Читать книгу: «Қарт кісінің құпиясы», страница 5

Шрифт:

– Ол қалай, – деп таң қалып, – сіз өзіңіз Алексей емессіз бе? – деп сұрадым.

– Менің айтқаным талқыға салынбайды солдат, түсіндің ба мені, сен үшін Бауыржан, мен үшін Алексей бітті! – деп бір қайырды.

– Ертең фельдшер кетеді. Содан осындағы үш – төрт қызметтесім барады, сонан соң Татюшаның жағдайына қараймын. Бəрі жақсы болса ғана сен барасың. Оған дейін аяқ басушы болма. Ал, енді боссың, – деді.

Сол күндердегі кешкен азабым əлі көз алдымда тұр. Осылайша өз баламды өзім көруге зарығып тағы да біраз жүрдім. Тіпті, жаңа жыл кіріп, басқалар тойлап жатты. Мен болсам, өз баламды бір көруге зар болып, жапанда жалғыз қалғандай жылап жүрдім…

Ұнжырғам түсіп, көңілсіз жүргеніме бір айдың жүзі боп қалғанда «Командир шақырып жатыр» деген хабар алып тұра жүгірдім. Столдың үстінде тұрған вещмешокты көріп қуанышым қойныма сыймай кетті.

– Мынаны ал да үйге апар, əрі Бауырджанчикті көріп қайтарсың. Мен бара алмаймын, бүгін бөлімшеде кезекшімін – деді. Жүрегім аузыма тығылып, вещмешогымды арқалап ұша жөнелдім. Əдеттегідей күлімсіреп қарсы алған Татюшамның бетінен шөп еткізім бір сүйдім де, құндақтаулы жатқан баламның бетіне үңілдім. Туылғанына бір ай болған бел балам болса томпиып ұйқыны сойып əлемнен бейхабар жатыр. Жалма – жан құндақтан шеше бастадым. Астапыралла! Қап – қара қалың шаш, қалың қас, аузымнан түскендей, өзімнен аумай қалыпты. Қолға алғанға аяқ – қолы тырбаңдап, тілін шығарып, жұтқыншақтап барып əрең дегенде көзін ашты. Көзі көк, аққұба келген осы бала, менің балам еді.

Осылайша ойда жоқта əке атандым. Балам болса күн сайын түрлі қылық шығарып сүйсіндіріп өсе берді.

Бір күні командирім шақырып алып « Азиат, мұнда өсек аяң басталды. Енді сен көп баруыңды доғар. Барсаң да менімен бірге барасың, бірге келесің. Болмаса іс насырға шабуы мүмкін» деп ескертті. Көнбеске амалым қалмады. Бала бел бойынша менікі, құжат бойынша онікі боп шарасыз күй кештім. Қызық осыдан соң басталды. Бірге барамыз, бір бала бір қатын, екі әке. Баланы ол ұстаса мен, мен ұстасам, ол қызғанатынды шығардық. Көзі көк сары бас сылқым жайына қалып, аңдығанымыз бір бала болды. Мен «Баука» деп еркелетсем командирім «Лёшка» дейтінді шығарды. Дегенмен менің үстемдігім сонда, апта да бір – екі кейде үш түн Татюшаның құшағында түнеп шығатынмын. Бұл əрине командирім бөлімшеде кезекші болуына байланысты болды. Осылайша қызықты күндер өтіп көктем келді. Бір күні Мəскеуден суық хабар тарап, қызыл байрақ құлап, орыс біткенге аза тұттырып, Сталин дүниеден озды. Қайғырған қара халықты көрмесем де, бөлімшемдегі əскерилердің дерлік бəрі де көңілсіз жүрді. Бұл қаза тіпті менің Татюшама да ауыр тиіп, еңсесі түсіп есеңгіреп жүрді. Командирім де бұрынғыдай жүзі жарқын сұлу жігіт емес, солғын тартқан белін бүккіштеп еңкейе түскен. Бел омыртқаға қадалған темір сынығы шіріп, гангренаға айналған кезі еді. Арадан бір ай өтер – өтпес командирім соғысқа қайта аттанып, мен қала бердім. (Соғыс болғанда соғыс емес, Латвия аумағында КСРО-ға қарсы партизандық топтар болған).

Ақымақ басым-ай «Сол соғыстан аман қайтпаса екен» деп тілеген күндерім де болды. Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді деген ғой. Менің командирім бұл соғыстан да жеңіспен оралды. Алайда, екі жыл соғыстан, оқыста жарылған минадан, онан кейінгі КСРО-ға қарсы партизандармен болған соғыстан аман қалған командирім, сол кездегі саясаттың құрбаны болды. Сталин өліп орнына Хрущев келді. Араға үш ай салып Сталиннің тұсында басшы болғандар қудалауға түсіп түрмеге тоғытылып жатты. Біздің бөлімшеден де командиріммен қоса екі бірдей офицер қара тізімге ілінді.....

Тез жет, деген хабармен жетіп келдім. Орнынан əрең қозғалған командирім құшақтап тұрып амандасты. Көзіне үйірілген жасты сүртіп тұрып:

– Мен алысқа кетіп бара жатқан сияқтымын. Ал енді Татюша сенің қолыңда. Егер ертең – ақ бұйрық шығып елге оралар болсаң, ала кеткейсің. Бала сенің балаң, ұмытпа! Мүмкіндігің болса, Татюшамды жылатпағайсың – деп еңіреп жылап жіберді. Осы сөзден кейін менің өмірімнің астан – кестеңі шықты. Не дерімді білмей, қызғанышым басым болса да аянышпен қоштасып қала бердім. Командирім сол кетуден қайтып келмеді. Оны мəңгі жоғалтқанымды түсіндім. Ол кеткен соң, мен де өзімнің ешкімге қажетсіз екенімді білдім. Жаңа келген бастыққа керегім болмай, қара жұмысқа айдалдым. Сол аралықта өз ұлымды төрт рет қана көрудің мүмкіндігі болды. Бар болғаны төрт – ақ рет. Бір күні қылмыскердің əйелі деген айыппен, ұлымды қолына алып Татюшам да бір түнде жоқ болып кетті. Жоқ болайын дегені жоқ – ау жоқ қылды. Ал бұрынғы командирімнің үйіне болса жаңа командирім бала – шағасымен кеп жайғасты. Осылайша бас аяғы бір айдың ішінде командирімнен де, ұлымнан да, Татюшамнан да айрылып тындым. Зым – ғайым жоқ болды. Ал маған оларды іздеу тұрмақ, олар жайлы сұраудың өзі қиын болды. Адам дегенді аямайтын қылышынан қан тамған дəуір басымызға қара бұлт үйірді.

Міне сонан бері 45 жыл уақыт өтті. Ұлымнан да, Татюшамнан да хабар жоқ. Не өлі екенін, не тірі екенін білмеймін. Жасым жетпіске таяп қалды. Арманым біреу ғана сол ұлымды бір көру балам, деп қарт кісі көзінің жасын сүртіп сөзін аяқтады.

Возрастное ограничение:
18+
Дата выхода на Литрес:
22 января 2022
Дата написания:
2021
Объем:
17 стр. 1 иллюстрация
Правообладатель:
Автор
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают