Читать книгу: «Ел Шоңы. Бесінді. III кітап», страница 5

Шрифт:

– Мен өз алдым бір үймін. Екі үйден төрт жылқы беруге тиістіміз!

– Біздің еншімізді әлі ешкім бөлген жоқ. Сенің айтып тұрған мынау сөзің не?

– Жағдай солай болып тұр. Телқозы, басы артық сөз айтпа! Менің айтқанымды жаса! Сен бұлай ойлағаныңмен, ел басқаша ойлайды. Ел ертеңгі күні сөз тудыру үшін басқаша сөйлейді.

Телқозы Шоңның бұл сөзіне қарсы ештеңе айта алмады. Ақыры айтқан жылқыларын алып келуге Мұхамеджанды жіберген еді.

Мұхамеджан алып келгенде, жетегінде Кербестінің екі тұқымы бар, Байсары келді. Шоң оған айтты:

– Бізге Елгелдіден ешқандай жылқы керегі жоқ. Аттарды алып кет. Қажет болса ояз шақырып алып сөйлеседі. Соның алдында бересіндер!

– Шоңке, елдің бәрі беріп жатқан көрінеді. Ұят болады ғой, – деді Байсары.

– Сендер ұятты енді біліп тұрсыңдар ба? Бар, алып кетіңдер. Олай болса, ана Ақмоладағы оязға апарып беріңдер! – деп, Шоң үйіне кіріп кетті.

Казактар Шоңнын айтқанын тыңдап тұрған еді. Қазақша ептеп білетін біреуі Телқозыдан сұраған:

– Бұл жылқыларды әкелген алдыңғы біз барған ауылдың адамы ма?

– Солар әкеліп тұр. Мен бұл аттарды жақсы білемін. Бұл маңайда бұлардан артық жылқы жоқ.

Ақыры Байсарыдан екі жүйрікті алып қалған. Енді казактар қайтуға жиналып тұрған еді. Шоң оларды шығарып салуға сыртқа шықты. Жылқылардың ішінен әлгі Байсары әкелген Кербестінің екі тұқымын көрген. Шоң тұрып айтқан казактар бастығына:

– Ана екі атты тастап кетіңдер, – деді. Ол сөзге түсінбей:

– Неге? – деді.

– Мен генералға жүз жылқы беремін дегенмін. Жүз екі жылқы беремін деген жоқпын.

Аз уақыт бірге болғанда казактар Шоң мінезін түсініп қалған. Ештеңе айтпады, тастап кеткен болатын. Олар кеткен соң Шоң айтты әкесіне:

– Сіз анау Елгелділерге анау жүйрігін апарып беріңіз!

– Неге апарамын? Мен ана орыстарға төрт жылқы бердім.

– Телқозы, екі ауылдың арасында жанжалды тағы қоздырғалы отырмысың? Апарып бер деген соң, апарып бер!

Телқозы Шоңның бұл сөзін түсінді де апарып берген. Ақсары Мұхамеджан екі жүйрікті алып келгенде Байсары қорқып кеткен. Не істерін білмей қалды. Шоңның қандай істі болсын аяқсыз қалдырмайтынын білетін. Сөйтіп жүргенде інісі Еркесары қайтыс болды. Ақсары білетін, соңғы даудың бәрі ағасы қайтыс болғаннан туындап жүргенін. Шоң аулына хабарлауға інісі Байсарыны жіберген еді. Ерназарларға хабар келді. Телқозы барғысы келмеп еді. Шоң айтқан:

– Таубай аруағы үшін барып қайтайық.

Телқозы Шоңның бұл сөзінде бір жөн барын сезіп, барған еді. Бұл келіс екі ру арасын не жақындатқан, не алыстатқан жоқ. Бір түсініксіз жағдайда қалған еді. Екі жақ та үндемей жүре берді. Бірақ іштерінде бір-біріне деген ашу бар еді.

Беймәлім жігіт

Шоңның кейде табан аудармай төрт-бес күн отырып жазу жазатын әдеті бар еді, бұгін басы ауыра бастаған соң қойған. Соңғы кезде анау жас кезіндегідей, қолына қаршаға алып көл жағалап кететін әдеті болушы еді. Бүгін де сөйткен. Таңертең тамақ ішіп алған соң колына өзі ұнататын көк қаршығаны қондырып алып таяу жердегі көлге кеткен. Әдетте, жас кезіндегідей ауылдан шалғайда жатқан құсы көп көлдерге бара бермейді, осы маңайдағы, ауыл іргесіндегі көлсымақтарға барады. Шынында сыртқа шығып біраз жүргеннен кейін басының ауырғаны басылып кететін. Бүгін басының ауырғаны басылған соң, жазуға бір шабыты ашылды ма, көл жағасында көп жүрмей, ауылға қайтқан.

Ел болған соң дау-жанжалсыз болмай тұрмайды. Кеше Жабағылар ауылынан бір кедей адам іргеде отырған орыстар бір сиырын ұстап алып бермей отырғанын айтып келген. Шоң бәрін түсініп отыр еді, огородтарына түскен соң ұстап отырғанын білген, содан оған ұрсып, олардың егініне неге малдарыңды жібересіндер деп, біраз реніш білдіріп жіберген. Шоң бәріне түсінген. Бұл арада мына адамның шаруасында қисықтық бар екенін білген, сондықтан Захар заемкасының старостасымен сөйлескісі келмей отыр еді. Сиырды қайтарғанымен өзіне тағы бір талап қоятынын білді. Салықты азайтуды сұрайды. Содан кейін әрі-бері ойланып Ахметжанды жіберген. Мұндағы тағы бір ойы Шоңның Ахметжанының іскерлігін сынау болатын. Соңғы кезде ауыл арасындағы дауға билермен қатар Ахметжанды жіберуді әдетке айналдырған. Әкесінің айтуы бойынша оны болыстық жұмысқа, шаруаға баулып жүрген еді. Ахметжан да ертеңгілік әкесі жұмсаған шаруаға барғысы келмей, зорға кеткен.

Шоң алдында Ахметжанды Ақмолада орысша біраз оқытқан, не екенін білмейтін, орысша оқуға құмарлығы жоқ еді оның. Үйге қайтып келе берген. Сонда да үйде отырғызбайтын, Шоң Телқозынының айтуымен баласын анда-мындағы даулы мәселеге жұмсай беретін. Осылай біртіндеп үйрететініне үміті бар еді. Бүгін зорға жіберген. «Ана адам маған арыз айтып келіп отыр. Сондықтан сені жұмсап отырмын. Сен міндетті түрде барасың» деген.

Қазақтар мен орыстар арасында болған дауға ептеген орысшасы бар Ахметжанды жіберіп, дауды шешуде баласының қаншалықты қабілеті барын байқау еді мұнысы. Әрбір осындай кездесулерден кейін Ахметжанға жіберген қателіктерін айтып отыратын. Әкесінің мұнысын ол жақтырмайтын. Амалсыздан баратын. Таңертең де сондай бір мінез көрсеткен. Телқозы да, Шоңның Ахметжанды жұмсағанымен, онда ешқандай ықылас жоғын байқап жүретін. Байқағыш, көреген Телқозы бірде айтқан: «Шоң, ана Оспанды неге жұмсамайсың, оның қабылеті Ахметжаннан әлдеқайда жоғары тұр».

Шоң Оспан барса елден анау-мынауды сұрағыш екенін білетін. Содан кейін оны жұмсамайтын.

Болыстар-билер орындарына балаларын тартып жататын. Шоң болыстықтан кетсе, түбінде орнына Оспанды қойғызу болатын Телқозының ойы. Әлгіндей сөзден кейін бірде айтқан: «оның қолынан болыстық келмейді» деген.

Телқозының айтар сөзі көп еді, бірақ Шоңның көңіліне қарап айтпаған. Сонымен сөз бітіп қалған. Телқозы бұдан кейін Шоңға айтпайтын болған еді. Бірақ көңілінде болыс болуға Ахметжаннан гөрі Оспан лайықты деген ой берік орнап қалған.

Шоң құстан келіп аттан түсті. Кермеден Ахметжанның атын көре алмады. Оның тапсырмасын тындырған соң сол жақтан қыдырып кететіні де бар еді. Шоң оның ондай мінезін жақтырмайды. Ыңғай айтып отырады, әуелі шаруаны қалай тындырғаныңды маған айт, содан кейін қайда кетсең де бара бер дейтін. Қанша айтса да тілін алғыза алмай жүр. Осы қылығына қарай бұл бала берекесіздеу болады деп де ойлап қоятыны да бар еді. Ахметжанның Сарытоқаға елігіп, домбыра тартып, ән салуы көбейіп кеткен соңғы кезде. Шоң баласының онысын жақтырмайтын. Оның өзі тәрізді саясатпен көбірек айналысуын тілейтін. Оның домбыраға құмарлығы уақытша екенін білетін. Тереңдеп жатқан өнері жоқ екенін сезетін. Дегенмен, бұл туралы ашық ештеңе айтпай жүрген.

Аты мен қаршығасын үйден шыққан Мұхаметжанға берді де өзі үй іргесіндегі көлеңкелеу жерге барып отырды. Бұл Әйімкүлдің Шоң даладан серуендеп келгенде отыратын арнайы жасатып қойған орындығы еді. Кейде осы жерде сағат бойы бір ойға беріліп отыратын. Бұлай отырғанда қасына келіп біреу ойын бұзса жақтырмай қалатыны және бар. Оны Әйімкүл де, әкесі Телқозы да жақсы түсініп алған. Сондықтан мазаламайды, аулақ жүретін. Бүгін күн тымырсықтау еді, құс салып келген соң шөлдеп келді де, қасына Әйімкүлді шақыртып алды. Оған шөлдеп отырғанын айтқан. Қымыз қан қысымын көтеріп жіберетін болған соң соңғы кезде сүтке көшкен. Оны білетін Әйімкүл пісірілген сүтті суық суға салып, мұздай етіп қоятын. Бір тостаған суық сүтті Шоңға әкеп берді.

– Шоңке, шөлдеп келдіңіз ғой, мынаны ішіңіз, – деді. Мұздай суық сүтті ішіп жіберіп еді, шөлі қолма-қол басылып, бір рахат күйге бөленгендей болды. Әйелінің осындай қамқорлығына риза болғандай еді. Әйімкүл кетіп бара жатқан, оған Шоң:

– Қасыма отыршы, – деп жанын көрсеті. Әйімкүл Шоң көрсеткен жерге келіп жайғасты. Түнде бір жайсыз түс көрген еді, соны айтпақшы болды да, бірақ айтпады Шоң. Біраз үнсіз отырып қалды. Күйеуінің тарапынан ешқандай сөз болмаған соң, Әйімкүлде де ләм демеді. Отыра берді. Өйткені, Шоңның мінезін білетін, бірдеңе айтып қалғанда бір жақсы ойымды бұзып жібердің ғой дейтіні бар еді. Соны білетін Әйімкүл де үндемей отыр.

Ойламаған жерден Шоңның көзі әйелінің басына түсіп кетті. Қымтай жауып алған байламының бір шетінен кылтиып шыққан шаштардың арасынан бір тал ақ шаш көріп калды. Бұрын байқамаған ба, тұнғыш рет көрді. Дегенмен, бұл туралы сөз қозғаған жоқ. Бірақ көңілін бір жайсыз күй жайлады. Кәріліктің енді екеуіне де келіп қалғанын тұңғыш рет аңғарғандай болды. Күйеуінің ұзақ үнсіз отырып қалғанына Әйімкүл шыдай алмай сұраған еді:

– Шоңке, басыңыз аурып отыр ма?

– Жоқ, бұл мазасыз тіршілікте көңіл-күй бола бере ме, жай бір ойлар басыма кіріп алып, сол шықпай отыр. – Ақ шаш туралы айтпады.

Әйімкүл күйеуінің бір нәрсеге көңілсізденіп отырғанын сезсе де, бірақ ол қандай шаруа деп сұрамады. Содан кейін айтқан:

– Шоңке, олай болса құс аулап шаршаған шығарсыз, үйге кіріңіз, дем алыңыз, – деді сәлден соң.

– Кейін кіремін ғой, маған осылай отырғаным ұнап отыр. Таза ауада, -деді Шоң.

Әйімкүл олай болса Шоңкенді мазаламайын деп орнынан тұра беріп еді, күйеуі оны иғынан басып қайыра отырғызды. Сөз бастаған:

– Әйімкүл, осы сен нешеге келдің? – Бұл сұрақты қоюына әлгі ақ шаш әсер еткен болуы керек.

Шоңның мына сұрағы Әйімкүл көңілінде баяғыдан өле бастаған тоқал туралы күдікті оятып жібергендей болды. Алайда, ол туралы айтпады. Соңғы жылдары ол туралы сөз қозғауды біржола қойған. Басқаша сөйледі.

– Шоңке, сіз шын менің неше жасқа келгенімді білмейсіз бе?

– Ұмытып қалыппын.

Әйімкүл күйеуінің бір айтқан сөзді, жасаған істі ұмытпайтынын жақсы білетін. Соңғы кезде бой көрсете бастаған бас ауруының әсері болар деп ойлаған еді

– Кырық сегізге келдім ғой.

– Екеуміздің қосылғанымызға отыз жылдан асып бара жатыр екен. Дегенмен, әлі жас екенсің ғой.

Мына сөз Әйімкүлге ұнап қалды. Бір жағынан ұнамады.

– Шоңке, қырық сегіз аз емес қой. Бұл кәрілікке бет бұрған кезең.

– Мен, міне алпысқа келіп қалдым. Нағыз кәрілік алпыс жас қой.

– Еркек үшін алпыс кәрілік емес… – Бірақ оны неге айтқанын өзі де түсінбеді Әйімкүл. Содан кейін:

– Солай ма? Шоңке, мен сізді алпысқа келді деп ойлаған жоқ едім.

– Мен де қашан қосылғанымызға мән беріп көрген жоқпын… Мен үшін сен кеше қосылғандайсың. – Бұл сөзде көңіл көтеру, алдау бар екенін ұққан Әйімкүл. Оның көңілінен онша шыға қоймады. Содан кейін айтқан:

– Міне, санап отырсыз ғой.

– Осынша жас өткеніне таңқалып отырмын. – Әйімкүлге ақ шаш туралы айтпады. Шоң түсініксіздеу қылық жасап, маңдайынан бір сүйді де, -жарайды, сен бара бер, мен мына саялы жерде біраз отыра тұрайын, – деді.

Әйімкүл ештеңе деген жоқ, орнынан тұрып кетті. Соңғы кезде байының мінезінде болған өзгерістерді байқап жүр. Тез ашуланып, тез басылады. Сірә, адам жас жеткен сайын, мінезі де өзгереді, бұл қарттықтың келуінің белгісі ғой, соның әсері шығарға тоқтаған Әйімкүл. Уақыт өткен сайын Шоңның мінезді әкесіне ұқсап бара жатқанын байқайтын, балаларына кінә таққыш болып барады. Онысын жақтырмайтын, бірақ қарсы сөз айтпайтын. Әйімкүл орнынан тұрған бойы үйге кіріп кеткен.

Әлгі әйелінің басынан көрген бір тал ақ шаш әртүрлі ойларға шақырып, соның жетегінде кетіп қалған еді Шоң. Неге екенін білмейді, Әйімкүлмен Ақмолада өткізген қызықты күндерін еске алды. Ол расында қызықты да, бақытты жылдар еді. Енді өзіне де әкелерінде болған бас ауруы біржола кіргенін сезген, Әйімкүлде де ыңқыл-сыңқыл пайда болған. Бұл кәріліктің алғашқы белгісі екенін түсінетін. Өткен күндердің әдемі әсерімен біраз отырып қалғанын енді ғана аңғарғандай болды.

Шоң да әйелінің соңынан үйге кіруге орнынан тұра беріп еді, бір атты жігіт атын ойқастатып қасына жетіп келді. Шоңға мына жүрісі ұнамады. Сонда да Шоң үндеген жоқ. Тездетіп жігіттің аты мен өзін шолып өтті. Үстіндегі киімі сәнді, атының ертоқымынан бастап, ат әбзелдері бәрі түгел күмістелген. Әлгі каптап жүрген серілердің бірі боларсың деп, іштей бір түйіп те қойды. Шоңға мына жүрісі, тұрысы ұнамады. Сондықтан қазақ тәртібімен аттан түс, жолың болсын деген сөздер айтпады. Шоң бұрылып жүре берген еді. Жігіт енді ат үстінде ұзағырақ тұрып калғанын түсініп, тездетіп аттан түсіп келіп Шоңға сәлем берді. Шоңның өзі де білмейді, құлағына сәлемі ыңғайсыздау естілді.

– Шоң болыс сіз боласыз ба? – деп сұрады. Шоңға мына сұрағы ерсілеу көрінді, ұнатпай тұрды да, артынша айтқан:

– Иә, мен боламын, үйге кір, – деді. Мына атын біліп тұрған адам алыс жерден, бір даумен іздеп келген адам шығар деп болжаған, содан кейін үйге кір деген. Шоңға сонау Қаржастардан, мына жақта Қаракесектерден, Темештерден бір даудың мәселесін шешуге, ақылдасуға билер, болыстар келіп жататын. Енді сондайлардың бірі болар деп болжаған. Әлгі сөзден басқа түк айтқан жоқ, бұрылып жүре берді. Артынан еріп, жігіт те кірді. Әдетте, Шоң құс аулап келгенде өзінің жазу жазатын бөлмесіне кіретін. Сонда жатып біраз дем алатын. Содан соң іске кірісетін. Артынан жігіт келе жатқан соң оны жасаған жоқ. Қонақ қабылдайтын кең бөлмесіне кірген еді. Артынан жігіт те кірді. Әлі үй иесінен әлгі бір сөзден басқа аузынан сөз шыққан жоқ. Жігіт ренжіп қалды да, жоғары аттамай тұрып қалды есік жақта. Бұлардын артынан іле-шала кірген Әйімкүл:

– Жоғары шығыңыз! – деді.

Әлгіден бері жігіттің көңілінен шыққан сөзі осы «жоғары шық» болды. Бұдан кейін Әйімкүл шығып кеткен еді. Шоң сұрады.

– Қай жақтан боласың?

– Атығай-Қарауыл елінен келе жатырмын.

– Шырағым, тым алыстан жүр екенсің. – Алыстан екенін білгеннен кейін әлгінде кіріп-шығып кеткен Әйімкүлге дауыстап: «Әйімкүл, қымыз әкел» деді.

Шоңның әуелден қалыптасқан әдеті бар еді, келген адамнан не шаруаман келгенін өзі айтпаса сұрамайтын, арада бір күн өткізіп, оның аузынан сөз шықпаса ғана сұрайтын. Жігіттің айтқаны:

– Әдейі, сізбен кездеспекші болып, алыстан іздеп келдім.

– Оның дұрыс екен. – Шоң көңілден шықсын-шықпасын, сөзін осылай «оның дұрыс» екенмен бітіретін. Дегенмен, жігіт туралы ойда отыр еді. Ел шаруасына араласуға тым жастау екен, сірә, бір қыз іздеп жүрген жігіт боларсың деген ойға тоқтаған еді. Талай жігіттер мен олардың әкелері: «Шоңке, анау пәленше сөз тыңдайтын емес, қызы көңілін бөліп тұр, содан бірдеңе айтыңыз» деп келетін. Мына жігіт алыс жақтан келіп отыр. Қандай оймен келгенін білмейді. Әкесі бір шаруамен жіберген шығарға және тіреген. Дегенмен, мына жігіттің не шаруамен келгенін әлі білмей отырған. Әлгінде ат үстінде тайталақтап тұрғаны да ұнамай қалған. Бір мықты бидің, байдың баласы боларға тоқтаған еді.

Осы кезде Әйімкүл қымыз әкеліп алдына қойды. Шоңға піскен сүт әкелген. Соңғы кезде қан қысымым көтеріліп кетеді деп, Шоң қымыз ішуді қойған. Ішсе де бір сағына ішетін. Әйімкүлдің келген адамдар алдына қымыз қойғанда, Шоң алдына сүт қоюы әдетке айналған. Елдің бірі де оның сүтке көшкенін білмейтін. Үй іші адамдары, Әлсен тәрізді көңілі жақын адамдар ғана білетін… Содан келген адамға қымыз іш деп, өзі де сүтті ұрттап қойып отыратын. Бірақ сүтті де көп ішпейтін. Шөлдегенде болмаса ыдысын тауысып ішпейтін.

Жігіт бұл жаққа бара жатқанда жол сілтеген адамы айтқан, Шоң мінезді кісі, ұнатпаған адамын қабылдамай да қояды деген. Әуелінде солай ма деп қалған жігіт, үй иессінің өзіне көзқарасы қалай екенін білмей отырған. Үй иесінің көңілін тапқысы келді ме, анадай жерде тұрған домбыраны алып қымыздан екі-үш ұрттағаннан кейін домбырасының құлақ күйін келтіріп, шерте бастады. Мына шертісінен-ақ жігіттің бір мықты домбырашы екенін байқап қалды. Шоң жас болсын, кәрі болсын бірінші кездескен адамына «сіз» деп сөйлейтін. Қазір де сол әдетімен сөйлеп отыр еді.

– Сіз домбыраны жақсы тартатын болуыңыз керек, бауырым!

– Азын-аулақ, – деді жігіт. Оның сыпайылық жасап отырғанын біле қалды Шоң.

– Дегенмен, домбыра шертісің маған ұнайды. Біздің жақта, осында Сайдалының Сары Тоқасы деген домбырашы бар, естуің бар ма?

– Естуім бар, бірақ көрген адамым емес. – Жігіт бұрын бұл есімді білмейтін, «білемін» дегенді сыпайылықпен айтып отыр еді. Бір жағынан Шоңның аузынан шыққан сөзден ол кісінің оңай адам еместігін сезгендей болған. Жігітте бір жағынан сол адамды көруге құмарлық пайда бола кетті.

Шоң айтпаса да, мына жігіттің сол адамды көруге ынтықтығы бар екенін біле қалды. Өйткені, домбырашылар біріне бірі жақын жүріп, бір-бірінің пікірін тыңдауға құмар екенін, олар басқалардан гөрі, бір-біріне үйреншікті келетінін білетін.

Шоңның реті келгенде Сары Тоқаны үйіне шақырып алып домбыра тартқызып отыратын әдеті де болушы еді. Шоңның бір мінезі, әндерді онша ұната коймайтын, бірақ домбыра әуенін ұнататын. Өзінің де ептеген домбыра тартатын әдеті бар еді, ондайда ерекше бір күйге беріліп отыратын. Мына жігіттің тартысы ұнаған еді. Көңілі күйімен үндескендей, жақсы әсер қалдырды. Бүгін домбыра тыңдауға сәті түскен күндей көрінді оған.

– Қазір мен сол кісіні шақырта қояйын. – Сары Тоқаның ауылына кісі жіберген еді.

Сары Тоқа Шоңмен жас жағынан шамалас адам еді. Көп адамдар сияқты Шоңның болыстығына қарамай, оның құрдастығын пайдаланып еркін сөйлейтін. Қажет жерінде әзілдесіп ойнай да беретін. Шоңның шақырып жатқанын естіп, содан соң «бұл шоқынды мен неге іздеп жатыр екен» деп жетіп келген еді. Сары Тоқа қайда барса да домбырасын өңгеріп жүретін. Өйткені, өзінікінен басқа ешқандай домбыраны жақтырмайтын. Домбырасын қыса ұстап кіріп келді. Сөйлей кірді.

– Шоң, сен мені онша іздемеуші едің, неге керек болып қалдым?

Алдында жиі шақыратын Шоң соңғы кезде бас ауруына байланысты ма, Сары Тоқаны шақыра бермейтін. Оның да Шоңның сонысына өкпесі бар еді. Соңғы кезде Ахметжанды да жібере бермейтін. Бірде ол да айтқан еді, әкем менің домбыра тартқанымды онша ұнатпайтын тәрізді, содан кейін әлгі сөзі үшін Шоңға деген бір реніш пайда болған. Ахметжанның айтқаны есіне түсіп кетіп, содан кейін Сары Тоқа сөз бастап келе жатыр еді, оны Шоң тоқтатып тастады да:

– Шыдамсыздық танытпай, алдымен дұрыстап отырсайшы. – Шоң Сары Тоқаның асығыс бірдеңе айтып келе жатқанын ұнатпай қалды да, содан кейін қонағына назар аударып, – бұл кісі біздің жақтың айтулы күйші-домбырашысы болады. Байқап отырған боларсыз, домбырасын өңгеріп келді, қайда жүрсе де бұл серігін тастамайды. Әйелінен де жақсы көреді бұл дүниесін…

– Неге тастаймын, менің барлық қызығым да, қуанышым да осы домбырада. Шоң, дұрыс айтасың, рас, әйелімнен де жақсы көремін.

– Жарайды, сенің әйелің мына сөзіңді естімей-ақ қойсын. Мен сені Көкшетаудан іздеп келген мына домбырашы ініңмен әдейі таныстыруға шақырдым.

– Менің ол жақта домбырашы інім жоқ еді ғой…

– Сенің жолына түскен адамның бәрі де саған жолдас, туыс, дос. Бос сөзді сөйлеме. – Сөзі ұнамаса осылай қағып тастайтынын білетін Сары Тоқа артықтау бара жатқанын сезді, сәл үндемей отырып қалды да артынша:

– Сенің менен жасың кіші, олай болса тарт. Алдымен сені тыңдап көрейін, – деді Сары Тоқа.

Жігіт Кұрманғазының күйлерінен бастап, Дәулеткерейге тоқтады.

– Тәттімбеттен не білесің?

Жігіт оның да екі-үш күйін тартып берді.

– Өзің күй шығарасың ба?

Жігіт отырып өзі шығарған бірнеше күйлерін орындады.

– Бауырым, күйіңде әуен көп екен.

– Көп болғаны жақсы емес пе?

– Көп болғаны тартушысын шатастырады, сондықтан күй бірқалыпты, бір әуенді болуы керек. Бұл күй үшін жазылмаған заң тәрізді…

– Ағасы, сіздің бұл айтқаныңыз дұрыс емес, әуеннің көп болғаны күйді байытады.

– Жоқ, бауырым, күйге екпіндей жоғары шығып, төмен түсу жарасады. Бірақ мына сенің күйлеріңде әуен көп екен. Ал ол өлең емес, күйге келмейді.

– Ағасы, өзіңіз қай күйшіден үйреніп жүрсіз?

– Мен қазіргі, бұрынғы күйшілердің бәрінен үйренемін. Әлгі өзің тартқан күйлердің күйлерінен тәлім-тәрбие алдым. Содан өз әдісім қалыптасқан.

– Әр күйші күйге өз жанынан жаңалық енгізіп отыруы керек. Содан күй байи түседі.

– Інім, бұл дегеніңе қосыла алмаймын.

– Ағасы, сіз құдайшылығын айтыңызшы, – деді жігіт Шоңға. Манадан бері, Сары Тоқа келгенше, Шоң жігіттің күйлерін тыңдап отырған еді. Ол көбіне өзі шығарған күйлерді тартқан еді. Жігітті ықылас койып тындап отырған. Содан кейін әлгі сөзді айтып отыр еді.

– Мен бұл салада сіздерге сарапшы бола алмаймын. Мынау отырған Сайдалының Сары Тоқасы – атақты күйші. Бұдан асқан бұл маңайда күйші жоқ. Ел солай дейді, мен де солай бағалаймын.

– Байқадым, бұл кісінің күйлері, басқаларды ыңғай қайталап отырады екен… Оның үстіне күйінде әуен аз.

Жігіттің мына сөзі қатты батып кетті де, Сары Тоқа ашуланып орнынан тұрды. Шоң оны тоқтату үшін айтты:

– Жасың үлкен, бұл ашуыңа жол болсын?! – Ол тыңдамай кеткен еді.

– Мен мұндай мінезі үшін мұны Бұласыр деп атап кеткенмін. Сен оған өкпелеме, күйлеріңді шығара бер, халық жақсысын екшеп, жаманын тастап отырады.

Тамақтан кейін басқа тақырыпта әңгіме басталып кетті.

– Қалай, Көкшетау өңіріне орыстар көшіп келуі әлі тоқтаған жоқ па? -Шоңның алыстан келген адамдарға осы сұрақты қоюы соңғы кезде әдетіне айналған еді.

– Келгенде қандай, қазірдің өзінде біздің ауылдың іргесіне отыз шақты орыстар қоныстанып алды. Біздің ауыл тура ең шұрайлы Бурабай көлінің жағасында едік, сол көлге бізбен іргелес орыстар келіп қоныстанып көлге шошқаларын қаптатып жіберді. Қазір бізге ол көлден су ішу де қиын болып барады. Соған әдейі ақыл сұрағалы келдім сізден. Не істеу керек? Сіздің Нұра бойына көшіп келіп жатқан орыстарды тоқтатқаныңызды естідім.

Бұл сөзде шындық бар еді, Шоң біраз орыс заемкаларының Нұра жағасына қоныстануын кейін оязбен ақылдасып тоқтатқан еді. Енді олар Нұрадан алыстау Есіл бойына, сол маңайдағы өзендер жағасына қоныстанып жатқан. Жігіттің соларды естіп алып, айтып отырғанын түсінді. Оның үстіне орыстардың әлгі қылығына бір үлкен ашумен келіп отырғанын ұқты да Шоң:

– Жанжалдасудың қажеті жоқ. Олармен тіл табысып отыру керек. Есіңде болсын, алдымен бізді емес, жоғарыда отырғандар соларды тыңдайды. Соны білетін кейбір орыстар есіріп кетеді. Осы жаққа келген орыстардан да соны байқап жүрмін. Ал ретсіз, әлгіндей қылық жасаса, оларды да тоқтатады, жоғарыда отырғандар.

Жігітке Шоңның мына сөзі ұнамады. Турасына көшкен еді.

– Соларды қасымыздан қалай қуып шығуға болады? Біздің жақта сізді занды көп біледі дейді.

– Қуып шыға алмаймыз, күш солардың қолында. Орыстарды қоныстандыру патшаның басты саясаты.

– Енді не істеуіміз керек? Мына қалыпта жақсы тіршілік болмайтын тәрізді.

– Соны өзім де білмеймін…

– Өзіңіз Нұра бойына келуді тоқтатыпсыз ғой. Қалай тоқтаттыңыз?

– Бұл уақытша тоқтау ғана. Менен сұрамайды. Алда тағы да көшіп келуі мүмкін…

– Өзіңіз болыссыз, орыстармен қатынасыңыз жақсы көрінеді, қалай тоқтатамыз? Мүмкін, ана жоғары жақта отырған адамдарға пара беру керек шығар.

– Есіңде болсын, пара беріп тоқтата алмайсың. Орыстардың осылай қарай жылжуы патшаның басты саясаты екенін ұмытпа. Тек көшіп келгендердің жасап отырған заңсыз қылықтарын жоғары жаққа хабарлау арқылы бірдеңе жасауға болады. Қазақта басқа амал жоқ…

Мына сөзді жігіт ұнатпай қалды. Шоң да оның көңілінен шықпағанын білді. Сәл отырып айтқан:

– Сізді орыстармен жақсы дейді ғой. Қалай жақсы болдыңыз? Соны маған айтыңызшы. Мен де сіздің әдіспен сөйлесіп көрейін. Жігіттің жағдайға түсінбей отырғанын байқап Шоң қаттырақ сөйледі.

– Саған оны кім айтты, менің орыстармен жақсы екенімді?..

– Ел айтып жүр.

– Шырағым, ол бос сөз болар. Мен орысша білген соң айтар ойымды жақсылап орыстарға жеткіземін. Содан кейін орыстар да кейде менің сөзімді тыңдайды. Басқа жағынан басқа болыстармен бірдеймін.

– Елдің аузынан естідім, сізге ояз да, басқа да орыстардың сорпа бетіне шығарлары да келіп жүретін көрінеді.

– Келсе шаруа жағдайымен келеді. Болыс болсаң, саған да барады.

– Жоқ, ағасы, ояз кез-келген болыстың үйіне келе бермейді және оның сайлауына қатыспайды.

– Менің сайлауыма ояздың қатысқанын кім айтты?

– Өзі қатыспай-ақ, келген адам ояздың айтуы бойынша, сізді жақтап өткізетін көрінеді. Яғни, сіздің орыстар алдында беделіңіз бар. Сіз оларға сөзіңізді тыңдата білесіз. Сіз де бізге көмектессеңіз. Біздің жақтың болыстарына сіздің әдісіңізді айтып барайын.

Біреу сыртынан мақтап-мақтап жіберіп отырғанын білді. Не айтарын білмей қалды. Жігіт сөзін әр қарай жалғады.

– Сіз оның үстіне Құрылтайға қатысып, патшаны мақтап сөйлепсіз.

– Ондай жағдайда патшаны қанша жек көріп тұрсаң да мақтап сөйлейсің. Тәртіп солай. Келіп басып алған орыстарға қазіргі заманда қарсы сөз айтуға болмайды. – Біреудің жалған жел сөзімен келіп отырғанын білді де Шоң айтты: – Ешбір сайлау орыстардың қатынасуынсыз өтпейді, біреулер сені шатастыру үшін солай деген болар. Рас, орыстарсыз қазақтың сайлауы өтпейді, олар ыңғай бақылап отырады. Өйткені, олар қазақтарға сенбейді. Сенің естігенің біреудің жалған сөзі болар. – Шоң мына жігіттің әбден орыстарға ыза болып, осындай күйге жетіп отырғанын білді. Шоң отырып ойлады, көзі көрмеген орыстарға бір хат жазып бергісі келді. Жалпы, орыстың старосталары қазақ болыстардың сөзін де тындамайтын, қазақтарды төмен адамға санайтынын байқап жүр. Сол ойына түсті де, ол ойынан тез айныды. Ондай хат жазып өзін де, мына жігітті де ұятқа қалдыратынын білді. Содан кейін айтқан:

– Менің ол жақтағы сендердің болыстарыңнан артықшылығым жоқ. Бір артықшылығым бар, ол – орыс тілін білетіндігім. Сен орыс тілін жақсы білетін бір төрелерді алып барып, солармен сөйлес. Болмаса, жоғары жаққа арыз жазыңдар. Басқа берер кеңесім жоқ.

Шоң осы жасқа келгелі Бурабай көлдеріндей мөлдір суды кездестірген жоқ еді. Мына жігіттің сөзін естіп отырып іші ауырды. Орыстар қазақ жерін бүлдіруге келген халық қой деп ойлады. Ол сөзді айта алмады. Ол елге жайылып кетсе жаман болатынын біліп отырған. Бірақ қолынан келер ештеңе жоқ еді. Оны Шоң білетін. Содан кейін:

– Сіздер олармен ұрыспаңдар, жанжалдаспаңдар. Ол жағында хан тұқымынан тараған адамдар бар. Әлі де соларды тыңдайды. Ол тыңдамаса одан жоғары жаққа жазыңдар. Басқа беретін кеңесім жоқ, – деп алдында айтқан сөзін тағы қайталады.

– Мен осының алдында оларға да барғанмын. Бірақ олар да түк бітіре алмады.

Шоң мына жігіттің айтқанына сенбегендей рай танытып:

– Орыстар алдымен хан тұқымдарымен, төрелермен сыйласып жүр ғой. Әлі де қазақ арасындағы бедел хан тұқымдарында барын орыстар біледі. Егер оларды сыйламаса, білмеймін… – Хан тұқымдарының соңғы кезде беделі түсе бастаса да, әлі оларды тыңдайтындар орыстар арасында бар екенін білетін Шоң.

– Ағасы, сіз қателесесіз немесе әдейі айтқыңыз келмей отыр. Орыстар кезінде Шоқан тәрізді хан тұқымдарының балаларын сонау Омбыға апарып оқытқан. Қазір сондайлардың өзін де тыңдамай отыр. Қазақтан шыққан сізді орыстар сыйлайды дейді. Айтқаныңызды жасайтын көрінеді. Сол орыстарды қасымыздан көшіруге көмектесіңіз.

– Шырағым, сен қалай сөзге түсінбейтін адамсың? Олай болса, ар жағыңда Уәлиханның баласы Шыңғыс отыр. Сонымен барып сөйлес.

– Олармен де сөйлескем. Олардың өздері де көріп отыр, бірак түк бітірген жоқ. Ол кісі де қартайып, әбден бітуге айналған кісі. Сондықтан оны тыңдамайды. Сіздің заңды көп білетініңіз туралы ел айтып жүр. Маған айтыңызшы, соларды заң арқылы қалай қууға болады.

– Мен орыстарды қалай қуу туралы заңды білмеймін. Ондай заң жоқ. Патша өкіметі ондай заң жасамайды, олардың барлық мақсаты орыстарды осында әкеп қоныстандыру. Қазір қазақ қолында түк жоқ. Солардың ыңғайында жүріп өз халқымыздың жағдайын ойлауға тиістіміз. Бізде әзірге басқа амал жоқ.

– Ол не деген сөз? Мына сөзіңізге түсінбедім?

– Солардың айтқанын орындай отырып, ретті жерінде біздің жаққа көшіп келген орыстардың суды былғап жатқанын айтсақ, бірдеңе дер, жоғары жаққа жазу керек. Бізде басқа қандай күш барын білмеймін.

– Қарсы айқасқа шықсақ қайтеді?

Жігіттің мына сөзінде қызбалық бар екенін түсінді. Көңілдегісін айтқан:

– Баяғыда іргеңде отырған Кенесары сұлтан шығып еді ғой, не болғанын өзің көрмесең де, әкеңнен естіген шығарсың. Әзірге бізде орысқа қарсы келетін күш жоқ. Шыққандар да соның жолын құшасыңдар. Өзіміздің шама-шарқымызға қарап, не істесек те орыс әкімдерімен келісімге келе отырып жасауымыз керек. Басқа түк жасай алмаймыз.

– Сіз әбден орыстардың жағына шыққан екенсіз!

Жігіттің мына сөзі өзіне ауыр тисе де Шоң оны сездірмеді. Жасқа тән қызбалықпен айтып отыр деп түйді де, ішкі күйін білдірмей, сөзін жалғай берді. Жігіттің айтылған мәселеге тым ызалы екенін сезіп отыр еді. Шоң онысын басуға тырысты.

– Бауырым, бағанадан сөйлесіп жатырмыз, атың кім?

– Атым – Жәнібек.

– Әке-шешең үміт күтіп, атыңды хан есімімен атаған болуы керек. Сен тым қызба екенсің. Ертеңгі күні орыстарға бір артық сөз айтсаң, Сібірге айдатып жіберуі мүмкін. Не болса да, ақылмен жасауымыз керек. Талай адамдар қызбалықпен орыстарға мінез көрсетіп, ақыры Сібірге кетті, болмаса орыс қолынан өліп қалды. Оны ұмытпа! Не болса да, ойланып жасау керек екенін түсін…

– Сонда не істеуіміз керек?

– Оны өзім де білмеймін. Қазақта қазір ешқандай күш жоқ. Сен кешегі қазақтардың мықтыларынан күшті емессің. Көрпеңді өзіңе шақтап көсіл. Сіз соны әуелі ойлап көріңіз, Көшім ханның мемлекеті қайда? Орыстың бір ұрысы бес жүз адаммен басып алған. Кешегі Абылай ханды қазақтар 1770 жылы бүкіл қазақтың ханы етіп сайлады, ал оны Екінші Екатерина әйел патша 1778 жылғы 24 мамырдағы Жарлығымен тек Орта жүздің ханы боласың деп, бүкіл қазақтың мойындаған ханы екенін жоққа шығарды. Өзің көрген де естіген де шығарсың, Онтүстікте де қанша көтеріліс болды, бәрі жеңілді. Кенесарының баласы Сыздыққа орыс әскері не істегенін білемісің… Өзің айтып отырған хан тұқымы Шоқан сол орыстардың айтқанын жасап кеткен жоқ па? Оны неге жасады? Мен білмеймін. Басқа амалы болмағандықтан жасаған шығар. Мен де амалсыздан орыстардың айтқанын жасаймын. Ертеңгі күні орысқа қарсы қатты бірдеңе айтсам, Сібірге айдатып жіберетінін білемін. Біз орысқа қарсы шығып түк ұтпаймыз. Саған да соны айтамын. Орыс алдында шіренудің қажеті жоқ. Жағдайға байланысты жүру керек. Кезінде Кенесары айқайлап орыстардың губернаторына қандай талаптар қойғанын білетін боларсың. Оның сөзін тындады ма? Тыңдаған жоқ, Сарыарқадан қуып шықты. Талай қазақты Сібірге айдатып жіберді. Мұның бәрі орыстың мықты екенін көрсетеді. Орыста от қаруы бар, ал сенде не бар? Садақ оғының заманы баяғыда өткен. Ал от қаруды жасау қазақтың қолынан келмейді. Ол үшін оның тілін білетін адам керек. Менің де ішім қыз-қыз қайнайды. Нұра бойындағы ең тәуір жерлерді орыстар алып жатыр. Қолдан келер амал жоқ. Бәрін ақылмен жасау керек. Сен жассың, жақсылап осы оймен қимылдасаң қолыңнан бірдеңе келуі мүмкін келешекте. Ал қазір асықпа. Сәтті күніңді күт! Ертеңіңді ойла!

– Мына сөзіңізге әлі де түсінбей отырмын…

– Ана орыстың патшасы Петр деген шет елге барып кеме жасауды үйренген. Солардың тәжирібесін қабылдап, сен де қасыңа тілінді алатын өзің тәрізді жігіттерді ертіп алып шет елге барып білгірлерінен үйрен. Сен де батыс елдеріне немесе Қытайға шығып кетіп қару-жарақ істеуді меңгер. Есіңде болсын, әр уақытта білімділер ғана жеңеді.

– Ол ақылды өз балаларыңызға айтпайсыз ба?

– Менің балаларымның қолынан ондай өнер келмейді. Олардың шығар биігі маған белгілі, сондықтан айтпаймын. Ал сенің талабың күшті екен. Өзің айтқан іске шын берілген екенсің. Сен үйреніп келіп, он адамды үйретсең, ол жиырмасын үйретсе, біртіндеп қазақ сол өнерді меңгереді. Сонда ғана қазақ орыстармен теңеледі. Ал қазіргідей үйде отырып шіренгеннен түк шықпайды.

5,99 ₽
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 октября 2021
Объем:
560 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785005549495
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают