Читать книгу: «Ел Шоңы. Бесінді. III кітап», страница 3

Шрифт:

Арбаға отырған соң шал әңгімесін бастап кетті:

– Мен төре боламын. Баяғыда Кенесары әскерімен бірге келіп, осы жақта үйленіп қалғанмын. Содан бері елім – Көкшетауға жете алмай жүрмін. Оның үстіне осы Ұлы жүзден әйел алдым. Жаратушы қабірімді осы жерден бұйыртқан шығар…

Шоң әбден кәрілікті мойындап қалған мына кісінің мұңлы сөзіне ортақтасып қалды. Апарып көрсететініне Шоңның көңілінде әлі де күдік бар еді, шал жерді ұмытып қалған шығар деген ой да бар болатын. Шалдың қасында Шоң жайғасып отырған, оған өзін мазалап тұрған сұрақты қойды:

– Сіз ол жерді ұмытып қалған жоқсыз ба?

– Ол жерде менің екі туысқанымның да сүйегі жатыр. Уақытында барып алып келейін деп едім, мына Шапыраштылар орыстардан қорқып, жібермеді ғой. Бәрі де жадымда…

Шалдың құлағы естімейді екен. Соны білген Шоң оған ешқандай сұрақ қойған жоқ. Еркіне жіберіп, сөзін тыңдап отыра берген. Әлгі адам Көкшетауда өткізген жастық шағы туралы айтқан. Арасында төрелер туралы сұрады. Қоңырқұлжа мен Уәлиханды еске алды.

– Кенесарының жеңілуіне алдымен сол екеуі себепкер болды. Олар орысқа берілмегенде біз жеңіп шығатын едік.

Шоң тыңдаушы, шал сөйлеуші. Шоң шын мәнінде мына адам төремін дегенде хан тұқымынан деп қалды.

– Шыңғыс ханның қай баласынан тарайсыз?

– Мен Шыңғыстың өзінен тараған ұрпақпын. Бер жағын біле жатарсыңдар. – Төрелер қазақтарға Шыңғыс ханнан бастап, аталары туралы қалт жібермей айтып отыратын. Ал мына адам Шыңғыс хан, Жошыдан басқасын білмейтін болып шықты. Басқа аталарымның атын ұмытып қалыппын деді. Шоң сонысына күдік келтіріп еді. Бірақ үндеген жоқ.

Шал енді сөзін Шапыраштыларға бұрды.

– Мына Ұлы жүз, оның ішінде Шапыраштылар оңбайды. Кенесарыға көмектеспеді ғой. – Шапыраштарды біраз жамандап алды. – Бұлар шеттерінен қорқақ. Ана Сыпатай батырдың қашып кеткенін білесіңдер ме?

– Ағасы, Сыпатай батырды онша жамандамаңыз. Біздің жақта да ондайлар болды ғой. Кенесары елдің бәрін ауыз бірлігіне жеткізе алмады. – Осы айтқанын айқайлап, шалдың құлағына зорға жеткізді.

Шал отырып әлден уақытта Шоңнан сұрады:

– Өздерің кім боласыңдар?

Шоң шалдың көңілі үшін айтқан:

– Мен төре боламын…

Мына сөзді естігенде шалдың есі шығып кеткендей болды. Шоңды айналып, толғанып жатты. Көп жылдан бері Арқаның төрелерін көрмеп едім, сенің сөзіңді естіп, бір жасап қалдым ғой. Атың кім?

– Шоң. – Мына сөзді естігенде шал шалқасынан түскендей болды.

– Өзің мені алдап отырған жоқпысың? Шоң деген қырғыздардың сөзі ғой.

– Ақсақал, Шоң есімі қазақтарда да, төрелер де бар. Сіз біздің жақта жүргенде Қаржаста Шоң деген кісі бар еді, оны білесіз бе?

– Естігенім бар. Ол да орыстарға берілген адам ғой.

– Ағасы, қателесесіз. Ол орысқа да, қазаққа да ортақ саясат жүргізген адам. Өйтпесе, болмайтын еді.

– Әй, төре бауырым, мен сол қазақтардың саясатына түсінбей кеттім.

Шоң бұл адамның Шыңғыстың қай баласынан тарағанын білу үшін баласынан сұраған. Ол әкесінің әлгі жалған сөзіне ұялып, шындықты айтқан:

– Біз Төлеңгіт боламыз. – Аталары сол Көкшетау жақта ыңғай төрелердің арасында тұрыпты. – Солардан қыз алып, қыз беріп, содан төре атанып кеткенбіз. Бізде нағыз хан тұқымының қаны бар. Содан кейін әкем осылай сөйлеп отыр. Сіз Төлеңгіттер мен төрелерді бөлмеңіз. Бұл сөзді Шыңғыс ханның өзі айтқан дейді.

Осылай төре атанған бірталай Төлеңгіттер бар еді, Шоң оны білетін. Мына көңілінен шығып отырған жігітке қарсы сөз айтқан жоқ. Шал келе жатқанда туған жері туралы біраз сөз қозғады. Оның сөз саптауынан туған жерге сағынышты байқағандай болды. Анда-санда көз жасын төгіп алады.

– Бұл ара Көкшетауға қарағанда жер ме, ол жер жаннаты ғой, – деп бір қойды шал.

Бұл сөз туған жерге деген сағыныштан туып отырғанын Шоң білді. Әуелі көргеннен-ақ Шоң бұл жақтың Арқадан кем еместігіне көзі жеткен еді. Жерінде жел жоқ. Келгелі күн жарқырап тұрған. Тау баурайы толған ағаш. Ғажап жер екенін байқаған. Шал отырып сұраған болатын.

– Әй, бауырым, бұл жаққа орыстар келіп жатыр. Ол жақта қалай?

Осынша жасы келіп, күнін санап отырғандай адамның көңіліне қаяу түсірмеу үшін Шоң айтқан:

– Ағайындарыңыз сол тұрған жерінде тұрып жатыр. Ол жақтан оларды куып жатқан ешкім жоқ. Елге қайтайын деп пе едіңіз?

Құлағы естімейтін шал Шоңның айтқан сөзін зорға естіп отырды. Қайта-қайта айқайлап, естімейтін құлақ Шоңның да әбден жүйкесіне тиіп отыр еді. Сонда да мына шалмен сөйлесуге құмарлық пайда болып отырған Шоңда. Соның әсерімен сөйлеген:

– Соғыстан кейін ел жаққа неге бармадыңыз?

– Ол жақта орыстар қазақтарды тұтқындап, Сібірге айдап жатыр дегенді естіп, қорқып, содан кейін бармадым. Ең бастысы ол да емес. Осында Шапыраштылардың бір қызына көңілім кетіп, шын сүйіп, соның әкесі қызымды алып кетуге бермеймін деген соң, осында қалып қойдым. Ол кемпірім қайтыс болған. Ал егер Орта жүзден әйел алып беремін десеңдер, барамын.

Шоң шал мына сөзді қалжыңмен айтып отырса да, туған жерге деген бір сағыныштан туып отырғанын білді.

– Жүріңіз, біреу емес, екі әйел алып беремін.

– Балам, сөзіңе рахмет! Жаратушы топырақты осы жерден жазған болуы керек. Осы жерде өлемін енді…

Алдында Шапырашты шалдарының мына кісінің баласына күш көрсетіп сөйлегені есінде, соған орай Шоңның алып кету ойы да бар еді. Сол себеп болды да, айтқан:

– Ана Көкшетау жағында туысқандарыңыз бар ма?

– Төренің бәрі туысқаным ғой. Тіпті, ол жақтың қазақтары да менің туысқаным.

– Ендеше, осы атарбамен сізді алып кетемін.

– Мен күнімді санап отырған адаммын. Одан да мына балам барсын.

Әкесінің атарбасын айдап келе жатқан баласы сөзге араласып:

– Ағасы, менің қаным төре жағында болғанымен осында туып, осында өстім ғой. Нағашым – Шапыраштар. Бұл жақтан қайда барамын?

– Кеше ана Шапыраштар күш көрсетіп отырды ғой саған.

– Олардікі бер жағы. Олар төрелерге күш көрсете алмайды. Бұл жақта да төрелер жетеді. Ерегістірсе, осы маңайдағы барлық төрелерді жинап әкеліп, қырып тастаймын бір түнде!

Мынау да Ақмоланың төрелері сияқты, өзін мықты сезініп отырғанын білді де, үндемей қалды. Шоң адам қанша өзгергенінен, мінез қалмайды екен-ау, атадан балаға беріліп кете беретін болуы керек деп ойлады. Өйткені, мына жігіттің сөзінен, таңертеңгі қылығынан төрелерге тән мінезді байқады.

Кекіліктау етегінде
(Төре шалдың әңгімесінен)

Шапыраштылар аулынан үлкен сәскелікте шығып кеткен олар, күн бата Кекіліктау баурайына келді. Ауылдан алып келген киіз үй тігіліп, Шапыраштылар берген қойларды соя бастады.

Шал жүре алмай қалғанымен, есте сақтау қабылетінің әлі мықты екенін байқады Шоң. Сайрап кетті. Тоқсандағы шалдың зеректігіне Шоң таң қалды. Бар оқиғаны, кеше болғандай, есінде сақтап қалыпты. Әңгімені бастап мүдірсіз сөйлеп отыр.

– Кенесары әскерлері Майтөбе баурайына келіп тоқтаған еді. Сол жағымыздағы анау жатқан Алмалы сайы. Одан әрі Шу өзені. Кенесары жоспары Орман манаптың әскеріне Шу өзенінің бер жағынан тиісу болатын. Бұл ара соғысуға қырғыздарға қолайсыз болатын. Олардың қашып кетуіне мүмкіндігі жоқ еді. Кенесары соның бәрін ойластырған еді, хан соны түсініп осы жерді таңдап алған. Өзен мен сай арасында қысып, Орман манаптың әскерін жоқ ету ойы болатын.

Түс ауа келдік де сонда күтіп жаттық. Қарауылға қойған адамдар ертеңіне күн шыға Орман манап пен Әлішер құшбегінің Пішпек жақтан келе жатқанын хабарлады. Кекілік тау биігіне көтерілген олар төменде жатқан Кенесары әскерін көріп, сол арада тұрып алды. Оларда орыстар берген қару-жарақ барын хан естіген. Содан кеш болды, бірақ олар сол орнынан қозғалмады. Кенесары бұлар келісімге келетін түрі бар екен деп, үш адамды жіберген еді. Біраздан соң әлгі адамның екеуін тұтқындап алып қалып, біреуін ғана қайтарыпты.

Әлгі адам Орман манаптың сәлемін айтқан: «Кенесары тірі тұрғанда келген жағына қайтсын, оны жасамаса түгел қырып тастаймыз» депті. Мына сөз Кенесары ашуын тасытып жібергендей болды. Хан Науызбайды, Ағыбайды, басқа батырларын шақырып алып айтқан, сендер екі бүйірден тиісіңдер. Мен осы арадан тіке барамын деді. Олардың әскерлері хан айтқан екі бағытқа кетті. Кенесары әскерлері тура тартқан. Мен Кенесары әскерінде едім. Төбеге жақындай бергенімде артымыздан оқ жауып кетті. Ол орыстардың от қаруы екен. Үш ұйықтасақ ойымызда жоқ, орыстардың от қаруын әкеп үлгереді деген. Орман манаптың неге күшейіп тұрғанын енді білдік. Шегінуге мүмкіндік жоқ. Орыстар әдейі кейін қайтармау үшін жолымызды бөгеп, қайтсе де Орман манапқа барып тисін деп жасап жатқанын білдік. Енді не де болса Орман манаптың әскерін жарып өту керек. Басқа амал жоқ болатын. Кенесары мына от қаруына түк жасай алмайтынын түсінген болуы керек, кырғыздарға қарай кете берді. Наурызбай да бұл жағдайды сезіп қалған сияқты, ағасының әскерімен қосылу үшін бетін Кекілік тауына қарай бұрды, орыстар да оны түсіне қалып, енді Наурызбай жолын бөгеп, атқылай бастады. Не де болса да Орман әскерін жарып, алға кету керек. Басқа амал жоқ. Кенесарының өзі бастаған әскер алға қарай шапты. Осы кезде Орман манап әскерлері садақ оғын қаптатып жіберді. Бір жақтан орыстардың от қаруы, екінші жақтан садақ оқтары ортасында қалдық. Орман манап әскерлері Кенесары әскерлерін тоқтата алмайтынын біліп, Кекілік тауының ар жағына қарай кетті. Әлгі тау биігіне шығу үшін жарты шақырымдай жер бартын. Таудан өтіп, ар жағына түссек, орыс пулеметінен құтыла алатынымызға көзіміз жетті. Бұл өмірімде орыстан қу халықты көргенім жоқ. Ол жақта да от қаруын дайындап қойған екен. Енді тау биігінен әрі қарай түсе бастағанымызда алдымыздан атқылай бастады. Біз оқ қоршаудың ішінде қалғанымызды білдік. Енді кері кетуге де жағдай жоқ. Кенесары жауған садақ оғына да, пулеметке де қарамады. Орман манап әскерінің ар жаққа өтіп кетпек ойы әлі бар еді. Бұл кезде Кенесарының әскерінің жартысы қырылып қалған. Кенесарының бар ойы қырғыздардың әскерінің ішіне кіріп кетіп, орыстарды шатастыру болатын. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп, қырғыздардың әскерімен араластық. Көп әскер жараланып, артта қалды. Кенесарының қолы мен Орман манап әскерлері арасында айтып болмас айқас басталды. Әлден уақытта Кенесарыны ұстаңдар деген қырғыздардың даусы шықты. Мен де хан әскерлерінің ішінде жүргенмін, мына құлағыммен естідім, білезік арқан тастаңдар деген айқай шықты. Бұл кезде біздің қатарымыз сиреп қалған еді. Орман манаптың әскерлері Кенесарыға бірнеше білезік арқанды лақтырды да, ақыры соның біреуі дәл түсіп, Кенесарыны ат үстінен сүйреп әкетті.

Таң алдына Наурызбай да сиреп қалған әскерімен жетті. Біреулер оған ағасының тұтқынға түсіп қалғанын хабарлапты. Наурызбай көзсіз батыр еді. Таң алдында қырғыздарға қарай шапқан. Орман манаптың үлкен қолы да оны күтіп тұр екен. Оған да тұзақ тастап, тұтқындап алыпты.

Басшысы жоқ әскерде күш-қайрат болмай ма, есіміз шығып кеткендей болды. Күн шыға қалған әскерлер қайыра айқасқа шығып еді. Орыстар от қаруымен қайта атуды бастады. Енді соғысу емес, аман қалуды ойладық. Сай-саланы паналап, әркім өзі камымен кетті. Біраз адамдар Орман манап әскерімен араласып кетіп, жанын сақтады. Орман манаптың әскерлері енді бізден ешкандай қайран жоқ екенін біліп, Пішпек жаққа шегініп кетті.

Енді Ағыбай бастаған әскер басшылары Кенесары мен Наурызбайды құтқарудың жолын ойластырып, жеңілгенімізді мойындап, Орман манапқа адамдар жібердік. Ондағы ойлары ханды қайтарып алмақ еді. Ағыбай бастаған әскер басшылары келіссөзге қырғыздарға адам жіберді. Солардың арасында ол кезде жас кезім, мен де бардым.

Қырғыздар арасында бізді жақтайтын адамдар бар еді. Соларға келдік. Солармен бірігіп, Орман манапқа кісі жібердік. Ол өзі келмеді. Қасында жүрген адамдардың біреуін жіберіпті. Олар айтқан: «Ағайынды екеуіне де оқ тиген екен, екеуі де сол арада қайтыс болды». Біз оған сене қоймадық. Ақыры болмаған соң айттық, олай болса сүйегін беріңдер дедік.

Олар ертең бүрсікүнімен соза берді. Олардың мұнысы қулық екенін түсіндік. Ақыры бізге сыбыс хабар келді. Қенесары да, Наурызбай да тірі екен деген сөз жетті. Қырғыздар бір мәмілеге келер деген оймен жата бердік. Арада біраз уақыт өткен соң, Кенесарының басын кесіп, орыстарға бергені туралы сөз жетті. Оған да сене қоймадық. Оның басын орыстарға қалай береді. Бұның арты үлкен жанжал болатынын олар да, біз де түсініп отыр едік.

Артынша Орман манаптың адамдары түн ішінде Кенесары мен Наурызбайдың қашып кеткені туралы сөз шығарды. Бұған да сене қоймадық. Олар қашып кетсе, бізбен неге хабарласпайды? Содан жата бердік. Бізге орыстар да, қырғыздар да тиіседі. Тағы біраз уақыт өткеннен кейін тағы бір жаманат хабар жетті. Орыстар жолай Кенесары мен інісін ұстап алып, басын кесіп алыпты деген суық хабар…

Арада біраз уақыт өтті. Енді екеуінің де тірі еместігіне көзіміз әбден жеткендей болды. Бір ай өткенде қазақтардың соңына орыстар шам алып түсіп алды. Ана жерде, мына жерде қазақтарды өлтіріп кетіпті деген сөздер шығып жатты. Маған да жан керек, ұлы жүз қазақтарының ішінен таныс тауып, солардың арасына барып бас сауғаладым. Содан әйтеуір, тірі қалдым. Шапыраштының қызына үйлендім. Содан осы күнге жеттім.

Шоң отырып ойлаған еді, орыстар қырғыздарды қорқытып, Кенесарыны өлтірткен болды ғой. Кенесары туралы әңгіме болғанда, сонау жылдары орыстар айтқан, сендердің хандарыңды өлтірген өздеріңнің туыстарың дейтін. Бұл екі елді шатастыру амалы екенін Шоң енді анық түсінгендей болды. Қазір мына адамның айтқанынан кейін Шоң сөз бастап кеткен еді:

– Орыстар мен қырғыздар ғана емес, мына таулар да Кенесарының жауы болған тәрізді. Алдында орыстар Сарыарқаның кең жазығында Кенесарымен қанша соғысты. Бірінде де орыстар жеңіске толық жете алмады. Сарыарқаның кең даласында жүргенде мүмкін жеңе алмай кетуі де мүмкін еді-ау. Ол кең далада жүріп соғысудың айла-тәсілін біліп алған. Кең даладан кетуі Кенесарының үлкен қателігі, – деп Шоң өзінше қорытынды жасады.

Бұлар Кенесары жауынгерлерінің сүйегі қалған жерлерге құран оқып, құдайы жасап отырғанда бір топ қырғыздар келді. Бұлар қазақтармен көршілес отырған құдандалы қырғыздар екен. Дос көңілді қырғыздар болып шықты. Біреуі тұрып сөз бастады.

– Сіздердің алыстан келгендеріңізді естіп жатырмыз. Не айтамыз, аруақтардың жатқан жері жайлы болсын. Біздін ауылға жүріп қонақ болыңыздар, – деді.

– Мынаның айтып тұрған сөзін қара, қазақтың соңғы ханын өлтіреді де, енді келіп қонақ бол дейді. Бармаймыз, – деді бір болыс.

– Сіздер не айтып отырсыздар? Қазір Кенесарыны өлтірген Орман манаптың өзі де жоқ. Оның да сүйегі қурап қалған шығар. Қазақтар мен қырғыз арасындағы туысқандық, достықты ешкім жоққа шығара алмайды. Біз достық пейілдегі адамдармыз. Сондықтан келіп отырмыз. – Қырғыздарды бастап келген адамның сөзі еді бұл.

– Сендер қатыспасаңдар, аталарың қатысқан, – деді тағы да бір болыс отырып.

– Болар іс болды. Енді оны түзете алмаймыз. Қырғыз ешқашан қазаққа қарсы бармайды. Бұл орыстардың айдауымен амалсыздан болған соғыс, – деді Шоң.

Шоңның бұл сөзінде шындық жатқанын сезгендей болды жұрт. Бірақ ана орыстардың басшысы біліп қалса пәле бола ма деп қорқып тұр еді болыстар. Соған орай сөйледі Шоң:

– Біздер орысқа біржола тәуелді болған халықпыз. Ал сіздер әлі толық бағынған жоқсыздар. Біздің бір дастархан басына отыруымыз, сіздерге де пайдалы емес, ертеңгі күні орыстар біліп қалса пәле жасайды. Осы келгендеріңізге рахмет. Біз бара алмаймыз, – деді.

– Бізге орыстар өшігіп енді не істейді? Жүріңдер біздің ауылға… Сол арада Арқа қазақтары екіге жарылып кетті. Бірі барайық десе, екінші топ бармайық дейді.

Шоң қасына еріп келген казак-орыспен, татармен ақылдасқан. Шоң оларға ретін келтіріп айтқан.

– Мына қырғыздар ертең біз кеткен соң көрші отырған қазақтарға өшігіп алады. Малдарын ұрлайды. Содан кейін бұл жақтың қазақтарынан да бізге өкпе-реніш туады. Сондықтан барғанымыз дұрыс болатын шығар, – деді.

Күн сайын жылқыларды ұрлап жүргендер арасында осыларға да күдіктері бар еді олардың. Содан кейін бұларды ашындырудың жөні жоқ екенін білген олар да. Ақыры татар аудармашы мен казак-орыс екеуі оңашаланып отырып ақылдасқан. Шоңдардың айтқанымен келіскен еді. Әлгі сөз олардың да көңілдеріне қонған тәрізді. Арқа қазақтары қырғыздар аулына барған еді. Олар естері қалмай, жақсылап қарсы алды.

Алдында барып қонақтарды шақырған адам айтып келген болатын аулына: «Араларында бір Шоң есімді адам бар екен. Сол қырғыз ғой деймін. Айтқан сөздерінің бәрі шоң. Қазақтан ондай адам шығатынына күдік келтіремін. Көп білетін тәрізді. Қасындағы екі орыспен әңгімелесіп, біраз шаруаны сол реттеп берді. Сөздің жөнін келтіре айтатын адам екен. Өзі орысшаға ағып тұр».

Қонақтар келіп дастархан басына жайғасқан соң ауыл үлкені сөз қозғады.

– Араларыңда Шоң дейтін адам бар екен. Осы уақытқа дейін қазақтардың арасынан ондай есімді естіген жоқ едік. Қазақтардың ішіне сіңісіп кеткен қырғыз емес пе?

– Ол айтып отырған қырғызыңыз мен боламын. Үш қайнаса қырғызға сорпам қосылмайды. Мен қазақ боламын. Бірақ мен сіздерден қашпаймын. Қаза берсек, арғы тегіміз бір халықпыз ғой. Неге қашамын?!

– Ендеше, неге бармаймын деп айтасыңдар алғашқыда. Шақырған қонаққа келмеуге бола ма екен. Қонақтан қашу қазақтың да, қырғыздың да дәстүрінде жоқ. Осы дастархан қырғыз бен қазақтарға сан рет жайылған. Орман манап пен Кенесары қанша соғысқанымен, дастарханымыз бөлінуге тиісті емес.

– Ағасы, дұрыс айтасыз, біз сіздердің ертеңгі жағдайларыңызды ойлап айтып отырмыз ғой. Біз ертең кетеміз, кейін Кенесарының туысқандарын қонақ еттіңдер деп, сіздерге орыстар маза бермей жүрсе қайтесіздер?

– Біз орыстан қорықпаймыз, қазақтан қорқамыз…

Осы жерде бір сөзді айтудың жөні келіп қалды. Шоң сол арада айтып салған.

– Қорықсаңыздар, қазақтың ханын өлтірмес едіңіздер…

– Ешбір қырғыз Кенесарыны жауға балаған жоқ. Орман манап қой, орыстардан қорқып жасаған оны…

– Ол біреу, сіздер көпсіздер. Үлкендеріңіз айтпай ма, қазақ туыс халық, олармен соғыспайық деп, Орман манапқа?

– Айтқанда, сіздердің хандарыңыз болды ма, айтқаныма көнбесеңдер өлтіремін, қырамын-жоямынға басты ғой. Сол сөзі өзіне жау болды. Ол соны жасап тұрғанда қырғыздар не істеуі керек еді?

Шоң көзі көрмесе де естіген, артынан ермеген Орта жүз қазақтарының өзін Кенесары қорқытып, ермегендердің малдарын тартып әкеткенін білетін. Шоң ойланып қалды, «қазақтарға жасаған қысастығын қырғыздарға жасамақшы болған екен ғой». Сәл үнсіз отырып барып Шоң:

– Бұл сөзіңізде шындық жатыр. Кенесары да, Орман манап та бір ауызды болмаған соң сондай күйге жетті. Қазақ та талай жерде содан таяқ жеп жүр. Осы отырған қазақтар алдында сіздер қанша кінәлі болып отырсаңдар да кешірім сұраймыз. Біздің ханымыздың әлгі жіберген қателігі үшін…

– Бауырым, Шоң десе шоң екенсің. Болар іс болды, бояуы сіңген шаруа ғой. Бәрі де кеш. Бірақ әлгі сөзің үшін біз де Кенесары өлімі үшін кешірім сұраймыз.

Мына сөзден кейін екі жақ та жеңілденіп қалғандай болды. Дәу табақ ет келді. Жылқының, қойдың еттері аралас екен. Әлгі сөйлеп отырған адам басты алып Шоңның алдына қойды. Шоң айтты:

– Бұл дастархан басында жасы менен де үлкен ақсақал отыр. Мына басты сол ұстасын! – Шапыраштардың аулынан алып келген төре шалының алдына қойды. Ол басты ұстамай койды.

– Шоң бауырым, екі халықты татуластыратын сөз айтып отырсың. Үлкендікте тұрған ештеңе жоқ. Әр нәрсенің өзінің жолы бар. Алыстан келдің. Сен ұста, – деп шал басты өзіне қарай сырғытып қойды. Ана алыстағы ауылдан сүйретіліп келген шалға Шоң риза еді, қайтсе де төре шалына басты ұстатқысы келіп отыр еді. Өзі аяғымен жүре алмайды. Бүкіл қазақ Шапыраштардың ішінен суырылып шығып, барамын дегеніне риза еді. Осы арада басты ұстамауға бір сылтау керек болды. Содан кейін айтқан:

– Менің әлі әкем тірі. Мен басты ұстамаймын. Орта жүзде сондай тәртіп бар…

– Әкең қандай бақытты адам. Сендей баласы бар, – деді қырғыздың бір шалы отырып. – Әкең әлі де сенің қызығыңды көре берсін! —деді де, әлгі шал басты төре шалдың алдына қойды. Бір үйден соң бір үй шақырып, ақыры қырғыздар қоймаған соң Шоң бір үйден басты ұстауына тура келді.

Көрші жатқан қырғыздар ауылы естіп одан да адамдар келген еді. Амалсыздан онда да барды. Орта жүз адамдарының келуі бір үлкен тойға айналып кеткендей еді. Ақыры қазақтардың қасында еріп жүрген казак-орыс реніш білдірді. Бұл бітпейтін не қылған қонақтаулар. Біздің генерал іздеп жатқан болуы керек, қайтамыз деді. Шоң оның айтқан сөзін қырғыздарға аударып беріп отырып:

– Біз орыстарға тәуелді болып қалған адамдармыз. Сондықтан мыналардың айтқанын жасаймыз. Басқа амал жоқ. Әйтпесе, сіздердің көңілдеріңіздің бізге қаншалықты адал екенін жақсы түсіндік. Соған ризамыз.

– Шырағым, сол сіздер кешкен жағдайды біз де өткелі отырмыз. Орыстар қазаққа жүргізген билікті қырғызға да жүргізетін сияқты. Оған сәл уақыт керек.

– Мына сөзіңде шындық бар. Орыстан ешқайда барып құтыла алмаймыз. Ең дұрысы, ауыз бірлігі жойылмасын. Қазақ пен қырғыз соны түсінсін, – деді Шоң.

– Мына сөзден артық сөз жоқ, бауырым. Әр уақыттта жақсы күйде кездесіп жүрейік, – деді кырғыздың үлкен ақсақалы.

Қырғыздар өзара ақылдаса келіп әрқайсысына бір-бір ат, бір-бірден айып шапанын кигізбек болды. Бұл туралы айтқанда, Шоң оған келісе қоймады.

– Көңілдеріңізге рахмет! Біз айып-шапан алайық деп келген жоқпыз. Ертеңгі күні онымызды естісе Арқада жатқан қазақтар жанжал шығарады. Біз ешнәрсе де алмаймыз. Қазақтардың қаны тамған жерге құран оқуға келдік. Екіншіден, Сіздер Кенесарының құнын ешқандай айып-шапанмен төлей алмайсыздар. Ол – хан. Оның құнына бүкіл қырғыздың байлығы жетпейді. Өйткені, үш жүздің адамдары оны хан етіп сайлады. Оған әуре болмаңыздар. Мына отырған киіз үй қазақтың да, қырғыздың да бас қосатын ортақ жері болсын. Әр уақытта осының ішінде туысқандық көңілмен бас қоса берейік. – Шоңның шын көңілден айтқан сөзіне ешқайсысы ештеңе дей алмады.

– Бауырым, дұрыс айтасың. Пәлен ғасырдан бері қазақ пен қырғыз осының ішінде бас қосып келеді. Алдағы уақытта да ұрпақтарымыз осының ішінде бас қоса берсін!

Казак-орыс асықтырып отыр еді. Бір топ қырғыз Шапыраштар аулының іргесіне дейін шығарып салды. Ауылға жақындағанда айтқан:

– Біз ауылға кірмейміз. Олардың өкпесі бізге деген әлі жазылған жоқ. Мен білемін, кешегі соғыста бұлардың да туысқандары өлген. Бірнеше адамдар екі жақтан да ұзатылған қыздарын қайтып алған.

Шоң тұрып айтқан:

– Өлген адамдар өлді. Енді олар қайтып келмейді. Өткенді ұмыту керек. Бірталай заман өтті, халық жаңара бастады. Екі халық арасындағы ағайыншылықты жоғалтпау үшін сіздерді татуластырып кеткіміз келіп тұр. Сіздер де бізді сонау жерден шығарып салып келдіңіздер. Үй іргесіне келіп тұрып, енді мына Шапыраштарға да көңілдеріңізді білдіріп кетіңіздер. Жараның орны қалғанымен, ол да бітуге тиісті. Бірге келіп тұрып, қайтып кеткендеріңізді естісе өкпелейді. Ауылға кіріңіздер, – деді Шоң. Оның мына сөзінен кейін олар амалсыз ауылға кірген еді. Шапыраштар да соны тілеп отырған болуы керек, қуана қарсы алды. Қонақтар үшін киіз үйлер тігіліп, малдар сойылып, Шапыраштардың тәуірлері жиналып, тойлап жатты.

Казак-орысқа бұл жағдай ұнамады. Ертеңіне айтқан болатын Шоңға:

– Біз генералға айтып барамыз, ол сізге бір шара қолданады. Өйткені, бәрін жасап жүрген сенсің! Бұл қырғыздар да орыстардың жылқысын ұрлаған ұрыларды жасырып жүр. Бұлардың біздің алдымызда кінәсі бар. Амандық болса, онысын естеріне түсіреміз.

Шоң оның бұл сөзінің мәнін түсінді. Сендерге жасағанды бұларға да жасаймыз дегенді меңзеп тұр еді. Казак-орыс ашық айтпады. Шоң казак-орыстың ренжіп отырғанын жиналғандарға жеткізген еді. Төре шалдың баласы шыдай алмай казак-орысқа тиісті:

– Сен не жылқыны айтып отырсың? Ұрласа қазақтың жылқысы ғой. Сен Ресейден не алып келіп едің?

Татар аудармашы казак-орысқа аударып берген болатын. Ол қатты ашуланды, төре жігітіне қолындағы мылтығын кезене қалды. Атып тастайтын түрі бар.

Көп болып зорға қойғызған еді. Бір қырғыз тұрып айтқан:

– Мынаның күш көрсетуін қарашы!

Мына сөз казак-орыстың ашуын келтіргендей:

– Сендер мыналардан мықты емессіңдер. Бұларға жасағанды біраз уақыттан кейін сендерге де жасаймыз. Арттарыңды қысып, жай отырыңдар! – деді казак-орыс.

Шоң оның сөзінің мәнін түсінді. Қырғыздарды да түгел жаулап алу үшін дайындалып жатқанын білді. Шоңнын айтар сөзі бар еді. Бірақ айта алмады. Мықтының сөзі әр уақытта қисық болса да жөн болатынын біліп отырған. Шоң сол арада қолын жайып бата жасады. Содан Арқа қазақтары жүріп кеткен еді.

Колпаковскийдің кеңсесіне келді. Кайтар алдында ол Орта жүз болыстарын жинап алып тағы әңгімелескен еді. Колпаковский:

– Сіздер анау батыс Алатауының қырғыздарына бекер бардыңдар. Олар сіздердің хандарыңызды өлтірді ғой.

Шоң мына сөзде шағыстыру бар екенін сезді де, айтқан болатын:

– Бұл олардың жіберген үлкен қателігі, оны өздері де мойындап отыр. Бұл екі халықтың төскейде малы, төсекте бастары қосылған. Сіздер міне, енді келіп қалдыңыздар, менің сіздерге айтарым, екі халықтың арасына кіре бермеңдер. Одан сізде де, біздер де, қырғыздар да пайда көрмейді. Екі халықтың тату тұруын насихаттаңдар!

Колпаковский мына сөзге ойланып қалды. Бірақ қолдап, не қарсы ештеңе айтпады. Бұларды қырғыздармен жолығуға жібергеніне өкінді. Екі қырғыз елдері арасында қандай достық барын енді түсінді. Орыс саясатына келтірген үлкен зиян болмаса болды екен деп ойлады генерал. Бірақ үндеген жоқ.

Содан кетпекші болып отырған Арқа қазақтарына бір-бір үлкен қалта апорт тапсырды. Бір болыс отырып сұрады:

– Мынасы несі?

– Бұл бізге тартқан орыстардың сыйлығы ғой, – деді Шоң.

– Далада өсіп тұрған алма тартқан сыйлық бола ма?

– Әркім өз білгенін жасайды…

Мыналардың арасында бір дау болып кеткенін генерал сезді де, Шоңнан сұрады. Ол әлгі болыстың айтқанын айтпады, басқаша сөйледі:

– Құрметті Герасим Алексеевич, бұл жасаған сиыңызға рахмет! Мен мына болыстың айтып отырған сөзін айтайын, бұлар бір қиындықты сезініп отыр. Байлардан жүйрік ат жинау қиын. Әр болысқа жүз аттан жинап беру дегеніңіз қиындау іс. Соны тағы да азайтуды сұрап отыр.

Колпаковский Шоңнан аты-жөнін қайта сұрап алды да:

– Шоң Телқозинович, бұл талапты сіздерге қойып отырған губернатор да, мен де емеспін, патша тілегі. Оған сіздер де, біз де қарсы болмауымыз керек. Мен сіздің сөзіңізді түсініп отырмын. Алайда, енді бір ат та қысқарта алмаймын. Анау генерал-губернатор құлағына жетсе, ұят болады.

Шоң бұдан артық илікпейтінін біліп қойған еді. Бұдан кейін тағы да Албандар да қонаққа шақырып еді, Колпаковский жібермеді. Шапыраштар аулына жібергеніне өкініп, олардың Кенесары соғысқан жерге жібергеніне өзіне өзі ренжіп отыр еді генерал. Шоң ана казак-орыстың бәрін жеткізгенін біліп отырған.

Сол күні аялдатқан жоқ. Қайтарып жіберді. Колпаковский бұлармен бірге біраз казак-орыстарды қосып жіберген еді. Әр болыстың жанына бес казак-орыстан ерді. Шоң қасына да бесеуі еріп келді.

5,99 ₽
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 октября 2021
Объем:
560 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785005549495
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают