Читать книгу: «Төңкеріс. Пьесалар»

Шрифт:

© Қайыркелдi Зейноллаұлы, 2024

ISBN 978-5-4483-7802-7

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

ТӨҢКЕРІС
Трагедия

Кейіпкерлер:

Ғабдуррахман – шейх.

Асқар – имам.

Жамал – Асқардың зайыбы.

Гүлнәр – Асқардың қызы.

Берік – Асқардың ұлы.

Иван – Гүлнәрдың жігіті.

Мария – Иванның шешесі.

Лариса – Иванның қарындасы.

Халел – ҰҚК қызметкері.

Қази, оның хатшысы, сарбаздар, жендеттер, шейхтың көмекшілері және қылмыскерлер мен куәгерлер.

Қала тұрғындары, стадиондағы тұтқындар мен күзетшілер.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Қала саябағы. Ағаштар қызыл-сары жапырақтарға бөленген, яғни күн күз. Бір орындықтың жанында, тыныштық таба алмай, Иван ерсілі-қарсылы жүріп жүр. Ол қайта-қайта ағаш арасындағы соқпаққа көз тастап қояды. Со жақтан Лариса келеді.

Иван. (қарындасына ұмтыла) Лариса, Гүлнәр қайда?

Лариса. (орындыққа отыра кетіп) Ол келмейді.

Иван. Неге?

Лариса. Неге, неге! Келмеймін деді, бітті.

Иван. Неге келмейді? Қандай себеппен?

Лариса. Қолым тимейді дейді.

Иван. Қолы тимейтіндей не істеп жатыр?

Лариса. Демалып жатыр.

Иван. Демалып?! О не деген сөз өзі?!

Лариса. Білмейсің бе?! Демалып жатыр дегені – дем алып жатқаны!

Иван. (ашулана бастап) Әй, Лариса! Қылжақты қойсаң. Жөніңді айт – Гүлнәр қайда?

Лариса. Кім қылжақатап тұр? Келмеймін деді, қолым тимейді деді, дем аламын деді. Ал саған ол…

Иван. Не деді? (пауза) Айтсаңшы енді! Не деді ол маған?

Гүлнәр. (ағаш тасасынан шыға келіп) Ол саған да демалсын деді.

Иван. Гүлнәр! (құшақтай алып сүйгісі келеді)

Гүлнәр. (жігіттің көкірегіне қолдарын тіреп сүйгізбейді) Сабыр, сабыр! (құшағынан сытылып босап орындыққа отырады, Иван да соның жанына жайғасады) Ұмытпа, біз мұнда жалғыз емеспіз.

Иван. Лариса, үйге қайт!

Лариса. Кетпеймін.

Иван. Бар дедім ғой!

Лариса. (одан алыстап отырып, басын шайқайды) Жооқ! Кетпеймін.

Иван. (орнынан тұра беріп) Әй! Мен саған не дедім!

Гүлнәр. Тиме, отыра берсін. Ол бізге бөгет болмайды.

Иван. (қарындасына біраз қарап тұрады, сосын оның қозғалмасына көзі жеткесін, орнына отырады да Гүлнәрға бұрылады) Гүлнәр, меніңше…

Гүлнәр. Ваня, жанарларыңды сондай қайғылы қылмашы. Бұлай қарайтындай еш себеп жоқ.

Иван. Неге себеп жоқ?! Меніңше… меніңше, екеуміздің болашағымыз… меніңше, біздің болашағымыз бұлыңғыр.

Гүлнәр. Неге?

Иван. Сен Асқар ағамен сөйлестің бе?

Гүлнәр. Әкеммен бе? Не жөнінде?

Иван. Екеуміз жөнінде.

Гүлнәр. (күліп жібереді, оған Лариса қосылады) Сен де қайдағыны айтады екенсің. Қалай мен әкеммен ондай сөз қозғамақпын?

Иван. Жарайды. Ал Жамал апаймен сөйлестің бе?

Гүлнәр. Мамам бәрін біледі.

Иван. Сонда ол кісі не дейді? Қарсы емес пе?

Гүлнәр. Қалай деп айтсам екен… өзің білесің, әкем де, анам да сені жақсы көреді. Алайда, бұл жәй мәселе емес.

Иван. Неге? Бұл сенің пікірің бе?

Гүлнәр. Жоқ. Бұл мамамның сөзі. Мәселе әкемнің имам болғанында.

Иван. Түк түсінсем бұйырмасын! Имам болса ше?

Гүлнәр. Тү-ү! Түсінбейтін не бар! Өзің ойлашы – имамның қызы мұсылман емес адамға тұрмысқа шықса не болғаны?!

Иван. Иә, не болғаны?! Гүлнәр, сен Асқар ағамен сөйлесуің керек еді. Мен білемін – ол қарсы болмайды. (пауза) Жоқ! Мен ол кісімен өзім сөйлесемін! Иә, мен өзім сөйлесемін. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады)

Гүлнәр. (оның қолынан тартып орына отырғызады) Тоқтай тұр, Ваня. Иә, әкем қарсы болмас. Бірақ біз оның жағдайын да ойлаумыз керек.

Иван. Оның жағдайын?!

Гүлнәр. Иә. Мешіттегі жамағат не дейді? Біз соны да ойлауымыз керек. Әкем жанындағы ақсақалдарымен санаспай қоймайды. Ал сол ақсақалдар екеуміздің қосылуымызға қалай қарайды? Мамамның айтуынша, әкем мен сол ақсақалдардың арасында үлкен мәселе пайда болыпты.

Иван. Неліктен? Екеуміз бір-бірімізді ұнатқанымыздан ба?

Гүлнәр. (тағы да күледі, оған тағы Лариса қосылады) Жоқ, әрине! Олар әлі екеуміз жөнінде ештеңе білмейді. Ол проблеманы тудырған мамам. Ақсақалдар мамамның мұсылман әйелге тән киім кимейтінін айтып әкемнің бетіне басатын көрінеді. Ал мамам, мен мектепте пәренже киіп жүре алмаймын, дейді.

Иван. Иә-ә, мәселе осыншама қиындап кетеді деп ойламап едім. Және Жамал апай дұрыс айтқан екен – қалай қазіргі заманның әйелі, мұғалима пәренже киіп жүрмекші? Бұл миға сыймайтын жәйт!

Гүлнәр. Жоқ, оған пәренже ки деп тұрған ешкім жоқ. Әкем, ұзын етек көйлек киіп, хиджап жамылыңдар, дейді. Ал мамам, мен ұзын етек пен хиджапқа қарсы емеспін. Бірақ соларды әйел өз қалауымен киуге тиісті. Еріксіз, дүре астына алып киіндірген дұрыс емес, дейді. Мен де солай ойлаймын. Ал әкем… ол болса… мен оны кейде аяймын. Меніңше, ол өмір мен дінді сәйкестіре алмай жүрген сияқты. Дін өзінің қағидаларын ұстануды талап етеді, ал өмір… ол өзі басқа бағытпен кетіп бара жатқан жоқ па.

Иван. Жақсы, солай-ақ болсын. Алайда, егер сен ұзын етек көйлек киіп, хиджап жамылсаң мен қарсы болмас едім. Ақсақалдардікі де дұрыс шығар – қазіргі қыздар мен келіншектер тым жалаңаштанып жүр. Ал егер Асқар аға біздің қосылуымызға қарсы болса… біз не істемекпіз?

Гүлнәр. Білмеймін… жоқ, ол мүлдем қарсы болмауға тиісті. Бірақ… (жігітіне қарап күлімсірейді) Ваня, сен осы… ислам дінін қабылдасаң қайтер еді, ә?

Иван. (таңырқаған кейіпте Гүлнәрға бүкіл денесімен бұрылады) Ислам дінін?! Мен?!

Гүлнәр. Иә. Неге сен таңырқайсың? Мешіт жамағатының арасында бір орыс мұсылман бар екен, онда тұрған не бар?!

Иван. Жо-жоқ, мен ислам дініне еш қарсылығым жоқ. Алайда… біз христиан емеспіз бе… (қарындасына қарап қойып) біз православие дінінің өкіліміз ғой.

Гүлнәр. Сонда сен не – сондай діндар адаммын дейсің бе? Сен не – шіркеуге барып жүрмісің?

Иван. Жоқ… бірақ…

Гүлнәр. Ваня, мен саған ислам дінін қабылда деген шарт қойып тұрған жоқпын. Өзің біл. Алайда, егер сен мұсылман болсаң еш мәселе тумас еді. Әкеме да ешқандай сөз келмеуші еді. Ал маған келсек… маған бәрібір, менің күйеуім мұсылман болсын мейлі, христиан болсын мейлі. Тіпті атеист болса да! Мүмкін сен ислам дінін қабылдағасын ата-бабаларыңның дінін сатып кетемін деп ойларсың. Ал меніңше оның бәрі түкке тұрмайтын нәрсе. Қарашы өзің – қазіргі жастар түрлі секталарға өтіп жатыр. Қайдағы жоқ куәгерлер мен кришнаиттер де болып жатыр. Ал бірақ, тату-тәтті өмір сүруде. Меніңше, ең бастысы – біз бір-бірімізді шын сүйсек, бір-бірімізді сыйлап өтсек болғаны. Солай емес пе?

Иван. Иә-ә… (сәл ойланып үндемей отырып қалады)

Гүлнәр. Жә, қоялық бұл әңгімені, мен өзі сенің басыңды тым қатырып жіберген сияқтымын.

Иван. Жоқ, Гүлнәр. Қатырған жоқсың. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Бізге қазір бүкіл мәселелердің басын ашып алған дұрыс болады. Ал маған келсек, мен, Гүлнәр… өзің білесің ғой – мен сен үшін бәріне дайынмын. Сен үшін, сенің махаббатың үшін, біздің болашағымыз үшін. Керек болса, ислам дінін де қабылдауға дайынбын. Ол үшін не істеу керек?

Лариса. (түрегеліп қол шапалақтайды) Алақай! Менің ағам мұсылман болады! Оны енді сүндетке отырғызады! (Гүлнәр күледі) Сүндетке отырғызады!

Иван. Қап бәлем, мына қыздың ызасы өтті! (қарындасына ұмтылады, бірақ қыз орындықты айнала қашып ұстатпайды)

Лариса. Иә, иә! Сені сүндетке отырғызады. Сосын сенде мы-ына-адай сақал болады! Мы-ына-андай сапсиған сақал!

Гүлнәр. (күлкісін зорға тыйып, қарындасын орындықты айнала қуып жүрген Иванды тоқтатады) Ваня! Лариса! Қойыңдар енді. Мәселе сүндетке отырғызуда емес. Мен әкемнен сұрап білейін, ислам дінін қабылдау үшін не істеу керек екенін. Мүмкін сен өзің онымен сөйлесерсің?

Иван. (ентігін зорға басады) Иә! Иә! Дұрыс! Дұрыс, мен Асқар ағамен өзім сөйлесемін. (кетуге ыңғайланады) Ол қазір қайда екен. Мешітте ме?

Гүлнәр. Тоқта, отыр. Ол қазір қалада жоқ, жол жүріп кеткен. Ертең келеді. Сонда сөйлесесің. Тек оған, ислам дінін сіздің қызыңызға үйлену үшін қабылдаймын, деп жүрме. Онда бар шаруаны бүлдіресің.

Иван. Жо-ға! Мені мүлдем ақымақ деймісің! Мен өз ықыласыммен мұсылман боламын. Өйткені мен Асқар ағаны сыйлаймын. Сондықтан оның дінін де сыйлауға тиістімін. Ал мамам… мамам қарсы болмайды. Ол бір сөзінде, егер мен православие дінінде тумасам, мұсылман болар едім, деген.

Гүлнәр. Иә, Мария тәте қарсылық білдірмесе жақсы болар еді. Ал енді кетейік, маған университетке бару керек.

Иван. Мен сені жеткізіп тастайын. (екеуі кетеді)

Лариса. Ой, қандай қызық! Мен де ислам дінін қабылдасам қайтер екен? Маған өзі хиджап жараса ма? Алып көру керек. Осы біздің қалада хиджап сата мекен? Әлде пәренже киіп аламын ба. (пәренже киген әйелдің жүрісін келтіріп кете барады)

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сахнада екі адамнан бөлініп, шығыс жекпе-жек күресінің бір түрімен жаттығу жүргізіп жатқан жігіттер. Олардың үстінде біркелкі, сұр түсті униформа. Барлығы мұртсыз қаба сақалдылар. Олардың арасында жаттықтырушы жүр. Ол бір жұптан екінші жұпқа жақындап келіп, жекпе-жекті тоқтатып ескерту жасайды. Содан кейін күрес тағы да жалғасады. Жігіттер еміс-еміс айқайлап қояды. Ғабдуррахман шейх келеді. Оның үстінде белбеу-портупеялармен таңып тасталған униформа, басында ақ сәлде, аяқтарында мәсі. Шейх кірісімен жаттықтырушы жаттығуды тоқтатады да жігіттер Ғабдуррахманға жүздерін бұрып тұра қалады.

Ғабдуррахман. Ассаламу ғалайкүм, уа рахматуллаһи уа баракәтүһ!

Жігіттер. Уа ғалайкүм ассалам, уа рахматуллаһи уа баракәтүһ!

Ғабдуррахман. Мұсылмандар! Ұлы халифат орнату үшін басталатын жиһадқа дайын болыңдар. Рухтарыңды да, денелеріңді де шынықтырып, пайғамбарымыздың зульфикар семсеріндей шыңдалыңдар. Өйткені біз жақын арада исламның жасыл туын көтереміз. Біздің туымыздың астына жүздеген, мыңдаған мұсылман қосылады. Сонда біз бүкіл жамандық атаулыны, бүкіл күнәһарлар мен қылмыскерлерді, бүкіл кәпірлерді жер бетінен жойып жібереміз. Аллаһтың сарбаздары! Сол күнге дайын болыңдар! Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммад расулуллаһ!

Жігіттер. Лә иләһә иллалаһ, Мұхаммад расулуллаһ!

Ғабдуррахман. (оң қолының жұдырығын жоғары көтеріп көтерінкі дауыспен) Аллаһү Акбар!

Жігіттер. Аллаһү Акбар!

Бір жігіт Асқарды ертіп келеді. Имамның үстінде тон, басында бөрік – осының бәрі күннің қыс екенін айқындап тұр.

Асқар. Ассаламу ғалайкүм, мұхтарам жамағат!

Жігіттер. Уа ғалайкүм ассалам!

Ғабдуррахман. (имамды қарсы алып, екі қолын беріп сәлемдеседі) Ассаламу ғалайкүм.

Асқар. (шейхтың қолын алып) Уа ғалайкүм ассалам. Менің есімім Асқар. Мен осы қаланың мешітінің имамымын. Мені осында шақырған сіз бе?

Ғабдуррахман. (Асқардың сыртқы киімін шешісіп имамды ертіп келген жігітке береді) Иә, мен. Асеке, сізбен танысқаныма қуаныштымын. Менің есімім Ғабдуррахман. Мен біздің ұйымның шейхімін.

Асқар. (жан-жаққа көз тастайды) Қандай ұйымды айтасыз? Мына жігіттердің киімі біртүрлі ғой. Сіздер өзі қай жақтан келіп едіңіздер?

Ғабдуррахман. Асеке, жоғарлатыңыз. Асықпай әңгімелесейік. (екеуі кілем төселген жерге жайғасады, жігіттер де жаттырықтырушының белгісімен екі-үш сап құрып, мешітте отырғандай имам мен шейхтің қарсы алдына отырады) Бұл ұйым жәй ұйым емес. Бұл партия. Мына жігіттер – біздің партиямыздың негізі, жұдырығы.

Асқар. Ол қай партия?

Ғабдуррахман. «Әл-хизб» партиясы.

Асқар. Әл-хизб?! Ондай партия бар ма еді?

Ғабдуррахман. Бар. Енді бар деуге болады. Бірақ бұны бізден басқа ешкім білмейді. Міне, көрдіңіз бе, біз сізге ең маңызды құпиямызды ашып отырмыз.

Асқар. Сонда не? Партияңыз тіркеуден өтпеп пе еді?

Ғабдуррахман. (мырс етіп) Қандай тіркеуді айтып отырсыз?

Асқар. Қандай тіркеу болушы еді! Заң бойынша кез-келген партия әділет министрлігінде тіркелуге тиісті. Тіркелмеген партия заңсыз саналады.

Ғабдуррахман. Бізге тіркелу қажет емес. Ал заңды-заңсыздығына келсек… біздің мемлекетімізде қазір бәрі заңсыз. Өйткені сіздің заң деп отырғаныңыз заң емес. Аллаһтың бір-ақ заңы бар – ол шариғат заңы. Біз сол заңға жүгінеміз, сол заңды құптаймыз, сол заңмен өмір сүреміз, және сол заңды мемлекет заңы ету үшін күресеміз.

Асқар. М-м… Бірақ біздің мемлекет – зайырлы мемлекет, ал шариғат заңын қабылдау үшін бүкіл мемлекет жүйесін өзгерту керек. Ата заңымызды өзгерту керек.

Ғабдуррахман. Міне, сол мемлекет жүйесі мен ата заңды өзгерту үшін біз осы партияны ұйымдастырдық.

Асқар. Сонда қалай мемлекет жүйесін өзгертпексіздер?

Ғабдуррахман. Тәсілдер көп. Мәселен, мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде билікті қолға алып мемлекеттік жүйені де, ата заңды да өзгертуге болады.

Асқар. Төңкеріс?! Сіз мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырайын деп жүрсіз бе?

Ғабдуррахман. Иә, ол да мүмкін. Бірақ дәл қазір мұндай мақсат біздің күн тәртібімізде тұрған жоқ. Партия әлі жас, қатарымыз әлі аз. Мемлекет билеу үшін мыңдаған жақтастарымыз болуы керек. Ал сол жақтастарымыз шариғат заңын білуі тиіс. Осында отырған жігіттердің өзі сол заңды дұрыс білмейді. Ал менің бәріне қолым тимейді, мен ұйымдастыру жұмысынан шыға алмаймын. Сондықтан біз сізді өзіміздің қатарымызға шақырып отырмыз, осы жігіттерге ұстаз болыңыз деп. Сіздің діни біліміңіз жоғары, сіз Мәдинада дәріс алдыңыз, енді шариғатты сіз білмесеңіз кім білмек!

Асқар. Жігіттер, сіздер қауіпті жолға түсіпсіздер. Әрине, мен бізде ислами мемлекеттің құрылғанын қолдаймын. Бірақ шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатуға қарсымын. Мемлекеттік жүйені өзгертуді заң аясында жүзеге асыру керек. Қазіргі қоғам шариғат заңымен өмір сүруге дайын емес. Және біздің мемлекетімізде басқа ұлт өкілдері, басқа дін өкілдері бар. Оларға шариғат заңымен өмір сүр деу дұрыс па?!

Ғабдуррахман. Шариғат заңын қабылдағаннан кейін сол ұлт өкілдері, басқа дін мүшелері өздерінің ата мекеніне, отанына қайтсын. Біз ешкімді еріксіз ұстамаймыз. Жалғыз олар емес – қазақтың ішінде мұсылман болғысы келмейтін кәпірлерді де ұстамаймыз. Бірақ қазір қай қазақтан сұрамасаң – мұсылманмын дейді. Ал сол мұсылман қалай өмір сүріп жатыр? Сіз өзіңіз білесіз – біздің қоғамымыз ислам дінінің қағидаларынан мүлдем алыс жерде жүр. Біздің халық айдалада адасып жүр. Әбден азып-тозып, жынойнаққа, күнәға белуарынан батып, не оңын, не солын білмейді. Қыз-келіншектеріміз көшеде тыр жалаңаш жүр деуге болады, отандастарымыз әбден жабайы түрге айналуға аз-ақ қалды. Бұл масқараны тоқтату керек. Мен, шариғат заңын қабылдап, қатал болса да әділ жазалардың күшімен тоқтатқаннан басқа жол көріп тұрған жоқпын.

Асқар. Иә, сіздің айтып отырғаныңыз орынды болар. Алайда, қандай заңмен өмір сүруді халық өзі шешуі тиіс. Күштеуге, зорлауға болмайды!

Ғабдуррахман. Неге?! Қай заң болмасын – ол күштің, зорлықтың құжаты. Қай заң болмасын қоғамның бір тобының, немесе бір таптың, басқа топтарына, немесе басқа таптарына көрсетіп отырған үстемдігі. Ал шариғатты алсақ, ол адам заңы емес, ол Аллаһтың заңы. Аллаһтың үстемдігі, Аллаһтың зорлығы!

Асқар. Жоқ! Алла тағала зорлыққа қарсы. Мұхаммед пайғамбар да, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, шариғат заңын орнатудың алдында сахабаларының ислам дінін жүректерімен, сана-сезімдерімен қабылдауын қамтамасыз етті.

Ғабдуррахман. (ашулана бастап) Имам! Біздің әңгімеміз айтысқа айналып кеткенге ұқсайды! Сіз біздің жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс беруге келісесіз бе, әлде басқа ұстаз іздеуге тура келе ме? Сіз соны айтыңыз.

Асқар. (біраз уақыт ойланып отырып, ақыры басын көтеріп) Мен ешқашан шариғат жөнінде дәріс беруден бас тартқан емеспін. Сіздердің біздің жамағаттан жіктеліп, оңаша дәріс алғандарыңыз дұрыс…

Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп) Жоқ! Сіз айтыңыз – бізге, осында отырған жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс бересіз бе, жоқ па? Осы сұраққа жауап беріңіз!

Асқар. Жақсы, мен сіздерге дәріс берейін.

Ғабдуррахман. Бәрекелді! Шынын айтайын – мен сіз жөнінде тек өте жақсы лебіз естіп жүрмін. Қай мұсылманнан сұрамасаң, сізді адал адам, нағыз мұсылман деп сипаттайды. Қазіргі заманда кейбір имамдар Аллаһтың заңын ұмытып, ақшаның соңына түсіп кеткені сізге мәлім болар. Ал сіз өз жұмысыңызға адал көрінесіз. Сондықтан біз сізді өзіміздің қатарымызда көргіміз келеді. Және бізді жатырқамаңыз – сіз бен біздің мақсатымыз бір.

Асқар. Мақсат бір болғанмен, жолымыз бір емес. Мен сіздерге дәріс беруге келісім бергенде, бет алған жолдарыңыздан қайтарып, Алланың дұрыс, тура жолына түсіремін деген ниетпен келісім бердім. Иншалла, осы ниетім жүзеге асып сіздер әлі қателіктеріңізді түсінесіздер.

Ғабдуррахман. Асеке! Кімнің қателесіп, кімнің тура жолда екенін бір Аллаһ қана біледі. Солай емес пе?

Асқар. Әрине, солай. Сондықтан біз әрдайым Алладан бізді тура жолға салғанын тілеп дұға жасауымыз керек.

Алақандарын жайып дұға жасайды.

Асқар. Уа, жаратушы ием! Біздің қателіктеріміз бен күнәмізді кешіре гөр. Бізді өзің нұсқаған тура жолға бастай гөр. Мемлекетімізге тыныштық, бейбіт өмір нәсіб ете гөр. Аллаһу акбар!

Ғабдуррахман. Аллаһу акбар!

Жігіттер. Аллаһу акбар!

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Асқардың пәтерінің бөлмесі. Балкон есігі ашық. Теледидар істеп тұр, онда Чайковскийдің «Аққулар айдыны» балеті жүріп жатыр. Жамал диванда отыр, бірдеңе тоқып отырып анда-санда теледидарға көз тастап қояды. Асқар келеді.

Жамал. (ісін қоя салып, пульт арқылы теледидардың дыбысын бәсеңдетеді, музыка мүлдем өшпей, ерлі-зайыптылардың диалогының фоны болып тұрады) Шәй ішесің бе? (Асқар үндемейді) Асқар, сенің түріңе не болған? Өзің ауырып жүргеннен саумысың? Қабағыңды қар басып кеткендей ғой.

Асқар. (Жамалдың жанына отыра кетіп ауыр күрсінеді) Е-еһ… Бір мәселе мазалап тұрғаны.

Жамал. Ол нендей мәселе? (орнынан тұрып, электр шәйнекті іске қосады да бөлменің ортасында тұрған үстелге дастархан жайып, шайға әзірлеп жүріп сөйлеседі)

Асқар. Жамал, егер мен бір заңсыз партияның мүшесі болдым десем не дер едің?

Жамал. (қолындағы ыдысты еденге түсіріп алады) Астафиралла! Қайдағыны қалай айтасың!

Асқар. Жоқ, мен ол партияның қатарына әлі өткен жоқпын. Мен ойланып жүрмін.

Жамал. Ондай партия бізде бар ма еді?!

Асқар. Бар екен. Әл-хизб деген партия. Соның басшысы мені партияның мүшелігіне өтуге үгіттеп жүр.

Жамал. Сен не дедің?

Асқар. Не деуші едім? Ойланайын дедім, сенімен ақылдасайын дедім.

Жамал. Ал ол не дейді?

Асқар. Ойланыңыз, ақылдасыңыз, деді. Тек қана біздің құпиямыз ашылып қалмасын, дейді.

Жамал. Мен өсекшіл келіншек емеспін, көрген-естігенімді елге жаятын. Ал сонда, құпия дегенде нендей құпиясы бар сол партияның? Өкіметке қарсы ма?

Асқар. Иә… солай деуге болады.

Жамал. Алла сақтай гөр! Сонда сен… сен өкіметке қарсы шықпақсың ба?

Асқар. Ж-жоқ. Жаңағы айтып отырған партияның мақсаты – біздің елде шариғат заңын орнатып, ислами мемлекетін құру. Сол партияның мүшелері мақсаттарына мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде жетпекші. Ал мен оған қарсымын. Мен басқа жолдарды, басқа тәсілдерді көрсетіп отырмын.

Жамал. (орындыққа отыра кетіп, қолындағы ыдысын үстелге қоя салады) Басқа жолдарды?! Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады? Сен сонда бізде шариғат заңын орнатпақпысың?

Асқар. Әрине! Мен имам бола тұра, мұсылман бола тұра, сол заңды қолдамағанда кім қолдауға тиісті? Шариғат заңы – ең әділ заң. Ол Алла тағаланың заңы. Мен тек сол заңды зорлықсыз, қантөгіссіз қабылдауды ұсынып отырмын. Ал «Әл-хизб» басшылары…

Жамал. (орнынан тұрып кетіп, жүре сөйлейді) Ал меніңше, шариғат заңын қазіргі заманда қолдануға болмайды. Өзің ойлашы, қалай жиырма бірінші ғасырдың қоғамына орта ғасырлық заңды ұсынбақсың?! Қазіргі қоғам – дамыған, демократиялық қоғам.

Асқар. Жақсы. Ал біздің заң демократияға сай келіп тұр ма?

Жамал. Әлбетте! Біздің заң – ең гуманды заң. Әлде демократияға шариғат заңы сәйкес келе ме? Қателеспесем, шариғат бойынша қылмыскерлерге дүре соғу, таспен ұрып өлтіру жазалары қолданылады. Ұрылардың қолын шауып тастау деген сияқты.

Ашық тұрған балкон есігі арқылы бір гүріл естіледі; ол бірте-бірте күшейе түседі, бірақ сөзталасқа кірісіп кеткен жұбайлар оны әлі аңғара қойған жоқ. Балет музыкасы мен түсініксіз гүріл бір-бірімен тайталасып қатар шығып тұрады.

Асқар. Жамал, мен бүгіннен бастап шариғат заңын еңгізу керек деп тұрған жоқпын. Жоқ, ең әуелі адамдарды діни тәрбиеден өткізу керек. Мемлекет азаматтары, мұсылмандар, адамдардың сотынан, жазасынан қорықпай, Алланың сотынан, жазасынан қорқуға тиісті. Адам сотын алдап кетуге болар, адам ойлап шығарған заңды айналып кете аларсың, ал Алланы алдай алмайсың, оны айналып кете алмайсың, әйтеуір бір алдына барасың. Осыны адамдар түсінген күні, осыған сенген күні қылмыс та тыйылушы еді. Сондықтан біз халыққа діни тәрбие беруіміз керек. Мен осының бәрін «Әл-хизб» партиясының мүшелеріне түсіндіріп жүрмін. Оларды алғашқы ойларынан, шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатамыз деген ниеттерінен бас тартуға шақырудамын. Меніңше, олардың көбісі ойлана бастады, күннен-күнге менің пікірімді қолдаушылар саны артып келеді.

Жамал. Е, онда несіне мазасызданасың?

Асқар. (ол үстелдің жанында тұрған орындыққа отырып, терезе жаққа қарайды, түсініксіз гүріл оның санасына жете бастаған сияқты) Кеше партия ұйымының кеңітілген жиналысы өтті. Сол жиналыста мен полковник Смағұлды көрдім. Полковник – әскери гарнизонның қолбасшысы, генерал Жақыптың орынбасары. Алдыңғы күні генерал демалыс үйіне емделуге аттанып, орнына полковник Смағұлды тағайындап кеткен. Енді біліп отырмын, полковник Смағұл партияның басқару алқасының мүшесі екен. Тіпті, Ғабдуррахманнан кейін екінші адам екен.

Жамал. Ғабдуррахманың кім өзі?

Асқар. Ол шейх, партияның басшысы. Полковник Смағұлдың тіркеуден өтпеген партияның басшылығында жүргені мені жаман састырды. Ол біздің заңымыз бойынша қылмыскер болып табылады. Міне, қандай мәселе менің басымды қатырып тұрғаны.

Жамал. (ол да орындыққа отырып шай құя бастаған) Асқар, мына айтып отырғаныңның бәрі мені де мазасыздандырып жіберді. (ашық тұрған балкон есігінен түсініксіз гүріл анық естіле бастаған) Меніңше, біздің қалаға бір қауіп төніп тұрған сияқты. (теледидарды нұсқап) Мына балет бүгін міне үшінші рет көрсетілуде. Және қалалық каналдан басқа бір де бір канал жұмыс істемей тұр. Біздің енді жайбырақат отыруымыз дұрыс болмайды. Сен бұл жағдайды қауіпсіздік комитетіне хабарлауға тиістісің. Онда өзің барасың ба, әлде телефон шаламыз ба? КНБ-ның телефон нөмірі қандай еді? (Асқар үнсіз басын шайқайды) Нөл-тоғыздан білуге болатын шығар. (телефонды өзінің жанына қарай жақындатып тұтқасын көтереді)

Асқар. (тұтқаны әйелінің қолынан алып орнына қояды) Жоқ Жамал, мен ондай сатқындыққа бара алмаймын. Ғабдуррахман да, «Әл-хизб» партиясының мүшелері де, мені адам деп, мұсылман деп өздерінің құпиясын маған сеніп тапсырды. Қалай мен енді сол сенімді аяқ асты қылып оларды сатып жіберемін! Жоқ, менде тек бір ғана жол қалды – үгіт-насихат арқылы оларды бет алған бағытынан…

Сырттан танк моторының ышқынған гүрілі, шынжыр табандарының шақұр-шұқыр еткен дыбысы естіледі. Асқар терезе жаққа қарап үндемей қалады. Жамал не болып жатқанын білейін деп тұрып, балконға қарай ұмтыла берегенде, сыртта жарылыс болады да, балконның сыртқы есігі сарт етіп жабылады, әйнектері күл-талқан болып ұшып түседі. Жамал шыңғырып кері қарай шегініп кетеді. Асқар оны бассалып кейін тартып, сосын екеуі диванға құлай кетеді. Асқар зайыбын денесімен қорғап астына басады. Көшеден біреулердің бұйрық беріп айғайлаған ащы даустары, біреудің шыңғырғаны естіледі. Автомат пен пулемет гүрсілдейді. Біраз уақыттан кейін атыс басылып танктың шынжыр табанының шықырлаған дыбысы басқа жаққа ауып, басқа бір жерде тағы бір шайқас басталғаны белгілі болады.

Жамал. (басын көтере беріп) Бұл не?! Не шайқас бұл?

Асқар. Білмеймін.

Жамал. (теледидарға көзі түсіп кетіп) Асқар, теледидардың дыбысын қосшы.

Асқар пультты алып теледидарға дыбыс қосады. Телеканалдың жаңалықтар студиясында Ғадуррахман сөйлеп отыр. Оның үстінде «Әл-хизб» жасақтарының униформасы, белбеуінде тапаншаның сауыты бар.

Ғабдуррахман. Қала тұрғындары! Мен Ғабдуррахман шейхпын. «Әл-хизб» партиясының басшысымын. Біз жаңа ғана қаланың билігін қолға алдық. Осы сағаттан бастап қалада төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Кешкі сағат тоғыздан таңғы жетіге дейін көшеде жүруге тыйым салынады. Осы уақыт аралығында көшеде тек арнайы рұқсат қағазбен ғана жүруге болады. Кімде-кім рұқсатсыз көшеге шықса, біздің әскери патруль ескертусіз абақтыға қамайды, ал қарсылық білдіргендер сол жерде атып тасталады.

Осы сағаттан бастап қалада ислами автономия жарияланды. Автономия болашақта ислами мемлекеттің, одан әрі – ұлы халифаттың іргетасын қалайды. Бұрынғы заңдар осы күннен бастап өз күшін жоғалтты, біз енді шариғат заңымен өмір сүреміз. Сондықтан, кімде-кім өзін мұсылман деп санамаса, мәселен орыс және орыс тілдес ұлттардың өкілдері, исламнан басқа дін өкілдері, мәселен христиандар, біздің ислами автономиямыздан, яғни біздің қаламыздан алыстатылады. Ол үшін осы аталған топтарға жататын тұрғындар өздерінің зергерлік бұйымдарын, ақша мен құжаттарын алып орталық стадионда жиналуы тиіс. Олар арнайы көлікпен облыс орталығына жеткізіледі.

Қала тұрғындары! Біз ешкімді қаладан қуып тұрған жоқпыз! Егер кімде-кім ислам дінін қабылдап біздің автономиямыздың мүшесі болғысы келсе – мархабат! Ондай адамды, қандай ұлт өкілі болмасын, біз құшағымызды жайып қатарымызға қабылдаймыз. Ал қалада қалып мұсылман боламын деген адам бүгіннен бастап шариғат заңымен өмір сүретін болады. Яғни, бес мезгіл намаз оқитын болады, әурет жерлерін жабатын киім киетін болады. Мұсылманша киінуге бір күн мерзім беріледі, содан кейін кімде-кім әуретін жаппай көшеге шықса, шариғат сотының үкімі бойынша жазаланады. Осы күннен бастап мешітте, намазханаларда, және мектептердің негізінде ұйымдастырылған медреселерде намаз үйрену курстары ашылады. Намаз оқу біле ме, білмей ме – қаланың әр тұрғыны азан шақырылысымен мешітке намазға баруы шарт. Намазға бармаған ер адамдар үйлерінен күштеп шығарылады.

Бұл қысқа хабарландыру. Толық үндеу әр үйдің кіреберісіне, көшедегі хабарландыру тумбаларына, қалада шығатын газеттердің беттерінде жарияланады. Ал, әзірше хош сау болыңыздар! Аллаһү Акбар!

Теледидардың экранында ислам дініне сәйкес сурет пайда болады да Құран оқыла бастайды.

Жамал. (пультпен теледидарды сөндіреді де Асқарға бұрылады) Бұл не?! Мұны қалай түсінуге болады?!

Асқар. (теледидардан көзін айырмай басын шайқайды) Ә-әй, Ғабдуррахман, Ғабдуррахман! Бүкіл шаруаны бүлдірдің ғой!

Жамал. Енді не істемекпіз?

Асқар. (есікке бетейді) Ғабдуррахманға барамын. Бұл бүлікті тоқтату керек.

Жамал. Асқар!

Асқар. Не?

Жамал. Барма. Ол сені тыңдамайды… ол енді ешкімді тыңдамайды. Ол тым қатты кетті… көрмейсің бе не болып жатқанын! Одан да отыр, ақылдасайық. Біз не істейміз, соны анықтап алайық.

Асқар. Сен нені айтып отырсың? Маған Ғабдуррахманға барып бүлікті тоқтату керек.

Жамал. Сен оған енді ештеңе істей алмайсың. Сен әлі түсінбедің бе – ол сені алдап соқты. Менің ойымша, бізге кету керек. Бүгін кету керек – ертең кеш қаламыз.

Асқар. Кету керек?! Қайда?

Жамал. Білмеймін. Ең әуелі, жолдарды жауып тастамай тұрғанда, қаладан шығып кету керек. Ал сосын табармыз қайда баруды… мәселен, біздің ауылға барайық. Бір-екі апта әкейдің үйінде бола тұрармыз, мүмкін, оған дейін бұл бүлік те басылар. Өкімет, президент қарап отырмас.

Асқар. Жоқ, Жамал, болмайды. Дәл қазір мен кете алмаймын. Қалай халықты, жамағатты тастап қашып кетпекпін! Мен олардың имамы емеспін бе! Және қашатындай бізге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл біздің отбасымызға қауіп төніп тұрған жоқ.

Жамал. Оны қайдан білесің?! Мына бүлікшілерден не хайыр күтуге болады? Ертең мені, не қызыңды пәренже кимедің деп дүреге жықса не істейсің?!

Асқар. Енді киініңдер адам сияқты! Ешкім пәренже ки деп тұрған жоқ, хиджап, кимешек, ұзын етек көйлек киіңдер! Неше жыл мен саған қақсап келемін – сенің мына киім кисіңмен менің көзімді шұқып бітті ғой ақсақалдар! Ана қыз да киінсін, бұл киім мәселесі жөнінде мен Ғабдуррахманды жүз пайыз қолдаймын. Өздеріңді мұсылманмын деп санасаңдар, мұсылманға тән киім киіңдер, намазға жығылыңдар – Ғабдуррахманның бұл талаптары орынды. Бұл оның да талабы емес – бұл Алланың талаптары. Менің шейхпен келісе алмайтыным – басқа ұлттар мен басқа дін ұстанушыларға қаладан кетесіңдер, дегені. Және біртұтас мемлекетімізді бөлшектеп автономия құрамын дегені. Президент ешқашан оған келісім бермейді.

Телефон шыр етеді. Асқар тұтқаны көтереді.

Асқар. Алло, бұл кім?

Ғабдуррахман. (оның дауысы динамик арқылы естіліп тұрады) Ассаламу ғалайкүм! Мен ғой, Ғабдуррахман. Асеке, сіз тезірек әкімшілікке келіңіз, менің жұмыс орыным бұрынғы әкімнің кабинетінде. Шариғат сотын ұйымдастыру керек. Сол мәселе жөнінде ақылдасайық.

Асқар. Ғабдуррахман! Бұл не?! Біз бұлай келіспеген едік. (Жамал күйеуінің жанына келіп телефонға құлағын тосады)

Ғабдуррахман. Асеке, екеуміздің арамызда ешқандай келісім болған жоқ.

Асқар. Сіз мені алдап соқтыңыз! Партияның минимум жоспарында төңкеріс жөнінде, автономия жөнінде бірде-бір сөз жоқ еді ғой. Кеше ғана өткен жиналыста бұл сұрақ күн тәртібінде…

Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп қатал үнмен) Имам! Сіз әлі біздің партиямыздың мүшесі емессіз. Менен жауап талап ететін құқығыңыз жоқ. Төңкеріс – партияның ішкі ісі.

Асқар. Қателесесіз, шейх! Бұл сұмдық, бұл авантюра – біздің қаламыздың тұрғындарына, бүкіл республикамыздың халқына тікелей қатысы бар. Мен сізді дәл осындай авантюризмге баратын ақымақ деп санамап едім.

Ғабдуррахман. Бұл ақымақтық емес. Авантюризм де емес. Бұл…

Асқар. Енді не?! Президент сіздің мына заңсыз әрекеттеріңізге жайбырақат қарап отырады дейсіз бе?! Менде ақпарат жоқ, сонда да – мүмкін дәл қазір біздің қалаға қарай әскери бөлімшелер аттанып жатқан болар. Қара да тұрыңыз – бүгін-ертең біздің қала қоршауға алынады. Содан кейін сіздің алдыңызға президенттің ультиматумы тарс етіп түспесе маған келіңіз.

Ғабдуррахман. (қарқылдап күледі) Тоқтай тұрыңыз, Асеке! Мені ақымақтар санатына қосуға асықпаңыз. Президент маған емес, мен өзім оның алдына ультиматумды тарс еткіземін!

Асқар ашуланып телефон тұтқасын тастай береді.

Асқар. (Жамалға бұрылып) Мен кеттім. Өнымен көзбе-көз сөйлесу керек.

Жамал. Асқар! Меніңше бұл есуаспен сөйлесу бекер. Естіген жоқсың ба – президентке ультиматум қоямын дейді.

Асқар. Иә, оның есі дұрыс емес. Сонда да оны бірдеңе қылып тоқтату керек.

Жамал. Асқар, сен оны енді тоқтата алмайсың. Мүмкін, кеше ондай мүмкіндік болған да шығар. Ал бүгін тым кеш қалдың. Енді сен өзіміздің қамымызды ойла. Машинаңда бензин бар ма? Не ғып тұрсың? Бар, Берікті мектептен алып кел, Гүлнәрға телефон соғамын.

Асқар. Жамал! Жамал, тыңдашы, мен қаладан кетпеймін! Мен кете алмаймын. Дәл қазір, біздің қалаға қауіп төніп тұрғанда, кете алмаймын. Өзің ойлашы, қалай мен, имам, бәрін тастап, бас сауғалап қашып кетпекпін?! Жоқ, мен олай істей алмаймын. Сен де кетпейсің, ешкім ешқайда кетпейді. Мен қазір Берікті әкеліп тастаймын. Сосын қыз бен ұлға ие болып үйде отыра тұр. Меніңше, ұзақ отырмассыңдар. Бұл бүлік көпке созыла қоймас. (шығып кетеді)

Жамал. Әй, қайдам. Жүрегім бір жамандықты, бір сұмдықты сезіп тұрған сияқты. Кетпей, қалып қойғанымыз үшін әлі өкінеміз бе, Алла біледі. Әлгі қыз қайда жүр? (қызына қоңырау шалады) Гүлнәр! Сен қайдасың? Қалай алаңдамайын, қалай алаңдамайын?! Көрмейсің бе не болып жатқанын! Әй! Әңгімені доғар! Үйге қайт! Кетеміз. Көшеде байқап жүр, абайла.

40 ₽
Возрастное ограничение:
18+
Дата выхода на Литрес:
15 февраля 2017
Объем:
370 стр. 1 иллюстрация
ISBN:
9785448378027
Правообладатель:
Издательские решения
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

С этой книгой читают