Читать книгу: «Айтыс»

Шрифт:

АЙТЫС

СƏКЕН ИМАНАСОВ
(1938–2012)
 
Күдік бар бір көздерде, бірінде үрей,
Дүрілдеп пысықтар жүр бұрынғы кей.
Салдыртып Сарыарқадан Сал келіпті,
Сапырып сахараның жырын күрей.
 
 
Қаларын білді ме екен əн-аңыз боп,
Сенді ме илеп-бүктеп аламыз деп.
Арқадан ат арытып Жетісуға
Жетіпті саңлақ ару Сараны іздеп.
 
 
Табынған талантына Арқа қыры,
Жеке өзі жыр Тəңірі, əн Тəңірі!
Асып та тасып тұрған тұста бұған
Қай ақын қарсы келер бар тағы ірі?!
 
 
Қайыспай долы дүлей қамшылардан,
Қаймықпай ханыңа да қарсы барған.
Əн қосқан аққумен де Біржан еді,
Сазарған саз беттен де қан шығарған.
 
 
Жақтасып жарлысына, кіріптарға,
Қасқайып қашан да езі жүріпті алда.
Амалсыз алдыңда оның қипақтаған
Қарадан қаймықпаған ұлықтар да.
 
 
Сыйысып өнер қалай жүрмек кекпен,
Сорлыны сөзбен «сойып», дірдектеткен.
Сөз бермей ауыздыға, асқақ айтып,
Еріксіз жатқа да өзін құрметтеткен.
 
 
Санқылдап жүрген шақта өрлеп көңіл,
Алданбай бос даңғаза ермекке құр,
Нан піскен кеудесіне талайларды
Кететін тырп еткізбей жерлеп те бір.
 
 
Тірліктің ғайбатын да, өсегін де
Дарытпай, дəуірлеген кеше мүлде.
Астынан алты қырдың əндеткенде
Сан сұлу дөңбекшитін төсегінде.
 
 
Қаламай жанға рақат, үлесті көп,
Қашан да шайқас, думан, күрес тілеп,
Жараған жүйріктей жан шыдатпай,
Кететін шулы нөпір тіресте үдеп.
 
 
Басынан сөз асырмай дүрілдеткен,
Жасырмай тура айтатын сырын көптен.
Бетіне жан баласын бір қаратпай,
Аңырап айқас десе бұрын кеткен.
 
 
Сол Біржан – Сал да Сері, асқақ ақын,
Жалғанда жан таппаған жасқанатын.
Ауылға əнмен түйрей, түре кіріп,
Қаңтарып үй сыртына тастады атын.
 
 
Солдыра солқылдатып жүрегіңді,
Сараны сөзбен түйрей, күле кірді,
Қоғадай жапырылған көп ішінде
Біреулер қабақ шытып, бірі егілді.
 
 
Біреулер іштей күліп, бірі ымдасқан,
біреулер əлдекімсіп жымыңдасқан.
Біреулер жалқау ғана бұрылады,
Теңкиіп жатқан жерден сырылмастан.
 
 
Біреулер сабыр таппай елеңдеумен,
Біреулер күтіп ақ тұр желеуді елден.
Біреулер ыңырана ырғалады
Дегендей: «Кем болып па сенен кеудем».
 
 
Əйтеуір жатты бəрі дүрлігісіп,
Сылқылдап, сыбырласып, сыр бүгісіп,
Төрт қызы Тұрысбектің сылаң қағып,
Сараны қоршай берді дүр күлісіп.
 
* * *
 
Басталып қырда солай бір тың дастан
Лебіне жар қалтырап, сілкінді аспан.
Тартылды таразыға тосыннан кеп
Кешірген талай тағдыр жұртым бастан.
 
 
Бір сарын – жыр сарыны қырда тұнып,
Сүңгітіп, тұнығына шым батырып.
Қалғыды құшағында тау мен дала
Сырлы əуен сиқырына шырматылып.
 
 
Əн кетті əу дегеннен желпіп қырды,
Есті алып, ел біткенді ентіктірді.
Жан түгіл,
үй сыртында матаулы аттар
Қайшылап құлақтарын елтіп тұрды.
 
 
Тербетіп, дірілдетіп жер-түкпірді,
Сал əуен сан сиқырын ертіп түрлі.
Ауылды айбарымен байлап-матап,
Ақ үйдің есігін де серпіп кірді.
 
 
Жаңғырта жеткен үнге бар даланы,
Жоқ шығар ауыз ашып қалмағаны.
Аңырып қалды халық: «Апыр-ай!», – деп,
Бұрын-соң естімеген арбап əні.
 
 
Балқытып, балбыратып, қырды əн билеп,
Ауылға төне түскен шың қалғи кеп,
Саз дауыс сай-сүйекті сырқыратып,
Дүниені тылсымымен тұрды əлдилеп.
 
 
Тырп етпей ұйып түгел сырлы əуенге,
Қанатын қақпай ұшып тырна əуенде,
Бұрын-соң естімеген əнге арбалып,
Ес кетіп, есеңгіреп тұрды-ау ел де.
 
* * *
 
Апырмау, шықпай ма енді?
Сара қайда?
Тұр ма екен бағадан қарап айға?
Бар Найман бұлбұлы деп жүрмеуші ме ек,
Суырылып шығуға бір жарамай ма?
 
 
Білмей ме осы екенін бақ сынар күн,
Дəл тауып, дəлдеп айтса жатсынар кім?
Еліңде барын айтып мақтанбай ма
Талай бір игі жайсаң, жақсылардың?
 
 
Айтпай ма бай да барын, бағлан барын,
Патшадан шен де шекпен алғандарын.
Қала ма бір тіл қатпай?
Қыз еді ғой
Сан қырға жеткізетін салғанда əнін.
 
 
Жеткенде желпініп-ақ жұртын мақтай,
Ауызға сал Біржанды, шіркін, қақпай.
Апыр-ау, ару Сара неғып отыр,
Қала ма шынымен-ақ бір тіл қатпай?
 
 
Шынымен бір тіл қатпай қалмақ па анық,
Біржанға шүйліксе еді самғап барып.
Арылып қажы алдында алмай ма екен,
Запыран жүректегі зарды ақтарып.
 
 
Бір сөзбен түйреп түгел, өртеп кейде
Кететін қайран Сара шер төкпей ме?
Жарқылдап шығып тағы топ алдына
Белдеспей беріспеуге серт етпей ме?
 
 
Неге отыр домбырасын бұрын қақпай?
Шықпай ма қалың елі, қырын мақтай.
Кетті ме мына Салдың мысы басып,
Қала ма шынымен-ақ бір үн қатпай?
 
 
Болмаса ақтармай ма ащы мұңын,
Жүрекке түскен дерттің асқынуын.
Жеңем деп желпініп-ақ тұр-ау Біржан,
Атақты Жетісудің жас сұлуын.
 
 
Сал Біржан аңырата дүрілдейді,
Қарамай,
Халық болып ұрын мейлі.
Арқаның ақиығы
Аңсап келген
Қалайша, қаршығасын бір ілмейді?
 
 
Апыр-ай, Сара солай сасар ма айқын,
Кез бе осы тартыншақтап, нашарлайтын?
Əлде оның ақындығы дақпырт па еді
Ауыл үй арасынан аса алмайтын?
 
 
Жұрт солай тұрды аңырып, тынып іштен,
Біржанды тоқтата алар кімі күшпен?
Қарайды Сара жаққа ауық-ауық
Сан көздер кекесінмен, кіжініспен.
 
 
Осы елде бардай-ақ бір өші өлердей,
Біржан да саңқылдайды есе бермей.
Демінен үй жығардай күпінеді,
Бір сөзі бір сөзінен кесек өрлей.
 
 
Сара да тұра алмады төзіп енді,
Біржанның тоқтамасын көзі көрді.
Баптаулы домбырасын қағып-қағып,
Көп күткен жұрт алдына өзі келді.
 
 
Қос жүйрік қырда қалай сайысқанын,
Көп сырды көп алдына жайысқанын
Əлі де аңыз етіп айтады жұрт,
Сараның сан иіліп, майысқанын.
 
 
Өлеңнің көз алдында күрт өскенін
Көргенде
Жинай алмай жұрт естерін,
Аңыз ғып кете берген сан ұрпаққа
Қос жүйрік қырда қалай сілтескенін.
 
* * *
 
Басталды айтыс солай…
Тынып халық,
Өзді-өзін таныстырып, іліп-қағып,
Шайнасты көріспейтін қас жаулардай,
Достардай бірде жарқын күліп те алып.
 
 
Бір тұста тұтқиылдан ағып барып,
Аямай ащы тілмен шағып та алып,
Алыспай беріспейтін түрі барын
Ел-жұртқа екеуі де танытты анық.
 
 
Аямай жеке бастан терісті мін,
Ащы айтып бір-бірінің кемістігін.
Елінің «жақсыларын» тізісті-ау бір
Тəңірісі солардай-ақ жер үстінің.
 
 
Бір тұста қуаныш пен зар алмасып,
Даңғаза құр мақтанға сараң басып,
Аңдамай екеуі де бір-бірінің
Іштегі жан-жарасын алар қасып.
 
 
Біресе шатыр-шұтыр, астан-кестең,
Шарпысып нажағайдай аспанда өшкен.
Тарихын мақтап ала жөнеледі
Өзді-өзі аймағының бастан кешкен.
 
 
Біресе тасқындай-ақ күркіреп кеп,
Болады қан майдандай дүркіретпек.
Белдескен палуандардай əдіс андып,
Бір-бірін осал жерден сілкіп өтпек.
 
 
Бір тұста асып-тасып, шаттанысып,
Лекіте төгеді сыр ақтарысып.
Өзді-өзі сүйсінгенін жасыра алмай,
Көп мұңмен кеудедегі жатты алысып.
 
 
Біресе екеуі де мұңсызданып,
Шенейді бірін-бірі тым сызданып.
Біресе іштегі оймен арпалысар,
Бір сəтке екеуі де үнсіз қалып.
 
Сараның бірінші монологы
 
Білетін ар қадірін, наз қадірін,
Жан едім баламаған азға құнын.
Дариға-ай, бəрі бақыт деп жүруші ем
Тəңірдің маңдайыма жазбағаның.
 
 
Сұқсыр ем көлде ұшатын күн-түн демей,
Қарайтын қабағыма жұрт үндемей,
Елімнің қызығы ма деуші едім-ау
Əн десе бүлкілдейтін шіркін көмей.
 
 
Ал бүгін ауыр ойдан арыла алмай,
Отырмын құсалықтан жарылардай.
Жүрек те дір-дір етіп тыншымайды,
Тартатын тақсіреті тағы бардай.
 
 
Бұл күні «құрысын да ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының».
Найзадай қадалады жүрегіме
Естісем шалқып күлген құрдас үнін.
 
 
Өмірдің керегі не іңкəр мына,
Жарқырап шыға алмасаң жұрт алдына.
Қапастан босатпаған, қайран, тағдыр
Шыңдарға шырқап ұшар сұңқарды да.
 
 
…Шерімді кімдерге айтып, кімге шағам?
Мұндайда болмай көрші мүлде есалаң.
Айнала қалың елің ақын демей,
Қатын деп қарар болса күнде саған.
 
 
Бұзып бір өтсем-ау дей ой тұманын,
Кернейді көкірегімді жойқын ағын.
Бұлықсып бойжеткенің құрысын да
Мерт болып балаң арман, бейкүнə күн.
 
 
Таптырмас жанға тоят бір күнгі оймен,
Дүние-ай, біздің заман сүргін ғой кең.
Даланың ақмаралы ем үркек ескен,
Еріксіз ноқталанып тұрмын ғой мен.
 
 
Еріксіз отырмын-ау ноқталанып,
Қамсыз да көрінген боп, жоққа нанып.
Жас жүрек аласұра тыпыршиды,
Түсердей өзі барып отқа да анық.
 
 
Отырған қартқа да ұнап, жасқа да ұнап,
Сал Біржан неге менен асқағырақ?
«Ақиық арғымақпын, асылмын!» – деп,
Тұр екен өнеріне мастанып-ақ.
 
 
Тұр екен өзіне-өзі сұқтанып-ақ,
Ақын ғой жолы даңғыл, жұтқаны бақ.
Шалқып жүр Орта жүзді еркін шарлап,
Бір өзі қанша қызға сырттан ұнап.
 
 
Өзі де жан екен-ау өте көсем,
Шынымен, шынымен-ақ кете ме есем?
Жо-жо-жоқ, бойдағы бар зарды ақтарып,
Қайтсем де не жеңемін, не теңесем.
 
 
Ақындық, алыстағы от-елес ең,
Дəрмен бол, тəуекел деп төтелесем.
Алыстан ат арытып келген Салға
Апырмау, қалай ғана кетеді есем.
 
 
Тұрса да тілім қышып, сөйлегім кеп,
Бастағы тежей берем ой легін көп.
Айтсам ба, адымымды ашырмастан
Кіріптар жесір етіп қойды елім деп.
 
 
Несі сəн күле алмасаң жарып көңіл,
 
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
22 января 2017
Объем:
27 стр. 1 иллюстрация
Правообладатель:
Public Domain
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, html, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают

Новинка
Черновик
4,9
167