Читать книгу: «Қарт кісінің құпиясы», страница 4

Шрифт:

Бір күні күнделікті əдетіме басып тал түсте жетіп келдім. Қарасам, сым көтерген екі солдат Татюшамның үйіне емін – еркін кіріп – шығып жүр. Қаным басыма шауып, ақырып ішке кірдім. «Не боп қалды?» деп алдымнан күлімдей шыққан Татюшаны шапалақпен бір ұрып мұрттай ұшырдым. Əлгі екі солдат болса тұра қашты. Арадан бес минут өтпей командирім жетіп келді. Даудың қызғаныштан басталғанын біліп тергеу бастады.

– Не болды? – деп Татюшадан сұрады, үн жоқ, менен сұрады, үн жоқ. Еркектің аты еркек қой, қысқа да нұсқа ғып тұрып Татюшаға сөйледі. Саған соңғы рет ескертуім болсын, мына азиаттан басқаға көз салушы болма! – деді де, жөніне кетті. Ал əлгі екеуі болса командирімнің үйіне байланыс телефонын орнатуға келген солдаттар екен. Əбиүір болғанда біздің бөлімшеден емес, басқа бөлімшеден болып, бұл жолы аман қалдым. Осылайша зулап күндер өтіп жатты. Орыстың көзі көк, сары шаш сылқымын құшағыма басып мен жүре бердім. Сөйтіп жүргенде 1952-ші жылдың жазы келді.

Бір күні командирдің «тез жет!» дегеніне үйге асықтым. Жетіп келген мені күліп тұрып екеуі бірдей қарсы алғанына таң қалдым. Стол басына барын қойыпты. Графин толған самогоны тағы бар. Командирім маған самогон кружканы ұсынып тұрып :

– Ал қанекей азиат! Мені құттықтап жібер де, жүз граммды тартып сал, менің Татюшам екіқабат, – демесі бар ма. Аузыма сөз түспей қалды. «Менікі несі?» деп тағы таң қалдым. Ішімді ашу кернеп қызғаныштан жарылуға шақ қалдым. Сенікі емес, менікі деп айтқым келді. Бірақ, сол сəт батылым жетпеді. Үнсіз тұрдым да, кружкадағы самогонды тартып жібердім. Менен тост күткен командирім таң қалғанын байқадым. Мен болсам орнымнан қайта тұрдым да:

– Бала менікі! – деп кесіп айттым. Оған ешкімнің күмəні болмауы керек, – деп тағы қосып қойдым. Сөзге Танюша араласа бастады.

– Сен жап аузыңды! – деп оған ақырдым. Менің мінезімді білетін Танюшамның сол мезетте үні өшті. Ал командирім болса, столға сұлық түсіп отыра кетті. Командирімнің көзінен көзімді алмаған күйі мен де отыра кеттім. Мұны түсінген Танюша күйеуінің басын сипап, жақсы сөздің бəрін айтып жұбата бастады. Оны көріп менің ашуым басқа шапты, екі көзім қанталап кетті. Қызғанышым кеңірдегіме тіреліп орнымнан тұрдым да шығып жүре бердім.....

Сол кеткеннен мол кетіп апта бармай жүрдім. Көңілім құлазып тамаққа тəбетім болмай, өзіммен өзім сенделіп жүрдім де қойдым. Жапанда жалғыз қалған жетімнің күйін кештім. Сол бір апта маған бір жылдай көрінді. Ойлап отырып ұшып тұрдым да жүгіре жөнелдім. Ағаш баспалдақты тасырлатып шықтым да есікті ұра бастадым. Ішкі жақтан жүгіріп келе жатқан Татюшамның аяқ сыбысын естідім. Есікті ашып ішке тартып алды да, мойныма асыла кетті. Сағынып қалыппын, құшағымнан босатқым келмеді. Бұл күні Татюшам толықсып өте сұлуланып кеткен еді. Қиыла күлімдеп қараған көздерін айтсайшы. Көк көз, сары шашты, ұзын бойлы осы келіншекке қараған үстіне қарай бергім келді. Командир шақырып жатыр дегенге жетіп келдім де, бұрынғы əдетіме басып есік қақпай кіріп бардым. «Солдат шық!» деп саңқ ете қалды. Есіктен шығып отыра кеттім. Ойым жан – жаққа кетіп, мазам қаша бастады. Менің командирімнің шені майор, ал анау отырған еңгезердей орыс полковник əрі киімдері де басқаша. Жан алғыш жендетке ұқсайды. Осы командирімді құртса екен деп таяз ойға баттым. Алайда командирім кетсе, өзімнің ешкімге қажетсіз боп қалатынымды білмеген едім. Осылай өз ойыммен өзім арпалысып отырғанда есік ашылып, полковник шықты соңынан командирім ілесе шықты. Екеуі төмен қарай түсе бастады. Кенет əлгі полковник тоқтап маған қарай мойын бұрып тесіле қарады. Не деген көзі өткір еді! Басымды төмен түсіріп, қаттым да қалдым. Тыныштықты командирім бұзды:

– Машинаны от алдыр да алып кел, біз жол жүреміз, Татюшаны госпитальға алып кетті. Мен сонда барып келемін, – деді. Машинамды əкеп, кілтін ұстата салдым. Алаңдама, бəрі жақсы, толғағы ұстап сонда кетті, аман – сау келген соң, екеуміз жеке сөйлесеміз, – деп жүріп кетті де, бізден жүз метрдей əрі де тұрған полковниктің жанына барып тоқтады. Қуанышым қойныма сыймай мен қала бердім. Осылайша өз ойыммен өзім арпалысып тұрып бір қарасам машинам көзден ұзап бара жатты. Күн санап жүрдім. Тоғыз күн дегенде Татюшам торсықтай ұлмен оралыпты. Бірақ командирім: саған баруға болмайды жанында осы бөлімшедегі фельдшер қыз бар, сол қыз кеткенше жолама деп қатаң ескертті. Мұны естіп мен сорлыны тағы да ой басты. «Маған көрсеткісі келмейді, əдейі жасап отыр, бұлар менен қашқалы жүр» деген арам ойлар миыма ұялап алды. Бала менікі басқасында шаруам жоқ қалай болғанда да мен баруым керек деп талай оқталдым. Бірақ батылым жетпеді. Оның үстіне бөлімшедегі фельдшер қыз да көрінбейді. Мүмкін рас болар сонда шығар деп ойладым. Осылайша тағы апта өтті.

Бұл 1952-ші жылдың желтоқсаны болатын. Командирдің шақыртуымен қайта келдім. Мен кіргеннен «Бауыржан деген кім, білесің бе?» деп сұрады. «Білмеймін» деп жауап бердім де, «Ол кім?» деп өзінен қайта сұрадым. «Ол əскери адам, ол батыр, ол азиат, ол да сен сияқты қазақ» деп жауап берді. Сол кезде мен Бауыржан Момышұлы дегенді мүлдем танымаушы едім. Тіпті естіп те көрмеген едім. «Сонымен, баланың аты кім болмақ?» деп қайта сұрады. Аузыма түскені Бауыржан боп, «Бауыржан болсын» деп айта салдым. «Жарайды, сен үшін Бауыржан болсын. Ал, мына мен үшін Алексей болат. Демек, Лёша» деді.

Возрастное ограничение:
18+
Дата выхода на Литрес:
22 января 2022
Дата написания:
2021
Объем:
17 стр. 1 иллюстрация
Правообладатель:
Автор
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают