Читать книгу: «Ел Шоңы. Бесінді. III кітап»

Шрифт:

Елу жыл ел билеген,

Қарпықтың мырза данасы.

Орыс пен Төре беттемей,

Ақылға толы шарасы…

(Шоңның замандасы Маймақ Ташекұлының Шоңды жоқтап шығарған өлеңінен үзінді)

Дизайнер обложки Анна Семенова

© Қанат Жойқынбектегі, 2021

© Анна Семенова, дизайн обложки, 2021

ISBN 978-5-0055-4949-5 (т. 3)

ISBN 978-5-0055-4948-8

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Арқадан – Алатауға

Шоңның Ақмоладан келіп отырғанына үш күн ғана өткенде, қасында жеті-сегіз болысы бар, Карбышев келе қалды. Шоң бұл келістің себебін білмеді. Сұраған да жоқ. Бар айтқаны:

– Жолдарыңыз болсын! – деді.

– Біз оңтүстікке жүріп барамыз, Верныйға. Сонда Түркістан генерал—губернаторы бір жиналыс өткізетін көрінеді. Соған барамыз. Шоң Телқозинович, сіз де бізбен бірге жүресіз, – деді Карбышев. Бұдан басқа түк айтқан жоқ. Содан сол күні Шоң үйіне қонып, ертеңіне Шоңды ертіп, олар әрі қарай жүріп кеткен.

Бәрі салт атты болатын. Шоң да бір жүйрік, жорға атына мінген еді. Былай шыққан соң Шоң Карбышевтің не шаруамен бара жатқанын басқа болыстардан оңашалап сұраған еді. Ол айтқан, Омбыдан генерал-губер- натор Хриситан Густавичтен хат келді. «Ол жаққа мен де баруым керек еді, денсаулығыма байланысты бара алмайтын. Верныйға Түркістан генерал-губернаторы Кауфман келеді. Сонымен жолығасың деді. Соған жеті-сегіз таңдаулы болыстарды ертіп алып бар» деп қана жазыпты. Мен мыналарға айтқам жоқ, бірақ саған айтайын, Жетісуға көшіп барған казактарға жүйрік аттар керек көрінеді. Көп болып соны жинап беріңдер дейді. Мыналар естімей-ақ қойсын. Барған соң генерал-губернатордың өз аузынан естісін, саған ғана айтып тұрмын. Шоңның есінде, баяғыда бес-алты жастағы бала кезінде бір топ казак-орыс әскерлері шығып, Нұра бойында тұрған елден, жүйрік аттарын тартып алған еді. Ол есте қалыпты. Енді мынадай жасағалы отыр. Күш көрсетпей, өздерінен сұрап алмақшы. Шоң бұған қуанып қалды. Патша саясатында қазақтарға деген бір өзгеріс болғанын білгендей болды.

Мына ояздың айтуына қарағанда, күшпен емес, болыстармен ақылдасып сұрап отырғанын білгенде, Шоң көңілінде бұған бір ризалық пайда болды. Бәрібір алады екен, елді дүрліктіріп жүргенше осынысы дұрыс деп білген. Патшаның айтуымен, генерал-губернатор тілек етті дейді. Мұнысы қазақтармен де санаса бастағаны екен деп түсінген.

Олар Қараағаштан шыққаннан кейін Ақтау маңайында отырған Сайдалылардан бір тамақтанып алып әрі қарай жүріп кеткен еді. Күн бесіндіктен асып бара жатқан шақ болатын. Оңтүстіктен үйіріліп келіп, катты жауын құйып кетті. Бұларды бастап келе жатқан казак-орыстан Карбышев алда қандай ауыл бар екенін сұраған еді. Ол бұл жақтың жолын жақсы біледі екен: «Бұл маңда ел аз отырады. Алдымызда тек киргиздардың Шұбыртпалы деген рулары ғана тұрады». Шұбыртпалылықтар атын естігенде Карбышев елең ете қалды: «Олар әлгі Ағыбайдың туысқандары емес пе?»

– Дәл өзі! – деді казак.

– Олар біздің нағыз жау ғой, – деді Карбышев. Ағыбайды екі баласын тұтқындатып Сібірге айдатып жібергені есіне түскен болуы керек, – ендеше осы бойымызбен жүре берейік, – деді.

Шоң алдында Қояншы-Тағайдың болысы Аянның тілегі бойынша Омбыдағы генерал-губернаторға хат жазып, одан ешқандай жауап болмаған соң, қойған еді. Содан кейін Санкт-Петербургтен келген Карповтың досы Лавровқа Ағыбай балаларын тұтқындап алып кеткенін, оның екі халық арасында реніш туғызудан басқа ешқандай пайдасы жоқ екенін айтқан. Ол адам талап қылып көремін деп уәде етіп кеткен. Ағыбайдың екі баласы сол Лавровтың арқасында босанғанын Шоңның іші сезетін. Алайда, бұл іске Лавровтың араласқанын Карбышев білмейтін. Ағыбай балалары босатылып келгенде ояз таң қалған еді. Карбышев губернатордың емес, патша маңайындағылардың нұсқауымен босанғанын естігенде, түк жасай алмай қойған. Қазір Шұбыртпалылар аулы дегенде қатты қорқып кетті.

– Мен Шұбыртпалылар аулына қонбаймын. Олар маған бір қастандық жасауы мүмікін. Әрі қарай жүре берейік, – деді ояз.

Қасындағы жол бастап келе жатқан казак-орыс айтты: «Анау Балқашқа дейін тұратын осы Шұбыртпалылар, солардың бірінің үйіне қону керек. Мына қатты жауында бұлай жүре беруге болмайды». Казак-орыстың сөзіне қосылып Шоң айтқан:

– Семен Иванович, Ағыбай балаларының үйіне қонбаймыз. Шұбыртпалылар үлкен ел. Солдардың бірінікіне барып қонамыз. – Мына сөзден кейін Карбышев тынышталғандай болды.

Ымырт жабылғалы әлдеқашан. Жауын тіптен күшейе түскен еді. Қарсыдан қарауытып көрінген киіз үй қасына келіп тоқтады бұлар. Бәрі үйге кірді. Бұл Ағыбайдың үлкен баласы Аманжолдың үйі екен. Шоңды көріп орнынан ұшып тұрып келіп, қолын берді. Өткен жолы Қояншы-Тағайлардың болысымен келгенде Шоңмен танысып қалған. Сол таныстығын көрсетіп, қолын беріп тұр еді.

Бұрын Ақтау болысында істеген казак-орыс Аманжолды танып Карбышевке айтқан еді сол арада. Ол бұны естіп қатты ашуланды. Әлгі амандасуынан кейін Шоң әдейі әкеп отырғандай көрді. Карбышев орысшалап айтқан:

– Мен бұл үйде жата алмаймын. Басқа үйге барып жатайық.

– Осы маңайдағы ауылдың бәрі Ағыбайдың туыстары. Түн ішінде қайда барамыз, – деді Шоң. – Бәрібір білді. Осы үйге жатайық.

– Ендеше, Ағыбай баласын тұтқындап барып жатамын.

Мына сөзді естіп Шоң сасып қалды.

– Семен Иванович, үй йессін тұтқындап үйінде қалай жатамыз?

– Мені өлтіріп тастаса, сен жауап бересің бе, Шоң Телқозинович?..

– Қандай дұшпан болса да үйіне келіп қонған адамға қазақ ешқашан қастандық жасамайды. Қанына сіңген тәртіп бар сондай.

Карбышев отырып Шоңға айтқан:

– Ендеше, сен бұларға менің Ақмола уезінің бастығы екенімді айтпа!

Шоң бұған келіскен еді. Ағыбайдың балалары әкесіне тартқан тентек екенін білетін. Бұл оязға бірдеңе жасап қоя ма деп, өзі де қауіптеніп отыр еді. Бірақ Шоң ол күйін сездірген жоқ. Карбышевті қасына алып, төрге отырды.

Аманжол үйінің адамдары жандары қалмай күтті. Тамақтарын берді. Карбышев жатқанда қасына Шоңды, бір жағынан жол бастаушы казакты, аяқ жағынан бір солдатты жатқызған еді. Есікке екі әскери адамнан күзет қойып ұйықтаған. Ағыбай баласы көрші үйде жатқан. Ешқандай Карбышев ойлағандай жағдай болған жоқ. Шоңдар таңертең тұрғанда Аманжол Шоңға айтқан:

– Мен тұтқында болғанда біраз орысша үйрендім. Кеше сізбен мына адамның сөзінен Ақмола уезінің бастығы екенін білдім. Бұл баяғы Кенесарының қолынан өлген есаулдың баласы ғой. Бұл сол үшін інім екеумізді Сібірге айдатып жіберді. Соғысса әкелерім соғысты. Біз әкеміз соғысқа аттанар алдында ғана туғанбыз. Біздің қандай кінәміз бар?

Мына сөзді естіп, Карбышев не айтарын білмей қалды. Кінәсін мойындағандай, үнсіз отырып қалған.

– Аманжол, сен бәрін ұмыт. Бұл кісі де әдейі сендерді Сібірге жіберген жоқ. Сол кезде тәртіп солай болған. Сен оны көңіліңе алма. – Содан кейін Шоң сөзін Карбышевке арнап сөйледі. – Семен Иванович, сіз де өткенді ұмытыңыз. Сіздің әкеңіз бен Ағыбай бір-біріне жау болған жоқ. Оларды жау еткен сол кездегі жағдай, саясат. Өткен шаруаны қоздыра беру қажет емес. Оның екеуіңізге де пайдасы жоқ. Қолдарыңызды алыңыздар деді.

Шоң айтып отырған соң Аманжол қолын ұсынды. Карбышев те алды. Бір сәт екеуі де өткенді ұмытқандай болды. Шоң Аманжолға айтқан: «Әкеңнің басына құран оқуға мына болыстар аттың басын әдейі бұрды». Бұл кезде болыстар басқа үйде жатқан еді.

Аманжол мына сөзден кейін басылғандай болды. Содан соң айтқан, Шоңке өткен жолғы берген ақылыңыз дұрыс болды, Түркістанға апарғанда көптін бірі болып жататын еді әкеміз. Қазір ерсілі-қарсылы өткендер әкемнің басына тоқтамай, құран оқымай кетпейді.

Карбышев отырып сұраған еді Шоңнан.

– Сен Шоң Телқозинович, бұрын осында болғанда сондай ақыл-кенес бердің бе?

– Бердім. Оным қате ме?

– Дұрыс жасағансың. Сен бұл жаққа менімен ақылдаспай қалай келіп жүрсің. Соны білгім келіп отыр?

– Ағыбайдың жылына шақырған. Оны сізге айтуды міндет деп ойламадым.

– Шоң Телқозинович, бәрібір сен маған қүні бұрын айтуың керек еді.

– Семен Иванович, кейде қазақ пен орыстардың талап-тілектері жанаспай кетеді. Сонда Ағыбайдың жылына бармасам, шақырып отырған адамдардың ренжиітінін білдім. Ал қазір сіз ренжіп отырсыз. Сондықтан менікі қате десеңіз, ағаттық болса, кешірім сұраймын.

– Сен қу адамсың, Телқозин. Қандай жағдайда болсын ретін тауып кетесің. – Бұл кезде басқа үйдегі болыстар да келіп кірді. Бұл екеуінің арасындағы әңгіменің бәрі қайыра орысшаға ауысып кетті. Карбышев болыстардың естігенін қаламай отыр еді. Келген болыстардың ешнәрседен хабары жоқ еді. Шоң ояздың көңіл-күйі бері қарағанын түсініп айтқан болыстарға:

– Қазір барып, жолай Ағыбай басына құран оқып кетеміз.

Болыстар мынадай сөз айтып отырған Шоңға және оязға қарады. Карбышев айтқан:

– Егер сендер де қалап отырсаңдар, барып құран оқыңдар. Темеш болысы отырып айтқан:

– Шоңкеңнің мұнысы дұрыс.

Мына сөз Шоңннан шығып отырғанын ояз Темеш болысының сөз саптауынан біле қалды. Бір жайсыз күйге түсіп қалғандай болды. Шоң оны біле қалып Карбышевке айтқан:

– Қазақтар пәлен шақырым жерден құран оқу үшін келеді. Семен Иванович, анау губернаторға болыстар көңілді барады. Содан кейін айтып отырмын. – Бұл сөзін орысша айтқан еді. Карбышев Шоңның бұл сөзінің мәнін түсіне қалды.

– Болыстар да сондай ойда болса барсын, – деді. Карбышевтың мына сөзіне болыстар да қуанып қалды. Ояз отырып болыстардан сұрады:

– Ағыбай қазақ па, әлде төре ме?

– Ағыбай төре емес, нағыз қазақ, – деді Шоң.

Шоң Карбышевтің төрелерді жек көретінін білетін. Шоңның мына сөзінен кейін:

– Ендеше, барып құран оқып қайтыңдар. Мына жерлестері риза болсын! – деді. Карбышев Кенесары көтерілісін ұйымдастырып жүрген төрелер деп білетін. Шоңның әлгі сөзінен кейін Ағыбайға, оның балаларына деген ашуы басылып қалды. Карбышев отырып сұрады:

– Екінші баласы қайда?

– Ол Бұхар базарына сауда жасауға кеткен.

– Сендер Ақмола базарына да келіп малдарыңды сатып тұрындар.

Шоң отырып ойлады. Ояздың көзқарасы Ағыбай балаларына әлгі төре емес сөзінен кейін өзгере бастағанын білді. Аманжол тұрып айтқан оңашада:

– Мынау бізді тағы да тұтқындап жүрмей ме?

– Енді тиіспейді. Өздерің де жай жүріңдер. Өйткені, орыстарға біздің шамамыз келмейді.

Шоң Карбышевтің әлгі сөзінен көп жайды ұққандай болды. Соңғы кезде Омбыдан келген бастықтардың сөзіне қарап патшаның қазақтарға саясаты өзгере бастағанын Шоң байқап жүретін. Есік алдында атқа мініп, шоғырланып тұрған болыстар Шоңға келіп айтты. Аманжол әкесінің бейітінің басына ертіп апарды. Батыр басына қойған белгіні де әдемілеп салған екен. Бұлар құран оқып жатқанда Карбышев бастаған орыстар анадай жерде оқшауланып, ат үстінде бөлек тұрған болатын. Құран оқылғаннан кейін Аманжолмен қоштасып, әрі қарай жүріп кетті. Былай шыққан соң Карбышев айтқан:

– Қазақтарды қарашы, өңкей болыстар жиналып келіп Ағыбай басына құран оқыды. Ал ана Омбыдан келген бастықтардың бірі менің әкемнің басына бармайды. Менің әкем орыстар үшін қанша қызмет атқарды. Қазақтардың орыстарға бағынуы үшін жанын берді. Біреуі де менің әкемнің еңбегін білмейді. Сол есіме түскенде ызадан жарылып кете жаздаймын. Маған бір ой келіп тұр, Алатау жақтан келген соң мына Ағыбай басындағы белгіні алғызып тастаймын.

– Семен Иванович, сіз одан түк ұтпайсыз. Ағыбай мен сіздің әкеңіз біріне-бірі жау болған емес, оларды жау еткен саясат екенін алдында айттым ғой. Олар соның құрбаны болды. Сіз айтқаныңызды жасасаңыз, сізге де, бұларға да жақсы болмайды. Онда аяғы айтып болмас үлкен жанжалға айналып кетеді. Сіз жауыңызды тіптен көбейтіп аласыз. Қазақтың тәртібінде өлген адамның басына барып құран оқу атамзаманнан келе жатқан тәртіп. Ал орыста ондай салт жоқ. Ана Омбыдан келген адамдар содан кейін бармайды ғой.

Бұдан кейін Карбышев үндеген жоқ. Қайта айналып ескертіш туралы ештеңе айтпады.

Ағыбай аулынан шыққан соң олар Балқаш көлінің батыс жағынан айналып, содан еш жерге тоқтамастан кешке дейін жүрді. Күн бата бір ауылға келіп тоқтады. Бұлар Албандар екен. Олар Орта жүздің болыстарын куана қарсы алды. Орта жүздің қазақтары екенсіздер ғой деп, нағыз туысқан екендіктерін айтып, ішкі көңілкүйлерін сыртқа шығарып білдіріп жатты.

Ертеңіне ұйқыларын қандырып әрі қарай жүріп кеткен. Жол бойы желе жортып келе жатты. Жол бастап келе жатқан орыс айтқан, амандық болса екі күннен кейін Верныйға жетеміз деп. Мына болыстар келгенше сол болып қалды. Біз, жалпы, кешігіп шықтық. Кешке Верныйда болуымыз керек еді. Генерал-губернатор бізден бұрын келсе ренжіп жатқан болар. Содан тоқтаусыз жүріп, тек екі жерде ғана санаулы минут тоқтап, шөлдерін қандыруға Албандар үйлерінен қымыз ішкендері болмаса, тез жүріспен жүріп келе жатты. Тек ымырт жабылып, әбден түн болғанда кешегідей бір Албандардың үйіне келіп аттың басын тартқан еді. Шоңның байқағаны бұл жақтың қазақтары әлдеқайда бауырмал екен. Жандары қалмай бұлар да құлай күтті. Арада екі күн өтті. Келесі күні тағы ерте тұрып сәл жүрген соң түс ауа Алатау мұнартып көріне бастады. Жақындаған сайын тіптен алыстай берді. Тау басы аппақ қар екеніне көздері жетті. Тау басында шілде айында жатқан қарды көрген орта жүз қазақтары таң қалып келеді. Тауға өрлей жүріп ақыры бесіндіктен асқан шақта бұлар ағаштан салынған әдемі үйдің қасына келіп тоқтады.

Есік алдында бір топ казак-орыстар, бір генерал тұр екен. Карбышев елден бұрын аттан түсіп, тез барып генералға қол беріп амандасты. Екеуі біраз сөйлесіп қалды. Болыстар анадай жерде олардан бір сөз күткендей болып ат үстінде шоғырланып аулақтау тұрған. Біраздан соң Карбышев болыстар қасына келіп сөз бастаған еді:

– Неге тұрсыңдар. Аттан түсіңдер! – деді.

Бәрі аттан түскен еді. Болыстар барып, Карбышевтің айтуымен, генералға сәлем берді. Шоң генралдың тәкаппарлау екенін байқап қалған. Шоң орысша сөйлеп сәлем берді. Ол Шоңның орысша сөйлегеніне таң қалғандай қолын алды. Содан кейін сұрған:

– Сіз төресіз бе, әлде татарсыз ба?

– Жоқ, мен қазақпын!

– Сіз қалай, қазақ боласыз, түріңіз қазаққа ұқсамайды ғой.

– Біздің жақта тұратындардың бәрінің түрі маған ұқсас. Олар өздерін қазақпыз дейді.

– Оларыңыз қызық екен. Нағыз казак мына тұрған кісі. – Қасында тұрған казак-орысты көрсетті.

Шоң бұл жақта да саясатта да ешқандай өзгеріс жоқ екенін, мұнда жергілікті халықты киргиз деп атайтынына көзі жетті. Шоң әдейі сұрақ берді.

– Сонда бізді қалай атайсыз?

– Сіздер киргизсыздар!

– Ал Алатаудың оңтүстігінде жатқан халықты қалай атайсыздар?

– Олар да киргиздар, сіздер де киргизсыздар!

Шоң орыстардың өздерінен ат сұрап жатқанын біліп, жолай Карбышевтің Ағыбай балаларының үйіне қонғаннан кейін, ояздың сөздерінен соң, өзінде бір сенім пайда болған. Орыстардың қазақтарға көзқарасы өзгере бастағанын білген. Сол бойына жігер берді. Шоң өзін еркін сезініп, сұраған еді.

– Рас, оларды қырғыздар дейді. Біз қазақтармыз. Содан кейін Кенесары олармен соғысты ғой. Бір халық болса неге соғысады!

– Бұл арада ол адам туралы айтпаңыз. Ол – төре, Шыңғысхан тұқымы. Сіздер киргиздарсыздар, біздің оқымыстылар солай дейді. Оны ғылым жолымен дәлелдеген.

– Сізгерге ғалымдар дұрыс мәлімет бермеген болуы керек, Алатаудың теріскейінде жатқан халықты атам заманнан қазақтар дейді.

Генерал Шоңның бұл сөзін жақтырмай, шамданып қалған сияқты:

– Сіздерді терістік киргиздары, ал оларды оңтүстік киргиздары дейді.

Мен сол туралы айтып отырмын ғой. Нағыз казактар осында көшіп келіп жатқан казактар. Олар бір кезде бір жағдайларға байланысты бұл арадан кетіп қалған. Олар енді аталарының өскен, өнген жеріне қайтып келіп жатыр. Тарихта бұл баяғыда дәлелденген. Біздің тарихшылардың ол айтқанын қате демейміз.

Шоң мына адам сауатсыз ба, әлде әдейі әдейі айтып тұр ма білмеді. Бұл арада кейін шегіншектеудің орынсыз екенін біліп:

– Орыс тарихшылары өткенге жақсылап үңілмеген. Сондықтан осындай қателіктер жіберіп отыр.

– Сіз білесіз де, бір кезде сіздерді қыпшақ деп атаған. Қыпшақтың жері қай жер екенін білесіз бе? Олардың жері Байқал жақта болған. Ал бұл жер казактардікі…

Шоң мына генералдың тарихтан сауаты жоқ екенін, бірақ әлгі шатасуды әдейі жасап отырғанын білді. Содан кейін айтқан:

– Байқал бойы да, бұл ара да қазақтардікі. Сіздер өздеріңізді көрші жатқан казактарға қарап қазақпыз деп жүрсіздер. Біздің халықтың аты үш-төрт рет өзгерген. Сіз айтқан Қыпшақ кейін қазақ атанған. Бертінде қазақ сөзін бұл кісілер бізден алған болуы керек. – Шоң алдындағы сөзді генерал саясатқа беріліп айтып тұрғанын білді, содан кейін осылай айтып тұр еді. Мұнымен оны жеңе алмайтынын Шоң түсініп, – мен сізбен дауласпаймын. Түбінде тарихшылар қайта зерттеп айтар, – деді.

– Дұрыс айтасыз, тарихшылар дәлелдейді. Мен сізге тағы бір сұрақ бергім келіп тұр. Сіз бұл араны киргиздар жері деп отырсыз. Олар ұзақ уақыт осы арада тұрса мына тау басында неге қар жатыр білесіз бе? Ал біздің казактар біледі. Оның себебі неде деп ойлайсыз? – деп, Шоңға сұрақ қойған. Бұл Колпаковский жергілікті халықтың қаншалықты сауаты барын білу үшін, бұл жердің казактар жері екенін мойындату үшін осындай сұрақ қоятын.

– Генерал мырза, бұл таудың басында қар жататын себебі, онда ауа жоқ. Болса да аз, Қар ауа арқылы ериді. Ауа аз болған соң ерімей жатыр.

Мына адамның бірден жауап бергеніне генерал таң қалды. Содан кейін сұраған еді:

– Сіз бұл жаңалықты қай орыстың кітабынан оқыдыңыз?

Орысша біліп тұрғанына қарағанда орыс кітабынан оқыды ғой деп ойлаған еді генерал. Онда айтар сөздері бар еді. Шоң басқаша сөйледі:

– Жоқ, мен бұл жаңалықты шығыстың ғалымы Дулати деген адамның кітабынан оқыдым.

Ал шындығында оңтүстікте тау басында қар жататынының себебін сонау бала кезінде бабасы Жанкелдінің аузынан естіген еді. Ол кісі Бұхар, Хиуа базарларына барып жүргенде, жаз айларында тау басында жатқан қарға қатты мән берген болуы керек, сол жақтың білетіндерінен сұраған екен. Шоңның айтып тұрғаны сол еді. Әдейі мына генерал алдында түрік тілдес ғалымдардың беделін түсірмеу үшін Дулати есімін атаған болатын.

Генерал таң қалып, шығыс ғалымдары да осындай жағдайды біледі екен-ау деп ойланып қалды. Енді әлгіндей сұрақ бергеніне өкініп қалғандай болды. Өз беделін өзі түсіріп алғандай көрінді оған.

– Кыпшақтар болыңыздар, енді казак дегенді қойыңыз, – деді Колпаковский сөзін сонда да тағы қайталап.

Шоң пәлен ғасырдан қазақ атанып келіп, енді кыпшаққа көшу оңай болмайтынын айтып еді, оған мән бермегендей Колпаковский казак мынау деп, қасында тұрған казакты қайыра көрсетті.

– Нағыз казак мынау. Міне, бұлар өз жеріне көшіп келіп жатыр. Сіз енді өзгелерді казак дегенді қойыңыз. Онда заң алдында жауап бересіз.

– Орыс заңында казак туралы заң жоқ қой…

– Болмаса, қажет етсеңдер, болады. Сонда сіздер казактардың мұнда көшіп келгенін ұнатпайсыздар ма?

Шоң генералдың өзін кінәлағысы келіп тұрғанын біле қалды да:

– Патша жіберіп тұрса, неге қарсы боламыз…

– Дұрыс айтасыз, екі жақ та бірін-бірі сыйлап, тату тұруы керек. – Халық атын атау үшін таласудың қажеті жоқ. Казактар казак болып қала берсін. Ал сіздер орыс ғалымдары айтқан киргиз болып қала беріңіздер.

Шоң бұл арада генералмен дауласудың ретсіз екенін түсініп айтқан болатын:

– Мен қоямын ғой. Халық қойса болады ғой…

– Халық та біртіндеп қояды. Сіз сауатты адам сияқтысыз, сондықтан казак туралы насихаттаңыз. Сонда ел біртіндеп жаңа атауға үйренеді. Солай емес пе?! Біз киргиздардың өсіп-өркендеуіне қолдан келгенше көмек жасаймыз. Ал қазір, мына таудың жоғары жағында сіздердің туысқандарыңыз, киргиздар тұрады. Бүгін сонда барып қонасыздар. Сіздерге біз тұрған бұл арада жататын орын аз. Тарлық жасайды. Ертең Кауфман мырзамен жолығасыздар. Мұнда нендей шаруамен шақырғанын сол кісі айтады. Мен білмеймін, – деді генерал.

Шоң оның жалған сөйлеп тұрғанын білді. Бірақ қарсы ештеңе айтқан жоқ. Карбышев тұрып:

– Герасим Алексевич, Шоң Телқозин осында қалса қайтеді?

– Бұл кісі қалса қалсын, – деді Колпаковский.

Шоң мына кісімен қалса тағы да казак атауы туралы басын қатыратынын білді және бірге еріп келген болыстарға реніш туғызатынын сезді де:

– Семен Иванович, мен болыстармен бірге барайын, олар ренжіп жүрер, – деді.

– Олардың ренжуге құқы жоқ. Мен айтып тұрмын ғой. – Карбышев бұл арада өзінің күшін көрсетіп тұрғанын Шоң сезе қалды.

– Олай жасасақ сіз де, мен де қателесеміз.

Карбышев көкейінде казактар сұрап отырған аттар тұр еді, содан кейін бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Шоң болыстармен бірге кеткен. Қастарына орыс-казагы мен татар тілмаш бар, олар тауға қарай өрмелей жүріп кеткен. Әлгінде Шоңның орысша білетінін біліп алған казак-орыс Шоңға ғана назар аударып:

– Мына тау қойнауында бір бай киргиз тұрады. Соның үйіне алып барамыз. – Алдында генералға Шоңның біз қазақпыз деген сөзіне намыстанып, казак-орыс кеуделі сөйлеп кете жатты. Казак-орыстардың мінезін білетін Шоң оған онша мән бермеді.

Біраздан соң ағаш арасынан екі қазақ қарсы жолықты. Оларға ай-шай жоқ, татар тілмаш ұрса бастады:

– Сіздерге айтылды ғой, неге келіп мына туысқандарды қарсы алмайсыздар? – Оңың мына сөзіне әлгі екі қазақ сасып қалғандай.

– Сен кеше өзің жөндеп айтпадың ғой. Біз қонақтар қашан келетінін білгенде ертерек келетін едік. Және қазақтар деген жоқсың, киргиздар дедіңдер. Түсінбей қалдық.

– Сендер қашан казак болып едіңдер. Казак мынау. – Қасындағы казак-орысты көрсетті.

Шоң бұл жақтағы қазақтардың жағдайы өздерінен де жаман екенін білді. Сол арада әлгі татар Арқадағы орыстар тәрізді мыналарды да орысшалап боқтап жіберді. Шоң татарда мына қазақтарды бір басыну бар екенін сезе қалды. Шоң даусын көтере татарша сөйледі:

– Әй, татар, сен мына кісілерге не айтып тұрсың? Бұлардың жасы сенен үлкен. Сен өзің кімсің?

– Мен православпын.

– Жоқ, сенің арғы тегің мұсылман. Мұсылман үлкен адамдарды боқтай ма екен?

– Мен бала күнімнен православ болғамын.

– Сені зорлап кіргізді ме, әлде өзің кірдің бе?

– Мені ешкім зорлаған жоқ. Өзім кірдім. Өйткені, орыс дінінің мұсылман дінінен артықшылығы көп.

– Діннен діннің артықшылығы жоқ. Олай дейтінім, Құдай біреу. – Шоң оған сен дінді ғана емес, халқыңды да сатып отырсың деп айтпақшы болды да, бірақ айтпады. Оны айтса ол губернатор құлағына жеткізіп, оның арты үлкен әңгіме болатынын біліп келе жатыр еді. Татар Шоңның әлгі сөзін жақтырмай, дін туралы біраз әңгіме туындатқысы келіп еді, алайда Шоң оған басқаша сұрақ койды:

– Сен әке-шешеңді жақсы көресің бе?

– Неге жақсы көрмеймін? Олар мені осы дүниеге әкелді ғой.

– Олар православ па, әлде мұсылман ба?

– Мен орыстан әйел алдым да, солардың дініне кірдім.

– Ендеше ойлан, – деді. Бұл сөздің бәрін қасындағы казак-орыс білмесін деген оймен татарша айтып келе жатқан болатын.

Татар Шоңның бұл сөзіне жауап берген жоқ. Шоң оған айтқан, «Құдай біреу екенін айтып отырмын ғой, бір діннен екіншісіне ауысып кеткен адамды Құдай да жақтырмайды».

Татар ашуланып қалды да:

– Сен немене, Құдаймен сөйлесіп көрдің бе?

– Дін кітаптарында солай жазылған. Әрбір адам әке-шешесінің дініне берік болуы керек көрінеді.

– Білмейсің, міне, орыстар келіп жатыр, қай дінде болатыныңды көреміз әлі.

Шоңға мынаның сөзінде бір шындық жатқандай көрінді. Содан аузына сөз түспей қалған. Сәлден соң айтқан:

– Сен орыстар мен қазақтар арасына дәнекер болып жүрсің. Бірақ сенің әлгі мына адамдарға тіл тигізгенің маған ұнамайды.

– Бұлар казактар емес, киргиздар. Ешнәрсеге түсінбейді.

– Сенің бұл адамдардан бір-ақ артықшылығың бар, ол орыс тілін білетіндігің. Орыстар да сені соның үшін бағалайды. Киргиз бен татардың негізі бір, сондықтан сен жергілікті халықтардың салт-дәстүрін үйрене бер. Әлгіндей сөзді айтпа!

– Сен маған ақыл айтпа!

– Менің жасым сенен әлдеқайда үлкен. Сондықтан менімен сіз деп сөйлес. Бағанадан бері сен деп келесің!

– Жергілікті халықтармен ыңғай солай сөйлесіп, тілім осылай қалыптасып кетіпті. Онда тұрған ештеңе жоқ.

Мынау діннен ғана емес, жалпы, рухани жағынан азып кеткен адам екенін білді Шоң. Сонда да көңілінде тұрған сөзді айтқан:

– Сен келіп жатқан казак-орыстармен жергілікті халық арасындағы дәнекер екеніңді айтып отырмын ғой, олардың бір-біріне қатынасы дұрыс болуы үшін көмектесуің керек. Ал сен керісінше жасап, киргиздарды боқтап келесің. Заман бұл қалыпты тұрмайды. Қазақтар кейін орыс тілін үйреніп алған соң сенің әлгі сөзің үшін жақсылап ұрып алады. Қазақ әкесін боқтағанды ұнатпайды.

– Мен орыс халқына еңбек етіп жүрмін. Сондықтан ешқандай киргиз маған тиісе алмайды.

Мына татардың әбден күшейіп тұрғанын білді Шоң. Сөз түсінбейтін адам болған соң, сөзін қойған. Бұлар тау баурайында орналасқан киіз үйлердің қасына келіп тоқтады. Казак-орыс татар тілмаш арқылы қазақтарға айтқан:

– Ертеңге дейін қонақ етіңдер. Біз таңертең келіп алып кетеміз, – деді де әлгі татар мен орыс қайтып кетіп қалды.

Бұлар аттан түскен соң әлгі қасына еріп келген, алыстан қонақтар келе жатыр деген соң қарсы алуға барған жасы үлкен шал Шоңға назар аударып:

– Шырағым, сен татарсың ба?

– Мен немене, татарға ұқсаймын ба?

– Түрің нағыз қазақ. Осында орыстар келгелі орысша білетін бір қазақты көргеміз жоқ. Әлі татарға дұрыс айттың…

– Біздің Арқаға орыстар ертерек келіп, орысша үйрендім. Тіршіліктің өзі соны талап етіп отыр.

Шал ұялып қалды да:

– Бауырым, оның рас. Біз осы жақта орыс сөзін аударып жүрген бір қазақ тілмашын көргеміз жоқ. Содан кейін айтып қалдым.

Есік алдында тұрған қазақтар бұларға әлі жақындамай тұрған. Шоң олардың бұл қылығын жақтырмай, содан кейін әзіл араластырып сөз бастады:

– Біз сіздерді осы жақта туыстарымыз бар деп, сонау Арқадан әдейі іздеп келдік.

Әлі адамдардың біреуі алға шығып:

– Осында орыстар қырғыздар келеді деп айтқан соң, анау Алатаудың ар жағындағы қырғыздар ма екен деп қалдық. Арғынбыз деп айтпайсың ба?

– Мен сіздер қазақ деген сөзді білетін шығар деп айтып тұрмын. Сіздер қазақты ғана емес, Арғынды да біледі екенсіздер ғой. – Шоң бұл сөзді тағы да әзіл ретінде айтқан.

– Осында бізді қазақпыз десек, ана орыстар жақтырмайды. Содан қорқамыз. Бір адам алға шығып, қолын ұсынды.

– Іздеп келгендеріңізге ризамыз. Осы ауылдың иесі менмін, атым – Медеу, Жалайыр боламын. Мына кісілер Албан болады. Бізге ана татар алдыкүні келіп, бір топ киргиздар келеді деді. Біз Алатаудың ар жағындағы кырғыздар екен деп ойладық. Әйтпесе, бәріміз барып қарсы алатын едік. Сіздер Арқаның қай жерінен боласыздар?

– Арқада Нұра атты өзен бар. Соның маңында тұратын Арғын боламыз.

Енді Медеу құшақтап амандасты да:

– Бәрімізді шатастырып жүрген анау татар ғой, – деді.

– Ол шоқынған татар көрінеді. Нағыз татарлардан оның ауылы алыс жатыр. Бірақ кездескен сайын оларға біз қазақпыз деп құлақтарына құя беріңіздер. Өйтпесеңіздер, қырғыз атанып кетесіздер, – деді Шоң.

– Бауырым, сен солай дейсің. Осындағы орыстардың бәрі бізді киргиздар дейді. Соның өзіне ұяламыз. Қырғыздар Кенесарыны өлтірді ғой, сол үшін де оларды жек көреміз.

– Олар сіздерді шатастыру үшін жасайды. Қырғыздар Кенесарыны орыстардан қорыққанынан өлтірді ғой.

– Біз де солай ойлаймыз. Бірақ айтарға ауыз жоқ, қорқамыз. Таяуда қасында әлгі татар бар, бір орыс келіп қорқытып кетті. Сендер, қиргиздар, анау киргиздардан аулақ жүріңдер дейді.

– Олардың амалы сіздерді киргиздармен жанжалдастыру. Орыстар шамасы келсе қазақтың әкесі мен баласын араздастырғысы келеді. Мен оны ана татардың сөзінен байқадым. Біздің қырғыздармен кегіміз бір. Сондықтан екі халықты араздастырып ұстағысы келеді. Сіздер оларға жақындай беріңіздер. Елдің бәрі Кенесары мен Орман манап емес. Түбінде қазақ пен қырғыз бірін бірі түсініп, кешіреді.

– Шырағым, айтқаның келсін! Біз әуелден қырғыз, қазақ құдандалы ел едік. Қазақ пен қырғыздың соғысуы бетке үлкен мін болды. Көп уақыт өтсе де ұмыта алмай жүрміз. Өздерің орта жүздің қайсысы боласыздар?

– Біз Орта жүздегі Арғын боламыз дедім ғой. Бер жағын айтқанда, Қуандық боламыз. Ұлы жүз қазақтарын аға тұтамыз. Қазақ екенімізді, арғы тегімді ұмытпайық, оны ұмытсақ ел болудан қаламыз.

– О, бауырым, аға тұтқаныңнан айналайын. Куандық ішінде қайсы боласыздар!

– Қуандық Мейрамсопыдан тараған ғой, осы отырған адамдар қандас боламыз. Енді одан бері қарай таратуды мына кісілер өз руын өздері айта жатар.

– Біз Арғындармен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы халық болдық қой, кезінде. Ел арасы алыс болғандықтан, бара алмай жатырмыз. Әйтпесе, үлкендігімізді танытып, бірінші біз барып қайтумыз керек еді. Баяғыда сіздер мына Сыр бойынан Нұра өзені жаққа көшіп кеттіңіздер. Бұрын әкелеріміз барып тұрамыз деуші еді. Енді бір шығанға шығып кеттіндер.

– Қазақтың малсыз жағдайы жоқ, сол мал қамымен шығып кеттік ғой. Кіші жүз бен сіздерге жер көп болсын дедік. Біз отырған жақ ежелден жайлауымыз болатын.

– Біз оны білеміз, әкелеріміз айтып отыратын Арғындар Арқадағы жайлауына көшіп кетті дейтін. Бізде де, сіздер де аз уақыт болса да адасып қалдық.

– Ат мінген қазаққа жердің алыстығы жоқ. Жалқаулығымыз бар. Соны мойындаумыз керек. Сонау киян шеттен мына орыстар да келді. Бізді алып келген солар. Баяғыда менің бабам Жанкелді деген кісі айтатын, туыстығымыз кетпесін деп отыратын үнемі. Енді сол туыстығымызды тіптен мықтап сақтау қажет. Орыс қаптап келеді. Қайдан келіп, кайдан шыққанымызды ұмытсақ, анау татарлар тәрізді быт-шыт болып кетеміз.

– Шырағым, дұрыс айтасың, сіздер жақта да орыстар көп пе?

– Ағасы, қазір орыс бармаған жер қалмады ғой.

Сөзге Темеш болысы араласып:

– Осы жақта отырғандардың бәрі негізі Албан болуы керек. Баяғыда үлкен әкем айтып отырушы еді, үлкен шешеміз Албанның қызы дейтін.

Бұл жақта Албан да, Шапырашты да, Дулат та, Жалайыр да бар. Әлгі бұларды қарсы алуға барған шал елпілдей қалды:

– Сонда үлкен шешең қайсысынан?

– Сүйем деп атайды. Оның ішінде Мамырбай.

Сол-ақ екен, әлгі кісі Темешті құшақтай алды: «Мен саған нағашы боламын!» Содан естері қалмай, бірімен бірі танысып, ананы-мынаны сұрап қуанысып жатты.

– Медеу, мен жиенімді тауып алдым. Енді үлкен той біздің үйде болғалы тұр. – Әлгі адам үйіне жиенін алып кетпекші болып еді, Шоң алдында орыс-казактың айтқанын естеріне салды.

– Әлгінде ана орыс айтып кетті ғой. Сіздер таңертең осы арадан табылыңдар деп.

Бауырымдап тұрған қазақ тыңдаған жоқ. Біраз отырып, қымыз ішкен соң, қасына үш адамды қосып жиенін ертіп әкетті. Олар кеткен соң да танысу одан әрі жалғаса берді. Үй иесі Медеу орта жүз қазақтарын бастап келген Шоң екенін түсіне қалды да:

– Шоңке, сіздің нағашы жұртыныз кім?

– Менің шешемнің төркіні жұрты Найманның Садыр тұқымынан тарайды, анау Қалмақтардың шапқыншылығы кезінде аталары Іле бойынан көшіп келіпті. Шешем Жамал – солардың қызы. Содан менің әкелерім құда түсіп, шешемді келін етіп түсірген. Біздің жақта сол Садырдың біраз ұрпақтары бар.

– Сол Садырдың, үлкен шешемнің шешесі менің әкелерімнің аналары. Сонда екеуіміз туыс болдық, – деді Медеу.

Содан ру мәселесіне зерек Шоң бәрін таратып, орын-орнына қойып берген. Олардың шешелері төрт-бес атадан қосылатынын анықтап берді. Бұлар біраз әңгімеге беріліп отырғанда семіз тайдың еті келді. Әңгімемен, ет жеумен біраз уақыттың өткенін олар білмей қалды. Түн болғалы қашан? Аспаннан ай жарығы төгіліп тұр. Лүп еткен жел жоқ. Жиі соғатын Арқаның желі бұларда атымен жоқ екен. Шоң отырып ойлаған, мына ара жер жаннаты, орыстар да мұны біліп келіп отыр екен ғой деген ұйғарымға келген. Онымен қоймай казактардың жері дейді. Алдында генералға айтар сөзі ішінде қалып сол мазалап отырған. Көзді бақырайтып қойып, бұл ара казактардың жері дегеніне іші ауырып отыр еді. Содан кейін Медеуге сұрақ берді.

5,99 ₽
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 октября 2021
Объем:
560 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785005549495
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают