Читать книгу: «Адасқан өмір», страница 3

Шрифт:
 
 
 
Соқырлығы, кімде-кім болса солдат:
Жыртқыш қылар аздырып, оларды алдап.
Жыртқыштығы емес пе, «төре айтты» деп,
Көрген жерде бір-бірін қанға малмақ.
 
 
Адамдыққа сыя ма кісі өлтіріп,
Батыр деген ат тауып, медаль алмақ.
Солдаттықтан не пайда солар үшін,
Бейнет көрмек, не өлмек, шаруа қалмақ.
 
 
Кəрі əкесі, шешесі күн көре алмас,
Жас бала, жас қатыны үйде зарлап.
Керек-жарақ бəрі де қымбаттанар,
Соғыстың шығындарын елге салмақ.
 
 
Мұқтаждық халдерінен пайда алуға,
Бір жақтан саудегерлер салар қармақ.
Соғыс болса, жауғандай көктен алтын,
Капиталист, байларға əдейі арнап.
 
 
Бас көтерер еркегі соғыста боп,
Шаруа істелмей, кедейлер мұқтажданбақ.
Көктен жауып тұрғаннан оңай жолмен,
Байларға сол мұқтаждың малы бармақ.
 
 
Дүниеде сонша зиян болар ма еді,
Бар кедей солдаттықтан безсе қарғап.
Тоқтаса не жалданып, не алданып,
«Айт!» десе ит секілді барып жармақ.
Шын дұспаны «солдат бол» деген кісі,
Екенін алыс емес білуге аңдап.
 
 
Жаралмаған екенін қырмақ үшін,
Əкімнің не айтқанын қылмақ үшін,
Ақыл, ой, адамдықтан мүлде безіп,
Бас кесер машина боп тұрмақ үшін.
Байлар мен үкіметке шоқпар болып,
Жүргенін өз-өздерін ұрмақ үшін.
Ұғуы алыс емес солдаттардың,
Екенін менің-дағы сезеді ішім.
Солдат шығу болып жүр халық жаққа,
Бұл-дағы бергендігі бір белгісін.
Мұны ойлап əскерліктен көңілім суып,
Тағы да болман дедім оған жуық.
«Кетсем енді қайтеді, – деп ойладым, –
Жұрт алғыс айта-тұғын істі қуып».
 
***
 
Сыр тапсам дүниеден ашылмаған,
Əлі адамға білініп, шашылмаған,
Тапқан сырым көркейтсе адам өмірін,
Алғыс айтып, кім имес басын маған.
Зерттесе де адамға білмейтін ғып,
Дүние ешбір сырын жасырмаған.
 
 
Дауа тапсам: дене ауру көрмес болса,
Қартайып, тозбай, адам өлмес болса,
Қиынды оңай қылар жолын тапсам,
Жұмыстан адам бейнет көрмес болса.
 
 
Керегін жер анадан оңай алып,
Ертең қайтем деп көңілін бөлмес болса,
Күн бұрын келтірмейтін жолын тапсам,
Шаруаны түрлі апаттар жеңбес болса.
 
 
Мысалы, мал қыратын түрлі аурудан
Себеп тапсам, еш зиян келмес болса.
Суық, ыстық, сусыздық құрбанына
Ешқандай жан иесін бермес болса.
Ашылмаған сыр тауып менің де атым,
Эдиссон, Луи Пастерға теңдес болса.
 
 
Бірақ бүгін ғылымның тапқандары,
Пайдасын көрсеткен жоқ кедейге əлі.
Азусыз қасқырларға азу болып,
Қой халін ауырлатты онан əрі.
 
 
Бұрын көл болса, енді теңіз болды,
Өнердің арқасында адам қаны.
Бұл қалыпта ғылымды пайдалы деп,
Алғыс айтып тұрған жоқ жанның бəрі.
 
 
Бұл қалыпта бере алмас ғылым пайда,
Бере алмаса қарғыс бар, алғыс қайда?
Сен, міне доктор болдың терең оқып,
Нашарға пайда етуге осы жайда.
 
 
Біраздан соң білесің кедей оңбас
Оларға бұл жайында емің қонбас,
Орын, тамақ, киімі жақсы болмай,
Құр дəрімен оларды жазып болмас.
 
 
Өзі кедей «тап» дедің, тапсын қайдан?
Жұмыс сүрап жүргенде анау байдан.
Бұлай болса алатын жалуния1
Кедейге, көпшілікке тиген пайдаң.
 
 
Əр түрлі оқу жұртың бізге мəлім,
Еңбекші салар, асырар қинап жанын.
Пайдасын чиновниктер байлар көрер,
Жылда кедей ол үшін тартса да алым.
Таң қаламын: кедейге оқы дейді,
Оқуға келтірместік қылып халін.
 
 
Атақты чиновниктің баласынан,
Аз көрдім стипендия артылғанын.
Бұлай болса сондағы үйретуші,
Сорысқан боп табылар кедей қанын.
 
 
Пайда етуге агроном болсаң тағы,
Бұл ісің кедейге сор, байдың бағы,
Құр сенің ғылымыңмен түзеле ме,
Саймансыз кедейлердің шаруа жағы!
 
 
Сен «тап» деген сайманды қайдан табар?
Денсаулығы сорлының сенген малы.
Бұлай болса құр текке жалуния алып,
Оларға масыл болып өттің-дағы.
 
***
 
Бұл күнгі бақытсыздық дүние толған,
Нақақ қан, нақақ көз жас дария болған.
Нақақ өмір еркімен ер жете алмай,
Жеміссіз құмға түскен гүлдей солған.
 
 
Ғылым жоқтан дүниені бұлар жайлап,
Отыр ма адамзаттың соры қайнап?
Жер-анада жететін тамақ жоқтан,
Отыр ма адам бірін-бірі шайнап?
 
 
Не жерден тамақ тауып алатындай,
Ғылым жоқтық отыр ма бақты байлап?
Жоқ, жерде тамақ та бар жете-тұғын,
Ғылым да бар алатын оны сайлап.
 
 
Жер сараң, адам надан болғандығы:
Тіпті емес бақсыздыққа тұрған айдап,
Ə, жоқтығы жақындық-əділдіктің
Адамды сорлы қылған бақсыз байлап.
 
 
Сондықтан адам біткен ертең əлі,
Бас иіп, əділдікке келер бəрі.
Надсонның айтқанындай: «Жауыз жолмен,
Жүре алмай дымы құрыр онан əрі.
 
 
Талған күш, ауырған жан, қиналған тəн,
Дертіне жақындықты етер дəрі»,
Əділдік қызметкері болғандарға,
Алғысты сол күнде айтар баршалары.
 
 
Ендеше мен жабысам негізгі іске:
Əділдікіе бар негіз, бақ та, күш те,
Қарғаймын əділдіктен басқа жолды,
Өңім тұрсын, кірмесін түнде түске.
 
 
Ғайсаны адам аузы қарғай алмас,
Өзі өлсе де ауыздан аты қалмас.
Неғұрлым ай мен күндер өткен сайын.
Ғайса тірі, алғыс жоқ оған бармас.
 
 
Қолыма сол Ғайсаның туын алсам,
«Əділдік! Жақындық!» деп айғай салсам.
Атым тірі қалмай ма өлгенмен де,
Ісім сөнбес, мен сөніп, көрге барсам.
 
 
Адамды күн көрістің өзі қосып,
Жақындату əне тұр алдан тосып.
Сондықтан, əділдікті-жақындықты,
Кім жатырқап, бой тартар «жат» деп шошып.
 
 
Сол уақытты тездетуге қылмақ қызмет –
Бақ іздеген адамға парыз – міндет.
Жоғалсын бұл «сенікі, менікілік»,
Осы ғой адамзатты қырған індет.
 
 
Бар адам жерден тамақ алмақ үшін,
Жиылып бірге күшін салмақ үшін,
Бірі еңбек қып, бірі оны жатып жемей,
Теп-тегіс бұл жұмысқа бармақ үшін.
 
 
Кəрі демей, жас демей, күшсіз демей,
Олжадан бірдей пайда алмақ үшін.
Əкіммін, əулиемін, əскермін деп,
 
1.Жалуния (орысша) – еңбекақы.
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
23 января 2017
Объем:
17 стр. 1 иллюстрация
Правообладатель:
Public Domain
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают