да, оған сен кет деп айтып тұрғандай естілді:

– Сіз осы жерде отырған ояздың өкілі емессіз бе? Дұрыстап айтпайсыз ба? Мен тегін шауып жатқан жоқ. Ақысына бір бие бердім.

– Мен сендердің бұл арам шаруаларыңды қолдамаймын.

– Біз Оспан екеуіміз келістік қой. Шоңке, енді дау тудырғанның қажеті қанша?

– Қазір шалғыларыңды алыңдар да, кетіңдер.

Естай сөзі таусылғандай тұрып қалды да, біраздан соң барып тіл қатты:

– Шоңке, сіз балаңызды жақтап тұрсыз ғой.

– Екеуің де адам емессіңдер. Осы жерді саудаламай-ақ, келіспейсіңдер ме?

– Шоңке, бұл арада менің кінәм жоқ. Оспан мына сүтті биенің тұқымын сұраған соң, беріп едім.

– Сен берсең, есеппен беріп отырсың. Шын көңілден беріп отырған жоқсың. – Шоң биені қалдырды да кетіп қалды. Сол бойы үйіне тартып кеткен еді.

Әлгінде Шоңның сыртқа шығып кеткеніне бірталай уақыт болды. Әйімкүл шыдай алмай сыртқа шықты. Үй маңайында Шоң көрінбейді. Мінген аты жоқ. Содан кейін бие сауып жатқан адамдардан сұрады. Әлгі жігіт:

– Шоңкең Естайдың биесін алып кетіп қалды, – деді.

Әйімкүл бір жайсыз күйге түсіп үйге келді. Келе баласына ренжи сөйлеген:

– Шоңкең ауырып жүргенде ыңғай бүлдіресің де жүресің.

Оспан не дерін білмей отырып қалды. Үйде отыра алмай, сәлден соң тысқа шығып кеткен. Телқозы Әйімкүлдің сөзін тыңдап отыра берген еді. Әлден кейін айтқан болатын:

– Әйімкүл, сен еркектердің жұмысына араласа берме! – Атасының әлгі сөзін жақтырмай қалса да, қазір бірдеңе айтса сөз көбейіп кететінін біліп, Әйімкүл де үндемеген жоқ.

Оспан биені идіріп жүрген жігіт аузынан болған жайдың анық-қанығын білгеннен соң, бір мазасыздыққа түскен еді. Есік алдында не істерін білмей жүрген. Әлден уақытта Естай келді. Жетегінде әлгі бие бар, қасында жабағысы мен құлыны еріп жүр. Естай сөз бастады:

– Оспан, келісіп едік ғой, мынауың не?

Іштен шыққан Телқозы сөзге араласты:

– Әй, Естай! Шоң енді өз айтқаны болмаса болмайды. Сен екеуің осы сауданы қойыңдар…

Оспан Телқозыдан асып кете алмады.

– Жарайды, сол араны шаба бер. Кейін құлыны тай болғанда маған бересің. Қазір алып кет. Бірақ мұны біреуге айтушы болма. Әкемнің құлағына жетсе, тағы да дау шығарады. Ешкім білмесін!

Ақыры Оспанның мына сөзіне Естай келісіп, кеткен болатын. Сол жерлерді бұрынғы қалпынша шаба берді. Арада біраз күн өткен соң қолдарында шалғылары бар, бес-алты адам жетіп келді.

– Сендерді кім жіберді? – деп сұрады Естай.

Бұлар Аралбай ауылынының адамдары болатын. Олар «Шоңнан шөп шабатын жер сұрап барған едік, содан осы жерге жіберді» дегенді айтты.

Естай тұрып:

– Алдыңғы күні ғана Оспанмен келісіп, бұл жерді мен алғанмын.

– Шоңкең бізге де осы жерден шөп шабыңдар деді.

– Мен ше сонда? – деді Естай.

– Сіздер де шаба беріңіздер, біз де шабамыз. Шоңкең солай деген.

5,99 ₽
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 октября 2021
Объем:
560 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785005549495
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают