Читать книгу: «Төңкеріс. Пьесалар», страница 2

Шрифт:

Ол сыпырғыш пен қалақ алып келіп әйнек сынықтарын сыпырып жинайды да балконның ішкі есігін жабады. Берік пен Мария келеді. Беріктің басы бинтпен таңулы.

Берік. (шешесінің жанына жүгіріп келеді, Жамал оны құшақтай алады) Мама! Біз не көрдік – білесің бе?

Жамал. (баласының таңулы басын қолымен ұстап зерттей қарайды) Не болды, Берік? Қатты жарақаттандың ба?

Берік. (шешесінің қолын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, сосын зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектердің быт-шыты шығып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.

Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.

Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)

Жамал. Жарайды, ештеңе етпес. Берік, сен бар, жинал. Біз жол жүреміз. Джинсың мен бір-екі көйлек ал, тіс щеткаң мен пастаңды рюкзағыңа сал. (баласын бөлмесіне қарай итеріп жібереді де Марияға бұрылады) Маша, кел, отыр, шай ішіп алайық. Мына оқиғалар ауыз кептірді (екеуі шайға отырысымен қонағына шай құйып берісімен) Мә, печеньеден ал.

Мария. (шайдан бір-екі ұрттап) Рахмет, тамақтан ас өтпейді. Не істерімді білмей отырмын. Ал сендер не – кететін болдыңдар ма?

Жамал. Мен кеткім келеді, бірақ Асқар көнбей тұр. Ол кете алмаймын дейді, жамағатымды тастап қайда барамын дейді. Мүмкін оған қарамай, балаларды алып тайып отырам ба. Ал сендерге кету керек.

Мария. Иә, мен де соны ойлап отырмын. Бірақ, Ваня… ол… сен ештеңе білмейсің бе?

Жамал. Не жөнінде?

Мария. Ол әлгі шейхтің партиясына кіріп кетіпті. Мына аласапыран басталысымен оған қоңырау шалып, қаладан кетейік, деп едім, ол мен ешқайда кетпеймін, мен партия мүшесімін, біз ислами автономия құрып шариғат заңын орнатамыз, демесін бе. Сол жерде құлай жаздадым! Біз ешқайда кетпейміз, бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, дейді. Енді міне – не істерімді білмей отырмын.

Жамал. Әй қайдам, дәл осы сөзді жаңа Асқар да айтып еді. Ал мен бір сұмдық боларын сезіп тұрмын. Менің саған беретін кеңесім – мүмкіндік барында қаладан шығып кет. Ертең әлгі шейх ислам дінін қабылда десе не істейсің? Ларисаны ал да кет. Ал Ваня – ол енді бала емес, өзінің ақылымен өмір сүргені дұрыс болар. Тек қана бұлар өз ақылымен жүргенге ұқсамайды. Әлгі шейх Ғабдуррахманның ықпалына түсіп кеткен. Әне, Асқарды да алдап соқты. Асқар оның төңкеріс дайындап жүргенін біліпті. Иә, Ваня да оны білді. Бірақ жап-жас жігіттен не сұрайсың?! Және де ол Асқардың соңынан еріп жүр. Ол өзі ислам дінін Асқар үшін қабылдаған жоқ па.

Мария. Жоқ, ол ислам дінін Гүлнәр үшін қабылдаған. Және Асқар сол партияның мүшесі болмаған көрінеді.

Жамал. Иә, Асқар партия қатарына кірген жоқ. Бірақ ол жиналыстарына қатысып жүріпті. Ал шейх Асқардың мұсылмандар арасындағы беделін пайдаланып, жастарды, гарнизонның офицерлерін өзінің ықпалына түсіріп алғанға ұқсайды. Олардың бәрі Асқар мен Ғабдуррахманның ісі бір деп жүрген ғой.

Мария. Сонда олардың ісі бір емес пе?

Жамал. Иә, Асқардың айтуынша, екеуінің жоспары бір. Алайда, Асқар сол жоспарды төңкеріс арқылы жүзеге асыруға қарсы болыпты.

Мария. Енді Асқар не істемекші?

Жамал. Не істесін?! Ол енді ештеңе істей алмайды! Шейх енді оған құлақ та аспайды, ол өзінің дегеніне жетті. Жоқ, кету керек! Жол ашықта кетіп үлгеру керек. Асқар жамағатын тастай алмаймын дейді. Мүмкін соған қарамай, балаларды алып тайып отырсам қайтеді, ә?

Мария. Білмеймін. Әрине, балалардың жағдайын ойлау керек. Бірақ, сендерге қауіп төніп тұрған жоқ тәрізді.

Жамал. Әй, қайдам! Кімге қандай қауіп төніп тұрғанын кім біледі?!

Гүлнәр мен Иван келеді. Иванның үстінде «Әл-хизб» жасақтарының униформасы. Белбеуінде тапаншаның сауыты бар.

Гүлнәр. Сәлеметсіз бе, Мария тәте.

Мария. Сәлеметсің бе, Гүлнәр.

Иван. Сәлеметсіз бе, Жамал тәте.

Жамал. (жігітке тесірейіп қарап тұрып) Сәлеметпіз… Ваня. Сені тану қиын, үстіңе не киіп алғансың?

Гүлнәр. (жігітінің абыржыңқырап тұрғанын сезіп алға шығады) Қалада не болғанынан хабардарсыздар ма?

Жамал. (қатал үнмен) Сен қайда жүрсің?!

Гүлнәр. Біз орталықта болдық. Онда…

Жамал. (сөзін бөліп жіберіп) Онда соғыс болды! Сен өзіңе қандай қауіп төніп тұрғанын білдің бе?!

Гүлнәр. Мен Ваняның жанында болдым.

Иван. Жамал тәте, сіз ол үшін алаңдамаңыз. Бізге ешқандай қауіп төнген жоқ. Біз…

Жамал. Сен не – путчист болып кеткенбісің?!

Иван. Жоқ, біз путчист емеспіз.

Жамал. Сонда кімсіңдер? Сендер емес пе заңды өкімет орындарын құлатқан!

Иван. Жамал тәте, олай демеңіз. Бізде болған өкімет заңды емес еді. Ал біз енді нағыз заңды өкімет құрамыз.

Мария. (Жамалға) Бұларға енді бірдеңе деудің өзі бекер! Бұлар шейхтің ауыздарына салып берген сөздерін қайталаумен әлек.

Иван. Олай емес, мама! Мен өз еркіммен Әл-хизб партиясының мүшесі болдым, өз еркіммен біздің заңсыз билікті құлатуға шешім қабылдадым. Хазіреті шейхтің басшылығымен біз қоғамды Алланың тура жолына жетелейміз. Біз…

Жамал. Тозаққа жетелейді сенің хазіреті шейхың! Отқа түсіреді!

Гүлнәр. Мама! Не болды сонша Ваняға шүйіліп!

Жамал. Енді не істе дейсің? Өлтір, өрте, қыр, жой, дейін бе?!

Гүлнәр. Кім қырып-жойып жатыр?!

Жамал. Қырып-жоймағанда не қалды?! (терезе жақты нұсқап) Әне, қара өзің, полиция бөлімшесінің не болғанын. Сонда біреу тірі қалды деймісің? Танктің зеңбірегімен талқандалған үйде кім тірі қалушы еді!

Гүлнәр терезеге беттей бергенде далада тағы жарылыс болып, енді балконның ішкі есігі тарс ете ашылып, әйнектері күл-талқаны шығып шашылады. Қыз шыңғырып жіберіп кері шегініп кетеді. Иван оны құшақтай алып денесімен қорғалайды. Жамал мен Мария бұғып қалады.

Берік. (жүгіріп келіп терезе арқылы көшеге қарайды) О! Қараңдар, Абылайханның күл-паршасы шығыпты.

Жамал. Берік! (баланың жанына жетіп барып оны кері тартып алады) Өле алмай жүрмісің, сорлы бала?!

Берік. Қорықпа, бітті, енді ештеңе болмайды.

Жамал. (баласын өзіне қысып көшеге көз тастайды) Иә! Енді Абылайханның ескерткіші кімге бөгет болды екен?

Мария. Басталды! Енді қаладағы бүкіл ескерткіштер құлатылады. Бюсттер мен барельефтер талқандалады. Мекемелер мен мұражайдағы суреттер өртеледі.

Жамал. Е-е! Бұл есуастар тек қана ескерткіш пен суреттерді құртумен шектелсе жарар еді. Сурет пен мүсіндерден кейін адамдардың өздерін құрта бастамаса. (Иванға қарайды)

Иван. (Гүлнәрды қолынан тартып есікке қарай беттейді) Ал, біз кеттік.

Жамал. Бар, бар! Қыр, жой, жар, құлат! Өлтір! Тек қана Гүлнәрда жұмысың болмасын. Ол енді саған жоқ.

Гүлнәр. (Иванмен кетуге ыңғайланып) Мен қазір келемін.

Жамал. (қызының жанына барып оның қолын жігіттің қолынан жұлып алып) Жоқ, сен ешқайда бармайсың! (басқа бөлменің есігіне қарай итермелеп) Бар, жинал, кетеміз.

Гүлнәр. Кетеміз?! Қайда?

Жамал. Әзірше білмеймін, әйтеуір осы қаладан шығып кетсек болғаны.

Гүлнәр. Папам да кете ме?

Жамал. Кетпегенде не?! Оны осында, мына есуастардың арасына қалдырып кетпекпісің?

Гүлнәр. Білмеймін. Папам имам емес пе.

Жамал. Имам болса не?!

Иван. Жоқ, Асқар аға ешқайда кетпеуге тиісті.

Жамал. Иван! Отбасымыздың мәселесін өзімізге шешуге рұқсат беретін шығарсың?!

Иван. Ә, иә… кешіріңіз. Ал, мен кеттім… (кетіп бара жатып есік алдында бөгеледі, Гүлнәр да келесі бөлменің есігінің алдында тоқтап, екеуі бір мезгіл бір-біріне үнсіз қарап тұрады да шығып кетеді)

Мария. (ұлын көзімен шығарып салып Жамалға бұрылады) Иә, бұларды тез арада тоқтатпаса, бүлдіреді талай істі!

Жамал. Тоқтататын шығар. Президент бұл бүлікке жай қарап отырады деймісің. Тиісті шара қолданар.

Мария. Иә, өкімет қарап отырмайды. Жарайды, мен кеттім. Әлгі Лариса қайда жүр екен? Соны аламын да кетемін. Облыстағы ағама барып уақытша паналармыз. Ал Ваня қалса – қалсын. Ол енді бала емес.

Жамал. (құрбысын шығарып салып) Аман-сау кездескенше, Маша. Жолдарың болсын.

Мария. Сау бол. Сендерге де оң сапар тілеймін. Мүмкін, жақын арада қайтып келіп кездесерміз.

Жамал. Мүмкін… (Марияның соңынан есік жабылысымен) мүмкін, біз ешқашан бір-бірімізді көрмеспіз. Алла біледі, енді не болатынын.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Сахнаның арғы қабырғасында мешіт суреттелген декораия. Декорацияның бергі жағында мұсылманша киінген жігіттер мен қыз-келіншектер, ағайлар мен жеңгейлер, ақсақалдар мен әжейлер тұр. Сахнаның ортасында адамға дүре соққанда кісендеп қоятын баған. Жұмысшылар ағаштың діңін әкеліп қояды. Тағы бір жұмысшы қасапшының балтасын әкеліп діңге қадайды. Дің мен балтаны көрген жұрт шуласып кетеді. (немесе осының бәрі сахна көлемінде жоқ, тек қана адамдардың сөздерінен анықтауға болады)

Бірінші адам. Бағанды не үшін орнатқан?

Екінші адам. Қылмыскерлерді дүре соғарда кісендеп байлап қояды.

Бірінші адам. Ал балта мен дің не үшін керек?

Екінші адам. Қылмыскерлердің басын алу үшін!

Бірінші адам. Кет әрі!

Екінші адам. Иә! Бұлар сені әке-көке демейді. Қылмысты болдың ба, күнәға баттың ба – қолма қол басыңды алады.

Үшінші адам. Әй! Түк білмесең жұртты бекер дүрліктірмей жәй тұр. Балта мен дің ұрылардың қолын шабуға керек.

Бірінші дауыс. Бәсе! Басын алады дегені…

Сахнаның бір жағына «Әл-хизб» партиясының қарулы жасақтары келіп сап құрады. Олардың белбеулерінде тапаншаның сауыты, қолдарында резеңке шоқпар. Сахнаның бергі бетінде, көрермендерге қырын беріңкіреп үстел тұр, оның бір жағында үш орындық тұр. Қази келіп ортаңғы орындыққа жайғасады. Оның соңынан, қолында қалың дәптері бар хатшы келеді де қазидың сол қолындағы орындыққа отырып, дәптерін ашып, қаламын алып бірдеңе жаза бастайды. Олардың соңынан, жендеттер мен көмекшілерін ертіп Ғабдуррахман келеді. Шейх униформа киген, басында сәлде, қолында қамшы, аяғында етік.

Ғабдуррахман. (оң қолын қамшысымен бірге кеудесіне басып) Ассаламу ғаләйкүм!

Топтан бір-екі дауыс. Уа ғаләйкүм ассалам!

Ғабдуррахман. Мұсылмандар! Бүгінгі күн тарихқа кіретін күн. Өйткені қазір, қазақ жерінде бірінші рет, шариғат соты өтпек. Біз көп уақыт заңсыз өмір сүрдік. Өйткені бұрынғы заң-сымақтарды адамдар ойлап шығарған. Ал шариғат заңы – ол Аллаһтың заңы! (қазыны нұсқап) Мына мұсылманды мен өзімнің әмірімен қазы етіп тағайындадым. Қазы, бұрынғы сот-сымақтарға қарағанда өте әділ, заңның бұрмалауына жол бермейді, пара алмайды, өйткені ондай қылмыс үшін Аллаһтың алдында жауап береді. Әрине, бұрынғы сот-сымақтар да Жаратқанның алдына барады, бірақ олар оны білмеді, олар оған сенбеді. Олар өздерінің қылмыстарын жұртқа білдірмей бақты. Алайда, Аллаһтан еш нәрсені жасыра алмайтынын ойламады. Ал, енді көп сөзге бармай, Аллаһтың атымен бастайық. Бисмиллә!

Қазы. Бисмиллә!

Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Кәне, әкеліңдер қылмыскерлерді.

Көмекшілері екі қызды алып келеді. Бірінші қыздың бұтында денесімен бір болып жабысқан, арғы жағынан бүкіл бөксесі айқын көрініп тұрған дамбал тәрізді бірдеңе. Екіншісі тым жас, бұтында джинсы, джинсы мен үстіндегі топик деген қысқа киімнің арасы ашық, қыздың кіндігі көрініп тұр. Толық қыз ашулы, ал жас қыздың жүзі үрейлі.

Ғабдуррахман. Бұл не деген батпан құйрық, ен далада жатқан құйрық! (қыздың артқы жағынан қамшымен тартып жібереді – қыз шыңғырып ілгері жылжып кетеді, бірақ шейхтың екі көмекшісі оны орнына қайтарады)

Бірінші қыз. А-ай! Неге ұрасыз?!

Ғабдуррахман. Ұрмағанда не істейін? Сипа деймісің?

Бірінші қыз. Жоқ, сипамай-ақ қойыңыз. Бірақ неге ұрасыз, мына қамшыңыз жаман тиді ғой. И-и…

Ғабдуррахман. Ендеше неге арт жағыңды ашып жүресің?

Бірінші қыз. Ашып жүрген жоқпын.

Ғабдуррахман. Әй! Ашпағанда не қалды? Арт жағың тырсиып анадайдан менмендеп айқайлап тұрған жоқ па! (халыққа қарап) Бұл баланың ата-анасы бар ма? Анасы кім екен өзі?

Топтан бір әйел шығып шейхтің жанына келіп тоқтайды.

Қыздың анасы. (көз жасын сүртіп) Мен… мен бұл байғұстың шешесі.

Ғабдуррахман. Қызыңызды қалай тәрбиелегенсіз? Қалай ғана мына түрімен көшеге жібергенсіз?

Қыздың анасы. Е-е… бұлар қазір бізді тыңдай ма! Мода солай дейді. Көйлек кисеңші десем, арт жағыңды жапсаңшы десем, менің арт жағым әдемі, оны жауып қайтемін, дейді. Бәрі өзімнің байлығым – ешкімнен ұрлап алған жоқпын, дейді.

Ғабдуррахман. О Аллаһ! Ақыр заманың жақын болар. Қыздарымызда мынадай былқылдаған батпан құйрықтан басқа байлық қалмаса, ақыр заманның келмесі не?! Ақыл, инабат, ұят, – бәрі әдірем қалды. Қазақтың қызына тән ажарлы келбет, сұлу дидар, бота көз, қалам қас, оймақ ерін, сымбатты бейне – мұның бәрінің қажеті болмай қалды. Мақтан тұтатын бір-ақ байлық қалды – майдан тырсылдап жарылайын деп тұрған көт! (тағы да қыздың арт жағынан қамшымен салып қалады; қыз тағы да шыңғырып бұлқынады)

Ғабдуррахман. (Қазыдан) Хазіреті қазы, мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?

Қазы. Жиырма дүре берілсін.

Ғабдуррахман. Дұрыс. (қызды ұстап тұрған көмекшілеріне) Кәнеки, апарыңдар, беріңдер тиісті дүресін. Айтқан ақыл құлақ арқылы қонбаса – арт жағынан қонатын шығар.

Шейхтың көмекшілері қызды дүре соғатын бағанға апарып қолдарын кісендейді. Жендет қызды қамшының астына алады. Қыз айғайға басып алаңды басына көтерді, оған қарайтын жендет жоқ, дүренің санын жария санап тұр. Халық гу-гу, кейбіреуі күліп жатыр, кейбіреулері қызды кекетіп бірдеңе деп жатыр, кейбіреулері жендетпен бірге дүре санап тұр. (немесе осының бәрі сахнада көрсетілмейді, көрермен тиесілі дыбыстар арқылы хабардар болады) Дүре соғылып болғасын жендеттер қызды босатады, ол арт жағын ұстап, ақсаңдап жәйіне кетеді. Ол жылап барады, топтың ішінен қызды кекетіп-мұқатып жатыр, қыз оларға бірдеңе деп жауап қатып барады.

Ғабдуррахман. (Қазының жанына оралып келіп, екінші қызға) Кіндігің неге ашық, ә?! (қыздың кіндік тұсын көздеп қамшысын сермейді, қыз шыңғырып қалып, ішін екі қолымен басып, бұғып қалады, оның жанында тұрған шейхтің көмекшілері еріксіз тұрғызады)

Екінші қыз. Ағатай! Ұрмаңызшы! Кешіріңіз, мен енді кіндігімді ашпаймын. Кешіріңіз, ағатай, кешіріңіз, мен енді дұрыс киініп жүремін! (жылап жібереді)

Ғабдуррахман. Киінесің, әрине киінесің! Енді жалғыз сен емес, барлық қыз-келіншек адам сияқты киініп жүретін болады. (Қазыға) Мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?

Қазы. Бала тым жас екен. Сондықтан бірінші ретке кешірсек қайтеді?

Ғабдуррахман. Менен несін сұрайсыз – бұл жерде қазы сіз емес пе! Шариғат заңы бойынша жазасын беріңіз. Тағайындаған жазаңыз тым жеңіл болса, немесе орынсыз кешірім жасасаңыз Аллаһтың алдында жауап бересіз.

Қазы. Иә, иә, әрине. Ал бұл балаға он дүре соғыңдар.

Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Апарыңдар бағанға, соғыңдар он дүре!

Халық шуласып кетеді. Аясаңдаршы, қаршадай баланы қалай сабайсыңдар! Мүлдем жас әлі, қолдарың сынсын! деп жатыр.

Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Бұл не шу? Он дүреден ешкім өлмейді. Қайта жақсы сабақ болады. Өзіне де, басқа қыз балаларға да. Жандарың ашыса бұрын қайда болдыңдар? Неге жалаңаш жүргізіп қойдыңдар балаларыңды?! Осылардың бәрі сендердің алдарыңда жүрмеп пе еді! Жалаңаштанып, күнәға белуарынан батып жүргенде аямадыңдар, ал енді әділ жаза аларында аяп қалыпсыңдар. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Апарыңдар, байлаңдар бағанға.

Қызметшілер қызды бағанға кісендейді де, жендет қыздың жалынып-жалпайғанына, көз жасына қарамастан дүре соғады. (немесе бұның бәрі сахнадан тыс жерде болып жатқанын көрермен тиесілі дыбыстардың көмегімен түсінеді) Халық гу-гу. Сосын бұл қыз да босатылып жәйіне кетеді.

Қазы. Енді кім бар?

Ғабдуррахман. Келесі қылмыскерді әкеліңдер.

Шейхтың көмекшілері бір жас жігітті алып келеді.

Қазы. Бұл жігіттің қылмысы неде?

Ғабдуррахман. Бұл ұры. Қалта қағып тазартатын ұры, қолының жылбысқасы бар. Бір мұсылманның күмәжнігін ұрлап жатқан жерінде ұсталыпты.

Қазы. Куәгерлер бар ма?

Ғабдуррахман. Бар. Куәгерлер, жақындаңдар. (екі куәгер келеді)

Қазы. Бұл куәгерлер сенімді ме?

Ғабдуррахман. Бұл мұсылмандарды біздің хазіреті имам сенімді адамдар деп сипаттаған. Екеуі де бұрыннан намазхан екен.

Қазы. Жақсы. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ұрлық жасағанын өз көзіңізбен көрдіңіз бе?

Ұрланған адам. (топтың ішінен шығып қазының жанына келеді) Әрине! Бұл ұрының қолынан мен өзім ұстап алдым. Мен бұл жігітті қатал түрде жазалауыңызды сұраймын. (шейхке) Мен сізді жүз пайызға қолдаймын. Бұл ұрылар мен қылмыскерлер әбден құтырып алды. Осылай қатал жаза қолданып тыймаса болмайды.

Ғабдуррахман. Тыямыз, біз енді бүкіл қылмысты тыямыз. Ол жөнінде ешкім күмәнданбасын. Ал сіз орныңызға барыңыз, шариғат сотының жұмысына кедергі жасамаңыз.

Ұрланған адам. Жақсы, хазіреті шейх. (кетеді)

Қазы. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ана кісінің күмәжнігін ұрлағаны жөнінде куәлік етесің бе?

Бірінші куәгер. Иә! Бұ жігіттің ана кісінің күмәжнігін қалтасынан алып шыққанын мен өз көзіммен көрдім.

Қазы. Күмәжнігін ұрлады ма, әлде қалтасынан алып шықты ма?

Бірінші куәгер. (таңырқай қарайды) Сіз қызық екенсіз. Осы екі сөздің қандай айырмашылығы бар?

Қазы. Айырмашылық бар. Егер бұл жігіт күмәжнікті ұрласа, әшһәду – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады, деп куәлік ет. Ал егер ол күмәжнікті жәй қалтадан алып шықса, онда мәселе басқа.

Бірінші куәгер. (мырс етіп күледі, топтағылар да оған қосылады) Ұры күмәжнікті жәй ала ма?

Ғабдуррахман. Куәгер, сіз мысқылдамай қазының сұрағына дұрыс жауап беріңіз.

Бірінші куәгер. (күлкі пышақ кескендей тыйылады) Жарайды. Әшһәду, куәлік етемін – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады.

Қазы. Жақсы. (екінші куәгерге) Ал сіз не дейсіз?

Екінші куәгер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады. Мен базарда сауда жасаймын, ал бұл жігіт әрдайым сонда жүреді, және жәй жүрмейді, сатушыларды да, сатып алушыларды да қан қақсатып жүреді. Қолынан шап беріп ұсталған күнде де құтылып жүрді. Бұның ұрлығы жөнінде бүкіл базар біледі, тек мына екумізден басқа ешкім куәгер болғысы келмеді. Иллаһи, осы жігіт ұры! Баукеспе ұры!

Ғабдуррахман. Мінеки, біз ұрыларды әшкерелеп жазалаудың орнына қылмысын жасырып бағамыз. Содан кейін, қылмыскерлер саны күннен күнге артып бара жатыр деп байбалам саламыз. Жақсы, сіздер боссыздар. (куәгерлер кетеді)

Қазы. (ұрыға) Ал, жігітім, сен не дейсің?

Ұры. Кешіріңіз, мен ендігәрі ештеңе ұрламаймын.

Ғабдуррахман. Сен өзі неге ұрлықпен айналысасың? Ұрламасаң аштан қатасың ба?

Ұры. Жоқ. Аштан қатпаймын.

Ғабдуррахман. Әлде жұмыс істей алмайтын мүгедекпісің?

Ұры. Жоқ, мен құрылыста жұмыс істеймін.

Ғабдуррахман. Жалақың аз ба? Отбасыңды асырауға жетпей ме?

Ұры. Жетеді. Отбасым жоқ. Әлі үйленген жоқпын.

Ғабдуррахман. Онда не керек саған?! Не жетпейді?

Ұры. Білмеймін. (оң қолын көтеріп) Менің ұрлығыма мына қолым кінәлі. Осы қолымнан көретін болдым! Көлік ішінде, базарда, әйтеуір көпшілік арасына түссем болды – дуылдап қышиды-ай кеп. Содан бірдеңе жымқырмағанымша қышуы басылмайды! Не істерімді білмеймін!

Ғабдуррахман. Не істеуіңді сен білмесең біз білеміз. (қазыға) Қандай жаза тағайындайсыз?

Қазы. Бұл жігіттің қолын білезіктен шауып тастаңдар. Содан кейін ұрлауын қоймаса екінші қолынан да айрылады.

Ғабдуррахман. Дұрыс! (ұрыға) Жүр, жазайық қолыңның ауруын. Қандырайық қышуын.

Ұры. Ағай! Шаппаңызшы қолымды! Мен енді ештеңе ұрламаймын.

Ғабдуррахман. Иә, иә, мен бұл сөзіңе әбден сенемін. Жалғыз сен емес – қолыңнан айырылғаныңды көрген кез келген адамның енді ұрлыққа баруы екіталай. Сол үшін біз шариғат сотын енгізіп отырмыз. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Орындаңдар қазының үкімін.

Көмекшілері жігітті ойбайлатып апарады да қолын діңге қояды. Жендет балтаны көтеріп, қай жерден шабатынын көздеп біраз тұрады. Жігіт аппақ қудай болып қарап тұр. Жендет балтасын тарс еткізіп түсіргенде, демін ішіне тартып тұрған жігіт айқайлап орнынан атып тұрады да, шабылған қолын екінші қолымен қысып алып зытып береді. (немесе осының бәрі сахнадан тыс жерде болады, көрермен тиесілі дыбыстар арқылы түсінеді. Ұры жігіт шабылған қолын екінші қолымен қысып сахнада тұрған халықтың алдынан жүгіріп өтеді) Халық шулап жатыр.

Бірінші адам. Әй! Тоқтатыңдар әлгіні! Қансырап өледі ғой! Қуып жетіп қолын таңу керек! (бір-екі жігіт ұрының соңынан кетеді)

Екінші адам. Оңбағандар! Қанішерлер!

Үшінші адам. Қанпезерлер! Хайуандар!

Ғабдуррахман. Ей! Сендер не білесіңдер?! Бұл жігітті біз жазалады деймісіңдер? Жоқ! Оны Аллаһ тағала жазалады! Және бұл жаза Жаратқанның рақымы. Бұл жігіт қолынан айрылды, ал оның есесіне шайтанның азғыруынан құтылды. Ол енді ұрлық жасамайды, күнәсін өзінің қанымен жуып-шайып адал өмір сүруге мүмкіндік алды. Иншалла, Аллаһ енді мұның қылмыстарын кешіреді. Өйткені Аллаһ адамды екі рет жазаламайды. Түсіндіңдер ме енді? (көмекшілеріне) Кәні, әкеліңдер келесі қылмыскерді

Қазы. Осымен доғарсақ қайтеді, хазіреті шейх? Бүгінгіге жетер.

Ғабдуррахман. О не дегеніңіз! Халқымыз қылмыс пен күнаға белуарынан батып жүр. Жергілікті түрме істі болған қылмыскерлерге лық толы, қазір онда аяқ басар жер жоқ. Арақ істеп сататындар мен ішетіндер, есірткі тарататындар мен нашақорлар, жезөкшелер мен зинақорлар, құмар ойын ұйымдастырушылар мен ойнаушылар, пара алушылар мен пара берушілер, ақшаны өсімге берушілер мен аңқау еңбекшілдерді алдап жүрген алаяқтар, адам өлтірушілер мен зорлаушылар, ұрылар мен адам тонаушылар, еркек пен еркек жынысты қатынасқа түсушілер, әйел мен әйел қосылып отбасын құрушылар және сол сияқты түрлі-түрлі азғындар өздерінің сотын тосып отыр. Осындай қылмыскерлер мен азғындардан арылмай біз нағыз ислами мемлекет құра алмаймыз. Сондықтан ерінбей, шаршамай, білегімізді түріп алып іске кірісейік.

Қазы. Жарайды, әкеліңдер келесі қылмыскерді.

Шейхтің көмекшілері бір жас келіншекті алып келеді. Осы жерде Асқар келеді.

Ғабдуррахман. (қазының жанындағы бос орынды нұсқап) Хазіреті имам, келіңіз, міне сіздің орныңыз. (Асқар отырады, оның екі көзі қылмыскерде)

Қазы. Бұл келіншектің қылмысы неде?

Асқар. Не бүлдіре қойды екен бұл бала?

Ғабдуррахман. Е-е, хазіреті имам! Сіз адамның сыртқы пішініне қарамаңыз. Осындай, түк білмегенсіп, үлбіреп тұрғандардың ішінде өлген ит жатады. Бұл оңбаған жаңа туған нәрестесін перзенханада тастап кетіпті.

Асқар. (не дерін білмей қалып) М-м… кеткен екен бір қателік… жас қой…

Қазы. Куәгерлер бар ма?

Ғабдуррахман. Бар. Бір дәрігер және екі медбике.

Куәгерлер қазының алдына келеді. Дәрігер ер адам.

Қазы. (дәрігерге) Сіз мына келіншектің өз нәрестесін перзентханада тастап кеткенін растап куәлік етесіз бе?

Дәрігер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – осы келіншек өз баласын перзентханада тастап кетті.

Қазы. Жақсы. (медбикелерге) Ал сіздер ше?

Екі медбике. (бірлесіп) Әшһәду, куәлік етеміз – осы келіншек бала табысымен одан бас тартты да тастап кетті.

Қазы. Жақсы, сіздер кете беріңіздер. (келіншекке) Балаңды неге тастап кеттің? Күйеуің қайда?

Келіншек. Күйеуім жоқ. Мені бір жігіт алдап, үйленемін деді де екіқабат болып қалғанда тастап кетті. Сосын, баланы асырай алмайтын болғасын, оны тастауға мәжбүр болдым.

Ғабдуррахман. Өтірік! Айналаңа қарашы – не?! Жұрт балаларын асырай алмай аштан қырылып жатыр ма? Бұл не сандырағың?! Неке қиыспай еркекпен неге төсекке жаттың? (келіншек үндемейді) Ал, жарайды, шайтанның азғыруына ұшыраған екенсің, некесіз бір азғынмен төсектес болған екенсің, екі қабатты болып қалған екенсің, бала тапқан екенсің – не болмай жатыр қазіргі заманда?! Неге сен өзіңнің сәбиіңді, бейкүнә, титтей нәрестеңді тастап кеттің? Содан кейін қалай жер бетін басып жүремін деп ойладың?! (келіншек төмен қарап үндемейді, шейх қазыға бұрылады) Қандай жаза тағайындайсыз?

Қазы. Жүз дүре!

Асқар. Мен мұндай жазамен келіспеймін. Жүз дүре дегеніңіз – ол өлім жазасымен пара-пар! Елу дүренің өзі жетіп жатыр.

Ғабдуррахман. Жоқ, хазіреті имам! Бұл жерде аяушылық дегенді қою керек. Қылмыскерлерді аяп біз қоғамды дұрыс жолға бастай алмаймыз.

Асқар. Қылмыскер қылмысына сай жаза алуға тиісті. Баланы тастап кеткені үшін өлім жазасына қиюға бола ма?

Ғабдуррахман. Ал мұның некесіз еркекпен төсектес болғанын қайда қоясыз? Ол қылмыс емес пе?! Бұл жазамен біз бала тастап кететіндерге қоса зинақорларға да сабақ бермекпіз. Әлде сіз зинақорлықты қолдайсыз ба?

Асқар. Жоқ, қолдамаймын. Бұл қызды алдаған жігіт қайда екен? Оны да жауапқа тартып осы жүз дүрені екеуіне бөліп беру керек.

Ғабдуррахман. Ол сабазың ісін тындырып ізін суытыпты. Оңай құтылдым деп жүр ғой, сірә. Алланың жазасынан құтыла алмасын білмейді ғой ол сорлы. (көмекшілеріне) Сонымен, қазы жүз дүре тағайындады. Апарыңдар, беріңдер қылмыскердің тиісті жазасын!

Халық тағы шуласып кетеді.

Бірінші адам. Ойбай-ау! Жүз дүреге бұл бейшара шыдай ма?! Өліп кетпей ме!

Екінші адам. Иә, қайдан шыдасын! Бұлар оны әдейі өлтірейін деп тұр!

Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Егер ажалы келсе – өлер. Ал егер сызығына жетпесе – тірі қалады, өмірін жаңадан бастайтын мүмкіндік алады. Не болса да бұл бейбаққа хайыр – жаңа айтқан жоқпын ба, Алла тағала қылмыскерді екі рет жазаламайды деп!

Келіншек. (өзін не тосып тұрғанын жаңа ғана түсінгендей тізерлеп отыра кетіп) Ағатай! Көкетай! Кешіріңіз! Мен жүз дүреге шыдай алмаймын. Өліп кетемін!

Ғабдуррахман. Өлсең – өрем қап! Сенің жер бетінде жүргеніңнен не пайда?! Егер сен өз ішіңнен шыққан балаңды аямасаң – біз сенен не қайыр күтпекпіз? Өзің ойлашы – кімге сенің өмірің қажет?! Біздің жаңа қоғамымызда сендей көкектерге орын жоқ!

Келіншек. (еңіреп жылап жібереді) Кешіріңізші! Мен баламды қайтып аламын! Бүгін барып аламын! Қазір барамын! Түсіндім қателігімді, түсіндім!

Ғабдуррахман. Әй, қарағым! Кім енді о баланы саған береді?! Бір рет тастап кеткен қарабетке баланы сеніп беруге бола ма?! (топқа бұрылып) Біздің ислами автономиямызда балалар үйі деген, тастанды бала деген болмайды. Балалар үйіндегі бүкіл балаларды біз, Әл-хизб партиясының мүшелері, өзара таратып алдық. Мен өзім бір ер бала мен бір қыз баланы асырап алдым. Біз сол балаларды нағыз мұсылман етіп тәрбиелейміз. (көмекшілеріне) Әй, неғып тұрсыңдар?! Апарыңдар, байлаңдар бағанға! Беріңдер әділ жазасын!

Қызметшілер келіншекті сүйреп бағанға апарып байлайды. Екі жендет екі жақтан сабай бастайды. Келіншек жылайды, шыңғырып айғайлайды, біраздан соң тек ыңқылдап ыңырсығаны ғана естіледі, аяқтарында тұра алмай, кісендерде асылып салбырап қалады, біраздан кейін мүлдем үні өшіп қозғалыссыз қалады. Халық толқып, кейбіреулері: Жетер! Тоқтатыңдар! Хайуандар! Жауыздар! деп жатыр.

Ғабдуррахман. Кім бұл жерде жауыз?! Сендер не білесіңдер?! Осы сөзді айтқан адам кезінде тастанды бала болды ме екен?! Шырылдап осы дүниеге келе сала, туған анасы оны тәрк етіп тастап кетті ме екен?! Сосын, есейіп жігіт болғанша, анам келіп мені алып кететін шығар, деген үмітпен қатар, жоқ, ол келмейді! Мен оған керек емеспін, мен бұл әлемде ешкімге керек емеспін, деген қасыреттің арасында дел-сал болып жүрді ме екен?! Ә?! (халық үндемейді) Үндемейсіңдер, иә! Ал мына алдарыңда тұрған адам, (өзін қамшы ұстаған қолымен нұсқайды) жауыз деп жазғырған адам, кезінде сондай тастанды бала болған! Сол адам есейіп, өзін туған анасының… анасы емес-ау! Өзін туған азғынның ендігі келмейтініне, ендігі алып кетпейтініне көзі жеткенде, оған жауыз деген. Сосын сондай жауздарды тудырған, сондай азғындарға жол беріп қойған қоғамға соғыс жариялаған. Өзінен туған баласын тастап кететін жауыздарға жиһад жариялаған! Міне, бүгін сол жиһадтың да уақыты келді.

Осыны айтып ол айналып кетеді. Жұртта үн жоқ. Өзінің дауысын ретке келтіріп Ғабдуррахман сөзін жалғастырады.

Ғабдуррахман. Біз бұл қылмысты жазаламай, тастанды балалардың саны азаймайды. Сендерге сол керек пе?! Ә?! Неге үндемей қалдыңдар?! Ендеше қараңдар – зина жасап бала тауып, бейкүнә сәбиді тастап кеткендерге біздің ислами мемлекетімізде аяушылық болмайды!

Халық үндемейді. Жүз дүре беріп жендеттер тоқтайды. Қызметшілер келіншектің қолдарындағы кісенді ағытады – ол сылқ етіп құлап түседі. (немесе осының бәрі сахнадан тыс жерде болады)

Ғабдуррахман. Дәрігерді шақырыңдар! (носилка ұстаған екі санитар ертіп дәрігер келеді де әйелдің пульсын байқайды, кеудесіне құлағын тосады да орнынан тұрады) Не?

Дәрігер. Өтіп кетті. (алақандарымен бетін сипайды)

Ғабдуррахман. (бетін сипайды) Аллаһу акбар!

Сахнадағы жұрт беттерін сипап, Аллаһу акбар дейді. Топтың ішінде күбір-күбір, гу-гу әңгіме басталып кетеді. Санитарлар келіншектің мәйітін носилкаға салып алып кетеді. Ғабдуррахман үсті-басын қағып орнына қайтып келеді.

Жамал. (топты жарып шығып шейхтың алдына келіп тоқтайды) Қанпезер! Қанішер! Тойдың ба қанға, құзғын? Осыдан кейін кім сені мұсылман, момын дейді?!

Ғабдуррахман. Өшір үніңді, арсыз қатын! (қамшыны сермеп қалады да, лезде есін жиып, көтерген қолын төмен түсіреді)

Жамал. (шейхке ұмтыла) Ұр! Ұр! Жық дүреге! Саба! Неге тоқтап қалдың?! Ұр, қыр, өлтір, жендет! Қорықпаймын сенен! (шейх теріс айналып кетеді, Жамал өзін сабырға шақыру мақсатымен жақындаған Асқарды итеріп жібереді) Осы сұмдықтың бәрі сенің мойныңда! Сен бәріне кінәлісің! Сен осының бәріне жол ашқан. Сенімен бір отбасылық болғанша мүлдем байсыз өткенім артық. (Ғабдуррахманға) Мен бұл қаладан кетемін. Балаларымды да қалдырмаймын. Бұл қала жын-шайтанның ордасына айналды, бұл жерде есі дұрыс адамға орын жоқ.

Ғабдуррахман. Жақсы. Қазір сізді стадионға жеткіземіз, онда қаладан шығуды тосып отырған біраз адамдар бар. Сосын арнайы көлікпен қаланың сыртына шығарып тастаймыз. Әрі қарай қайда баруыңызды өзіңіз біліңіз (бір көмекшісіне) Мына кісіні балаларымен стадионға апарып таста.

Асқар. Жамал! Тоқта! Қаладан әлі бір де бір адам шығарылған жоқ. Стадион жарылғыш заттармен миналанып тасталған. Сондағы бүкіл адамдар өлімге кесілген. Олардың бәрі аманат ретінде ұсталып отыр. Қалаға шабуыл жасалса стадион бүкіл тұтқындармен аспанға ұшады. Ал шабуыл жасалады, қашан екенін білмеймін, бірақ жасалатыны хақ.

Жамал. Солай ма! (Ғабдуррахманға) Ал хазіреті шейх не деп еді? Қаладан кеткісі келетіндер стадионға жиналсын, содан арнайы көлікпен облыс орталығына жеткіземіз, деп еді ғой. Соның бәрі өтірік болғаны ма? Мұсылманға, хазіреті шейхке өтірік айтуға бола ма?

Ғабдуррахман. Мұсылманның кәпірге өтірік айтқаны айып емес. Мен мұсылмандар мен кәпірлерді айырып алу үшін солай істедім.

Жамал. Сен жаңа ғана мені де алдадың емес пе?

Ғабдуррахман. Иә, алдадым. Өйткені сізді мұсылман деуге болмайды. Иманды, ибалы әйел мұсылманға, шейхке тіл тигізбеуге тиісті еді.

Жамал. Сен кәпір дегенмен мен кәпір бола қалмаспын. Тіпті, сендей қанішермен бірге мұсылман атанғанша кәпір атанғаным артық. (халық тобына беттей бере) Гүлнәр! Берік! Жүріңдер, кетейік бұл жерден.

Асқар. (соңынан ілесіп) Тоқтай тұр, Жамал! Қайда барасың?

Жамал. (Асқарға бұрылып, қолының ишаратымен оны тоқтатады) Талақ! Талақ! Талақ! Сенің екі қолың қанға малынған. Біз сендей қанішермен бірге тұра алмаймыз.

Асқар аңырап қала береді. Жамал балаларымен бірге кетеді. Осы жерде мешіттен азаншының дауысы естіледі. Халық тарай бастайды. Қазы мен хатшы да кетеді. Ғабдуррахман жасақтарын қолының ишаратымен аттандырады да имамның жанына келіп қолын оның иығына салады.

40 ₽
Возрастное ограничение:
18+
Дата выхода на Литрес:
15 февраля 2017
Объем:
370 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785448378027
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают