Читать книгу: «Əн бұлағы»

Шрифт:

ƏН БҰЛАҒЫ

ЖҰМЕКЕН НƏЖІМЕДЕНОВ
(1935–1983)
1. Қара Ертіс жағасында
 
Бір мезет дала шаршап, тау құлазып,
Сай, жыра қарауытып қалды ұзарып.
Жалтақтап жан-жағына қарап жатты,
Қара Ертіс жалыққандай жалғыз ағып.
 
 
Жағада ескі жартас тұрды налып,
Көл жатты бір қайғырып, бір қуанып.
Толқындар ұзай алмай түсті əлекке,
шатысып бір-бірімен мың бұралып.
 
 
Қырына көк толқынның жел жығылып
Жүр еді; көңілді бір белгі ғылып
айнала шалқи қарап бала-бұлақ
Сарыарқа құшағына келді кіріп…
 
 
Екі арна: əн арнасы, су арнасы
Биік ед екеуінің туар басы:
Біреуі – табиғаттың таңдаулысы,
Біреуі – адамзаттың шығармасы…
 
 
Күн жүрді ала бұлтта билеп басып,
Айдында: қырғи қуды, үйрек қашып.
Екі арна – егіз арна қосыла ақты,
Бір-бірін жетекке алып, сүйреп қашып…
 
2. Хорлан
 
Бір қыз бар Хорлан атты Маралдыда
Деген сөз кетті желдей таралды да.
Со қыздың шашбауындай сыңғырлайтын
Маралды ши-қамысы таң алдында.
 
 
Көңілді ед көл секілді қарапайым
ерке-сал,
ер жүрек деп тағы атайын:
Ауылда балалармен бірге үйретті
Қысырдың құла тайын, қара тайын…
 
 
Жел күнгі Маралдыдай көңілі де өктем,
көңіл барда күз де оған болды көктем.
Секілді көл шарасы, көз жанары
əлде не тəтті бір сыр мөлдіреткен.
 
 
Сөйлесе тау суындай еркін еді,
Кедергі тапқан сайын серпіледі.
Көз күлсе жүзі жайнар,
сол бір күлкі
Алдыңа Маралдыны келтіреді…
 
 
Өзгеше бітті қызға зерде мүлде,
туғандай толғану мен тебіренуге.
Маралды дауыл күні бір күрсініп,
Осындай бір сұлуды берді өмірге.
Он бес пен он алтыға келгенінде,
Құмартты көкте жұлдыз, жерде гүлге.
 
 
Он бес пен он алтыда жасы қыздың…
байқаңыз, ағарғанын басыңыздың!
…Мейлі ғой оқымаса «басы қатып»,
ермексіз болды деп қыз жасыма түк;
қыз болып жалғыз сəтке кесте тіксе,
артынша кетуші еді асық атып.
 
 
Көңілін дос-жаранның тасыттырды, ал,
Қымыздай тар ыдыста ашыттырған…
Кінə жоқ бозбаласында ауыл үйдің
өзі еді бəрін бірдей ғашық қылған.
 
 
Өзі еді сол жалғанда адам гүлі,
адам гүлі – көңілдің адалдығы.
Бір сөзбен: атақ-даңқы Хорлан қыздың
Арқаға таныстырды Маралдыны.
 
Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
23 января 2017
Объем:
7 стр. 1 иллюстрация
Правообладатель:
Public Domain
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, html, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают

Хит продаж
Черновик
4,9
443