Читать книгу: «Төңкеріс. Пьесалар», страница 4

Шрифт:

Асқар. Ә! Иә, иә! (тапаншаны қалтасына салып есікті ашады – Иван келеді) Иван?! Сен не ғып жүрсің түнделетіп?

Иван. Ассаламү ғалайкүм.

Асқар. Уағалайкүм ассалам. Жоғарлат. Кел, отыр мына орындыққа. (өзі басқа орындыққа отырып жігіттің бетіне үңіледі) Саған не болған?

Иван. (Асқардың ұсынған орындығына жайғасып) Иә… Асқар аға, мамам қайтыс болды.

Асқар. Ә! Не дейсің?!

Иван. Иә, Асеке, мамам қайтыс болды. Лариса екеуі қаладан кетпепті, стадионда аштан аш отырыпты. Мен оны бүгін ғана білдім, маған олар жөнінде стадионда күзетші болып істейтін танысым айтты. Сосын шейхтен шешем мен қарындасымды үйге алып кетейін деп рұқсат сұрап алып барғам… сөйтсем, стадион нағыз концлагерьге айналыпты. Сондағы мыңдаған адамдардың жағдайын көріп жаным түршігіп кетті. Олар әбден арыған, балалар су сұрап ыңырсиды, жылауға әлі келмейді. Футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. (пауза) Асқар аға, жарайды, олар кәпір болсын. Бірақ, балалардың не жазығы бар? Емшектегі балаларды, кішкентай сәбилерді кәпірлер қатарына жатқызуға бола ма? (имамға қарайды, ол ше үнсіз төмен қараған бойы отыр) Сосын… сосын мен мамам мен Ларисаны тауып алдым. Ал олардың жанында Жамал тәте мен Гүлнәр отыр екен. Берік те сонда. Мен оларды сонда отырар деп ешқашан ойламап едім. Егер оларды кәпір десек, онда… онда түк түсінсем бұйырмасын! (ол имам бірдеңе дей ме деп тоқтайды, бірақ имам сол отырған бойы қозғалмайды) Сосын… мамам ес-түссіз жатыр екен, мен оны көтеріп әкетейін деп едім, ол сол жерде жан тапсырды… сол жерде, менің қолымда кете барды… тұп-тура менің қолымда өтіп кетті. Ал Лариса… ол… ол маманы сен өлтірдің деп бетіме басты. Енді… енді ойлап көрсем, оның сөзі дұрыс екен. Мен… мамамның өліміне мен кінәлімін.

Асқар. Жоқ Ваня, олай деме. Сен кінәлі емессің.

Иван. Иә, менде барлық кінә. Жамал тәте де солай деді, Гүлнәр да… ол ашық айтпаса да жүзі соны білдіріп тұрды. Олардың маған қараған жанарларын көрсеңіз ғой! Мен оларға құбыжықтай көрінген шығармын. Ондай көздердің қарасына шыдау мүмкін емес-ті. Сосын мен кеттім. Ал мамам мен Лариса қалды. Тым құрығанда мамамның мәйітін алып кетейін деп едім, Лариса көнбеді. Жамал тәте, шейхке бар, тым құрығанда стадиондағы балалар мен бала емізіп жүрген әйелдерді босатуын талап ет, деді. Шейхке барып едім, қорғаушылары жібермеді. (пауза) Біз халықтың алғысының орнына қарғысына тап болдық. Сосын… міне, сізге келдім. Сіз не дей аласыз, аға? Шариғат заңы адам баласын мал құсатып шөп жегізіп, оттатып қой дей ме?!

Асқар. Е-ей, Ваня, Ваня! Біз алданып қалыппыз. Иә, сен сияқты тәжірибесіз жас жігітке алданып қалу ғажап емес. Бірақ мына мен сияқты, оқыған, білімі толық адам да алданады екен. Енді менің де көзім ашылды. Иә, ислам діні адам баласын хайуанға айналдыр, мал қыл демейді. Жоқ, ол керісінше, имандылыққа, адамгершілікке жетелеуге тиісті. Сен дұрыс айтасың – стадиондағылар кәпір емес. Олардың бәрі кәпір емес. Стадионнан тыс жерде де кәпірлер бар. Сенікіндей униформа кигендердің ішінде де, өздерін, мен мұсылманмын деп кеуделерін соғып жүргендердің ішінде де кәпірлер бар. Ал сол кәпірлер – ең қауіпті кәпір. Олар нағыз шайтанның сапалақтары. Шайтан да кейде имандылықтың киімін киіп жылтырап жүреді, адамдарды адастырады. О-о! Ол лағнет келгірдің білімі де, сұрқиялығы адам баласын есінен адастырып, ең игі ойын, пиғылын, ниетін бұрып жіберіп, қатыгездікке, оңбағандыққа, зұлымдыққа апарып соқтырады. Сондықтан сен өзіңді кіналай берме.

Иван. Сонда мен енді не істейін, аға? Стадионға барғым келмейді. Ал бірақ мамамның мәйітін алып шығу керек, адам сияқты о дүниеге аттандыру керек. Жалпы, енді біз не істеуіміз керек? Сіз маған бір кеңес бере аласыз ба?

Халел. (бөлмеге кіріп келеді – Иван орнынан атып тұрады) Қорықпа, інішек, мен Асекеңнің досымын.

Иван. Ассаламү ғалайкүм.

Халел. Уағалайкүм ассалам. (екеуі қол алысып амандасады) Отыр Иван, ақылдасу керек. Менің есімім Халел. Мен бүлікшілермен күресу үшін жіберілген арнайы бөлімшенің басшысымын. Мен бәрін естідім, сенің қайғыңа ортақтасам, қайырлы қаза болсын. Әрине, қазір сенің есі-дертің шешеңнің мәйіті мен қарындасыңды алып шығуда. Бірақ стадионда отырған қалған жұртты да ойлау керек. Оларды күзетіп отырған жігіттердің ішінде сен сияқты көзі ашылған жандар бар шығар. Сол жігіттердің де бастары қатып жүрген болар. Солармен сен арқылы байланыс жасап көрсек деймін. Бірақ асығу керек. Уақыт тығыз. Азанда біз іс-қимылға көшпекпіз. Бірақ бір мәселе бізді бөгеп тұр. Сен стадионның миналанып тасталғанын білесің бе?

Иван. Мен о жөнінде бүгін ғана естідім. Бағана стадионда болғам. Сонда кезекші күзетші айтты, Жамал тәте, ол Асқар ағаның жұбайы, со кісі стадион миналанып тасталған депті. Бірақ оған ешкім сенбейді.

Халел. Сенуге тура келеді. Миналардың санын ешкім белмейді, ал оларды іске қосатын аспап шейхтың қолында. Сол аспапты қолға түсірмей, істен шығармай стадиондағыларды құтқара алмаймыз. Әрине, егер біз тұтқындарды шейхке білдірмей стадионнан шығарып алсақ… бұл, бір қарағанда, мүлдем мүмкін емес сияқты. Алайда, біз барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысуымыз керек. Стадион күзетушілердің арасында сенімді достарың бар ма?

Иван. Бар.

Халел. Ал, онда, Иван, кетейік. Стадион күзетінің арасындағы мүлдем ақыл-есінен айырылмаған жігіттермен байланыс жасап сондағы тұтқындарды азат етіп көрейік. (Асқарға) Ал, Асеке біз кеттік. Есіңізде болсын – біз сізге ең үлкен үміт артып отырмыз. Аман сау кездескенше.

Асқар. Аман-сау кездесуге жазсын Алла тағала!

Халел көмекшісімен Иванды ертіп кетеді. Асқар олар кетісімен қалтасынан тапаншаны алып, әрлі-берлі жүріп сөйлейді.

Асқар. Сонымен мен енді жендет болдым. Мен енді адам өлтіруге тиістімін. Басқа амал жоқ дейді… иә, солай. Ал мүмкін шейх… мүмкін ол сөзге көнер? Не де болса тағы бір рет, ақырғы рет сөйлесіп көру керек. Ал содан кейін… содан кейін көнбесе… көнбесе… содан кейін көнбесе… сонда… һм… (тапаншаға көз тастап) Жоқ! Көндіру керек! Қалай да болса көндіру керек. Одан басқа амал жоқ!

Ұялы телефонын алып шейхтің нөмірін тере бастайды. Осы тұста есік қоңырауы тағы да шылдыр етеді. Асқар бір мезет сол жаққа қарап тұрып, содан кейін есікке беттейді. Бара жатып қолындағы тапаншаны қалтасына салады. Есік ашысымен бөлмеге Иван кіріп келеді.

Асқар. Ваня?! Не болып қалды? (есікті жабады) Сен неге қайтып келдің? Халел қайда?

Иван. Асеке, мен бір минутке оралдым. Халел мені төменде тосып тұр. Мен… мен… сізге келгенде тағы бір маңызды мәселе жөнінде сөйлесейін деп едім. Бірақ енді уақыт тығыз. Қысқасы, Гүлнәр…

Асқар. Гүлнәрға не болды? Ол өзі аман ба?!

Иван. Жоқ… Иә, иә, аман! Мәселе онда емес, мәселе менде. Сіз ештеңе білген жоқсыз, ал мен… біз… қысқасы, Гүлнәр екеуміз бір-бірімізді қатты ұнаттық, бір-бірімізге ғашық болдық. Мен сізден Гүлнәрдың қолын сұрайын деп жүргем, ал ол… ол маған ислам дінін қабылдау керек деді. Сонымен, міне…

Асқар. (Иванға бүкіл денесімен бұрылып) Не?! Сен ислам дінін менің қызымды алу үшін қабылдадың ба?! (Иван төмен қарап күрсінеді) Жо-жоқ! Мүмкін емес!

Иван. (басын көтереді) Иә, Асеке, Гүлнәр ислам дінін қабылдау керектігін айтқанда мен ойланбастан шешім қабылдадым. Содан бәрі жақсы болушы еді, егер… егер мына шейх кездеспегенде. Ол… ол, білмеймін не қылғанын, әйтеуір со кісімен кездесуім мұң екен, ақыл-есімнен айырылдым да қалдым. Сосын соңына қалай түсіп кеткенімді өзім де білмей қалдым.

Асқар. (қолын жігіттің иығына салып) Өзіңді кінәлай берме, Ваня, жалғыз сен емес шейхтің арбауына тап болған.

Иван. Иә, қаншама жігіттер шейхтің соңында кете барды. Бір жағынан сіз соның жанында жүрдіңіз ғой. Сондықтан бізде еш күмән да болған жоқ.

Асқар. (ауыр күрсініп) Иә, оның маған соншама жабысқаны енді түсінікті болды.

Осы жерде есіктің қоңырауы тағы да шылдыр етеді.

Асқар Иванға келесі бөлмеге тығыла тұр деп белгі береді. Иван сол бөлмеге кіріп кеткеннен кейін имам есік ашады. Шейх кіреді. Оның үстінде жамылғысы басына жабылған плащ.

Ғабдуррахман. (жамылғышты артқа қарай сермеп тастайды) Ассаламү ғалайкүм, Асеке!

Асқар. (не істерін білмей дағдарып есікті жаппай шейхтың соңынан үстелдің жанына келеді) Уа ғалайкүм… ассалам.

Ғабдуррахман. (үстелдің жанында тұрған орындықтың арқасына қолын қойып тоқтайды) Кешіріңіз, Асеке, түн жамылып келгенімді. Бірақ, астыртын жағдай… (имамға тесірейіп қарайды да) Асеке, сізге не болған? Жүзіңіз боп-боз ғой.

Асқар. Ж-жоқ… жоқ, ештеңе емес. Тек… сізді бүгін… дәл осы жерде көрем деп ойламап едім. Алайда мен де сізбен оңаша сөйлесейін деп едім.

Ғабдуррахман. Кешіріңіз, жағдай солай болды. Сізді үйіңізде оңаша кездестірмесем… мешітте жаныңызда әрдайым біреулер жүреді. Ал өзіме шақырайын десем… білесіз ғой – менің сарбаздарым мені ешқашан жалғыз қалдырмайды. Міне, сондықтан түнделетіп, жасырын келдім. Мен сізді ұйықтап қалған шығар деп ойладым… бірақ, сіз әлі жатпапсыз.

Асқар. Енді қайдағы ұйқы! Не ұйқы келмейді, не ас жүрмейді.

Ғабдуррахман. Асеке, сіз мені кешіріңіз. Мен сіздің үйдегі жеңгейді, қызыңыз бен ұлыңызды босатсын деп бұйрық бердім. Жаңа, осында келердің алдында стадионға жігіттерді жібердім. Сіз олар үшін уайымдамаңыз – қазір олар азат етіледі. Мен жігіттеріме жеңгейді апар деген жеріне жеткізіп тастаңдар, деп бұйырдым. Және бүгін Иван Новиков та шешесі мен қарындасын стадионнан алып кетуге рұқсат сұраған, мен оған рұқсат бердім. Алайда оның шешесі өліп қалыпты. Ал қарындасы шешесінің мәйітінің жанында қалыпты. Мен ол баланы мәйітпен бірге үйіне жеткізсін дедім, жерлеуге қажет қаражатты партияның қорынан бөліп бердім. Мүмкін осы үйдегі жеңгей солармен бірге болар. Міне, көрдіңіз бе – уайымдайтын ештеңе жоқ.

Асқар. Мен өз отбасым үшін ғана уайымдап отырған жоқпын. Мен бүкіл стадиондағылар үшін, бүкіл қала тұрғындары үшін уайым жеп отырмын. Сіз енді өзіңіз де түсінген боларсыз – сіздің экспериментіңізден ештеңе шықпады. Сондықтан енді қару-жарағыңызды тастағаннан басқа амал қалмады. Иә, сіз сөзсіз сотталасыз… біз бәріміз сотталамыз. Бірақ, қару-жарақ тастап, қаланы қарулы күштеріне тапсырсаңыз, сот сізге жеңілдік жасайды.

Ғабдуррахман. (өңі бұзылып кетеді) Жоқ! Мен ол сотты заңды деп санамаймын. Мен тек Аллаһтың сотын, Аллаһтың заңын мойындаймын. Қару-жарағымызды да тастамаймыз – алдымызға қойған мақсатымызға жетпей тастамаймыз. Ал мына біздің, сіз айтқандай, экспериментімізден түк шықпады дегенмен мен келіспеймін. Өзіңіз білесіз – осы қысқа мерзімнің ішінде қаламыз әжептәуір тазарып қалды. Біз қылмыстың барлық түрлерін тыйдық. Мұсылмандар оң мен солын аңғара бастады, намаз оқуды үйренді, адам сияқты киім киуге дағдыланды. Қазір еш қауіпсіз түнгі көшелермен жүруге болады. Қала тұрғындары бір-бірімен сыпайы сөйлеседі, адал сауда-саттық жүріп жатыр, ешкім ешкімді алдамайды, ешкім ешкімді қанамайды, азық-түлік пен басқа тұтынатын тауарлар таза, хәләл. Біз арақ пен есірткіні жойдық. Банкілер дұрыс жұмыс істей бастады, бұрынғыдай өсім пайызын алып ашықтан-ашық тонау деген жоқ. Шенеуніктер жұмысын адал, әділ атқаруда. Ешкім пара алмайды – пара бермейді. Бұдан басқа не керек?! (шейх имамға қарайды, бірақ ол үндемейді) Иә, мүмкін біздің бастамамыздың болашағы жоқ та болар. Бірақ мен кәміл сенемін – қалай да болса, түбінде, егер халық әбден малғұндыққа, азғындыққа батып, құрып кеткісі келмесе, бәрібір, ерте ме, кеш пе, болашақта бір шариғат заңын қабылдайды. Мен… тек сол болашақ қоғамға алғашқы жол салушымын. Менің ізіме түсетіндер болады әлі, болады, иншалла! Олар тіпті менен де асқан мұсылман болады, адамзат әлі түседі Алланың тура жолына, түседі!

Асқар. Мен ислам дінінің болашағы жоқ деп тұрған жоқпын. Ал, бірақ сол жарқын болашаққа сіздің салған қатерлі соқпағыңыз апармайды. Болашаққа ізгілік, рақымдылық, мейірімділік, адамгершілік, имандылық жолымен ғана баруға болады. Және бұл ұзақ жол. Ал сіз сол жарқын болашаққа бір күнде, бір-ақ секіріп түсемін деп ойлайсыз. Сізден де бұрын сондайлар болған. Жүз жыл бұрын Ленин деген біреу бір күнгі төңкерістің нәтижесінде жер бетінде жұмақ орнатпақшы болған. Халықты қандай жұмаққа түсіргенін өзіңіз де білетін шығарсыз.

Ғабдуррахман. Сіз мені Ленинге теңедіңіз, иә?! Бірақ, ол кәпір емес пе еді! Және оның қателігі…

Асқар. Оның қателігі – сіздің қателігіңіз! Халықты жұмаққа дүренің астына алып, қамшымен айдап апарып қамауға болмайды. Адам баласы жұмаққа өз еркімен, өзінің имандылығының, тақуалығының нәтижесінде кіре алады. Басқа жол жоқ, басқадай Алла тағала оны жұмаққа кіргізбейді де!

Ғабдуррахман. (сағатына қарап қойып) Асеке, кімнің жұмаққа кіріп, кімнің кірмейтінін бір Аллаһ біледі. Менің сізбен сөз таластыратын уақытым жоқ. Сіздің көз қарасыңыз өзіңізге, менің көз қарасым өзіме. Меніңше, біздің халықты тек таяқтың көмегімен тәртіпке шақыруға болады. Оңдап тұрып сабап алмасаң райынан қайтар емес. Менің оған көзім әбден жетті. Қайткенде мен өз жолымнан таймаймын.

Асқар. Егер менімен сөз таластырғыңыз келмесе, менімен сөйлескіңіз келмесе, мұнда неге келдіңіз?

Ғабдуррахман. Жоқ, Асеке, мен сізбен сөйлескім келеді. Мен сізбен әрдайым сөйлескім келеді. Бірақ қазір уақыт жоқ. Уақыт тығыз. Өйткені бағана, күн батысымен, маған қаланың сыртынан елші келді. Ол президенттің ультиматумын алып келіпті. Таң атқанша қару-жарақ тастап қаланы тапсырыңыз, депті президент. Таң атысымен шабуыл жасауға пәрмен беремін, дейді. Міне, сізге келген себеп осы. (Асқарға ультиматумды береді)

Асқар. (оқып шығып) Мен сізді әуелден ескерттім ғой – президент ешқашан автономияға келісім бермейді деп. Ол енді шабуылға бел байлады. Сізге беретін кеңесім – қару-жарақ тастап ақ жалау көтеріңіз. Ең әуелі стадиондағы тұтқындарды босатыңыз.

Ғабдуррахман. Мен сізден кеңес сұрауға келген жоқпын. Мен ешқашан қолыма алған қаруды тастамаймын, ақ жалау көтермеймін.

Асқар. (көтеріңкі дауыспен, тағаты таусыла) Менің кеңесім керек болмаса, онда бұл әңгімені несіне бастадыңыз?!

Ғабдуррахман. (тесірейіп қарап тұрып) Мен сізге бір ұсыныспен келдім. Сіз менің елшім болмақсыз. Сіз президентке менің бір ұсынысымды жеткізесіз.

Асқар. Ғабдуррахман! Президент енді сізден ешқандай ұсыныс қабылдамайды. Ол ультиматум қойды – сізде енді көп уақыт қалған жоқ. Қазір, бір-екі сағаттан кейін таң атады. Сосын… арғы жағын өзіңіз білесіз. Шабуыл басталысымен қан судай ағады.

Ғабдуррахман. Бір-екі сағат жеткілікті мерзім. Сіз елші болып барып президентпен жолығасыз. Иә, ол автономияға келіспейді. Менің оған көзім жетті. Енді мен оған тағы бір ұсыныс жасайын деп отырмын. Біріншіден, біз оның талабына сәйкес қаруымызды тастап қаланы әскер мен полицияға тапсырамыз, ал ол мені және менің партиялас жолдастарымды, сарбаздарымды қудаламайды, соттамайды. Екіншіден, бізге өзеннің арғы жағындағы шағын ауданды береді – біз сонда жеке үмбет болып, жеке қоғам құрамыз. Иә, иә, біз енді мемлекеттің заңын мойындаймыз. Тек жергілікті билік біздің ішкі өмірімізге кіріспейді. Біз, өзіміздің арамызда, өзіміздің жеке ұйымымызда шариғат заңымен өмір сүреміз. Біздің шағын ауданымызда кәпірлер тұрмайды. Біздің балаларымыз медереседе дәріс алады. Біздің қыздарымыз, әйелдеріміз, ер-жігіттеріміз мұсылманша киініп жүреді. Өзіміздің шағын ауданымызда біз өзіміз тәртіп орнатамыз. Бұзықтыққа жол бермейміз. Қысқаша айтқанда, біз үлгілі, ислами шағын аудан орнатамыз. Сонан соң, кімнің заңы жақсы, кімнің заңы дұрыс, ал кімнің заңы бұрыс екеніне халықтың көзі жетеді. Нәтижесінде біздің шағын ауданымыз, бірте-бірте, жылдан жылға өсіп, кеңейіп, болашақ ислами мемлекеттің, одан әрі ұлы халифаттың негізін құрайды.

Асқар. Ғабдуррахман, сіз әлі ештеңе түсінбепсіз. Халифат жөнінде әңгімені қоя тұрайық. Президент мына ультиматумында ешқандай шартсыз, жаңа ұсыныссыз қару-жарақтарыңызды тапсырып ақ жалау көтеруді талап етіп отыр. Мен сіздің жаңа идеяңызды қолдамаймын. Сондықтан ешкімнің алдына ондай ұсыныспен бармаймын.

Ғабдуррахман. (сол тесірейген көздерін имамнан айырмай біраз тұрады да серпіліп бойын түзейді) Сонымен маған үзілді-кесілді жоқ дедіңіз, иә?!

Асқар. Иә. Мен сізден қантөгіске жол бермей бүлікті доғаруыңызды талап етемін. Тоқтаңыз, шейх! Әлі де кеш емес. Істеген ісіңізді мойыныңызбен көтеріп жазаңызды алыңыз. Қазір тоқтасаңыз президент өз тарабынан кешірім жасауға дайын. Мына ультиматум соған кепіл.

Ғабдуррахман. Маған оның кешірімі керек емес! Ал егер қан төгілсе, ол қан менің мойыныма артылмайды – менің қан төккім келіп тұрған жоқ. Ол қан өкіметтің, президенттің мойнына артылады. Өйткені мен емес – ол маған шабуыл жасайын деп тұр. Мен мәселені бейбітті түрде шешуге бір емес, екі ұсыныс жасап отырмын. Ал егер қабылдамаса, қабылдамай-ақ қойсын – біз оңайлықпен берілмейміз. Біз автономиямыз үшін бір қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз. Президент тып-типыл болған қаланың орнын сипап қалады. Егер ол соны мақсат тұтып тұрса – бастасын шабуылды. Мен айтқанымнан қайтпаймын. Ең әуелі стадионның күлі аспанға ұшады. (қалтасынан ұялы телефон алып бір нөмірді тере бастайды)

Асқар. Не істейін деп тұрсыз? Кімге қоңырау шалайын деп тұрсыз?

Ғабдуррахман. Ешкімге емес. Мен дәл қазір стадионды жарайын деп тұрмын. Мен бір нөмірге телефон шалсам болды, жүздеген миналар іске қосылып, стадион бүкіл тұтқындарымен аспанға ұшады. (кнопкаларды пипылдатып нөмірді тере береді)

Иван. (қолында атуға даяр тапаншамен бөлмеден шығып қаруын шейхке кезейді) Шейх! Сіз оны істей алмайсыз! Телефонды үстелдың үстіне қойыңыз да кейін шегініңіз. Әйтпесе мен атамын.

Ғабдуррахман. Әй, мұның кім өзі! Мұсылман! Қалай ғана өзіңнің шейхіңе қару көтеруге датың барды, ә?!

Иван. (Асқар біресе Иванға, біресе Ғабдуррахманға қарап тұрады) Ал егер сол шейх жынданып кетсе ше! Егер ол қанпезер жыртқыштай адамдарды жалмап жатса ше! Сонда не істеуім керек?! Енді былшылды доғарыңыз! Телефонды үстелге қойып кері шегініңіз! (жақындай түседі)

Ғабдуррахман. (екінші қолымен тапаншасын суырып алып) Жоқ! Ғабдуррахман шейх ешқашан шегінбейді! Сен, боқмұрын, оны білуге тиістісің! (тапаншаның тетікшесін басып қалып Иванға кезейді) Бала! Таста қаруыңды! Білесің ғой – мен атқанда мүлт жібермеймін.

Иван. Ақырғы рет ескертемін: қойыңыз телефонды үстелге!

Екі оқ қатарынан атылады. Иван құлайды, ал оның оғы шейхқа дарымайды. Шейх түк болмағандай тапаншасының тетікшесін басып жерде қимылсыз жатқан Иванға қарайды. Асқар Иванның жанына тізерлей отыра кетіп құлағын оның көкірегіне тосады, сосын аяғына тұрады.

Асқар. (көздерімен шейхті ішіп-жеп барады) Қанішер! Бұл жазықсыз жанның не кінәсі болды! Бұны не үшін өлтірдің?!

Ғабдуррахман. Бұл жазықсыз жанның орнында мен де жатушы едім. Бұл кісі өлтіру емес – бұл әділ жекпе-жек. Бұл жігіт қаруын бірінші көтерді, бірінші атты, содан міне, жазасын алды. Әлін білмеген әлек! (қайтадан ұялы телефонның кнопкаларын басып керекті нөмірді теріп болып имамға қарайды) Міне, нөмір терілді, енді тек қоңырау шалатын тетікшені басып қалсам, стадион бір үлкен қоқыс үйіндісіне айналады. Сонымен, имам, сіз менің ұсынысымды қабылдайсыз ба, әлде қабылдамайсыз ба?

Асқар. (қалтасынан Халел берген тапаншаны алып шығып шейхке кезейді) Телефонды үстелге қойыңыз, шейх! Қойыңыз да, қолдарыңызды көтеріп кері шегініңіз.

Ғабдуррахман. О-һо! Асеке, мұныңыз не?! Дәл сізді қолыңызға қару алады деп ешқашан ойламап едім.

Асқар. Алуға тура келді. Сіз маған басқа амал қалдырмадыңыз. Мен сізді теріс жолдан тайдырамын деп бақтым. Аллаһ куә – сіз сөзге көнбедіңіз. Енді қарудың күшімен көндіргеннен басқа амал қалмады. Өйткені мен сол мыңдаған адамдарды, бейкүнә балаларды өлтіргізіп қоя алмаймын. Сөзбен тоқтата алмасам, қарудың күшімен тоқтатамын.

Ғабдуррахман. (күледі) Қызық екен! Бірдей бір қаланың имамы, кеше ғана мешіттің мінберінен имандылыққа, ізгілікке, рақым мен мейірімділікке шақырып жалынды уағыз айтқан адам енді өзінің мұсылман бауырына қол көтеріп, оны атып тастауға дайын тұр. Қойыңыз, Асеке, сізге бұл іс жараспайды. Сіз өзіңізді айнадан көрсеңіз… (тағы да күледі) жоқ, сіз ата алмайсыз. Сіз адамды өлтіре алмайсыз. Адам өлтіру оңай шаруа емес.

Асқар. Иә, мен сізді өлтіргім келмейді. Бірақ, бәлен мың… барлық қаланың тұрғындарын санағанда алпыс мың адамның өмірін сақтап қалу үшін мен сол күнәні мойыныма артып алуға бармын. Ал, қойыңыз телефонды үстелге. Қолыңызды көтеріңіз де шегініп кетіңіз. (Ғабдуррахманның қозғала қоймағанын көріп) Ғабдуррахман, мен сізді шынында да атып тастаймын!

Ғабдуррахман. Ата алмайсыз! (тапаншасын көтеріп Асқарға кезейді) Ал мен сізді оп-оңай атып тастаймын. Есіңізде болсын – мен ешқашан мүлт жібермеймін. Егер тапаншаңызды шошаңдатуыңызды қоймасаңыз мен стадионды жарып тастаймын! (телефон ұстап тұрған қолын жоғары көтереді)

Асқар. Ғабдуррахман! Тоқтат! Тоқтат деймін! А-а! (тапаншаның шүріппесін басады, тапанша екі-үш оқ атып жібереді. Бір оқ Ғабдуррахманның телефон ұстап тұрған қолына тиіп ол телефонды еденге түсіріп алады; іле Асқардың ұстап тұрған тапаншасы да тарс етіп еденге құлап түседі)

Ғабдуррахман. (таңғалған кейіппен) Ә?! Сіз… сіз шынымен маған оқ аттыңыз ба?! (құлай жаздап, үстелге сүйенеді, еденде жатқан телефонына қарайды, ол тым алыс жатыр, оны алмақшы болып бір қадам жасайды, бірақ басы айналып, теңселіп біраз тұрады да, телефонға жете алмайтынына көзі жетісімен бойын түзеп тапаншасын имамға кезейді) Мына оқ… маған тиген оқ жәй емес… бұл улы оқ. Тапаншаны сізге кім берді? Ә… түсінікті. Олар… әлгі полковник Смағұлды өлтіргендер… иә. Полковник те тап осындай жеңіл жарақат алып жан тапсырған. Сонымен, мен қазір жан… жан тапсырамын. Сіз… имам Асқар, сіз сонда жендет болғаныңыз ба? (имам үндемейді) Иә, иә! Білемін не айтпағыңызды. Сен де жендетсің, дейсіз ғой. Бірақ мен Алла тағаланың жендетімін… ал сіз ше? Сіз… сіз шайтанның жендетісіз. Иә, солай… Ал онда… онда ренжімеңіз, Асеке. Онда мен жәй кете алмаймын. (жерде жатқан телефонға қарайды) Әттең! Әлгі кәпірлерді бірге ала кете алмадым. Сіз дегеніңізге жеттіңіз. Сондықтан сізге кешірім жоқ. Ал, қош… Асеке… мүмкін кездесерміз… қиямет күні… сонда… сонда… Аллаһ тағала… егер ол… ол… бізді сонда кездестірсе.

Тапанша оқ атысымен шейхың қолынан еденге құлап түседі. Асқар құлайды. Ғабдуррахман бір-екі секунд теңселіп тұрады да, ол да сылқ етіп құлап түседі. Біраз уақыт тыныштық орнайды. Ашық қалған есіктен Халел кіреді, оның қолында атуға дайын тапанша. Оның соңында көмекшісі.

Халел. (сұлап жатқан шейхті көріп) Шейх Ғабдуррахман?! (көмекшісіне) Көрдің бе, біздің жанымыздан сып беріп өте шыққан адамның кім екенін! (үстелді айнала беріп Асқар мен Иванның мәйіттерін көріп тізерлей кетіп тамырларын басып олардың өтіп кеткеніне көзі жетіп алақандарымен бетін сипайды да орнынан тұрады) Қайтыс болыпты. Өкінішке орай біз шейхті танымай қалдық.

Көмекшісі. (жерде жатқан шейхтің ұялы телефонын көріп оны алайын деп еңкейе беріп) Мынау не? Шейхтің телефоны ма?

Халел. (қатал үнмен) Тиме! Еш нәрсеге тиме. (көмекшісін ығыстыра телефонды зор абайлықпен, екі саусағымен алып үстелге қояды) Мен білсем, әлгі жарылғыш миналарды іске қосатын аспап осы телефон. (көзімен бөлмені шалып өтіп) Иә, бұл жерде болған оқиғаның астары енді түсінікті. (телефонды бұзып батареясын алып тастайды) Шейх стадионды жармақшы болған тәрізді, ал мына жігіт оған қарсы шыққан. Алайда шейх оқ атқанда мүлт жібермейді, ал мына жігіттің тәжірибесі жоқ. Ал имам… ол кісі де шейхті тоқтатпақшы болған, ол оны тоқтатты да… алайда, өзі де оққа ұшты. Жарайды, болған іс болды. Енді уақыт тығыз… (қалтасынан рация алып орталықпен байланыс жасайды) Орталық! Орталық! Байланыста Ақ сұңкар. Стадиондағы жарылғыш миналарды іске қосатын аспап біздің қолымызға түсті де істен шығарылды. Ғабдуррахман мерт болды. Жоқ, біз емес, оны имам Асқар атып тастады. Жоқ, ол кісі де қаза тапты. Имам Асқар ерен ерлік көрсетті, мыңдаған адамдардың өмірі үшін өзінің өмірін пида етті. Иә, иә! Біз енді қаланы азат етуге арналған жоспарымыздың екінші тарауына кірісеміз. Қалаға шабуылды бастамай тұра тұруды өтінемін. Иә! Құп болады! (көмешісіне) Ал, мен кеттім! Сен қазір мешітке тарт! Намазхандар таң намазына жиналып жатқан болар. Оларға имамның қазасын естірт, ақсақалдар келіп мәйіттерді оң жаққа жатқызсын. Содан кейін гарнизонға кел, мен біздің офицерлер мен сержанттарды көтере берейін.

Көмекшісі екеуі кетеді. Біраз уақыттан кейін Жамал, Гүлнәр, Берік және Лариса келеді.

Гүлнәр. (сұлап жатқан Ғабдуррахманды көріп, үстелдың арғы жағында жатқан Асқар мен Иванды көрмейді) Ой! Мынау кім-ей?!

Жамал. О Алла! Бұл шейх Ғабдуррахман ғой! Бұған не болған? Мынау не ағып жатқан оның астынан? Ойбай! Бұл қан ғой!

Гүлнәр. (Ғабдуррахманды айналып өтіп Асқар мен Иванға көзі түседі де шыңғырып жібереді) Папа! Ваня! (не істерін білмей екі мәйітке кезекпен қарап тұрып қалады)

Жамал. Гүлнәр! Не болды? Асқар… (үстелды айналып өтіп Асқардың өлігінің жанына тізерлей отыра кетеді де күйеуінің басын қолына алып көз жасын ағытады)

Лариса. (жүгіріп барып ағасының мәйітінің жанына отыра кетіп ол да егіледі) Аға! Ағатай! Енді сенен де айырылдым ба?! Кешір! Бағанағы сөздерім үшін кеш мені… а-а…

Жамал. Е-ей! Асыл ерім ай! Асқарым ай! Өз қолыңмен жіберген қателігіңді өз қолыңмен түзеген екенсің ғой. Өз күнәңді өз қаныңмен жуған екенсің ғой. Иә Алла! Кеш мені! Кешегі сөзімді қайтып алдым. Қайтып алдым. (егіліп жылайды)

Гүлнәр әкесі мен жігітінің ортасына отыра кетеді, оның екі қолы екеуінің үстінде, ол да жылап отыр. Берік шешесінің жанында отыр, Жамал оны бір қолымен құшақтап алған.

Жамал. (басын көтеріп көрермендерге) Отандастар! Мұсылмандар! Сақ болыңдар! Осындай жалған мұсылмандардың азғыруына еріп кетіп, бейбіт өмірлеріңнен айырылып қалмаңдар! Өзара жарастықты арттырып, бір-біріңді, мұсылман – кәпір демей, ақ – қызыл, бай – кедей демей, жоғарғы нәсіл – төменгі нәсіл демей, орыс – қазақ демей, қоғамды жіктеп – жарып, біреулеріңді екіншілеріңе айдап салуға жол бермеңдер! Сақ болыңдар! Бейбітшілікті сақтаңдар…

Осы жерде мешіттен азан шақырыла бастайды. Муәззиннің дауысы біртіндеп әуендеп, шарықтап кетеді. Сол әуенмен шымылдық жабылады.

40 ₽
Возрастное ограничение:
18+
Дата выхода на Литрес:
15 февраля 2017
Объем:
370 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785448378027
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают