Читать книгу: «Ел Шоңы. Бесінді. III кітап», страница 2

Шрифт:

– Ана орыстар отырған жер бұрын кімнің жері болған?

– Ол жер де, бұл жер де менің жеті атамнан келе жатқан жайлауым еді. Осы екі ара алыс емес, бірақ мына ара жазда да суықтау болады. Орыстар келді де сол жерге қоныстанып алды. Мені осылай қарай сырғытты. Жаз айларында бұл аралар малға таптырмайтын жер. Шөбі қалың болып өседі. Маса жоқ. Ал менің төменде, орыстардың ар жағында қыстауым бар. Жаз ортасы болмай, ыстықтан барлық шөбі күйіп кетеді. Малды көбейтемін деген ойыммен сол орыстар отырған жерге қыста да отыра беретін едім, орыс-казак келді де ол қонысымды алып қойды. Қазір Алатау қойнауындағы барлық тәуір жерді солар алып жатыр. Осы маңайдың рулары жайлаудан да, шабындықтан да тапшылық көріп отыр. Орысша білетін көрінесің. Ана бастықтарына біз туралы дұрыстап айтсайшы.

– Медеке, олар менің тілімді алмайды. Ол жерді алғызып отырған патша. Оның саясатына ешкім қарсы келе алмайды. Біздің жақта да өзен бойларындағы тәуір жерлердің бәрін орыстар алып жатыр.

– Бұл араға үлкен бекініс саламыз, сіздерді Қытайдан қорғаймыз дейді. Осы жерде тұрғалы талай шүршіт келіп, сауда жасап жүр. Бірі қоныстанған жоқ. Ал мына орыстар келіп қоныстанып алды. Өздерін қазакпыз дейді. Не тілі, не діні келмейді. Қандай қазақ екенін білмеймін.

– Олардың үш қайнаса біздің қазаққа сорпасы қосылмайды. Қазақ емес, бұларды өзің біліп отырсың, казак-орыс дейді. Олар ол сөзді саясатпен айтып жүр ғой. – Содан Шоң қазак-орыс жайына бұларға да біраз әңгіме айтып берген еді.

– Сонда бұларға не жасауға болады, – деп сұрады Медеу.

Шоң жерін алып қойғанға Медеудің қатты қамығып отырғанын білді. Мына адамға айтар сөзі жоқтай көрінген еді. Сонда да бірдеңе айту керек екенін түсініп, өзінің әдеттегі, көп айтатын, заман сөзінен басады:

– Заман бір қалыпта тұрмайды. Әуелде казіргі Қырғыз, Қаракалпақ, Татар, Түрікмен, Ұйғыр, Қазақ бір кезде үлкен ел болдық. Ел басқарушылардың ақылсыздығынан бөлініп кеттік. Қараңызшы, кеше қазақтың сыңарындай болып отырған өзбектер Қасым төренің екі баласы Есенкелді мен Саржанды өлтірді. Ауыз бірлігі болмағандықтан, халыққа ел билеген адамдары өз ойларына келгенін жасайды. Әрқайсысы өз алдына ел болып кетті. Ал мына орыстар казактарды өздеріне үйіріп алды. Бұл казактарда неше түрлі ұлттардың қаны бар. Қазір бәрі де өздерін казак-орыспыз деді. Міне, орыс патшасының саясатының күштілігі осындай. Біз бөлініп жатқанда, бұлар жат жұртты да өздеріне қосып алды. Келешек не болады? Кім білген… – Шоң елдегі адамдарға айтатын сөзін бұларға да айтқан. – Шамаларыңыз келсе, елу-алпыс үйден үлкен ауыл болып отырыңыздар.

Міне, біз дүниенің жартысын жаулап алған қыпшақ елінен, мосының үш бұтындай болып үш жүз қалып едік. Орыс келіп оларды да бөле бастады. Әбілқайыр өз алдына хан болып кетті. Ана патша әйел Абылай ханды орта жүздің ғана ханы болсын деді. Енді орыстар Ұлы жүздің жеріне казак-орыстарды көшіріп әкеліп жатыр. Бұл алысқа кеткен жоспар, алысқа кеткен саясат. Ошақтың үш бұтының біреуі сынса не болар еді. Ол ошақ болмас еді. Алайда, өкініп, уайымдай берудің қажеті жоқ. Әр уақытта сол үшеуінің амандығын ойлайық. Егер олар сол достығын, бауырмалдығын сақтаса түбінде қазақ билікті өз қолына алады. Екі жүз жыл қазақпен соғысқан ана қалмақтар да жоғалды ғой. Бір елдің екіншісіне жасаған иттігі жай кетпейді. Бәрін Құдай көріп отыр. Бұлар да жазасын алар. Әзірге айтарым осы. Біздің қолдан келетін басқа түк жоқ. Әзірге солардың дегенін жасау керек. Тек ру аралық байланыстың бұзылмауын, дінді сақтай білу керек. Қазақтын негізгі күші осы екеуінде жатыр әзірге. – Шоң отырғандарды орыстардың ісі жайлы біраз жағдайдан хабардар етті. Мына адамның білгірлігіне үй иесі Медеу де, басқалар да таң қалғандай болып отыр.

Бұл уақытта түннің біразы өткен еді. Содан жатар кез болды. Медеу айтқан:

– Бұл жердің түні суық, киіз үйдің ішіне жатыңыздар, – деді Медеу.

Мына сөзден қорқып, қонақтар киіз үй ішіне кірген еді. Шоң айтқан Медеуге:

– Медеу бөле, мен далаға жатқым келіп тұр. Төсекті сыртқа салып берсеңдер маған.

Шоң үй иесінің қанша айтқанына болмай, тысқа жатқан еді. Әлден уақытта ай қорғалап, таудың ар жағына ай батты. Шоңның ұйқысы келмей жатыр, неше түрлі ойларға берілген… Табиғаттың мына әдемілігіне қызығып жатыр. Ауасы да бөлек екен. Ілуде-шалуда ауыра беретін басы да бұл түні сыр берген жоқ. Мұның бәрі табиғаттың әсері екенін Шоң біліп жатыр.

Түннің көп уақыты өткенде Шоңның көзі ілініп кеткен екен. Кенет оянып кеткен еді. Маңайды бір қараңғылық бүркеп тұр. Аспанға қарады. Бұл жақтың жұлдыздары Арқанікінен әлдеқайда көп, әрі үлкендей көрінді оған. Содан кейін аспандағы жұлдыздарға, түн жамылған айналаға қызықтай қарап, қайта төсегіне жатқан. Шоң ертеңгісін өзінің әдеттегі уақытында тұрмай, ұйықтап қалған. Қонақтар да, ауылдың адамдары да ерте тұрып кеткен еді. Кешегі әңгімесінен кейін Шоңға үй иесінің көңілі тіптен түсіп қалған. Шоңды оятпаған. Ұйқысы қансын деп ойлаған еді. Бұл кезде күн көтеріліп, тура Шоңның маңдайын ыстық сәуле қыздырды. Соны сезіп Шоң басын көтеріп алды. Қасына келген Медеуге айтты:

– Бөле, өмірімде бұлай жақсылап ұйықтаған жоқ шығармын. – Расында, Шоңның өзді өзі болып көптен бері рахаттанып ұйықтағаны осы болды. Айтып тұрғаны шындық еді. Бүгін керемет өзін жақсы сезініп тұр.

Бәрі таңертеңгі асқа отырды. Бұлардың неге шақырғанын түсінбей отырған бір болыс:

– Баяғыда қалмақтар қазақтарды Қытайға сатып байыды деуші еді. Бізге де орыстар соны жасағысы келіп отырған жоқ па?

– Бұлардын неге шақырғанын біліп отырмын, – деді Медеу. – Бұлар біздің жақтағы ыңғай жүйрікті алып еді, сіздерге де соны жасағалы отырған шығар. Анау қасына еріп келген адамдарды генерал-губернатор неге шақырып алды дейсіңдер. Оларға ат керек. Басқа дүниелердің бәрі өздерінде бар.

– Онда бізді мұнда әкелмей-ақ ала бермей ме? – деді бір болыс отырып.

– Сіздер білмейсіздер, баяғыда бұлар Орта жүздің қазақтарынан жүйріктер аламыз деп, екі жақ қырылып қала жаздаған. Керемет айқай-шу болды. Көп қазақтар орыстардың сондай қылығы үшін кейін Кенесарыға қосылып кетті ғой. Сол жағдай оларға сабақ болған тәрізді. Енді бізден өз еркімізбен алғысы келіп отырған сияқты, – деді Шоң.

– Сонда жүйрікті қайтеді? – деді Арқадан келген болыс.

– Орыстар Қытайдан сендерді қорғаймыз деп бізден де алды. Бәрі жалған. Бізді шырылдатып тартып алған аттарымызды осында бұларға ерегіскен өзбек, ана Кенесарынын баласы Сыздық бар ғой, солар тау арасынан келіп түнде айдап әкетіп жатыр. Қанша соңынан түссе де ұстай алмай жүр. Мылтықтары бар көрінеді. Адамдары да көп дейді олардың. Бұлар жүздеген адамды күзетке қойды. Қарсыласса ебін тауып қырып жатыр. Бұлардан ұрлаған жылқыларда шек жоқ. Ар жағындағы Ауғандарға, Арабтарға, Парсыларға апарып сатады дейді. Кім білген? Орыстар қанша дұзақ құрса да, түсіре алмай қойды. Түн қарасында келіп, айдап әкететін көрінеді. Әлгі казактарының көпшілігі атсыз қалды. Сондықтан сіздерден жүйрік ат сұрамақшы болып отыр ғой деймін.

– Мекеңнің айтқанында шындық бар, – деді Шоң.

– Біз онда бермеуіміз керек екен, – деді бір болыс.

– Бермесек, баяғыдай тартып алады. Оның бізге пайдасы жоқ. Орыстармен жанжалдасып жүргенше, өз еркімізбен берген дұрыс, – деді Шоң.

Қазақтардың өздеріне аттарын жинатып бергізіп, орыстар өздері сырт қалғысы келіп отырғанын сезді Шоң. Бұл бір зәлім саясат екенін түсінген еді ол да. Таңертеңгі астарын ішіп бола бергенде кешегі орыс жетіп келді. Қасында татар жоқ. Ол айтты Шоңға: «Сіздің орысша білетініңізді біліп, ол мылжыңды ертпедім. Сіздерді генерал-губернатор тосып отыр». Кеше қолдан санағандай етіп жіберген қазақтардың біразы жоқ екенін біліп:

– Олар қайда? – деді казак.

Шоң қулық жасаған. «Олар бұл үйге симай, басқа ауылға қонуға кетті». Әлгі әскери адам сенерін, не сенбесін білмей тұрып, ақыры сенген. Орыс болыстарды асықтыра бастады. Әңгіме қабының аузы ашылса бар дүниені ұмытып кететін қазақтардың мінезін білетін Шоң генерал-губернатор күтіп отырса жүрейік деді. Бұлардың сөзін үнсіз тыңдап отырған казак-орыс айтты:

– Расында, тезірек жүрейік. Генерал-губернатор Санкт-Петербургке жүруге асығып отыр.

Бәрі орнынан тұрған. Казак-орыс айтты: «Қазір мен барып ана кетіп қалған киргиздарды айдап әкелемін. Сендер осы жерде күте тұрыңдар. Орысша білетін киргиз, менімен бірге жүресің» – деді.

Мына казак-орыстың қазақ жеріне келіп күш көрсетіп тұрғанына Шоңның ызасы келді, алайда, оған қарсы айтар сөзі жоқ еді. Өйткені күш, билік соның қолында болып тұр. Сонысын көрсетіп тұрғанын білді. Содан кейін айтқан:

– Олар өздері келеді. Бармай-ақ қой, біз жүре берейік, – деді. Мына сөзден кейін казак-орыс ойланып қалды.

Сол екі ортада Темеш бастаған қазақтар жетіп келді. Жетектерінде бір-бір күміс ертоқымды аттары бар. Казак-орыс аттарды көріп, бұлар жүйрік пе де сұрады. Бәрі үшін Шоң жауап берді:

– Киргиздар жылқының жүйріктігіне қарамайды, ала береді. Алыстан келген қонақтарға жүйріктіне қарамай, ат мінгізеді. Бізде сондай тәртіп бар. Жергілікті тұрғындар соны бұзғысы келмей, жасап отыр.

Шоң сөзіне қосып Медеу айтқан, сендер барлық жүйрікті жинап алдыңдар. Бізде қандай жүйрік болады. Өзіміздің мініп жүруімізге де жүйрік қалдырмадыңдар. Шоң Медеу сөзін аударып берген. Содан кейін казак-орыс тұрып:

– Олай болса бізге ер-тоқымдарын беріңдер, – деді. Бұлар амалсыздан айтқанын жасаған еді. Казак-орыс аттардың үстіндегі барлық ертоқымадарды түсіріп алып, генелар-губернатор алдына баратын адамдардың аттарының артына байлатқан еді. Содан кейін Албандар берген аттарды Медеу үйінде қалдырып жүріп кеткен.

Бұлар келгенде есік алдында топталып Колпаковский, Түркістан генерал-губернаторы тұр екен. Үш ат тройка жегіліп қойыпты. Кауфман сөз бастады:

– Мына таудың ар жағында Қытайлар тұрады. – Алатау жақты сілтеген еді. Патша солардан сіздерді қорғау үшін осында сонау Волга бойынан біраз казактарды көшіріп әкелді. Оларға жетіспей тұрғаны – жүйрік аттар. Сіздерге бір тілек, өз болыстарыңнан, маңайларыңдағы болыстардан соларға жүйрік аттар жинап беріңіздер. Бұл казактардың ғана емес, ІІІ Александр императордың тілегі.

Содан кейін Шоң сұраған еді.

– Сонда қанша ат сұрап отыр казактар? – Шоң білетін, кейбір казактар орыс деген сөзді қосып айтқанды ұнатпайтын. Сондықтан жеке казактар атын ғана атады.

– Ол жағын Колпаковскиймен ақылдасып шешіңіздер, – деді генерал-губернатор. Осымен сөзін бітірген еді. Одан кейін Карбышев сөйледі:

– Бұл тапсырма сендерге ғана беріліп отырған жоқ. Біздің оязға қарайтын барлық болыстарға беріліп отыр. Мен Колпаковский мырзаға уезде қанша болыс барының санын бердім. Қай болыстан қанша жылқы жинайтынын өздерің білесіңдер. Жалпы, санын Герасим Алексеевичтің өзі айтады. Мен біздің Омбыдағы генерал-губернатордан рұқсат аламын. Қазір Кауфман мырзамен Санкт-Петербургке жүріп бара жатырмын. Сіздер патша тапсырмасын екі етпей орындайды ғой деп ойлаймын. Қанша жылқы керегін Герасим Алексеевич айтады. – Бұл сөзді екінші рет қайталап айтқан, сіздер соны толық жинап беруге басшылық жасайсыздар. Оны орындамағандармен мен келген соң әңгіме басқаша болады. Генерал-губернатор да сіздерге сенім көрсетіп отыр. – Бұл сөздің бәрін Карбышев қазақша айтқан болатын. Сөзінің соңында Колпаковскийге арнағандай етіп айтқан, – Герасим Алексеевич, мына болыстарға өз тілінде бәрін түсіндіріп айттым. Сіздің айтқаныңызды орындайды, – деді.

Шоң Карбышевтің мұнысы қулық екенін, барлық жауапкершілікті болыстарға артып қойып, өзі сырт қалуды ойлап отырғанын білді. Ояз Шоңды оңаша шығарып алып айтқан: «Менің Санкт-Петербургке кеткенімді Қалимашқа жеткіз. Балалардың жағдайын білуге кетті де. Сен кейінге созбай еліңе келісімен, барып айт. Мына генерал-губернатор Кауфман патша алдында беделі бар адам. Менің бір шаруама көмектесетін шығар. Мен ол жайында жолай жақсылап айтамын. Сендер мені де, өздеріңді де ұятқа қалдырмаңдар. Ана қасыңдағы болыстарға жақсылап айт. Тапсырманы орындамаса, арты жақсы болмайды».

Генерал-губератордан кейін пәуескеге мінді. Кауфман имиіп келген арық кісі екен. Бірталайға келіп қалған адам екені жүзінен көрініп тұр. Кәрілікті мойындап қалғанын Шоң сезіп тұр. Сірә, патшаға жақын немістердің бірі болар деп жорыған еді. Өйткені, патша маңайында отырған немістер көп екенін Шоң тарихтан жақсы білетін. Соңғы кезде немістердің кадірі түсе бастаған еді. Орыстардың ұлтшылдары мен еврейлер бой көрсете бастаған. Соған қарамастан, бұл адамды генерал Черняевтің орнына генерал-губернатор етіп қойып отыр. Сірә, патша алдында беделі әлі де бар адам болар деп бағалап, Шоң іштей өзінше қорытынды шығарды.

Шоң білетін, Карбышевтың арманы Мәскеу түбіндегі әкесінің қонысына барып тұру, болмаса осы жылы жаққа ауысу болатын. І Петр патшаның тұсында атасы көзіне түсіп, Мәскеу түбінен қоныс берген еді. Әкесі Иванды Санкт-Петербургтегі Сенат алаңындағы офицерлердің көтерілісіне қатысқаны үшін Сібірге қуған екен. Енді бұл жақта қазақ жерін жаулап алуда жақсы істерімен көзге түсіп, кейін есаул болып, Ақмола бекетінің бастығы болғанын бірде Шоңға Карбышевтің өзі айтқан. Енді сол әкелерінен қалған қонысты алу жоспары болатын. Сол ойын жүзеге асыру үшін Санкт-Петербургке жүріп бара жатқанын білді Шоң. Аса жауапты, даулы мәселені өздеріне тастап кетіп бара жатқанын ұнатпады. Қарсы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бар айтқаны оязға, «жол болсын» деді. Олар жүріп кеткен соң Колпаковский сөз бастады.

– Әлгі кісілердің сөзіне қосып айтарым, бұл сіздерге императордың берген тапсырмасы. Екі генерал-губернатордың тілегі бойынша сіздерді осында шақыртып алдық. Бір жағы сіздерге серуен болсын дедік. Екіншіден, бізге жүйрік аттар жетіспей жатыр. Соны ІІІ Александрдың тілегі бойынша сіздер бересіздер. Осында келген әр болыстың, Карбышевтің мәлім етуі бойынша, маңайындағы болыстардан жүз елуден жүйрік аттар жинап беретінін айтты ол кісі.

Шоң Карбышевтің әлгінде жылқы санын айтпай кетуі қулығы екенін және білді. Мына казактардың көзінше дау жасағысы келмегенін білді. Мына генералдың аузынан естісін деп әдейі жасап кеткенін түсінді. Бір болыс тұрып айтқан:

– Басқа уездерден неге жинамайды?

– Сіздер асықпаңыздар, олардан да жиналады, әуелі сіздер бастап, басқаларға үлгі көрсетіңіздер. Қажет болса, басқа уездерден де жинаймыз, -деді Колпаковский.

Шоң ақылға сала келіп, бұл айтып тұрған жүйріктердің тым көп екенін білді. Бұл арада бірден айту керек екенін түсінген еді ол. Байлар айқай-шусыз бермейтінін іші сезіп тұрған. Содан кейін мына үлкен бастықтардың алдында ойын айтып қалғысы келді.

– Біз, киргиздар патша мен сіздердің айтқандарыңызды орындаймыз, орындауға тырысамыз. Бірақ әр болыстың мойнына жүктеп отырған жүз елу жүйрік дегеніңіз тым көп. Қазақтар жүйрік аттарын қасында жатқан әйелдерінен жақсы көреді. Мұның арты айқай-шуға айналып кете ме деп қорқамыз. Сонау отызыншы жылдың орта кезінде киргиздардан күштеп жинаған. Сонда үлкен жанжал болған. Орыстардан да, киргиздар жағынан да көп адамдар өлген. Егер мынаны азайтпасаңыздар, аяғы сондай болып кетуі мүмкін. Ол үшін ат санын азайту керек.

Колпаковский де мына сөзден қорқып қалған болуы керек:

– Сонда қаншадан болсын дейсіздер?

– Елу аттан болса дұрыс болар еді. Сонда ең жүйрігін таңдап берер едік.

– Олай болмайды. Ендеше жүз аттан кем болмасын!

Шоң түсіне қалды. Осы айтқандарын жасамаса тартып алатынын білді. Мына генералдың елуге келіспейтінін түсінді. Жүз атқа тоқтау үшін әдейі осылай жасап отырғанын, бұдан бір атқа кем түспейтінін сезіп, қасында отырғандарға генерал талабын айтқан еді. Қасындағы болыстардың біреуі Шоңға бұл да әлі көп екенін ескертіп, сол жетпіске тоқтайық деді. Шоң Колпаковскийге айтып еді, ол оған келіспеді.

Шоң айтқан, «сұраған жылқыларын бермесек, әскер шығарып тартып алады, одан ешқандай абырой алмайтынымызды өздерің білесіздер». Содан кейін болыстар сөзді қойған.

Бұлар ақылдасып болғаннан кейін Колпаковсий:

– Сіздер бірнеше күн осы жақта қонақ боласыздар. Қанша жатсаңдар да өздерің білесіздер. Баратын жерге менің аудармашым мен мына казак алып барады деп, кешеден бері қастарында жүрген екеуін көрсеткен. Осыны айтты да, тағы да аттар туралы сөз туындап кете ме деп қорыққан болуы керек, генерал ішке кіріп кетті. Содан кейін бұлар генерал айтқан жерге жүріп кетті. Келе жатқанда Шоң казак-орыстан сұрады:

– Біз сонда қайда бара жатырмыз? – деді.

Казак-орыстың бара жатқан ауыл атауына тілі келмей қалды да:

– Сергей, біздің бара жатқан аулымыздың аты қалай еді?

– Ол мына оңтүстік жақтағы Шапыраштылардың ауылы. Сонда бірнеше күн болып серуендейсіздер. Сендер оларды білмейсіңдер?

– Неге білмейміз, мен ол ауылда болғам жоқ, рас, бірақ ру атын білемін. Біз Медеу аулында біраз адаммен танысып едік, сонда барсақ қайтеді, – деді Шоң әлгі татарға.

– Онда да генерал рұқсат етсе кейін барасыздар. Колпаковский мына Шапыраштар болысымен бұрын шақырып алып келісіп, тапсырып қойған. Олар дайындалып отыр. Біздің оны бұзуға хақымыз жоқ, – деді ол.

Түс ауа Шапыраштылар аулына келді. Шоңның бір байқағаны, бұл жақтың қазақтары Арқа қазақтары тәрізді емес, ауыл арасы жақын екен. Күні бұрын айтып қойған соң олар алыстан келген қонақтарды қазақ тәртібімен қарсы алуға дайындалып жатыр екен, қазандар қайнап, күбілер пісіліп жатыр.

Күн де жақсы еді. Жауын жоқ, бір тамаша күн болатын. Дастархан сыртта, киіз үй қасында жасалды. Қазақтардың ежелгі әдеті бойынша қонақтар да, қарсы алушылар да сөзге беріліп кетті. Арқаның қай руларынан екенін сұрап жатты. Қарға тамырлы қазақ қой, бұл жақтан да туыстар табылып жатты. Талай әңгіменің беті қайрылды.

Шоң отырып әңгіме төркінін Кенесарыға ауыстырды. Елде жүргенде естіген: Ұлы жүздің рулары толық қолдамай, Кенесарының қырғыздардан жеңілуінің бір сыры сонда жатқанын қайтып келгендердің аузынан естіген еді. Шоң Кенесары туралы сөз қозғағаны сол еді, болыс отырып ренжи сөйледі:

– Ол туралы айтпаңыздар. Орыс бастықтары естісе, пәле қылады!

Оның сөзін қостағандай етіп бір би:

– Ол Абылай тұқымының бізге жасамағаны жоқ. Осында малдарымызға дейін тартып алды. Оған қалай көмектесеміз?!

Шоң Арқа қазақтарына жасағанын бұларға да жасаған екен ғой деп ойлады. Әңгіме өз көңілдегісіндей жақсы әңгіме болмайтынын түсініп, содан кейін тақырыпты басқаға ауыстырып кетпекші болып еді, Арқадан келген бір болыс:

– Біз сонау жақтан келдік. Ағаларымыздың, туысқандардың жатқан жерін көріп, топырағынан алып, құлшылық етуге болмай ма?

Шоң болыстың сөзін қостағандай етіп, ауылдың бір кәрі биіне арнап сөйледі:

– Ағасы, оның бізге де жасағаны аз емес. Көп ауылдың малдарын айдап әкетіп, талайдың шаңырағын ортасына түсірген. Талай адам өлді. Оның басты мақсаты орыстарды ортамызға жібермеу еді. Жалпы, біздің мақсатымыз бір еді, қазақтың өз алдына ел болуын ойлады ғой ол. Бір де біріміз негізгі мақсатты түсінбей қалдық. Содан кейін әлгіндей жайға ұшырадық.

– Бауырым, бұл айтқаның дұрыс қой. Бірақ құстың екі қанатының біріндей болып отырған қырғыздардан алыстап кеттік. Сол Кенесары соғысының кесірінен талай қырғыздар бізге берген қыздарын алып кетті. Екі халық арасында араздық салып кетті.

– Сіздер қырғыздарға жақын отырсыздар. Араға түсіп екі жаққа делдал болмайсыздар ма? Ағайын-туыс болып отырдық дейсіздер. Қырғыздарға орыстан қазақ жақын. Соны естеріне салмадыңдар ма? Бұл арада екі жақтан да қателік бар, соны ұмытпаңыз. Соның ақыры соғысқа алып барды қырғыздармен. Енді сол орыстарды жақтап, олардың жерінде орыстар бекет салып жатқан көрінеді. Біз киген қамытты олар да киеді, – деді Шоң.

Оны түсінетін де, түсінбейтін де бар қырғыздар арасында, бізге қазақтан гөрі орыс дұрыс деп жүрген қырғыздар сөзін естіп едік, солар соғыстың ашылуына себепкер болды деді жергілікті би отырып.

– Оның нәтижесін кейін көреді. Орыс ешқашан қазақтың да, қырғыздың да ел болып отырғанын қаламайды.

Бұл әңгіме Шапыраштылардың болыс, билерімен оңаша болған еді. Бұл әңгімені орыс та, татар да естімеген еді. Олар алып келген арақтарын ішіп алып, етке тойып ұйықтап жатқан. Шоң отырып сұрады:

– Қазір қалай, қырғыздармен тату тұрасыздар ма? – Бұл сөздің ар жағында жасырын ой жатыр еді. Олардың не дейтінін білгісі келді. Бір Шапырашты айтқан:

– Онда жұмысың болмасын. Бәрін бүлдірген сендер. Сондай елге жақсылығы жоқ адамды хан сайлай ма екен?

– Ағасы, кателесіп отырсыз. Кенесарыны хан сайлағанда бір ғана Орта жүз емес, Ұлы, Кіші жүздің де өкілдері болған. Ендеше, кінә сіздерден де бар.

– Біз оларды білмейміз. Бізбен ақылдаспай барған олар.

– Ағасы, сіз бүкіл үш жүз үшін жауап бере алмайсыз. Кенесарыны Ұлытау баурайында үш жүздің өкілдері ақ киізге салып хан көтерген, енді оны еске алып, бірімізді біріміз кінәламайық.

Бұлардың сөзін тыңдап отырған, жас шамасы Шоңнан да кіші Шапыраштардың бір болысы отырып айтқан: «Бізден де талай батырлар қатысып, Кенесарының қылығына шыдай алмай, Сыпатай бастаған батырлар сырт беріп кетті ғой. Әкем осы туралы айтып отыратын. Оны қалай түсінуге болады?»

Бұл туралы Арқаға қайтып келген адамдардың аузынан Шоң естіген еді. Шоң көзі көрмесе де, мына сөзде бір айтылмаған шындық жатқанын білді. Кенесарының Орта жүз қазақтарына жасағанын бұлар да естігенін түсініп отыр еді. Сол ардада Арқадан келген бір болыс отырып:

– Біздің ойымыз соғыста өлген Орта жүз ағайындарымызға құран оқу ғана. Кенесары шаруасында жұмысымыз жоқ. Оған дауласпайық, Құдай жолымен құран оқып, сүйектері жатқан жерді көріп қайтпақ ниетіміз ғана бар. Сіздер соны түсініңіздер.

– Сіздерді сол туысқандарыңыздың сүйегі қалған жерге татар мен казак-орыс жібере қоймас. Біздер олардан асып бара алмаймыз. Бұлар ерегіссе қазір әскер шақырып алып, сіздерді тұтқындайды.

Шоң мына болыстың сөзінде шындық жатқанын білді. Етке, қымызға, араққа тойып алып ұйықтап жатқан татарды оятып алып айтқан, сен анау серігіңді үгітте, біз сендерге ақша берейік. Кенесары соғысқан жерге барып қайтайық.

Ақша деген соң ол ойланып, иіле қалғандай. Досын оятып, әлгі казакқа жеткізген еді. Ол ойбай салды: «Ертең Колпаковский білсе, екеумізді де, мына киргиздармен қосып түрмеге жабады». Мына сөзді естіген кейбір болыстар та қорқып кетті. Сөздері бітіп қалғандай болды. Әлгі казак-орыс отырып:

– Сендерді түгел Сібірге айдау керек екен… – деді.

Мына сөзіне Шоң ыза болып айтқан: «Оны патша да жасай алмаған. Сен өзің не айтып отырсың?»

– Сендерді патша аяп қалдырған. Әйтпесе, түгел киргиздарды Сібірге айдатып жіберетін еді. Мен сендерге рұқсат бермеймін. Олай болса, Колпаковскийден барып өздерің рұқсат алыңдар.

Осында келген әрбір тоғыз болыстың әрқайсысының басына жүз жүйріктен артып отыр. Сол Шоңға бір сенім бергендей еді. Ендеше, қазір генералға барамыз деген оған. Казак-орыс бұған қарсы келе алмады. Келіскендей ыңғай танытқан. Мына жақтан татар отырып:

– Ол конакратты қайтесіңдер! Әне, баласы да конакрат болып жүр.

– Сен кисық сөйлеп отырсың. Қанша конакрат болса да, оның соңына үш жүз мың адам ерген, біздің жақтан да көп адам болған. Біз Кенесары үшін емес, туысқандарымыздың қандары төгілген жерге барып құран оқып қайтуымыз керек.

Татар казакпен ақылдасты да жиналып отырғандарға айтқан татарша:

– Бізде ондай билік жоқ. Генералмен ақылдасыңдар. Сол не айтса, сол болады.

Ертеңіне қасында екі болыс бар Шоң Колпаковскийдің кеңсесіне жүріп кетті. Шоңдардың қасына тілмаш татар мен орыс-казактар бірге ерген еді. Шоң Шапыраштар аулында қалған болыстарға айтқан: «Егер бізді тұтқындаса, сендер қашып кетіңдер. Сонда генерал ойланады».

Қасында татар мен казак бар, Шоңдар Колпаковскийдің кеңсесіне келді. Оларды кеңсеге кіргізбеді.

– Қазір мен ертіп шығамын, – деп кеткен татар тілмаш. Содан көп кешікті. Бұлар аттан түсіп есік алдында ұзақ отырды.

Шоң терезеге қарап отырған. Бір-екі рет терезенің ар жағынан генералдың бейнесін көріп қалды. Мынасынан Колпаковскийдін толғаныста жүргенін Шоң сезді. Генералмен жолығуға келген болыстардың енді сөздері өзгере бастады. «Біз осыны бекер жасадық. Айтқандарын жасап, біраз қонақ болып кетуіміз керек еді. Хан тұқымында не ақымыз бар? Ана төрелер іздеп алсын!»

Шоңның бұған қарсы айтар сөзі бар еді, сіздер төрелер үшін емес, анау туған жерден алыста қалған туысқандардың басына құран оқуға келіп отырсыздар демекші болды. Бірақ бұл туралы айтпады. Оны өздері де біліп отыр. Содан үнсіз отыра берді.

Генералдың осынша сыртқа шықпай кешігуінен, Шоңның іші бір нәрсені сезгендей болып еді. Шығатынына енді күдік келтіре бастаған. Ана Шапыраштыларға мазақ болғандарын енді білді. Қасында отырған екі болыстың «жүр, кетейік» дегеніне болмай, генерал шықпаса ертеңге дейін отырамыз деді. Түбінде генералдың шығатынына сенімді еді, бұлардан талап етіп отырған жылқылар үшін-ақ шығатынына көзі жеткендей болып отыр. Бұлар бір ойға тоқтай алмай отырғанда, генерал ақыры шықты. Кешігіп шығуына қарағанда татар, казак-орыстан бар жағдайды естіп, бір ұйғарымға келіп шыққанын білді. Сөзді генералдың өзі бастап, ол жақтан не аласыңдар деп сұрады. Шоң кулықпен сөйледі:

– Біздің Арқа жақтан көп киргиздар Кенесары мен киргиздардың соғысына қатысты. Халық дәстүрі бойынша сол жерге барып, олар өлген жерге құран оқып қайту біздің жақтың киргиздарының тәртібінде бар. Біз осы жаққа жүрерде Арқадағы киргиздар осыны тапсырып жіберген. Оны жасамақ ренжиді. Кейбір туысқандары өлген байлар ат бермей қоюы да мүмкін.

Шоңның мына сөзіне әлі де мән бермегендей, генерал басқаша сөйледі:

– Содан бері қанша заман өтті. Бұдан көп бұрын өлген адамның басына барып құран оқудың қажеті қанша? – Шоң генералдың мына сөзінен жақтырмай тұрғанын сезді.

– Жүздеген жылдар өтсе де өлген адамдардың сүйегі жатқан жерге барып құран оқу біздің салтымызда бар. Біз Кенесары үшін емес, сол соғыста өлген Орта жүз қазақтарының жатқан жеріне барып дұға оқуымыз керек, онсыз болмайды…

Генерал тұрып айтқан: «Қазақтар демеңіз, қиргиздар деңіз».

Шоң бірден түсіне қалды. Өздерінің қазақтар сөзін жақтырмай тұрғанын алғақшы кездесуден-ақ білген Шоң.

– Кешірерсіз, киргиздар десеңіз солай-ақ болсын. Біз өз жағымызда жүріп, аузымыз қазақ сөзіне үйреніп қалыпты. Содан кейін айтып отырмын. Олай болса, заң шығарыңыздар, – деді Шоң.

Қандай заң болса да бұл алдауды орыстардың қойғыза алмайтынын Шоң біліп тұр еді.

– Саспаңдар, ол заң да болады.

– Біз аузымыз үйреніп қалғаннан соң айтып отырмыз, – деді Шоң.

Генерал бұл сөзге сенгендей. Ашуы сәл басылғандай. Оның да ойланып тұрғаны шын еді, ертеңгі күні жүйрік алуға барғанда ренжіп келсе, бұл болыстар айтқанымды орындамай, сөздерінде тұрмауы мүмкін. Түкке тұрмайтын бұлардың тілегін орындамаса мына сауатты киргиз жоғары жаққа жазып, ана патша маңындағылар ренжитінін білді. Содан кейін бұлардың сөзін мақұлдағандай етіп сөйледі.

– Олай болса болады, – деді де қасында тұрған орыс-казак пен татар тілмашына, – сендер де бірге барасыңдар, – деді. Ана киргиздармен бұл киргиздар тіл табысып кете ме деп ойлап, қорқып тұрған генерал. Бұл өзінше сақтығы еді.

Шоңның ойы оларды апармау еді. Ақыл айтып, істеріне араласып отыратынын біліп алған. Бірақ оған генерал көнбейтін түр көрсетті. Содан кейін қарсы сөз айтқан жоқ. Бәрі қайыра әлгі Шапыраштылар аулына келді. Келе жатқанда Шоң орыстан сұрады:

– Генерал орыс па, казак па?

– Герасим Алексеевич – казак. Бізді басқаруға орыстардың шамасы келмейді.

Шоңның ендеше орыстарға неге бағынып отырсыздар деп айтқысы келіп еді, бірақ оның арты үлкен әңгіме болатынын біліп үндемей қалды. Шапыраштар орыстардың бастығы бұларға рұқсат бермейді деп отырған өздерінше. Енді басқаша сөйледі, ашығын айтқан:

– Біз сан ғасырдан бері қырғыздармен құдандалы, туыс болып келе жатқан адамдармыз. Біздер сіздердің бұларыңызды қаламаймыз. Бармай-ақ қойыңыздар. Олардың ашуының үстіне ашу қосасыңдар, – деді Шапыраштардың үлкені.

– Біз олармен жанжал шығарып, дауласуға бара жатқанымыз жоқ. Керісінше, сіз бен оларды жақындастырып кетеміз, – деді Шоң.

Ел ақсақалы бұл сөзге сенерін, не сенбесін білмеді. Содан кейін айтқан:

– Біз бармаймыз, өздерің барып қайтыңдар.

Болыс та әлгі ақсақалдың сөзін қостағандай етіп сөйледі. Бірақ бірнеше қой тегін берген. «Біз осы жақта қалатын адамдармыз, бізге ана орыстар маза бермейді. Сіздермен бара алмаймыз» – деп ашық айтқан.

Шоңдар соғыстың болған жерін білмейтін. Содан кейін казак пен татар тілмашынан сұрап еді, олар да шыны ма, әлде өтірігі ме, білмейміз деді. Шоң енді сасайын деді. Генералға барғандардың талабының бәрі босқа кеткендей болды. Содан Кенесары соғысы болған жерді көрсететін адам табылмай тұрғанда, бұлар келгенде сөзге қатысып отырған жігіт айтқан:

– Ешкім көрсетпесе көрсетпесін, менің әкем көрсетеді, – деді.

– Әй, төре, сен жайыңа отыр. Бұлар ертең кететін адам, сен қаласың! -деді болыс.

– Мен айдатып жіберсеңдер де көрсетпеймін, білмеймін. Әкем біледі. – Шоңдарды ауылдың шетіне таман тұрған үйге ертіп апарды. Төр алдында тоқсаннан асқан адам жатыр. Баласы үйге кірген соң оның құлағына аузын жақындатып дауыстап айтқан еді.

Ол басын көтерді де, ақырын аяғын басып орнынан тұрды. Қасына келген Шоңды құшақтай алды. Жылап жіберді. Арқаның қазағын көретін күн де болады екен-ау… Біраз жылап алып дұрыс сөзге көшті.

– Сендер Арқаның қай жерінен боласыңдар.

– Ақмола дуанынан боламыз!

– Арқаның адамын да көретін күн болады екен-ау… – Қайыра көз жасын төгіп жіберді.

– Біз сізді әдейі іздеп келдік. – Шоң қулана сөйледі.

– Амандық, неге тұрсың? Мына туысқандарыңа мал сой.

– Мал сойылады ғой. Мына адам асығып отырмыз дейді, – деді баласы.

– Неге асығады? Арқаның қазақтары менен бір бас жеп кетуі керек қой.

– Бас та жерміз. Ең алдымен Кенесары соғысқан жерге барып, сол арада өлген Арқа қазақтарына құран бағыштау ойымыз бар еді.

– Ендеше апарамын, – деді. Шал есікке қарай беттеді. Әлі адам жүргенде теңселіп кетті. Шоң оның әбден қартайып болғанын білді. Апаратынына күдіктенді. Содан кейін Шоң айтқан:

– Сіз шаршап тұр екенсіз. Басқа апаратын біреуді айтыңызшы?

– Шырағым, менімен бірге соғысқа қатысқан адамдардың көбі өліп қалды. Тірі қалғандары Арқа жаққа қайтып кеткен. Ол жерге барып қайтуға шамам жетеді. Ат арбаларың бар ма?

– Ат арба табылады. – Шал сырт киімін киіп тысқа шыққан. Есік алдында тұрған арбаға жайғасты. Шоң одан сұраған еді.

– Ұмытып қалған жоқсыз ба?

Ат-арбаның божысын ұстаған баласына:

– Кекілік тауын бетке алып тарт, – деді. Баласы әкесі айтқан жаққа қарай аттың басын бұрып жүре бергенде Шапыраштылардың үлкен шалы жігітке:

– Амандық, бұлар ертеңгі күні кетеді. Сен осында қаласың, байқа! – деп, болыс сөзін қайталағандай етіп айтқан.

Бұл сөздің артында сыр бар еді, Колпаковский татар тілмашқа ол жаққа шамаларың келсе жібермеңдер деген. Ол болысқа жеткізген. Әлгі адамның айтып тұрғаны содан еді.

– Сіз үйтіп мені қорқытпаңыз. Онда осылармен бірге кетемін. Әкем көптен бері туысқандарының басына барып құран оқимын деп жүр еді, жақсы болды, – деді баласы. Шапыраштының шалының сөзін тыңдамай жүріп кетті.

5,99 ₽
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 октября 2021
Объем:
560 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785005549495
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают