Читать книгу: «Адасқан өмір», страница 4

Шрифт:
 
Бір-бірін жейтін сылтау қалмақ үшін.
 
 
Əділдік, ұлт деген сөз, дін деген сөз
Залымның жем болмауға қармағы үшін.
Істелер мұнан былай менің ісім:
Жұмсалсын сол ниетке барлық күшім!
 
 
Мен ғашықпын көруге əділдікті,
Тегіс қылып көркейген өмір түсін.
Ол өмірде бірде-бір алдау болмас,
Жағынып, арды ақшаға жалдау болмас.
 
 
Ешкімнен достық таппай, қастық көріп.
Бар адамды сайтан деп, қарғау болмас.
Қара күштен жеңіліп, қайғы басып,
Өлгісі кеп, өмірден зарлау болмас.
 
 
Адамдағы жан, қуат, тапқыш, талант,
Гүл шашпай, жеміс бермей қалмау болмас.
Əркімнің қандай іске таланты бар,
Өмірін, күшін соған салмау болмас,
 
 
Жаратылыстан керегін əрбір адам,
Еңбегімен алуға бармау болмас.
Əкіммін, құдайшылмын, əскермін деп,
Еңбексіз еңбекшіні жалмау болмас.
 
 
Көре-біле ақынды жегізбесең,
Бай сені қызметіне алмау болмас.
Аштан өлу, не байға арзан тұру,
Амалсыз бірін соның таңдау болмас.
 
 
Не көрілік, не бір апат келген күні,
Көшеде қайыршы боп сарнау болмас.
Бір тілім нан алуға байды мақтап,
Жалынып, тұс-тұсынан аңдау болмас.
 
 
Дене азыққа тоюдан жан ержетер,
Өмірді бұл күнгідей аңдау болмас.
Жан ержетіп, дүниенің сырын табар,
«Өмірде мақсат жоқ» деп барлау болмас.
Таудай үміт һəм талап орындалар,
Еш еңбек бұл күнгідей жанбау болмас.
Жұмысқа кем көзбенен қарау болмас,
Жұмыс қылу қорлық деп санау болмас.
Жұмысшылық құлға хас, біз мырза деп,
Еңбекшінің еккенін талау болмас,
Мен аз деймін көруге осы өмірді,
Келіңдер, бақ іздеуші, болсаң жолдас.
 
 
Ойласам дүниеде қанша жан бар:
Адам бар, ағаш, шөп бар, мал мен аң бар,
Жанды, жансыз нəрсенің бəрі-дағы
Əр себептің жемісі байқасаңдар.
 
 
Мал болмақ, маймыл болмақ, адам болмақ,
Қасқыр болмақ, құс болып, ұшып қонбақ –
Сол болғандар болмаған өздігінен,
Болғызған еріксіз бір себеп қолдап.
 
 
Адамға бұл себептің көбі мəлім,
Біледі салған сайын мидың əлін.
Себебін біле-біле бір кездерде,
Жаратуға бек мүмкін қолдан бəрін.
 
 
Себепті жарата алар адам қолдан,
(Жері осы хайуандардан артық болған),
Себепті жарата алу арқасында,
Адамзат еңбегінен егін орған.
 
 
Ормаса, өнер, ғалым қайдан шықты,
Бұл күнгі тіршілікке болған қорған.
Себебін білгендіктен буды көлік,
Қалып адам отыр ғой пайда көріп.
Аспанда құстай ұшып, суда жүзіп,
Өмірі бұрынғыдан тапты көрік.
 
 
Себеп жеміс: əділдік, адалдықта,
Себеп жеміс: залымдық, арамдықта.
Бұлай болса, бек мүмкін адамзатты,
Əділ қып, үйір қылмау жамандыққа.
 
 
«Тумыстағы мінезді ешкім жеңбес,
Адамды əділ қылу қолдан келмес.
Түзесе жаратылыс өзі түзер»,
Деген сөзге, сондықтан, көңілім сенбес.
 
 
«Себебін жаратса да, адам адал,
Бола алмайды» деген сөз құлаққа енбес.
Себеп жоқ адам ұлы жаратпайтын,
Жəне де еш нəрсе жоқ себепке ермес.
 
 
Келіңдер, сол себепті жаратуға!
Жаратып ап, өмірге таратуға!
Адам ұлы дүниеге жіберілген,
Себепті бағындырып қаратуға.
 
III
Мен тоқтадым
 
Адамда өмір бар ма қуанатын,
Жазғы шөп күз түскенше қуаратын,
Құрт түсіп кейбіріне көк кезінде,
Мезгілсіз гүл шаша алмай суалатын.
 
 
Кейіне күн, кейіне сусын жетпей,
Жемісі тумай қояр туа алатын.
Өмірді ой жіберіп ойлау деген –
Нəрсе ғой бал орнына у алатын.
 
 
Жар сүю, жұрт мақтарлық атақ табу –
Ақ күннің аз ермегі уанатын.
Екеуінің бірі жоқ əлі менде
Кəрілік келсе, шамам не қуа алатын?
 
 
Не қазам кеп, қалармын ертең өліп,
Қартаймай, жас өлгенді жүрмін көріп.
Қолға түскен лəззатпен пайдаланып,
Аз өмірде жүрген жөн көңіл бөліп, –
 
 
Деп тұрмын аздан бері, мұнан былай,
Басқа ой салса, көрермін тағы Құдай.
Туысында еріксіз жер құрттары,
Жерге кірмей қоймайды жылай-жылай.
 
 
Білемін, əлі күнге адам надан:
Көзі жетпес болуға ертең аман,
Қартаймай жанның көбі көрге кірер,
Надандық білінбей ме осы арадан?!
 
 
Аз өмірде көргені бейнет-қайғы.
Болған соң түзелместей мінез жаман.
Жан иесі жегелі бірін-бірі,
Өлмеу үшін ауызын ашқан заман.
 
 
Дүние – өзен, ағысын кім тоқтатар?
Ағып кете баратын мен бір салам.
Дүниедегі бар қызық күштінікі –
Екенін жасағандық айтты маған.
 
 
«Əділдік», «ар», «адамдық» деген сөздер,
Күшсіздерді алдауға қылған амал.
Қуанбаймын дегенде: «Өзім білмей,
Əйтеуір, бір мақсатқа таман барам».
Анықталған кезінде қуанармын,
Кішіліктен көре алмай тұрса адам.
 
 
Көрінгелі жаралдым өлмек үшін,
Көңілдің тілегінен бермек үшін,
Айтпаймын: «Құдай мені жаратты» деп,
Ойыншық қып сынауға ермегі үшін.
 
 
Туыстағы көңілдің тілектерін,
Жаралған жоқ шығармын жеңбек үшін.
Туыстағы тілекті қаулыменен,
Қуатым жоқ «жеңем» деп сенбек үшін.
 
 
Егер бақ бергісі кеп маған аллам
Мен болсам сопыларша соқыр нанған…
Мешітте құлшылық қып өтер едім,
Түкірер ем лəззатқа, беріп жалған.
 
 
Түпкілікті шын бақыт табу үшін
Құранмен күңірентер ем мешіт ішін.
Масатыдай құлпырған жаз кезінде,
Көрмей-ақ қояр едім жаздың түсін.
 
 
Ақ ауыл, айдын көлден көзді жұмып,
Құйқылжытса, естімей бұлбұл құсын.
Ақ ерке, алтын сəуле көлбеңдесе,
Міз бақпауға жетер ед жəне күшім.
Сыры терең көк жүзі, ай мен күнде
Болса да қарамас ем, қандай пішін.
 
 
Тілден зікір, көңілден пікір түспей,
«Ол» десе өлер едім тамақ ішпей.
Ұжмақта бұл дүниені еске алар ем,
Түнде көрініп, қорқытқан жаман түстей.
 
 
Қанымды жүз бұзатын жамандармен,
Кісі етіне жеріген арамдармен.
Күн үшін жебелеп дос болмас едім,
Ішімнен атқым келген адамдармен.
 
 
Өлер ем, жол бермес ем қара күшке,
Түзуді жықпас үшін теріс іске.
Дер едім: ол дүниеде орным даяр,
 
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
23 января 2017
Объем:
17 стр. 1 иллюстрация
Правообладатель:
Public Domain
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают