promo_banner

Реклама

Читать книгу: «Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап», страница 4

Шрифт:

Мына сөзді естігенде Түсіп үндемей қалды. Оның орнына Әлсен айтты:

– Шоң, сен айтып отырсың ауыл арасы елу-алпыс шақырымнан болсын дейсің. Қалың Тоқа осы бір өзеннің бойына сия ма?

– Сыймаса анау Кұндызды жатыр, мына жақда Құланөтпес – бәрін жайлап алу керек. Неғұрым көп болып отырсақ, орыстар жуымайды. Содан кейін ана жер менікі, мына жер сенікі дегенді тоқтату қерек.

– Орыстар келіп тартып алмай ма?

– Ешқашан үлкен ауыл болып отырған елге тиіспейді. Қазіргі орыстың кіріп жатқаны елдің екі-үш үйден бөлініп отыруынан…

Сол күні олар Құлымбеттер ауылына келіп ат басын тіреген еді. Шоңның бұл ауылға келгенде ауылдың үлкен үйі Лаудікіне келіп тоқтайтын әдеті еді. Лаудың әбден қартайып болып отырған кезі еді. Шоң өткен сайлауда өзін қолдағанға риза еді. Не болса да дұрысына қарай сөйлей білетін Лауды ұнататын. Бұлар жайғасқаннан кейін Лау сөз бастаған болатын.

– Шоң, сен болыс болған соң осы жаққа орыстарды көшіріп әкеліп жатыр дейді. Сол шын ба?

– Оны кім айтты?

– Ана Қабайдың інісі айтты…

– Леке, есіңде болсын, мен қолымнан келсе бұл жаққа бір орысты жібермес едім. Бірақ менде ондай билік жоқ. Қазір орыстар не жасағысы келсе, соны жасайды. Қазақ қолынан жерге билік баяғыда кеткен. – Тағы да әкесі Телқозыға, Қожамжарға, мына үшеуіне айтқан сөзін қайталады.

– Бауырым-ау, өз алдына бір-бір ауыл болып қалған қазақ оған көне ме? -деді Лау.

– Заман өзгеріп барады, бүгінгі тіршілігіміз ертеңге жарамайды. Сол себепті, бәрін жағдайға байланысты ұйымдастыру керек. Басқа амал жоқ. Мына үш туысқанды ояз алдына апара жатырмын. Осыларды би сайлап, осылар маған көмектесе ме деген үміттемін.

Лау жабыса кетті.

– Бізден де би сайламайсың ба? Мен болсам қартайдым. Мысалы менің төрт баламның біреуін…

– Леке, би санын көбейткенмен ештеңе бітпейді. Және оны орыстар жасатпайды. Сіздің осы сөзіңізден бір кемшілікті байқап отырмын. Менің балаларымның біреуін дейсіз… Кұлымбетте сіздің балаларыздан басқа мықты жоқ па?

Лау Шоңның мына сөзіне сасып қалған ыңғайы бар. Содан кейін сәл үнсіз қалып барып айтты:

– Шырағым, Шоң, әркімнің көйлегі өз денесіне жақын дейді. Менің сөзім содан шығып отыр ғой. Бұл сөзің дұрыс. Құлымбеттен өзің таңдап сайла ендеше.

– Леке, қазіргі танда Құлымбетте сізден асқаны жоқ. Сіздің ұрпақтарыңыздан да сіздей адамдар табылар. Баяғыда Кенесарымен де тіл табысып едіңіз ғой. Келген орыстармен де тіл табысатын балаларыңыз бар шығар. – Шоңның бұлай айтуының сыры бар еді. Өткен жолы Шоң Ақмолаға барғанда ояз реніш білдіре айтқан болатын: «Шоң Телкозинович, анау Нұра бойына көшіп барған орыстар мен қазақтар жиі жанжалдасатын көрінеді. Соны қойғыз» деген. Бұлар тура Қараталға келген орыстар еді. Үш-төрт үй балықшылар болатын. Солармен Лау балалары жанжалдасқан ба, ояздың айтып отырғаны сол еді. Әйтпесе, осы жолы Құлымбеттерден де біреуді ала бармақ ниеті бар еді. Орыс балықшыларының көңіл-күйіне байланысты бұл жолы Құлымбеттерден би сайлауды кейінге қоя тұрған еді. Бәрібір ояздың өткізбейтінін білген. Осы арада Шоң үндемей отырып қалған. Лау оның мұнысын жақтырмады. Содан кейін сөз бастап кеткен:

– Бауырым, сен әлгінде Кенесары жайында айтып өттің ғой, қанша дегенмен ол өзіміз емес пе? Ал мына орыстың діні бөлек, тілі бөлек халық қой. Бұлармен сөйлескенде ұғыса алмай қаламыз. Содан дау туындап кетеді.

– Леке, ұғыса алмай қаламыз деген артық сөз. Орыс келді, олармен қайтсе де түсінісуіміз керек. Орыс Кенесарыны жеңді де, енді іргемізге кіріп алды. Енді одан құтыла алмайсыз. Артық кетпей, солардың айтқанын да тыңдауымыз керек.

– Бұл орыстарыныз қызық көрінеді. Малдарды бізге қарай жаймаңдар дегенді шығарып жүр.

– Жаймаңыздар десе, жаймаңыздар!

– Сен болыс болған соң соларды жақтан отырсың ғой.

– Менің сіздерге айтып отырғаным, орыстармен дау қазаққа ешқандай пайда бермейді. Түбінде солардікін дұрыс деп шығарады бастықтар. Леке, бізде ешқандай күш жоқ, билік соларда. Ал әділін айтсақ, орыстар да тыңдайды. Олай болмаса, біздің сөзіміздің оларға бес тиындық құны жоқ. Не істесек де солармен келісіп істеуіміз қажет. Орыстармен жанжалға бармау керек. Біз одан ұтпаймыз, ұтыламыз. Басқа амал жоқ.

– Шоң, бауырым, оны кімге айтып отырсың? Төрінен көрі жақын маған айтып отырсың ба?

– Осы отырғанның бәріне айтып отырмын. Әр ру адамдарының өз жағдайын ойлап сөйлейтін заман өткен. Енді бір Тоқа болып, тіпті бір қазақ болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып өмір сүрмесек болмайды. Заман соны тілеп отыр.

– Шоң бауырым, бұл айтқан сөзің дұрыс. Дегенмен, заман өзгерген сайын жастар да өзгеріп бара жатыр ғой деймін…

Шоң бұл сөзді өзіне арнап, әдейі реніш білдіріп сөйлеп отырғанын түсіне қалды да:

– Заман өзгерген сайын адам да өзгереді. Уақыт талабы сондай… Ол үшін ешкімге кінә қоюға болмайды.

– Сен міне, орысша оқыдың. Соған орай осылай сөйлейсің ғой.

– Мен орысша оқығаннан емес, жағдайға байланысты айтып отырмын.

– Мына Жолтабарлар балаларды Ақмолаға орысша оқуға береміз деп қоймайды. Сонікі дұрыс па?

– Міне, Леке, іргеңе орыстар келіп кірді. Олардың тілін білген жақсы. Орыстармен олардың өз тілінде сөйлессек, жақсы ұғыса білеміз. Сонда дау да азаяды, онсыз болмайды.

– Жастардың бәрі сендей саналы емес. Өздерін ұмытып, сол орыстарға қызмет етіп кете ме деп қорқамын.

– Қолдан келер басқа дәнеңе жоқ. Біздің тіршілігіміз орыстармен байланысып кеткендей. Баяғыда мені оқуға жібергенде Жанкелді әкем айтқан: «орыс дұшпаның, соңдықтан оның тілін білген де жақсы» деп, орыстын да жақсы жағын үйренуге маған өсиет қалдырған еді. Сол сөзді басшылыққа алып келемін ылғи.

– Бұл айтқаның дұрыс, Шоң. Жаратушы саған өміріңді ұзақ етсін. Кейінгілерді дұрыс жолға бастай бер.

Әңгіме түннің бір уақытына дейін созылды. Талай әңгімелер айтылды. Шоң әкесі Телқозыдан естіген еді. Ол мынадай әңгіме еді: Баяғыда Кенесары Ақмола бекінісін талқандап, Қоңырқұлжаның малдарын айдап әкетіп бара жатқанда жолда кездескен жылқыларды қосып алып отырады екен. Байлар малдарын сай-салаға қуып, тыға бастағанда, Лау жылқыларын тықпайды. Қайқаң көлінің жағасында жатқан екен. Алса алсын депті. Кенесары жылқыларды айдап алмастан бұрын ол малдың кімдікі екенін біліп отырады екен. Сонда шапқыншы мұның Лау мырзаның жылқысы екенін айтқанда, «Олай болса оның жылқысына тимендер. Оның малы – көптің малы» – деген екен Кенесары. Шоң отырып сол жайында Лаудан сұрады:

– Сонда Кенесары сіздің жылқыларыңызды неге әкетпеді?

– Мен біздің елден Кенесарыға көмектесуге баратын болған адамдарға бір-бір жүйрік аттан берген едім. Соны ол барғандардан естіп, сол жақсылығым үшін жасаған болуы керек…

– Әділ болған болды ғой онда…

– Ел оны қатыгез, жауына да, досына да мейірімі жоқ дейді. Ол бос сөз. Ол жағдайға қарай іс жасайтын.

Мен бірде Қайқаң жағасында отырғанмын. Түс ауа Кенесары келді. Дастархан жасап, тамақ әзірлеттім. Сөйтіп отырғанда, Нұра жағасында балық аулап жүрген бес орысты ұстап алып келді оның адамдары. Қасындағы татар тілмашы арқылы қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқандарын түгел сұрады. Мен ол орыстарды білуші едім, балық аулап ішкі Ресейге жіберетін. Кенесары отырып менен сұрады: «Лау, мына кісілерді не істейміз», – деді.

Менің жаным ашып кетті де «Сұлтан, мен бұларды білемін. Ешкімге зияны жоқ, балық аулап жүрген орыстар» – дедім. «Олай болса, жіберіңдер», – деді ол. Бұл да әділдік емес пе? Тек айтқаны, орыс жерінде өзендер көп, балықты содан барып аулаңдар деді. Сол күні күн бата Кенесарылар оңтүстікке қарай жүріп кетті. Арада үш күн өткен соң орыстың бір бастығы келіп тұр. Қасында мен босаттырған орыстың бірі бар. Кенесарыны конақ еткенді біліп келген болуы керек, маған тиісе бастады. «Ол патшаның жауы, сен оны үйіңде неге қонақ етесің?».

«Мен оның кімге жау екенін білмеймін. Үйіме келді. Қазақ тәртібімен қонақ еттім. Міне, сен келдің. Сені де қонақ етемін. Отыр!» – дедім. Ол отырмады. Қасына ерген, мен босаттырған орыстан сұрады.

Әлгі орыс бастығынан қорықты ма, менің айтқаным жалған деп айта бастады. Қаным қарайып кетті. Қасындағы татар тілмаш жағдайды айтып, зорға түсіндіріп, әрең құтылдым. Бұл орыстардың да жақсылыққа жамандық жасайтыны бар екен. Соны білдім. Сонда әлгі орыстарға жаман ренжідім.

– Леке, ондай адамдар кез келген халықта болады. Ол соның арасында бір шен алғысы келген адам болар. Ол үшін жалпы орысты жамандамаңыз.

Лау үндемей қалды. Осымен сөз бітіп қалғандай болды. Дегенмен Лау Шоңның мына сөзін жақтырмай қалғандай.

– Болыс болған соң солай сөйлеп отырсың ғой.

– Солай сөйлеу – менің міндетім.

– Сен кешегі Жанкелді ұрпағысың. Олай сөйлеу саған жараспайды.

– Заман солай сөйлетіп тұр. Оған көнуіміз керек. Онсыз болмайды. Бірақ та орыстардың айтқанын жасай отырып, қазақ жағдайын да ұмытпау керек…

Лау бұл сөзді түсінді ме, түсінбеді ме, әйтеуір бұдан кейін сөзді көбейткен жоқ, үндемей қалды.

Танертең тамақ ішкен соң олар жүріп кеткен. Асықпай жүріп отырып кешкісін Ақмолаға жетті. Шоң болыс болып кеткелі Әйімкүлге сан келген. «Тамағы тоқ, көйлегі көк» дегендей жүріп жатқан. Қаниса қызындай етіп ұстап отырған. Бұлар келгенде үйде Карбышев отыр екен. Оның анда-санда Қаниса мен Аққыздың халын біліп тұратын әдеті бар еді.

– Шоң Телкозинович, келіп қалдыныз ба?

– Семен Иванович, мына үш адам болашақ билер, әдейі сізбен таныстыру үшін әкелдім.

Ояз Шоңның мына би етуге алып келдім дегеніне онша мән берген жоқ. Карбышев қазақ билерінің орыс шенеуніктері алдында беделі жоғары тұруын ұнатпайтын. Сол себепті, болашақ билер деген сөзге көңіл аудармады. Шоң оның билерге мұндай көзқарасын жақсы білетін. Жалпы, ол қазақта осындай билік басты адамдар болатынын ұнатпайтын. Жоғары жақ билерді қолдаған соң, амалсыздан көнгендей түр көрсетіп жүргенін Шоң білетін. Мұнысын түсініп отыр еді. Содан ба, билер туралы сөз қозғамай, Карбышев Шоңмен біраз отырып ананы-мынаны әңгіме етіп кетіп қалған. Ол кеткен соң Қаниса айтты:

– Шоң, сенің осы жерден кетуіңнің қажеті жоқ еді.

Бұл сөзді Әйімкүл ықпалымен айтып отырғанын түсінді. Қазір патшаның саясаты туралы айтса сөз көбейіп кететінін білді. Ертеңгі күні ол Карбышев құлағына жетіп қалуы да мүмкін еді. Қаниса өзіне жамандық ойламайтын, алайда, сөз ретіне қарай Карбышевке айтып қойса жақсы болатынын білді. Соны түсінді де:

– Әркімнің өз отырған жері бар ғой, мен елге барып қызмет еткенді дұрыс деп білдім. – Бұл сөзді Шоң әдейі Әйімкүл үшін айтып отыр еді. Оның қасында болмай, осында қалғанын жақтырмайтын онша. Әйімкүл көңіліне қарап, осында қалғаны ұшін ештеңе айта алмаған.

Қаниса Шоңмен еріп келген конақтарға жақсылап тұрып тамағын бергізді. Содан кейін оларға кең бір бөлмеге төсек салғызып берді. Төсекке жатып, оңаша қалған соң Шоң Әйімкүлден сұрады:

– Сен Оспанды сағындың ба?

– Мына Бәтжан жоқтатпайды.

Мына сөзді жанағы Шоңның «ел» деген сөзіне байланысты айтып отыр еді Әйімкүл. Шоң оның жалған айтып отырғанын сезіп отырған. Әйтпесе, оны бір ғана Сақыжаннан туғаны үшін жек көретін.

– Сен шыныңды айтшы, Оспанды сағынбайсың ба? – Бұл сөзді әдейі қайталап айтқан. Әйімкүлдің ішкі сырын білу ойы болатын мұнысы. Әйімкүл оның бұлай сөйлеп отырған себебін түсіне қалған. Өткен жолы бір келгенде Оспанды ыңғай сағынамын деген. Енді бұлай сөйлеп отыр. Ақмоладан кеткісі келмей отырғанын түсінді. Сол сөздің дәлеліндей, Әйімкүл айтқан:

– Шоңке, сұранып осында қайтып келмейсіз бе?

– Мен мұнда енді ешқашан келмеймін. Орыстардың қазаққа қандай көзқараста екенін білемін. Сол туысқандарымның арасында, елімде боламын. Сен де қайт, мұнда жалғыз өзің не аласың?

Өткен жолы да осыған ұқсас сөз айтқан еді. Шоңның жақтырмай жүргенін енді жақсы білді. Мына сөзден кейін басқаша сөйледі.

– Шоңке, сізсіз жүре алатын емеспін. Осы жолы бірге қайтамын, – деді Әйімкүл.

Шоң мына сөзіне риза болып, құшағына кысты. Әйімкүл де күйеуін сағынып қалған ба, құшағына кіре берді. Әйімкүл: «Сізбен бірге жатқанның өзі маған ғажап тіршіліктей көрінеді» – деді. Шоң бұл сөздің мәнін түсінді. Бірақ үндеген жоқ.

Шоң ертеңіне үшеуін ертіп ояз кеңсесіне барды. Кешегі ояздың мінезіне қарап бірден алып ішке кіруді ыңғайсыз көріп, үшеуін ауыз үйде қалдырды да, өзі кірді. Ояз жақсы күйде қарсы алды Шоңды. Ол бірден Нұраның бойына келіп қоныстанған орыстардың хал-жағдайын сұрады. Шоң алдымен осындай сұрақ қоятынын біліп алған. Сондықтан Захар ауылына Ақмолаға жүрер алдында барып қайтқан.

– Олардың жағдайы жақсы. Малдарын өсіріп, огородтарын салып, балығын аулап тұрып жатыр.

Мына сөзге ояз риза болып қалғандай. Бұл жайында сөзді бітіріп:

– Кешегі қасыңдағы адамдарың қайда? – деді.

– Олар ауыз бөлмеде тұр.

Карбышев қазақтың билерін жақтырмайтын, соған орай сөйледі.

– Осы билердің санын көбейтіп қажеті қанша?

– Семен Иванович, қарт билер ескіге қарай тартады. Бүгінгі заман талабына байланысты, осындай жас билердің болғаны жақсы…

Мына сөз ояз көңілінен шыққан сөз болуы керек, «шақыр, кірсін» – деді есікте тұратын адамға. Үшеуі кірген. Кешегідей емес, ояз үшеуімен де қол беріп амандасты. Оның бұл қылығы үшеуінің де көңілдерін көтеріп тастағандай.

– Сіздер мына Шоң Телкозиновичке қызмет етесіздер ме? – деп сұрады ояз.

Қу Әлсен айтты:

– Біз сізге, патшаға қызмет етеміз.

– Мен оны білемін. Сіздер алдымен мына Шоң Телқозиновичке қызмет етіңдер. Бұл кісіге еңбек еткендерің патшаға жасағандарыңыз болып табылады. Өйткені, бұл кісі біздің сол жақтағы өкіліміз. – Бұл сөзді ояз саясатпен айтып тұрғанын білді Шоң.

– Жасаймыз, – деп, үшеуі бірдей жарыса сөйледі.

– Олай болса, мен сіздердің би болғандарыңызға қарсы емеспін, – деді ояз.

Ояз ауылдағы билер тәрізді ортаға алып, біраз емтихан алғандай әуре ете ме деп қорқып келген бұлар. Мынасы тіптен оп-оңай болды. Тысқа шыққан соң Әлсен:

– Мына ояз қарсы емеспін дейді. Осының алдына әкелмей-ақ бізді би сайлауыңа болады екен ғой.

– Әлсен, бұл да саясат қой, ертеңгі күні ауылдағы билерге айтуға жақсы болады. Сендерді би сайлауға ояздың өзі қолдады деуге…

Қайта Қоңырқұлжа үйіне келді. Шоң Әйімкүлді салт атпен алып кетпек ойы бар еді. Бірақ ұзақ жолға салт атпен өзі екіқабат әйелді алып жүру қиын екенін түсініп, ол ойынан қайтты. «Сен бұл жолы асықпа, кейін атарбамен Жойқынбекке алғызамын» – деді.

Бірақ Әйімкүл Шоңның айтқанына көнбеді. Сол салт атпен бұлармен бірге жүріп кеткен еді.

Дос көңілді адам

Шоң келгенде анда-санда Карбышев оны үйіне ертіп апарып, болыстардың жұмысы туралы ақылдасатын. Ояз мұны қазақ психалогиясын жақсы білу үшін жасайтынын Шоң сезетін. Оның өзі де бала кезінде жергілікті халық арасында болған. Қазақ жайында мәліметі мол еді. Сонда да Шоңнан сұрайтын. Мұнысы Шоңның өзін де жақсы білу үшін жасайтынын сезетін. Содан кейін сөзден ұсталып қалмау үшін неше түрлі құйтырқы сөздер араластырып сөйлейтін.

Шоң кезекті бір келгенінде ояз оны үйіне ертіп апарды. Қазақтын мінез-құлқын Шоңнан артық ешкім білмейтініне оның көзі әбден жеткен. Сондықтан ана болыс солай жасап жүр, соған не істеуге болады деген тәрізді сұрақтар беріп, ақылдасып отыратыны бар еді. Шоң Карбышевтың мұны қулықпен жасайтынын білетін. Үндемей қалуға тағы болмайды. Онда ояз ренжиді. Шоң дұрысын, әділін айтуға тырысатын. Бүгін де пікір алу үшін шақырған шығар деген оймен үйге кіріп келсе бір бейтаныс орыс отыр екен. Карбышев сөз бастап кетті.

– Петр Константинович, сізге айтқан адамым осы кісі болады. Орыс тілін менен де жақсы біледі.

Мына сөзді естіп әлгі адам қуанып қалды. Орнынан тұрып, Шоңға қолын берді.

– Мен жергілікті адамдармен сөйлесуім қиын бола ма деп қауіптеніп жүр едім, бұл кісінің орысша білгені қандай жақсы болды!

Карбышев жасырған жоқ, турасына көшкен еді.

– Петр Константинович Санкт-Петербургтегі шенеуніктер алдында кінәлі болып қалып, осылай жіберген екен. Шоң Телқозинович, бұл адам киргиздардың арасында тұрамын дейді. Оған қалай қарайсыз?

– Мен бұған қуанбасам, ренжімеймін!

– Ендеше, сіздің аулыңызда тұрсын. Қанша тұратынын Петр Константиновичтың өзі де, мен де білмейін. Ол мәселе жоғары жақтың қолында.

Қазақ жерін жаулап алғаннан кейін саясатпен сотталған адамдарды, жер аударылған адамдарды Сібірмен қоса осы жаққа жер аударып тұру әдетке айналған еді. Шоң оны жақсы білетін. Ақмолада істеп жүргенде мұндай адамдардың санын көрген. Оларды көбіне Ақтау, Ортау тәрізді кісі аз бекіністерге, жаңа құрыла бастаған Атбасар сияқты орыс станцияларына жіберетін. Қазақ ауылына жібермермейтін. Оның үстіне тілді білмегендіктен бе, олар қазақ арасына баруды қаламайтын. Ал мына кісі өзі киргиздар арасына баруға сұранып отырғанын біліп, қуанып кеткен. Мұндай адамдар орталықта не болып жатқан, саясаттағы жағдайды жақсы білетін, бір ғажабы жасырмай ашық айтатын. Шоң осы жаққа жер аударылып келген бірлі-жарым адамдармен сөйлесіп, көзі соған әбден жеткен еді. Мына адамға осынша қамкорлық жасап, өзінің тілеген жеріне жіберуіне қарағанда Карбышевтің бір жақын таныс адамы деп ұққан еді Шоң. Біраз таныстықтан соң Карбышевтің пәуескесімен екеуі Нұра бойына жүріп кетті. Жолай келе жатқанда конағы айтқан, мені Сібірге қарай жіберіп коятын еді. Санкт-Петербургте бір жолдасым бар еді, сол Омбыдағы бір жолдасына хат жазып берді. Сол кісінің арқасында осылай – онтүстікке қарай жіберді.

Бұл адамының аты – жөні Петр Константинович Карпов екен, былай шыққан соң әлгі адам өз өмірінен біраз хабар берген. Осылайша Шоң қонағының өз аузынан өмірі жайлы біраз мәлімет алған. Содан екеуі жақсылап танысып алды. Карпов Шоңнан бұл жақтағы ауа райы туралы сұрады. Ептеген өкпе ауруы бар еді, содан қорқып келе жатқанын да жасырған жоқ. Шоң оның қазақ аулына келуінің тағы бір сырын білгендей болды. Кейбір орыстың өкпесі ауыратын мықтылары Ақмолаға келіп, қазақтарға өзен жағасына бірнеше бие байлатып, жаз айларында жатып қымыз ішетінін білетін. Содан Шоң оның қойған сұрағына байланысты жауап берген.

– Біздің жақтың жазы ыстық, қысы суық болады. Суығы Сібірден бір кем емес екенін, орыстардың өз аузынан естіген еді Шоң.

Мына сөзді естіп ол қорқып кеткендей болды.

– Мен байқап келе жатырмын, киргиздардың көбісі киіз үйлерде отыр екен. Ондай суықта қалай тұрады?

– Жақсылап жан-жағын дұрыстап жапқан киіз үйлер жылы үйден кем емес, ортасына от жағады да отыра береді. Киргиздар көшпелі халық қой, тіршілігі соған үйренген.

Қонағы оның мына сөзіне не сенерін, не сенбесін білмеді. Карбышев алдында айтқан, бұл кісі жалған сөйлемейді, дұрысын айтады деген. Алайда, қонағы күдігін де жасырмады.

– Мен тәрізді ауру адамдарға қиын болатын шығар. – Қонағы жолай жылы үйлерді көріп келе жатқан, соны көрсетіп, мына үйлерде сонда кім тұрады деп сұраған еді.

– Ал байлар жылы үйлер де салып алады. Бір сөзбен айтқанда, орыс ағайындардан көріп, солардың тұрмысына да ыңғайланып келеді. Енді бір он жылдан кейін келсеңіз, қыс айларында киіз үйде отырған қазақтардың бәрінің жылы үйге көшкенін көресіз. – Бұл сөзді де Шоң өзінің ішкі есебімен айтып отыр еді. Қазақтардың орыс тұрмысына көшкенін мына білімді адам ана жақтағы мықтыларға жеткізетіне сенімді еді. Бұлай сөйлегенде қазақ тұрмысын жақсартуға көмегі тие ме деген үміті де бар еді. Карпов отырып айтқан еді:

– Мені бұл жақта ұзақ мерзімге қалдыра ма деп қорқамын. Бұл жақтың тұрмысына үйренбеген адаммын ғой.

– Бұл жаққа талайлар сіз тәрізді келіп, мерзімінен бұрын қайтып кеткендері көп. Сізге де соны жасауы мүмкін.

– Сіздің айтқаныңыз келсін. Санкт-Петербургте мені талай жұмысым күтіп тұр. Соған асығамын. Әйтпесе, бұл жақта сіз тәрізді адам тұрғанда маған жақсы жағдай жасалатынына сенемін.

– Петр Константинович, мұнда өзі үйіңдей сезінесіз. Барлық жағдайды жасаймын. – Шоңның өзі де осындай білімді адам кездескеніне қуанып келе жатыр еді. Ресей өмірінен біраз жаңалық еститініне сенімді болатын.

Қаладан шыққан соң Шоң бір жерден қымыз ішіп алайық деді. Бұл жаққа жер аударылумен бірге емделу үшін де келе жатқанын білген Шоң ауыл шетіндегі кішкентай қоңыр киіз үйге бұрғызды аттың басын. Бұл Ағыстардың ішіндегі Таймас атты би болатын. Бұлар келгенде ол есік алдында отыр еді. Шоң пәуескеден түсіп келіп шалдың қолын алды.

– Таймас аға, денсаулық қалай?

– Құдайға шүкір, отырмын ғой…

Шоңның қасындағы орысты көріп, «Бұл бірге жақсылық оймен келе жатыр ма, әлде жамандық оймен жүрген орыс па» – деп сұрады.

– Таймас аға, оны өзім де білмейін…

– Білмесең неге ертіп жүрсің?

– Ояз тапсырған, содан кейін мен не істеуім керек?..

Шал сәл үндемей қалды да, кемпіріне қымыз алғызды. Кемпірі үлкен екі шараяқты толтырып қымыз әкелді. Шоң әуелі қасындағы серігіне берді. Екіншісін өзі алды. Таймас отырып, «Шоң, бүгін осында қон, мал сойғызайын» – деді.

– Ағасы, асығып барамын, тағы бір реті келгенде келіп қонармын. – Шоңды Таймас шалдың айтқан әңгімелері қызықтыратын. Қазақтың өткен-кеткен тарихын жақсы білетін. Сан рет қона жатып естіген. Бір ғажабы, бұл үйдін кемпірінің қолынан шыққан қымыз ғажап дәмді болатын. Шоң екі-үш рет Әйімкүлді Таймастың кемпіріне ертіп келіп қымыз дайындауды үйреткен еді. Шоң қонағына қазақ қымызының дәмін осы үйден көрсетуді ойлап әдейі алып келген.

Қымыз ішкен соң олар жүріп кеткен. Былай шыққан соң Шоң сізге қымызы ұнады ма деп сұраған конағынан.

– Қандай екенін білмеймін. Денсаулыққа жақсы болатыны туралы дәрігерлер айтқан соң, іше беремін. Карбышев әкелген қымыз ащылау еді. Ал мына үйдікі тұщылау ма, айыра алмай қалдым. Дегенмен, дәмді екен.

– Бұл кісінің бәйбішесі қымыз ащытуды біледі. Сондықтан жақсы. Ал үй иесі аристократ адам. Бұл уезде бұдан өткен аристократ жоқ!

Карповке Карбышев киргиздардың барлық аристократтары ақ киізбен жабылған үйлерде тұрады деген. Ал мына болыс ақ киізді үлкен үйге апармай, лашыққа әкелді. Көңілін мазалап кеткен сұрақты қойды.

– Бұл кісі киргиздардың аристократиясына жатса, неге нашар тұрады?

– Нағыз аристократ осы кісі. Бұл кісі атақты би болған. Сол міндетінен өзі сұранып шығып кетті. Қоңырқұлжа дуанбасы болып тұрғанда. Казір бұл кісіге билік айтуды сұрап ешкім келмейді. Бір кезде Кенесары Ақмола бекінісін талқандап, кейін ақыл сұрап осы биге келген. Сонда бұл кісі оған, сен бәрібір жеңілесің, патшамен келісімге кел депті. Сол сөзі үшін барлық малдарын айдап әкетіпті. Екі баласы бар еді, оларды да зорлап Кенесары алып кеткен. Олардан осы уақытқа дейін хабар жоқ. Сірә, соғыста өліп қалған болуы керек. Қыздарын алған құдалары бар. Олар қазір бұған қарамайды. Бұл да оларды ұнатпайды. Бұл адам өзінше тіршілік кешіп жатқан адам.

– Аянышты өмір кешіп жатыр екен. Мынадай адамды мемлекеттік жұмысқа тарту керек ғой.

– Бұл кісі патшаның жүргізіп отырған саясатын да жақтырмайды. Сондықтан Карбышевке ұнамайды. Және өмір бойы төрелермен айтысып келеді.

Карпов төрелер кім екенін білмейтін болып шықты. Содан кейін Шоң қонағына түсіндірді:

– Олар Шыңғыс хан тұқымынан шыққан адамдар. Пәлен ғасырлар бойы қазақтарды билеп келген. Сондықтан оларды төрелер атап кеткен.

– Олар көп ме?

– Хандар алты-жеті әйел алған. Олардың баласы да сөйткен. Содан кейін көбейген. Қазір олардың саны бірнеше мыңға жетеді.

– Олардың халық арасында беделі бар ма?

– Менің байқайтыным уақыт өткен сайын төмендеп келеді. Әуеліде төрелердің орыс шенеуніктермен ара қатынасы жақсы еді. Кенесары жеңілгеннен кейін, оларға да басқаша қарайтын болды. Бұрын осы Ақмола жерін дуан деп атайтын. Оны өзіңізге Семен Иванович айтқан шығар, Сәмеке ханның тұқымы Қоңырқұлжа деген аға сұлтан биледі. Ол кезде хан заманындағыдай киргиздарға төрелер билік жүргізетін. Енді уез атанды. Оны Карбышев басқарады. Биліктен айрылған төрелердің халық алдындағы беделі де төмендеп кетті.

– Сіз олардың беделінің төмендеуіне қалай қарайсыз?

– Мен әуелден оларға дұрыс қарамаған адаммын. Өйткені, халықты екіге бөлді. Ел билігіне ыңғай төрелерді тартты да, басқа төре еместерді екінші дәрежелі адамдар санады.

– Қазіргі уақытта олардың орыстармен арасы қандай?

– Бір кезде Шыңғыс хан тұқымдары орыстарға билік жүргізді ғой, содан қалған ыза бар тәрізді. Орыстар билікті өз қолдарына алған төрелерді енді сырғыта бастады.

– Төрелердің биліктен кете бастағанына қалай қарайсыз?

– Киргиздарды осы күйге жеткізген солар ғой. Оларға мен қалай қараймын…

– Ал сіз орыстарға қалай қарайсыз?

Шоң орыстармен орыстар туралы сөйлескенде сақ болатын. Қазір де сол сақтығына салып:

– Әзірге орыстар туралы ештеңе айта алмаймын. Оларға киргиздардың қандай көзқараста екенін болашақ ұрпақ айтады.

Шоң көбіне жол бойы «киргиздар» сөзін «қазақтарға» ауыстырып отырды. Орыс шенеуніктері Шоңның киргиздар сөзін қазақтармен ауыстырып сөйлегенін ұнатпайтын. Олар реніш білдіргенде Шоң айтатын: «Орыстар келмей тұрғанда біз бір-бірімізді қазақпыз дейтінбіз. Содан аузым үйреніп кетіпті». Орыс шенеуніктері үндемейтін, олардың бұл сөзге қалай қарайтынын білу қиын еді. Ал казак-орыстар жанжал шығаратын. Казактар сіздер емес, біз боламыз дейтін. Оларға қарсы шығуға болмады, сондықтан Шоң жеңілгендей болып қоятын.

Мына қонағы жалпы жергілікті халық қазақ аталатынын білмейтін болып шықты. Содан кейін сұраған:

– Бұл арада казактардың қандай қатысы бар?

– Петр Константинович, біз киргиздар емеспіз, қазақтармыз. Киргиздар Алатаудың ар жағында жатады. Қазақ біз боламыз. Орыстардың бәрі ыңғай қазақтарды қиргиздар дейді. Бұл дұрыс емес. Қателесу бар. Анау Ташкент қаласынан бастап Омбы қаласына дейін тұратын, сонау Саян тауларынан басталып, Каспийге дейінгі аралықта жатқан халықтар бір тілде сөйлейді. Олар өздерін қазақпыз дейді. Бәрін орыс тарихшылар шатастырып жүр. Әуеліде бұл жақтың халқын зерттеуші ғалымдар бізді «киргиздар» деп жазып қойған. Содан құтыла алмай қойдық.

– Сонда казак-орыстар қайдан шыққан деп ойлайсыз?

Шоң мына адам шын білмей тұр ма, әлде әдейі бір қулықпен сұрап тұр ма – білмеді, айтуына тура келді.

– Петр Константинович, әуелі қазақтар туралы анықтайық, орыс казағына содан кейін келеміз. Орыстың оқымыстылары шатасып бізді киргиз-қайсақтар дейді. Оған себеп болған Байқал жақтан Ыстықкөлге қарай көшіп бара жатқан киргиздарға кездесіп, олардан «сендер кім боласыңдар» деп сұраған сияқты, сонда олар «біз киргиз боламыз» деп айтқан тәрізді. Содан орыс оқымыстылары да айырмай келеді. Петр Константинович, сонау Ақсақ Темір заманынан бері қарай мен айтқан жерлерде тұратындар өздерін қазақтар деп атайды. Бір мың төрт жүзінші жылдың ортасында жергілікті халықтың хандығы құрылған. Оған дейін Шыңғыс тұқымдары билеген хандардың атымен атаған. Біздін біраз жерімізде Орыс хан билік жасаған. Одан басқа, тағы да Шыңғыс хан тұқымдары басқарған бірнеше хандықтар болған. Орыс шенеуніктері мен ғалымдары бізді қазақ атамай, киргиздер дейді. Мұндағы ойлары – келешекте мен атаған аймақты казактар жері деп атау ниетінен туып отырған жағдай болуы керек. Мен айтып отырған халықтың өздерін «қазақпыз» деп атауы – Темір өзін билеген жердегі қазақ тілдес халықтарды Өзбек елі атаған соң, осы жерде тұратындар өздерін Қазақ хандығы де атап кеткен.

Карповтың Орыс ханнан хабары бар екен, ол Шыңғыс тұқымынан емес пе деп сұрады.

– Кешегі Абылай да, одан кейінгі сұлтандар да – бәрі төрелер. Олардың бәрі моңғолдардан шыққан. Шыңғыс хан тұқымы болған соң, әлгінде мен айтқан төрелер деп аталады. Сондықтан олардың қазақтарды киргиз атауында жұмысы жоқ.

Карпов Шоңның мына айтқанына таң қалғандай, сенбеген адамдай біраз ойға беріліп отырып қалып барып тіл қатты:

– Сонда қалай, қазақ деген сөз орыстардың казагынан шыққан жоқ па?

Шоң мәселенің бәрі, шатасу да осында жатқанын білетін. Орыстардың қазақтарды өз атымен атағысы келмей, киргиз-қайсақтар деп жүргені содан екенін түсінетін. Келешекте қазіргі қазақтар мекендеген жерлерді казак жері деп жариялау мақсаттары бар екенін сезетін. Шоң жасырған жоқ, турасын айтқан, қазір казактарды біздің жерімізге көптеп көшіріп әкеліп жатыр. Оған ел басқарған төрелер де онша мән бермейді. Түбінде бұл жер казактардікі дейді. Бұл әріде жатқан саясат. Мен сізге айтайын, қазақтың қазағы орыстың казагынан шамамен бір ғасырдай бұрын шыққан.

– Сіз мұны қалай дәлелдейсіз?

– Өзбектер өздерін Алтын Орданың Өзбек ханы атымен атағанда, қазақтар да соған еліктеп, сонау Алтын Ордадан Шу бойына көшіп келген Жәнібек-Керей хандар мемлекет құрып, өздерін Қазақ хандығы атаған.

– Ал сонда қазақ деген кім?

– Ол төрелер де емес, қыпшақтан шыққан хан. Оңың мекені қазіргі Украина жерінде болған. Оның өз алдына хандық құрғанын көре алмаған Шыңғыс тұқымдары құртып жіберген кезінде. Ол хандық сол бойы жоқ болып кеткен. Біздің адамдарымыз ол туралы тіптен білмейді. Өзбек хандығына ыза болған Шыңғыс хан тұқымдары Керей-Жәнібек ана туысқандарына ерегісіп хандық атын Қазақ деп атаған. Бірақ негізгі халық қыпшақтардан болған соң осылай атаған болуы керек. Әлгі адамның қазақ болып аталуынын себебі, Түріктерде қазақ деген сөз болған. Біздің арғы тегіміз түріктерден шығады ғой. Осы араны бұдан пәлен ғасыр бұрын түріктер жайлаған. Мен ел арасындағы сақталған аңыздарға қарап осындай қорытындыға келдім. Үлкен әкем де осылай деп айтып отыратын. Ақсақ Темір өзін Барлас руынан дейді. Ол да қазақтардың Найман, Арғын деген рулары тәрізді. Кейін мемлекет басына келген Ақсақ Темір өзін Шыңғыс ханға жақындату үшін Барлас руынан шыққанмын деп жиі айта береді екен. Оған нағыз Шыңғыс хан тұқымынан болған хандар келіспеген. Олар мен Ақсақ Темір арасында араздық туған. Солардың арасында Керей-Жәнібек болған. Содан кейін олар Өзбек ағайындарына ерегісіп өздерінің мемлекетін қазақ атап кеткен. Кейін олар бұл атауды өзгертпекші де болған. Өз аттарымен атамақшы болған. Бірақ халықтың арасында бұл атау жайылып кетіп, түк істей алмай қойыпты хандар. Содан бері бұл жергілікті халықтан өздерін жоғары ұстау үшін Шығыс хан тұқымдары өздерін «төрелер» деп атап кеткен. Мұны менің Жанкелді деген үлкен әкем айтатын, ал орыстардың Ресей жерінен қашқан-пысқандары біздің шекарамызға келіп қоныс теуіп, көрші отырған қазақтарды көріп, соған лайықтап казак атап кеткен дейтін өздерін. Бұл сөзді Шоң Алексей аузынан естіген сөзге негіздеп айтып отыр еді. Казактың қалай пайда болғанын Алексей аузынан естіген соң сенімі күшейе түскен еді. Бірақ ол туралы мына адамға айтпаған, қиын деп білген. Сондықтан бұл жерге көшіп келген казактар жоғары жақтың нұсқауымен бізді киргиз, кейде қайсақ дейді. Терістікте қайсақ атауын алған аз халық болуы мүмкін. Бұл арада саясат араласқан.

Шоң бәрін жақсылап келтіріп тұрып айтқан еді. Алайда, бұл айтқаны Карповтың көңілінен шықты ма, шықпады ма, біле алмаған еді.

– Шоң Телкозинович, егер ол адам атақты болса, сіздің елдің тарихында қалай сақталып қалмаған.

– Мен сізге кезінде Шығысхан ұрпақтары оған жау болғанын айттым ғой. Тіпті, оны тас-талқан етіп жеңіп, соғыста болған адамды түгел өлтіріп жіберген. Ол Отырар ханы Қайып ханнан кейін қыпшақтан шыққан, Шыңғыс хан тұқымдарына қарсы тұрған екінші хан. Египет жерін де бір кезде Бейбарыс атты қыпшақ билеген. Шыңғыс хан тұқымдары оның да көзін құртпақ болған. Египетке қарсы соғысқа аттанған. Ал сол Шыңғыс хан тұқымдарының әскері Бейбарысты жеңе алмаған. Бірақ ол туралы бір қазақ білмейді. Бәрі насихатқа байланысты.

Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 октября 2021
Объем:
590 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785005549501
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают

Антидемон. Книга 15
Эксклюзив
Черновик
4,7
324